ТАУТҰЛҒА
2017 ж. 22 қыркүйек
3426
1
Көрнекті мемлекет, қоғам қайраткері, Қазақстан үкіметін он үш жыл басқарған
Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов туралы академик Хайдар Арыстанбекұлы шерткен сыр
Хайдар аға әдеттегісіндей мені бүгін де көңілді қарсы алды.
– Көптен бері хабарласпай кеттің. Шамамда, қызметің өсейін деген-ау, інім?
– Солай болуы да ғажап емес.
Екеуміз де дауыстай күлдік. Хайдар ағаның әзілі әр кез жайдары, тапқыр әрі астарлы келеді. Көптен араласып-құраласа жүріп байқағаным, Хакең әңгімені де асықпай, нәшіне келтіре, бабымен айтады. Әлдекімдердей желдірме жел сөзге жоқ, білгішсіну, көсемсіну дегеннен де аулақ.
Үлкен де кең, жарық бөлменің түстікке қараған терезесіне жақындау тұсқа қойылған ұзынша стол жанындағы үйреншікті орнымызға жайғасып, біраз шүйіркелескен соң:
– Мен кезінде Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновпен біраз араласқан едім. Нұрекең жөнінде білетіндерімді саған айтып берсем деймін. Қарсы емессің бе?
– Ой, Хайдар аға, қарсы емессің бе дегеніңіз қалай? Қайта қуанам ғой. Кешегі ел ағасы болған кісінің жан дүниесімен, мінез ерекшелігімен танысу – рухани баю емес пе?
– Ендеше тыңда, – деп Хайдар Арыстанбекұлы қатулана қабақ түйіп, сұсты кейіпке енді. Аздап еңкіш тартқан еңсесін тіктеп, кең маңдайын, етек-жеңді, жоталы қыр мұрынын алақанымен екі-үш рет сипай түсіп, жөткіріне сөз бастады. Мен тырп етпей, құлақ түрдім.
– Елімізге белгілі Нұрекең 13 жыл Қазақ ССР-і Министрлер кеңесін басқарды. Ерекше ескерер жай – ол кісі үкімет басына білікті кадрлар «халық жауы» деген жаламен атылып кеткен ең қиын, яғни 1937 жылғы репрессиядан кейін келді. Жағдай енді түзеле бергенде соғыс басталды. Қазақстанға қаншама ел көшіп келіп жатты. Соларды қабылдап, жағдай жасау оңай ма? Мұның бәрі күн демей, түн демей ұйқысыз, күлкісіз тер төгуді талап етті. Маған көрнекті қазақ қайраткерлерінің бірі ретінде Нұрекеңді де Алла тағала осы қиын кезең үшін арнайы дүниеге әкелген сияқты боп сезіледі.
Хайдар аға сөзін стол шетінде тұрған телефон сыңғыры бөліп жіберді.
– Ало, жо-жоқ, ондай кісі мұнда тұрмайды. Иә, солай…
Телефон тұтқасын орнына қойып:
– Не айтып отыр едім, – деп маған сұраулы жүзбен қарады.
– Нұртас ағаның қиын кезде үкімет басына келгені туралы айта бастаған едіңіз.
– Е, дұрыс. Мен 1941 жылы Алматы ауыл шаруашылық институтын бітіріп, совхоз органдарында (Алматы облыстық трес совхозы және совхоздар министрлігінің аппаратында) әр түрлі қызмет атқардым. 1945 жылы СОКП Орталық Комитеті жанындағы жоғары партия мектебін тауысқан соң, Қазақстан Орталық партия комитеті ауыл шаруашылық партия ұйымдары бойынша кадрлар бөлімінің сектор меңгерушісі боп істедім. Қарамағымда бес нұсқаушым болды. Бөлім меңгерушім, кейін белгілі ғалым атанған Г.Шоланов еді.
Министрлердің орынбасарлары, басқарма бастықтары, бөлім меңгерушілері – бәрі ауыл шаруашылық саласына жетекшілік ететін Министрлер кеңесі төрағасының орынбасарына жиі барып, шешілмеген күрделі мәселелер туралы ақылдасып, кеңесіп тұратын. Министрлер кеңесі аппаратында кадрлар басқармасы жұмыс істейтін. Олар бізге кейде ұсыныс-пікірлерін айтып, кейбір кандидатурамызға келісімін беретін.
