Шөмішбай Сариев: Латын әліпбиі - қазақ халқының өз үні, өз дауысы бар екендігін білдіреді
2017 ж. 20 қараша
3754
0
Бүгін ҚР Президенті Н. Назарбаев латын әліпбиін қабылдау туралы Жарлыққа қол қойды. Осыған орай белгілі қоғам қайраткерлері өкілдері рухани жаңғыруға бастайтын бұл жарқын қадамға қатысты өз пікірлерін білдіруде. "Қазақ үні" ұлттық порталы Алматы қаласында тұратын зиялы қауым өкілдері мен танымал тұлғалардың толғамды ойларын назарларыңызға ұсынады.
Аға буын өкілдеріне де латын қарпімен жазып, оқу қиындық тудырмас
Сәбит Оразбаев, ҚР Халық әртісі:Ең басынан бастап латын әліпбиіне өтуді қолдадым. Алайда бір үрей болды, бұл процесс көпке созылып кетпей ме деген. Бүгін алдағы уақытта біз жұмыс істеп, білім алатын әліпбидің нұсқасын бекітті дегенде өте қатты қуандым. Көпке созбай, жұмысты жинақылықпен жүргізгендеріне ризамын.
Әлем елдерінің 70% латын әліпбиін қолданып, жетістікке жетіп жатыр. Біз неге көштен қалуымыз керек. Негізінде менің және басқа да замандастарымның туу туралы куәлігі, алғашқы оқыған кітаптары латын әліпбиінде жазылған болатын. Сондықтан аға буын өкілдеріне де латын қарпімен жазып, оқу қиындық тудырмас.
Бұл қазақ халқының өз үні, өз дауысы, өз дыбысы бар екендігін білдіреді
Шөмішбай Сариев, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
Бұл тақырыпқа байланысты біздің ұжымда, яғни М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында митинг ұйымдастырылды. Институт директоры Уәлихан Қалижанұлы сөз сөйледі, мен өлең оқыдым, тағы бірнеше ғалымдар, соның ішінде Еркін Ғалымов деген жас ғалым пікірімен бөлісті. Латын қарпіне көшу – бұл жаңа құбылыс, жаңа бір дәуірдің басталғандығы. Біз латын қарпін бұрын да қолданғанбыз, бірақ сол кездегі империяның күштеуімен кириллицаға өттік. Енді міне, тәуелсіздігіміздің тұсында әлемдік тілмен үндесуімізді қолдаймыз. Бұл қазақ халқының өз үні, өз дауысы, өз дыбысы бар екендігін білдіреді. Латын әліпбиі бұл ғасырлар бойы қалыптасқан, өмірлік тәжірибесі бар қаріп. Сондықтан, Елбасының бұл бастамасын ақын ретінде, азамат ретінде қолдаймын.
Бұл бастама келешек ұрпақ үшін өте маңызды
Ислам Байрамуков, Олимпияда ойындарының жүлдегері:
Елбасының бүгінгі латын қарпіндегі жаңа әліпбиді бекіту туралы жарлығын, ондағы үкіметке берілген тапсырмамен танысып, қуанып қалдым. Жалпы бұл өзгерісті толығымен қолдаймын. Елімізге керек нәрсе деп санаймын және бұл бастама келешек ұрпақ үшін өте маңызды. Тарихты зерттеу үшін, ғылым мен көркем өнерді дамыту мақсатында көп көмек болатыны анық. Сонымен қатар, білім алуда да жеңілдіктер болады деп ойлаймын. Мысалы Әзірбайжан, Түркия елдері еш қиындықсыз осыған өтті. Шет елден келген қонақтарға да латын әліпбиінде жазылған көшелерді, мекен жайларды оқу, олармен пікір алмасу өте оңай болады.