Дандай Ысқақ: БАСТЫ МӘСЕЛЕ – ӘЛІПБИ ҰЛТТЫҚ ТІЛІМІЗГЕ САЙ КЕЛУІНДЕ

Қазіргі таңда елімізде латын әліпбиіне көшуге байланысты қызу пікір-таластар жүруде. Өздеріңіз білетіндей, бастапқыда латын әліпбиінің 25 таңбадан тұратын нұсқасы ел назарына ұсынылды. Бұл нұсқа техникалық жағынан тиімді болды. Өйткені, ол компьютерге лайықталып, ағылшын тіліндегі бағдарламаларға сәйкестендіріліп жасалған-ды. Сондықтан да, көп экономикалық шығынға ұрындырмайтын еді. Бірақ бұл әліпби көптің сынына ұшырағандықтан, қайтадан жетілдіріліп, әліпбидің жаңа нұсқасы жасалды.

Елбасының назарына ұсынылған 32 әріптен тұратын жаңа әліпби көпшіліктің көкейінен шығып жатыр. Менің де көңіліме қонды.

Кезінде әліпбиді жасаған кезде бір дыбыс бір қаріп деген принципті ұстанған-ды. Әліпбидің жаңа нұсқасы да осындай ұстаныммен жасалған. Мұндағы басты артықшылық – қазақтың төл дыбыстарына қатысты ерекшелік толық қамтылған. Тағы бір айта кетерлігі – бұрындары жасалған түркілік ортақ әліпбиге жақындығында. Әліпбидің жаңа нұсқасы 32 таңбадан құралған. Көптің көңілінен шыққан бұл нұсқа әлде де жетілдіруді қажет етеді. Сондықтан да, пікір талас тоқтаған жоқ. Қазақша әріптерді төбесіне белгі қою арқылы анықтау техникалық жағынан біршама қиындықтар туғызуы мүмкін. Интернеттің жылдамдығы кішкене бәсеңдеуі мүмкін. Қаржылық жағынан, қолайлылық тұрғысынан алған кезде ең бірінші басшылққа алынатын мәселе – әліпбидің ұлттық тілімізге сай келуінде. Алдағы уақытта да Тіл білімі институтының ғалымдары яғни, осы саланың хас мамандары латын әліпбиінің жаңа нұсқасындағы кеткен кейбір кем-кетіктің орнын толтыру жолында жүйелі жұмыс жүргізеді деген ойдамын.

Дандай ЫСҚАҚ, филология ғылымдарының докторы, профессор "Қазақ үні" ұлттық порталы