1946 жыл. Соғыстан кейін өзгеріс бола бастаған Ауыл шаруашылық министрлігінің басшы кадрлары мәселесімен Министрлер кеңесіне бардым. Барсам, Министрлер кеңесінің орынбасары, бірінші орынбасары орнында жоқ екен. Құласам нардан құлайын деп Нұртас Дәндібайұлының қабылдауын өтіндім. Ол кісі мені жылы қабақпен жайдары қарсы алды. Бұл ол кісінің алдында бірінші рет болуым еді.
Арада бір жарым жыл өткенде Қазақстан Орталық партия комитеті бюросында мен Ауыл шаруашылық министрінің орынбасары боп тағайындалдым. Құжаттарымның бәрін Министрлер кеңесі алып, өзіне шақырды.
Ол кезде Министрлер кеңесі төрағасының ауыл шаруашылық саласы бойынша орынбасары А.Қыстауов деген кісі еді. Алдымен сол кісіге бардым. Мені көріп:
– Күте тұр, – деді де, бөлмеден шығып кетті. Бір уақытта кеп, мені Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың алдына алып барды. Нұрекең он минуттей сөйлескеннен кейін:
– Өмірбаяныңмен танысып шықтым. Дұрыс. Жұмысты жақсы істе, – деп маған сенім білдірді.
Министрдің орынбасары боп істеп жүрмін. Анықтама, түрлі құжаттар дайындаймыз. Кейде Кеңес мәжілістері өтеді. Министріміз Ахмет Дауылбаев Орталық партия комитетінің бюро мүшесі, білімді, беделді адам еді. Сол кісінің беделінің арқасында қарамағындағы біздер де сыйлы болдық.
Бір жыл істегеннен кейін жалғыз кадр емес, бүкіл оқу орындары мен ғылыми мекемелердің бәріне, мақта, темекі, қант қызылшасы, сағыз, тау сағыз, көк сағыз салаларына да басшылық жасау жауапкершілігі маған жүктелді.
Соғыстан кейін колхоздар уставын бұрмалаушылар мен бұзушыларға қарсы СОКП Орталық партия комитеті мен Министрлер кеңесінің қаулысы шығып, одақтық республикаларда, облыстарда Колхоздар істері кеңесі құрылды. Оның беделі сұмдық күшті болды. Уставты бұзған партия, совет, ауыл шаруашылық қызметкерінің кез келгенін орнынан алып тастаймын десе, алып тастай беретін. Колхоздар істері кеңесінде талқылаймыз. Ол уақытта одақтағы Колхоздар істері кеңесінің төрағасы СОКП Орталық партия комитеті Саяси бюросының мүшесі Андрей Андреевич Андреев болатын.
Бірде Москвадан комиссия келді. Көп облыстарда болып, колхоз уставына байланысты қаулыны жүзеге асыру барысын бір айдай тексеріп, біраз кемшіліктің бетін ашты. Осы комиссия жұмысына байланысты Нұртас Дәндібайұлы есеп беру үшін Москваға аттанды. Ол кезде кешкі сағат алты жарым шамасында үйге кеп тамақ ішіп, кішкене демалып, қызметке қайта баратынбыз. Содан түн ортасына дейін кеңседе болатынбыз.
Екі-үш күннен кейін Оңдасыновтың көмекшісі А.Тулинов Москвадан маған телефон соқты.
– Колхоздар істері Кеңесінің төрағасы Андрей Андреевич Андреев қол қоятын Жоба дайын болды. Ертең сағат таңғы онда Оңдасынов баяндама жасайды. Жобада колхоз уставын бұзуға негіз боларлық нұсқау-құжатқа заңсыз қол қойғаны үшін сені министрдің орынбасары қызметінен босатылсын деген ұсыныс бар. Осыған байланысты өз дәлеліңді келтіріп, Оңдасыновтың атына жеделхат жолда. Ол кісі ертең жасайтын баяндамасында атыңды бадырайтып айтпағанмен ана Жобада көрсетілген кемшіліктерге түсінік беруіне тура келеді. Әсіресе, сен туралы міндетті түрде сөз болмақ.
Қатты ойланып, абыржып қалдым. А.Тулиновтың айтуынша, мен ауылшаруашылық министрінің орынбасары ретінде қасқыр жеген, басқа да табиғат апатынан өлген қойларды қойшыға төлетпеу керек деген нұсқау беріп, құжатқа қол қойғам. Ол құжат республикамыздың жер-жеріне түгел тараған.
