«АДАМ БОЛУ – ҚАСИЕТ, АЗАМАТ БОЛУ – МІНДЕТ...»
2017 ж. 07 қараша
9535
1
(Қайраткер Қуаныш Айтахановқа)
«Алтын ұяң – Отан қымбат. Туып-өскен елің қымбат, кіндік кескен жерің қымбат». Қазыбек би
Асау өзен арнасындай өмір көші зуылдап өтіп барады. Дегенмен, әр күннің, әр сәттің алар орны бөлек. Ақ пен қара аралас тіршілікте бірде күн көзіндей жылылықты сезінесің, ал бірде суығына тоңатынымыз жасырын емес. «Өмір – бал мен удың қосындысы» деген екен бір ғұлама. Бекер айтылмаған. Бұл жалғанның қадірін шынайы өмір сүрген жан біледі. Құрмет те, абырой да елін сүйген, жерін сүйген, әділ, өз сөзіне берік, жауапкершілік жүгін терең түсінгендерді жағалайтыны анық. Ішкі дүниесінде жарығы бар адам ғана айналасына шуақ шаша алады. Иә, қараңғыны жарық ету, өмір сынынан адаспай өту, жүректе ұялаған арманға жету екінің бірінің қолынан келе бермес. Тәуелсіздіктің туын биік ұстап, егемендікті нығайту, Мәңгілік ел болу жолында өз үлесін қосып жүрген, өмірі өнегеге толы арда азаматтың бірі – Қуаныш аға, өзіңіз деп білемін. Қалеке, менің бұрыннан қалыптасып қалған бір әдетім бар. Өзім жақсы көретін, жақыныма балаған адамдарға хат жазғым кеп тұрады. Өйткені хатта шынайылық көрініс табады, жүрек түкпіріндегі ойлар қозғалады. Міне, бүгін соның сәті келгендей. Бала кезімізде атам жарықтық немерелеріне шешендік сөз жаттататын. Мына бір айтқан әңгімесі есіме түсіп отыр. Сырымға Бөкен бибылай деп бата берген екен: – Арқаң қара нардай жауыр болсын, Мінезің қара жердей ауыр болсын. Өкпең жоқ, кеудеңде бауыр болсын, Құлағыңнан сыбыр кетпесін... Батасын бергеннен кейін «Мен не десем де бәрінің мағынасы бар. Қалай түсіндің, өзіме айырып бер, – дейді Бөкен қарт. Сонда Сырым: – Арқаң көп мінгеннен жауыр болсын дегенің – халық үшін жұмыс жаса, халықты өзіңе ерте біл дегенің. Мінезің қара жердей ауыр болсын дегенің – беріден ойлама, әріден ойла, салмақты бол, жеңіл болма дегенің. Өкпең жоқ, кеудеңде бауыр болсын дегенің – не болса соған өкпелеп, инені жіпке тізіп, өкпешіл болма дегенің. Құлағыңнан сыбыр кетпесін дегенің – ел арасында дау-жанжал көп кездеседі. Сол мәселені өзің шешіп, ақ-қарасын айырып, дұрыс төрелігін бере біл дегенің, – депті. Иә, осындағы айтылған сөздерді, Қалеке, сіз құлағыңызға құйып өскеннің белгісі шығар, Бөкен қарттың бата-тілегіндей ел аманатына адалдығыңыз, болаттай беріктігіңіз қай кезде де көрініс тауып келеді. Кезінде Шәуілдір каналын қазуға белсене қатысқан, сонда алғашқылардың бірі болып бау-бақша өсірген Айтахан ақсақал да тегін адам болмаса керек. Әлі күнге дейін осынау каналдан бөлінген арықтың «Айтахан арық», ал баудың «Айтахан шарбағы» аталуы оның жұрт алдындағы абыройының белгісі деп білеміз. Осындай сергек те сезімтал, арманшыл, зерек баланың қатарының алды болып өсуі – парасатты әкенің, Айжамалдай асыл ананың ғибратты өмірі мен талбесіктен берген тәрбиесінің нәтижесі. Ия, тектілік қанмен, терең тағылыммен келеді. Қалеке! Атыңызды атаған сайын шынайылықты, ізгілікті, жылы шырайды сезінгендеймін.