Латын әліпбиіне көшу: Зиялы қауым өкілдерінің пікірі қандай?
2017 ж. 20 қараша
3853
25
Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев латын әліпбиіне көшу туралы Жарлыққа қол қойды. Бүкілхалықтық талқылауға түскен латын әліпбиі рухани жаңғырудың басты негізі екені сөзсіз. Осы орайда Алматы қаласының зиялы қауым өкілдері аталған мәселеге қатысты өз пікірлерімен бөлісті. Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталының тілшісі хабарлайды.
Елбасы латын әліпбиіне өту туралы Жарлыққа қол қоя отырып, болашаққа үлкен әрі нақты қадам жасап отыр. Бұл біздің, ұлтымыздың рухани кодексі десек те болады. Бұл Елбасының бастамасы мәні зор, келешектің бақытты көрінісі, мақтанатын нәрсе. Латын ол қазіргі жаңа технологияның, ғылымның, тіпті әдебиеттің тілі. Осы бастаманы Нұрсұлтан Әбішұлы қолдап отырғанына қуаныштымын.
Төрегелді Шарманов,
Тамақтану академиясының директоры,
Алматы қаласының «Құрметті азаматы»
Бүгін Қазақстан халқы үшін ерекше күн деп санаймын. Себебі Елбасымыз көптен бері талқыға түсіп отырған қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіруге байланысты шешімге қол қойды. Дүние жүзіндегі халықтардың 70 % латын қарпіне көшкені белгілі. Сол себептен бұл бізге қажет дүние. Елбасымыздың өзі бүкіл қазақ халқының тіл бірлігін сақтауымыз керек деп айтып жүр. Қазақтардың үштен бір бөлігі шет елдерде дейтін болсақ, бәріміздің басымызды тек тіл ғана біріктіре алады. Тілде бірлік болмаса, ұлттық бірегейлік болмайды. Осы тұрғыда түрлі ғалымдарымыздың, тіл мамандарының, қоғам қайраткерлерінің тағы да басқа көптеген тұлғалардың пікір білдіріп, қолдауы еліміздің келешегіне бей-берекет қарамағандығы деп қуанамын. Қазірдің өзінде еліміз әлем көшімен қатар даму үстінде. Халықаралық деңгейде ЭКСПО көрмесін өткізуіміздің өзі мемлекетіміздің қуаттылығын көрсетсе, латын қарпіне көшуіміз соны нығайта түседі деп ойлаймын.
Аягүл Миразова,
Қазақстанның Еңбек Ері
Бүгін қол қойылған Елбасының латын әліпбиіне көшу туралы Жарлығы біз үшін қуанышты жаңалық болып отыр. Біз бұған дейін де латын қарпіне көшуіміз керек еді, әлі де болса кеш емес. Осы тұрғыда бұл дер кезінде қабылданған шешім. Себебі бізге болмаса да балаларымызға, кейінгі ұрпаққа латын қарпі өте қажет дүние.
Сондай-ақ, бізге тән латын әліпбидің нұсқасын дайындау және бекітуді көп созбай, тиянақты жұмыс атқарылғаны қуантарлық жағдай.
Алтынбек Қоразбаев,
Композитор
Мен бүгін қол қойылған Елбасының Жарлығын және бұл шешімін қолдаймын, толық келісемін. Себебі латын қарпіне көшудің уақыты келді. Ел болып, халық болып талқылауға қатыстық. Сондықтан қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру дер кезінде қабылданған шешім. Біздің қарқынды дамып келе жатқан мемлекетіміз үшін заман ағымымен қатар жүру басты міндеттердің бірі. Қазақ тілі өте бай тіл, ал латын әліпбиіне көшу арқылы біз соны көрсете аламыз деп ойлаймын.
Сонымен қатар, өзге халықтармен, соның ішінде туыстас түркі халықтармен етене араласуымызға жол ашылған секілді. Осы жасаған қадамнан біз жақсылық болмаса, жамандық көрмейміз.
Жадыра Дәрібаева,
Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері
Латын әліпбиіне көшу үлкен дайындықты, жан-жақтылықты қажет ететін жұмыс. Сол себепті де қанша уақыт бойы халықтың талқылауынан өтіп, түрлі ғалымдар мен тіл мамандары бұл жұмысқа жұмылдырылды. Осы өткізілген жұмыстардың нәтижесі ретінде бүгін Елбасымыз Жарлыққа қол қойып, халық назарына соңғы нұсқаны ұсынды. Осыған орай Елбасымызды, елімізді осынау жаңа қадаммен құттықтаймын. Ендігі мәселе халықты ақпараттандыру, олардың арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу болып отыр.
Шәмша Беркімбаева,
ҚР бұрынғы Білім министрі