Колхоздар істері Кеңесі қаулысының Жобасын А.Андреевтің бірінші орынбасары, бұрын Новосибирь облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған бір баскесер дайындапты.
– Аты-жөні кім?
– Есімде жоқ. Одан елдің бәрі қорқатын. Ауыл шаруашылық қызметкерлері Құдай оның қолына түсірмесін деп тілейтін.
Хайдар аға дауыстап біраз күліп алды.
– Үйге тамақ ішуге де барғам жоқ. Өзіміздің шалдарды жинап ап, ақылдастым. Жұмыста түнгі сағат үшке дейін отырдым. Нұсқаулардың, қатынас-қағаздардың бәрін таптым. Өлген, не жоғалған малдың қандай жағдайда малшының мойнына салынатыны, салынбайтыны жөніндегі мәліметтермен қайта таныстым. Берген нұсқауымның дұрыстығына тағы бір көз жеткіздім.
Мен құжатты сақтау, оның ережелерін білу жағынан өте ұқыпты едім. Орталық партия комитеті бюросында, Министрлер кеңесі мәжілісінде сөз болған ауыл шаруашылығының кез келген саласы көрсеткіштерін, оның жетістіктері мен кемшіліктерін, көкейтесті мәселелерін бүге-шігесіне дейін жатқа білетінмін. Сол кездегі республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы Қасым Шәріповтің бірде:
– Ойпырмай, бәрін білетінің сұмдық қой. Қашан болмасын кез келген мәселе бойынша бастықтар сұрай қалса, тосылмай түсінік бересің, – деп таң қалғаны бар.
– Е, Қасеке, бізге білу керек қой, – дейтінмін күліп.
Енді бар дәлелімді келтіріп, Москваға, Колхоздар істері Кеңесінің төрағасы Андрей Андреевич Андреевтің, одан кейін Қазақ ССР Министрлер кеңесінің төрағасы Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың атына бір бет көлемінде жеделхат жолдадым.
Таңертең таңғы онда жұмыска келдім. Түнімен ұйықтай алғам жоқ. Көңіл күйім тіпті нашар. Ол кезде ақылдасатын министрім Ахмет Дауылбаев Алматыда жоқ еді. Аяқ астынан ауырып, Москвада емделіп жатқан болатын.
– Іс немен тынар екен? – деп қатты қобалжулымын.
Сағат кешкі жетіде А.Тулинов телефон соқты.
– Құттықтаймын, Хайдар Арыстанбекұлы, – деді бірден қуана сөйлеп. – Жолдаған жеделхатыңды Нұртас Дәндібайұлы алғанда:
– «Жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап» деген, бұл не?! – деп алғаш сені кінәлап, ашуланды. Сағат таңертеңгі онда ол кісінің есепті баяндамасы тыңдалды.
Жұрт біткен сұрақтар қойып, ең соңында Жобаны дайындаған Колхоздар істері Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары:
– Андрей Андреевич, Қазақ ССР-і Ауыл шаруашылық министрінің орынбасары Арыстанбеков жолдас ауыл шаруашылық уставын бұзуға көмектескен адам. Сөйте тұра, жазадан құтылып кетпек оймен, сіздің атыңызға ұялмай жеделхат жолдапты, – деп соқты.
Төрде отырған Оңдасынов сұп-сұр боп кетіпті. Андрей Андреевич:
– Кәне, жеделхатты маған беріңізші? – деп алып, оқып шығып:
– Жолдас Оңдасынов, ол сізде көптен бері істей ме? – деп сұрапты. – Тәжірибесі бар ма, жоқ па?
– Андрей Андреевич, ол жас, әлі отызға жетпеген, өте білімді жігіт. Екі жоғары оқу орнын, алғаш ауыл шаруашылық институтын, соғыс жылдары Москва жоғары партия мектебін бітірген. Тәжірибесі аздау, ал теориялық жағынан дайындығы мол, – депті.
Жобада мені қызметінен босатылсын деп көрсетілген ғой. Андрей Андреевич қорытынды сөз сөйлеп:
– Жолдастар, Арыстанбековтің жеделхаты туралы не айтуға болады? – деп өзінің бірінші орынбасарына қарап:
– Арыстанбековтің теориялық дайындығының мол екені байқалады. Оның үстіне ол әлі жас, отызға жетпеген көрінеді. Бұл адамды шетке лақтырып тастағанымыз жақсылыққа жараспас, – депті.