Сіз дүние есігін ашқанда ата-ана үмітін ақтасын, айналасына шаттық сыйласын деп есіміңізді «Қуаныш» деп қойса керек. Бір үйдің емес, бір қауым елдің баласына айналып, әке есімін биікке көтерер деген үлкен үміт бүгінде толығымен ақталғанына халық куә. Өйткені Айтаханов деген текті көзі қарақты қазақтың бәрі біледі десем қателеспеймін. Осы орайда Қорқыт бабаның мына сөзі еске түседі. «Ат жемейтін ащы шөптің шыққанынан шықпағаны игі. Адам ішпес ащы судың аққанынан ақпағаны игі. Атасының атын шығармаған жігерсіз ұлдың туғанынан тумағаны игі». Қай қисынға салсақ та, атадан асыл туып, ел керегіне жараған ұлдың әр кезде де маңдайы жарық, алды шамшырақ. Артынан біз секілді інілер ерсе, көрсетер бағыты айқын, жолы жарқын! Сіздің бала кездегі алға қойған мақсатыңыздың бірі – журналист болу екенін көпшілік біле бермейді. Отырардағы Кеңес мектебінде үздік оқушы атанып жүрген кезіңізден-ақ бұл арманыңыз бүршік атып, қиялға сапар шегетінсіз. Қаламды қолға алып, ақ параққа ақжелкен ойларыңызбен жол салдыңыз. Газет мұрағаттарын ақтара қалсақ, мектеп оқушысы Қуаныш Айтахановтың аудандық газетте жиі жарияланған мақалаларын тауып алуға болар еді. Әттең, өмірде бәрі адамның ойлағанындай емес қой. Тағдырдың күрт бұрылыстары көп нәрсеге әсерін тигізбей қоймайды. Анаңыздың кенеттен қайтыс болуына байланысты өмір жолыңыз күрт өзгерді. Ағайын-туыс ақылдасып, ертерек білім алып, әкеге қолғанат болуыңызды жөн деп тапты. Содан Жамбыл зоотехникалық-малдәрігерлік техникумының студенті атандыңыз. Мұның бәрі ауылға қайтып келуіңіз үшін жасалған қадамдар еді. Осылайша еш ойыңызға кіріп шықпаған, мүлде басқа арнаға қарай бұрылып кете бардыңыз. Бойдағы қабілетті сарқа пайдаланатын, өзіне талапшыл мінезіңіз техникумда да, Скрябин атындағы Мәскеу ветеринария академиясында да айқын көрінді. Мал дәрігерлік мамандықты оқып жүргенмен, өз арманыңыздан қол үзбей, Қазақстаннан қазақ тіліндегі баспасөзді жаздыртып алып, «Лениншіл жас» газетіне түрлі тақырыпта мақалалар жариялап тұрдыңыз. Қандай қызмет атқарсаңыз да, күні бүгінге дейін кез келген баяндаманы, газеттерге берілетін мақалаларды өз қолыңызбен жазатыныңыз – сол кездегі шығармашылыққа деген құштарлық пен Құдай берген дарынның көрінісі. Адам қайда жүрсе де әке өсиетін естен шығармау – тектіліктің белгісі. Сонау Жамбылдағы техникумға аттанардағы Айтахан атамыздың мына бір аманат сөзі өмірлік қағидаңызға айналыпты: «Халқыңды сүй, өміріңді қадірле, тек адал жолда жүр!». Ал жүрегі мейірімге толы ана тілегі мынадай еді: «Балам, әділ бол, жақсыдан ғибрат ала біл, азып туғаннан қашық бол, озып туғанға асық бол!». Міне, осы тура бағыт, әке мен ананың аманатына адалдық сізді өмір биігіне көтерді. Шынында, өнегелі жолда игі істеріңізге сүйсінген ел ағаларының «Көсегең көгерсін, бақытты бол!» деп арқадан қаққан аялы алақандары көңілге қанат бітірді, көкірекке сенім ұялатты. Аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлының «Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу –сатқындықтың белгісі», «Ұшқынсыз от тұтанбас», «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» деп келетін қанатты сөздері өмірлік кредоңызға айналды. Еліңізден жырақта жүрсеңіз де бесігіңізді, тіліңізді, діліңізді ұмытқан жоқсыз.Оны елге еткен ерен еңбегіңізден, ұлтжанды мінезіңізден байқап келемін. Қалеке! Бүгінгі сырласу хатым әйтеуір дәріптеу, мақтауға құрылған жоқ. Менің мақсатым – ел құрметіне бөлену үшін бүгінгі жастар не нәрсеге назар аудару керек деген өзекті мәселені қозғау. Сізді жұрттың сыйлауының басты себебі неде? Міне, осы арқылы жас буынға ой салу, Отанға деген сүйіспеншіліктің не екенін ұқтыруға ұмтылу. Ұлттың рухы – асыл қасиет. Ең бастысы – ана сүтін ақтап, туған елді, отанды сүю парыз екенін іспен, қабілетіңізбен көрсетіп, талантыңызбен таныттыңыз. Кертартпа мінездерден, жалқаулықтан, пессимистік ойлардан бойыңызды аулақ ұстап, өмірдің мақсаты алға ұмтылу екенін, үміт қана жүректерді қуанышқа толтыратынын, сенім барда алынбайтын асу жоқтығын дәлелдей білдіңіз. Ия, Отанды