Қырғыз актерлары Досхан Жолжақсыновты өлтірмекші болған
2017 ж. 11 қазан
6745
24
Атақты актер, Қазақстанның Халық әртісі Досхан Жолжақсынов қырғыз әріптестерінің өзіне жасаған қастандығы жайлы баяндады. «Астана» арнасының «Сырласу» бағдарламасына сұхбат берген актер ұлдарына ертегі үйреткеннің арқасында бір ажалдан аман қалғанын айтты.
Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Жары Қаракөз Сүлейменованың айтуынша, Досхан Жолжақсынов кіші ұлы Бекзатқа 12 жыл бойы ұйықтар алдында ертегі оқып отырған. Жарының сөзіне масаттанып кетсе керек-ті, актердің өзі «алғаш қазақ топырағында ертегі жазған мен болдым» деп мақтанды.
«Балам ертегі тыңдамай ұйықтамайтын. Бір жылдары сол ертегіге үйреткеннен бір ажалдан тірі қалдық. Қырғызстанда киноға түсіп, қырғыздың актерлары көре алмай, біз жатқан киіз үйге қастандық жасаған. Әркімнің жататын киіз үйі бар, мен отбасыммен бір киіз үйде… Мен түнгі сағат 11-де киіз үйге кірдім, ертеңгі түсірілімді сөйлесеміз деп уақыт кетті, келсем балам Біржаным ұйықтамай жатыр “ертегі айтшы” деп… Содан ұйықтамай ертегіні айтып жатырмын. Таудың бөктері, таза ауа. Ұйқы деген әкетіп бара жатыр. Қалғып кетсем қайтадан оятады, “папа, әрі қарай” деп…
Сөйтіп жатқанда пештен түтін бұрқырап шыға бастады. Қақалып-шашалып, бала-шаға бәріміз далаға шықтық. Сырттағылар “Ойбай, не болды?” дейді. «Осылай пеш істемей жатыр» дейміз. Елдің бәрі әр жұмыспен кеткен кезде, керегеге өрмелеп, мұржаға қолымды тықсам, жабық. Содан біреуін суырамын, екіншісін суырам. Сол күні аяғымызға бөліп берген төрт шылғауды тығып үлгеріпті. Сол менің жатқанымды күтіп тұр ғой. Мен жатқаннан кейін, мұржаға төрт шылғауды тыққан. Енді балам ұйықтап жатса, мен бірге кететін едім ұйқыға. Бәріміз иістен өліп кететін едік. Сол ертегі үйреткенімнің арқасында тірі қалдық”,- деп еске алды актер.