Құдай сақтасын, қуанғаным сондай, үйге келе сап әндетіп, жолдастарымды шақырып, той тойладық. Екі-үш күннен кейін Оңдасынов келді.
Не болар екен, кішкене ұрсады ғой деп күтіп жүрмін. Бір күні мені өзіне шақырды. Бардым. Жақсы қабылдап, ананы сұрап, мынаны сұрап отырды. Ең соңында жеделхат туралы сөз қозғап, өзінің ризашылығын білдірді. Осыдан бастап маған деген көзқарасы, қарым-қатынасы мүлде өзгерді.
– Сізді Нұрекең бір жазадан қорғап қалған екен ғой, – деген маған Хайдар аға:
– Қорғап қалды. Сен қай облыстансың? – деп менен сұрады.
– Мен Оңтүстік Қазақстан облысынанмын.
– Республикамызда мақта егетін облыс сенің облысың ғана ғой. Мақтарал, Киров, Жетісай аудандарында мақта жинау науқанымен танысып жүргем. Нұртас Дәндібайұлы келді. Қасында Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Ерлепесов пен облыстық атқару комитетінің төрағасы Дәуленов бар.
Шамамда Сталиннен қорғаныс мәселесіне байланысты мақтаға өте бір маңызды тапсырма болған-ау. Бәріміз Мақтарал аудандық партия комитетінің бюросына қатыстық. Мақта өнімі нашар шаруашылық басшыларының апшысы қуырылып, алдарына нақты тапсырмалар қойылды.
Осылай мақта жинау науқаны жағдайын жақсарту мақсатын көздеген қосымша іс-шараларды ұйымдастырып, Нұрекең қайтпақ болды. Түс кезінде Ильичевка ауданы орталығындағы бір колхозға келдік. Көрсеткіші жаман емес екен. Колхоз басқарма төрағасы бір қойды сойып, қарсы алды. Нұрекең жол жұруге асықса да:
– Жігіттер, жүріңдер, тамақтанайық, – деп бәрімізді дастарханға шақырды. – Пісіп тұрған тамаққа қарамай кету деген нәрсе қазақта болған емес.
Кешке таман Ташкентке келдік. Өзбек ССР-і Министрлер кеңесінде бір-екі сағат болдық. Орта Азия әскери округы командашысының ұлы қайтыс болған екен. Нұрекең соған барып көңіл айтып шықты. Шымкентке келіп қондық. Ертеңіне Нұртас Дәндібайұлы Алматыға самолетпен ұшпақ болды.
Ол кезде асфальт жол жоқ. Машиналар шаңды бұрқыратып барады. Дәуленовке:
– Әй, Сәлкен, тезірек жүрсейші, шаң боп кеттік қой, – десем:
– Мен бастықтан ұшқан шаңды жұтқанды жақсы көрем, – деп күледі. Ол өзі қызық жігіт еді.
Мен Мақтарал сапарынан да Нұрекеңнің өзін Министрлер кеңесі төрағасы ретінде жақсы ұстай білгеніне өте разы болдым. Карта ойнап, ішімдікке әуестену, не лепіріп сөйлеп, кеуде көтеру дегеннен мүлде аулақ екен. Бәрінен Орта Азия әскери округы командашысына арнайы барып, ұлты орыс, салт-дәстүрі бөлек демей көңіл айтқаны, Нұрекеңе генералдың риза болғаны мені терең ойға қалдырды.
Алматыға келген соң:
– Орталық партия комитеті бюросының, Министрлер кеңесінің атынан саған «Коллективтік шаруашылық пен қосалқы шаруашылық мақсат-қызметін дұрыс үйлестіру» деген тақырып бойынша үлкен тапсырма жүктемекпіз. Бұл мәселе жергілікті жерлерде қалай шешіліп жатыр, өз ойың қандай, қалай дұрыс шешуге болады деген сұрақ төңірегінде зерттеу жүргізіп, өз тұжырымыңды жазып әкелесің. Сен зерттейтін мәселе жөнінде облыстық партия комитеті мен облыстық атқару комитетіне тапсырма берілді. Барам деген жеріңе бара аласың, – деп Нұрекең мені жиырма күндік іссапармен Оңтүстік Қазақстан облысына жіберді. Ол жақта болып, 45 беттік зерттеуімді Орталық партия комитетіне, Министрлер кеңесіне әкеп өткіздім. Оны бюро мүшелеріне жеке-жеке таратып беріп, жабық бюрода көп мәселенің бірі ретінде менсіз қарап, танысыпты.