сүю –нағыз махаббат. Ол тек үлкен жүректі жандардың, нағыз тұлғалардың ғана қолынан келеді. Ғұлама-ғалым әл-Фарабидың «Білімді болу деген сөздің мағынасы – белгісіз нәрсені ашуға қабілетті болу» деген сөзі бар. Осы қасиетті бойға сіңіре біліп, асып-саспайтын сабырлы қалпыңыз, жаңа бастамалардан қорықпайтын жігеріңіз өз ортаңызда көшбасшы атандырды. Үздік оқумен қатар ғылыми жұмыстармен де көзге түстіңіз. Осылайша 1967 жылы студент кездің өзінде-ақ Мәскеу қаласының Жданов ауданы партия комитетінің шешімімен КПСС-қа мүшелікке өттіңіз. Бұл ол кезде жүздің бірінің басында бола бермейтін үлкен оқиға еді. Дәл осы партияға өткен жылы ғой, Мәскеуде оқитын қазақ жастарының басын қосып, «Арман» атты ұйымды құруға күш салдыңыз. Ондағы мақсат – өз Отанына деген махаббаты арттыру, ғибраты мол іс-шаралар ұйымдастыру, өз бесігіңді қадірлеу. Ұйымның алғашқы басқосуы Қазан төңкерісінің 50 жылдығы қарсаңында өтті. Академия комсомол комитеті идеология жұмысына жауап беретін мүшесі ретінде комсомол комитетінің жылдық жоспарына «В братской семье народов СССР – сегодня день Казахстана» деген тақырыппен іс шара енгізіп, Мәскеудің ғана емес, Ленинград, Киев, Рига қалаларында оқитын қазақ студенттерінің басын қостыңыз. Арада тығыз байланыс орнатылды. Қазақстандықтар арнайы концерт берді. Сахнада қазақ әндері әуеледі. Қазақ ақындарының өлеңдері оқылды. Бұл, расында түсіне білген адамға ұлтқа деген махаббатты паш ететін әрекет еді. Осы ұйымның атқарған елеулі жұмыстарының бірі – небәрі 24 жасында жастардың коммунистік-интернационалын басқарып жүріп, 1925 жылы Мәскеуде қайтыс болған қазақтың аяулы перзенті Ғ.Мұратбаевтың жерленген жерін іздеп табуы еді. Ондағы ой – аласапыран заманда көз жұмған қазақ перзентінің рухына тәу етіп, басына ескерткіш орнату болатын. Ғанимен қызметтес болған адамдарды іздеу күнделікті жұмыстардың біріне айналды. Нәтижесінде Ғ.Мұратбаевтың жерленген жері Ваганьковская қорымында, Тимирязев пен Панфиловтың зираттарының жанында екені анықталды. Алдымен 1968 жылы 29-қазанда, тура комсомолдың туған күнінде Ғани зиратының басына қазақстандық студенттерді жинап, митинг өткізуі, рухына құран бағыштауы сол заманда тәуекелге толы іс еді. Кейін бұл батыл бастама дәстүрге айналды. Ұйымның атынан сол кездегі Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібековке хат жазып, хатта Ғ.Мұратбаевтың зираты табылғаны, енді соның басына ескерткіш орнатылу керектігі туралы айтылды. Тіпті, сіздер – ұйым мүшелері, студенттер егер мәселе шешілмесе өз қалталарыңыздан ақша жинап, бейіт басына ескерткіш қоюға дайын екендіктеріңізді де айқын білдірдіңіздер. 1971 жылы Қазақстан тарапынан жұмсалған көп күш-жігер нәтижесінде жастардың көшбасшысының басына ескерткіш орнатылды. Қалеке! Неге екенін қайдам, өзіңізді өмірбақи танитын сияқтымын. Ал зерделеп қарасам, тура 30 жылдай уақыт болған екен. 1988 жыл 25-шілдеде Қазақ КСР-нің Жоғарғы Кеңес Президиумының Жарлығымен Бөген ауданы(қәзіргі Ордабасы ауданы- Ә.Ы.) таратылып, Арыс қаласына қосылды. Ол кезде Бөржарда, ауыл мектебінде физика пәнінің мұғалімімін. Сонымен қатар мектеп комсомол ұйымының хатшысымын, аудандық «Коммунизм таңы» газеті жанындағы Қосжан Мүсірепов атындағы әдебиет және өнер бірлестігінің жауапты хатшысымын. Сіз Шымкент облыстық агроөнеркәсіп комитеті төрағасының бірінші орынбасарынан ауылдық аймағы бар (Бүкіл Бөген ауданының жері) Арыс қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайландыңыз. Сонда үлкен ел ағасы болып көріндіңіз. Бүгінде қарап