Орталық партия комитеті ауыл шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Н.Забежанский деген кісі еді, сол телефон соғып, өзіне шақырды. Бардым.
– Құттықтаймын, жазғаныңды бюро мүшелерінің бәрі оқып, жоғары баға берді. Шамамда, сені олар бір жауапты жұмысқа жоғарылататын тәрізді, – деді. Қоштасып кеттім.
Бір айға жетер жетпесте мені Нұртас Дәндібайұлы өзіне шақырып:
– Алматы облыстық атқару комитеті төрағасына ұсынайық деп отырмыз, – деді. Көп ұзамай бекуге Москваға барып, Маленковтың қабылдауында болдым. Ол кісі:
– Біз сізді резервте ұстап отырмыз. Бір жыл бойы тексеруден өткіздік, – деп мені Алматы облыстық атқару комитеті төрағалығына бекітті. Ол кезде Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары атқару комитеттері төрағалары СОКП Орталық партия комитетінің саяси бюро номенкулатурасы есебінде тұратын.
Осыдан бастап Нұртас Дәндібайұлымен қарым-қатынасым тіпті жақсарды. Кей уақытта түнгі сағат екі-үштерде телефон соғады.
– Хаке, үйіңе қайтайын деп отырсың ба?
– Жоқ, әлі бір сағаттай болатын шығармын, Нұреке, – деймін.
– Маған келіп кет.
Барам. Көңіл күйі жақсы кезде шай алдырып, түнгі сағат үш, төртке дейін әңгімені соғып, отырып қаламыз. Шамамда өзі жұмыстан титықтап шаршайтын болу керек, ананы, мынаны сұрайды. Жұмыс барысымен танысады. Бір күні:
– Жылдан жылға мал басы өсіп, жайылым тарылып барады. Алматы облысының Үшқоңыр, Асы, Сарытауқұм, Саржаз, Қарқара, Торайғыр жайлауларының жағдайы мені алаңдатады. Сонау Балқашқа дейінгі құмды, сексеуілді даланы игермей болмайтын секілді. Игерсек, мұнда жалғыз Алматы облысының ғана емес, Жамбыл облысының да төрт түлігін қыстату мұмкіндігі туады. Онсыз малды көп өсіре алмаймыз. Екеуміз сол жаққа сапар шегіп, өз көзімізбен көріп, аралап қайтсақ қайтеді? – деді.
– Ойбай, Нұреке, сізбен бірге жүргенге қуанам ғой. Қайда барам десеңіз де мен дайынмын, – деп бірден келістім.
Қасымызға біраз маман алып, бір жүк, екі жеңіл машинамен жолға шықтық. Сарытауқұмға бара жатып, Жамбыл ауданының шекарасындағы құмға енер тұста аудандық атқару комитетінің төрағасы бізді бір шалдың үйіне алып барды. Қой сойғызып, тамақтандырып, құрмет танытты. Кішкене аялдап, дем алдық.
Нұрекең үй иесі шалмен ұзақ сөйлесті. Жол жүрер алдында:
– Нұртас қарағым, өзіңе берер ақ батам – көп жасап, бақытты бол, өсіп-өн. Мына біздің бастығымыз жас, – деп мені иегімен көрсетті. – Жас болса да, өзіңнің қасыңда жүр екен. Осыған сенің абыройың жұқсын.
– О, рақмет, ақсақал. Айыпқа бұйырмаңыз, «Мыңның түсін біл дегенше, бірдің атын біл» деген. Руыңыз кім? – деді Нұрекең көңілдене күлімсіреп.
– Нұртас айналайын, менің руым – Сталин, – деді шал.
– Жарайсыз, кемеңгерім, – деп Нұрекең орнынан тұрып, қарияның қолын алды.
Сартауқұмнан бастап, сонау Балқашқа дейінгі даланы араладық. Қазан төңкерісінен бұрын ол жердің бәрінде байлар мал өсірген. Байларды тәркілеп, ұжымдық қоғам құру заманында мал басы күрт азайып, дала бос, қаңырап қалған. Құмның кей жерінен тігулі тұрған киіз үйді кездестірдік. Киізін ұстап едік, үгітіліп кетті. Әбден шіріп біткен. Сәл қол тисе, үгіле түседі.
Құмға қар, жаңбыр аз жауады. Сондықтан үйлер құламай тұра береді екен. Үйдің ішінен самауыр, шелек, тағы басқа түрлі ыдыс-аяқтар табылды. Айнала төңіректе өлген адамдардың сүйектері жатыр.
Қарой, Бозайды аралап келеміз. Айдала, жазық жерде өсіп тұрған бір шоқ қамысқа жақындай бергенімізде бір елік екі лағымен бізді көріп қаша жөнелді. Ол су ішкен құдық (кейін анықтап білдік) Жамбыл ауданы бір байының құдығы екен. Ішкі жағын сексеуілмен қалап, қоршапты, бетіне кілем, киіз жауып та, оны тай қазанмен төңкере бастырыпты. Көп ұзамай сол маңға Жамбыл ауданы бір колхозының малы орналасты.
– Сартауқұм құмы басталатын Қаншеңгел деген жерге терең құдық қаздырып, колхозаралық орталық; үй, қойма салдырайық. Өйткені бұл жерден Балқашқа қарай Сартауқұм ішін аралап бас жол, орта жол, кіші жол кетеді екен. Бұларды бұрынғы қазақ байлары мал өсіру үшін пайдаланған. – деді Нұрекең. – Біз осы шөл даланы игергенде ғана мал жайылымын кеңейтетін боламыз.
– Жарайды, ұсынысыңыз көкейге қонады, – деп Алматыға оралған соң, бір ай бойы жоба-жоспар жасап, іске кірістік. Колхозаралық орталық құрылысына деп Алматы облыстық тұтынушылар одағынан екі машина бөлсем, тұтынушылар одағының төрағасы Царев қарсы болды.
– Өзіміздің облыстың қорына өзіміз иеміз, – деп әлгімен сөзге келіп қалдым да, өзімше шешім қабылдадым.
– Арыстанбеков біздің ішкі жұмысымызға араласты. Диктаторлық нұсқау беріп, екі машинаны құртты, – деп Царев Оңдасыновтың атына шағым жазыпты. Нұрекең шақырып жатыр деген соң, бардым. Өзім басқа да бір жұмыстармен ақылдассам деп жүр едім. Царевпен арадағы жағдайды жасырмай айттым.
– Дұрыс істегенсің, – деп Нұрекең Царевқа менің көзімше телефон соқты.
– Ол өзінің үйі, өзінің жұмысы ұшін шырылдап жүрген жоқ. Анау колхозаралық орталық құрылысы облысқа, елге керек. Ол жақты бұдан біраз бұрын Хайдар Арыстанбекұлы екеуміз аралап келгенбіз. Онда қазір құрылыс кең көлемде жүріп жатыр. Оған бұл жігіт апта сайын барып, жұмыс барысымен танысып тұр. Сіз бен біздің міндетіміз – сол құрылыс тоқтамай, тездетіп жүруі ұшін қолдан келгенше көмектесуіміз керек. Түсіндіңіз бе?
Анау түсіндім деген-ау, Нұрекең:
– Жақсы, иә, иә, қарастырыңыз, – деп телефон тұтқасын орнына қойды. Маған күлімдей қарап:
– Бәрі сенің пайдаңа шешілді. Царев қосымша қаржы қарастыратын болды, – деді.
Мұны еске алғандағы мақсатым – Нұрекең даулы мәселелерді шешу барысында ешкімнің жетегіне жүрмейтін. Бұл жағынан ол кісі өте мықты еді.
Күзде Нұрекеңді Қаншеңгелге алып барып, колхозаралық орталық құрылысымен таныстырдым. Ол кісі жұмыс барысына өте риза болды. Әр колхоз өзіне бір-бір қорадан, бір-бір үйден салып жатқан. Үлкен құдық қаздырғанбыз. Кішкентай сауда дүкені жұмыс істей бастаған.