отырсам, бар-жоғы қырық жаста екенсіз. Шынымды айтсам, оған дейін аты-жөніңізді естігенім болмаса тіпті танымайды екенмін. Арада біраз уақыт өткен соң ауданнан хабар келді. «Бірінші хатшы сізді шақыруда». Ертесіне Арыс қаласына жол тарттым. – Әкім, айналайын, төрге шық. Естідім, Бөген ауданындағы іс-шаралардың бәрін өзің өткізеді екенсің. Ақылдасатын шаруа бар. Сіз өте жылы шыраймен қарсы алдыңыз. Түсінгенім – бұрын тікелей теміржол саласына бағынған, тіпті уақытының өзі Мәскеу сағатымен жүретін қалаға салт-дәстүрімізді енгізіп, жаңаша бағытта іс-шаралар өткізу қажет екен. Бірінші рет жаңа аудан орталығында мақташылар слетін ұйымдастыруды сол жолы маған жүктедіңіз. Жаңа басшының талабы да ерекше болды. Ауыл мұғалімі, маған аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Раиса Антоновна Загородникованы, қалалық атқару комитетінің төрағасының орынбасары Жанетта Иосиповна Калюпанованы, қалалық мәдениет үйінің директоры Өскен Бәйімбетовтерді көмекші ретінде тапсырдыңыз. Уақыт тығыз. Бар-жоғы үш-төрт күн. Бұрынғы жасалып қойған сценарийдің бәрін өзгертіп, мүлде бөлек бағдарлама жасап шығардым. Жүргізушісі де, режиссері де, сценарий авторы да өзім. Арыста «Родина» кинотеатрында «Шын көңілмен» атты мақташыларға арналған мәдени кеш өте жоғары деңгейде өтті. Сіз сонда залдан шығып, ерекше ықыласты пікіріңізді жұртшылықтың алдында маған білдірдіңіз. Бұл маған қанат бітірді. Осы бағытпен тура сол жерде артынша ақындар айтысын өткіздім. Халықтың ұлттық өнерге сусындап қалғаны соншалық, сыймағаны залға есікті сындырып кірді. Әдебиетке, өнерге, салт-дәстүрге деген сүйіспеншілігіңіз жоғары екенін сол кезде-ақ таныттыңыз. Сол кездегі жастарға, Қосжан Мүсірепов атындағы бірлестік жұмысының жандануына қолдау көрсете білдіңіз. Айтыңызшы, бұдан соң Сізді қалай жақсы көрмейміз? Бүкіл аудан халқы нағыз басшының, халыққа жақын адамның келгенін сонда сезінді. 1989 жылы Арыс қаласында бірінші рет Наурыз мерекесін дүркіретіп өткізгеніңіз де үлкен оқиға болып еді. Сол күні жазушылар Дулат Исабеков, Садықбек Адамбеков келіп, сөз сөйлеп, ризашылықтан көздеріне жас алған. Міне халық ықыласын осылай аудардыңыз. Ол халыққа деген шынайы махаббатыңыз еді! Мұның бәрі Кенестер Одағы кезінде болған оқиғалар. Сенат депутаты атанған жылдарыңызда ел мүддесі үшін көтерген мәселелеріңіздің барлығынан да сіздің азаматтық биік парасатыңызды ұғамыз. Үлгі аламыз. Ұқсауға тырысамыз. Іні болғанымызға қуанамыз. Дархан жүрегіңіздің ұзақ соғуын қалаймыз. Осынау 30 жылдан бері іргеміз сөгіліп, аға-інілік қатынасқа селкеу түскен емес. Қайта уақыт өткен сайын бір-бірімізге деген туыстық ықылас артып келеді.1997 жылы 50 жылдық мерейтойыңызда Алматыдан арнайы келіп, Мәжіліс депутаты ретінде ұйымдастыру комитетінің мүшесі болып едім. Алпыс жылдық тойыңыздың да осы міндетті атқару абыройы бұйырды. Бүгін, міне, жетпісті бағындырған шағыңызда да арнайы хат жазып, мерейтойыңызды ұйымдастырушылар қатарында жүрмін. Бас аман болып, сексен жылдығыңызда да тілекші болуды Алладан тілеймін. «Адам болу – қасиет, азамат болу – міндет, патриот болу – парыз» деген тағылымды тұмар етіп тағып, Тәуелсіз елдің тарлан азаматы ретінде аянып қалмаған тұлға қашан да құрметке лайық. Бүгінгі ойлы жас кімге ұқсау керек десе, Айтаханов биігін ойланбай нұсқап көрсетер едім. Құрметпен, Әкім ЫСҚАҚ Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Бірінші шақырылымының депутаты, тұңғыш қазақ тілінде жазылған «Халықтың көші-қоны туралы» заңының авторы Астана qazaquni.kz