Бұл колхозаралық орталықта әр колхоз жем-шөбін, түрлі құрал-жабдықтарын сақтап, керекті азық-түлігін; нан, қант, шай дейсіз бе, бәрін уақтылы алып тұратын болады. Ауырып, сырқағандарға медициналық көмек көрсетіледі. Қойшы, не керек, малшыларға қажет жағдайдың бәрі осы орталықтан табылуға тиіс. Мұны бірінші ойластырып, қолға алуға себеп болған Нұртас Дәндібайұлы еді.
Ол кісінің бастамасымен Алматы облысының таулы аймағындағы Асы, Үшқоңыр, Сарыжаз, Қарқара, Торайғыр жайлаулары да тиімді пайдаланыла бастады. Әсіресе, жалғыз Қазақстан емес, сол кездегі бұкіл Совет үкіметіне белгілі асыл тұқымды арқар-меринос және қазақтың биязы жүнді қойының жаңа түрін будандастырып шығарған Жандеркин, Бутарин, Есенжолов, Вальмент, тағы басқа ғалымдар, Кеген ауданының ауыл шаруашылық мамандары Нұрекеңнің рухани және материалдық қолдауын көп көрді. Олар ылғи сәл бірдеме болса, Нұртас Дәндібайұлымен байланыс жасайтын. Соны көре жүріп мен Нұртас Дәндібайұлы ғылым адамдарына ерекше көңіл бөлуі неден деп ойлайтын едім. Кейін, ол кісі зейнетке шыққан соң, қазақ-араб сөздігімен айналасқанын білгенде ғана барып, Абайдың: «Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалымң деген сөзін еріксіз еске алып, Нұртас Дәндібайұлын хакімнің де, ғалымның да деңгейіне көтерілген ірі тұлға деп таныдым. Меніңше, ол кісінің Қазақстан тарихында осы биікте қалатыны анық.
– Сәл алға озыңқырап кеттіңіз-ау деймін.
– Солай ма? Реті келгенде айтар ойыңды айтып тастамасаң, болмайды. – Хайдар аға езу тарта жымиды. – Тағы бір оқиға есімде. Темекі жинау науқаны кезінде Министрлер кеңесінің отырысы болды. Мен баяндама жасадым.
– Жұмыс жүрмей жатыр. Темекі егу, темекі жинау механикаландырылмаған, барлық жұмыс қолмен атқарылады, –деп сөйледім. Ешкім ештеңе демеген соң, мінбеден түсіп, орныма кеп отырдым. Бір уақытта Қазақстан Орталық партия комитетінің екінші хатшысы Сергей Иванович Круглов маған екі-үш сұрақ қойды. Орнымнан тұрып, жауап беріп, отырайын десем, ол сөйлеп болмады. Қасымда Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы, Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары Ибрагим Тәжиев отырған. Өзі ұзын бойлы, батыл шешім қабылдауға бейім, тәуекелшіл, керек кезде айқайлап та жіберетін, ер жігіт еді. Москва энергетикалық институтын бітірген.
Мен орныма отырайын деп едім, санымнан түртіп, отырма дегендей белгі берді. Круглов еліріп сөйлеп тұр.
– Сіз ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары болғаныңызда темекі өсіруге де басшылық жасағансыз. Қазір астаналық облыс атқару комитетінің төрағасысыз. Өзіңіз айтқандай, темекі шаруашылығында ешқандай өзгеріс жоқ. Жыл сайын осы. Қашан жұмысты жолға қоясыз?!
Кругловтың кей уақытта бір қызметкерді екінші қызметкерге айдап сап, қарсы қоятын әдеті бар еді.
– Никогда не будет никакое изменение пока табак не будет иметь гражданства, – дедім.
– Ол қандай азаматтық?!
Тәжиев соқ енді дегендей аяғымен аяғымды басып қалды.
Хайдар аға екі иығын қомдап, рахаттана, ұзақ күлді. Жан қалтасынан орамалын алып, суланған жанарын қайта-қайта сүртіп, бір қауым уақыт өзімен өзі боп кетті. Мен тартыстың немен тынғанын білгім кеп тықыршып барам. Тезірек айтса екен деймін. Хайдар аға асығар емес.
– Сонымен сіз не дедіңіз?
– Асықпа, қазір айтам.
Хайдар аға қақырынып-түкірініп, бір-екі жөтеліп, әбден ішімді пыстырып барып тілге келді.
– Ой таразысына салғанда азаматтық дегенім әрине артықшылық, – дедім. – Ал шындығына келгенде бізде темекіге ешқандай көңіл бөлінбейді. Ол өзі өсіп, тұтынатын өнімге өздігінен айнала беретіндей. Мақта мен қант қызылшасы сияқты темекі жұмысы ешқандай механикаландырылмаған, қамқорлық жасалынбаған, еңбеккерлерге қосымша ақы төленбейді. Таң атқаннан күн батқанға дейін әйелдер жұмыс істейді. Ең алаңдататыны – олардың бала табулары сиреп барады. Бұл жағынан темекі өте зиянды. Меніңше, темекі өсіруді мүлде тоқтатқан жөн. Себебі, ол бүкіл адамзат баласы денсаулығына да зиян.
– Мен Арыстанбековке сөгіс жариялау керек деген ұсыныс жасаймын! – деп Круглов оң қолын алға сермей, өз түкірігіне өзі шашала жаздап, ашуланды.
Тәжиев сыбырлап отыр деді. Мен орныма жайғастым.
Мәжіліс төрағасы Оңдасынов:
– Басқа сөйлейтіндер бар ма? – деді.
– Жоқ.
– Онда қаулы жобасымен келісіңіздер. Қаулыда Алматы облыстық атқару комитетінің төрағасы Х. А. Арыстанбековке темекі жинау жұмысын жақсарту керектігі атап көрсетілді, – деді.
Круглов қаны қашып, сұрланған күйі орнынан тұрды да, кетіп қалды.
Арада екі-үш апта өткенде Нұрекең темекі жинау науқанын өз көзімен көргелі Шелек ауданын аралады. Мен қасында еріп жүрдім. Жолда келе жатып:
– Рақмет, Нұреке, әнеукүні Круглов сөгіс жариялау керек дегенде мені қолдадыңыз, – деп едім, ол кісі маған мойнын бұра күлімсірей қарап, Мәскеуде бірінші рет қалай баяндама жасағанын айтып берді. Халық комиссарлар кеңесі іс басқармасының бастығы телефон соғып:
– Жиналыс пәлен күні болады, сен бір-екі күн бұрын кел, – деді. Айтқан мезгілінде бардым. Вячаслав Михайлович Молотов қабылдады.
– Халің қалай, жолдас Оңдасынов? Сен біздегі ең жас Халық комиссарлар кеңесінің төрағасысың. Бірінші рет баяндама жасамақсың. Қарсы болмасаң, баяндамаңды әкелші, мен танысып шығайын.
– Мен онда қуанам, Вячаслав Михайлович.
Асықпай түгел оқып шығып, кейбір жерін сызып, алатынын алып, қосатынын қосып, толық өңдеген соң, тасқа қайта бастырып, 12-13 беттік баяндамамды қолыма берді.
– Кешір, жолдас Оңдасынов, сенің баяндамаңды азу тісті министрлер тыңдайды. Сол үшін аздап шираттым.
Молотовтың ойы – бірінші баяндамасы салмақты, әсерлі боп шықсын деген ғой. Қандай қамқорлық?! Қандай адамгершілік?! Бұл мен үшін үлкен үлгі, үлкен тәрбие еді…
– Хаке, мен әлі күнге дейін бір облыстық атқару комитеті төрағасын сол облыстан қойғызған емеспін. Әдетте облыстық партия комитеті өз қарамағындағы көзге тұскен бір қызметкерін ұсынады ғой. Ал мен оған қарсы болып, басқа облыстан әкеп қоямын.
– Ол қалай? – дедім мен таң қалып. – Мұныңыз маған мүлде түсініксіз.
– Ондай жағдайда өзіміздің партия ұйымынан өсіп шыққан кадр деп оны басынып, жүндейді. Әрқайсысы өзіне тартып, жөнді жұмыс істетпейді. Облыстық атқару комитетінің төрағасы облыстағы екінші адам. Оның хұқы біріншімен тең болуы үшін мен әлгіндей шешім қабылдауға мәжбүрмін.
– Ол кісінің Жұмабай Шаяхметов туралы пікірі қандай еді?
– Оны кейін арнайы сөз етем.
– Қазір айтыңызшы? – деп өтініш білдірмек боп, орнымнан қозғала берген едім, Хайдар аға тыныш отыр, ойымды бөлме дегендей оң алақанын алдыма көлегейлей тосты. Жым болдым.
– Мен саған Нұрекеңнің Жұмабай Шаяхметовты қалай сыйлайтынын білдіретін бір-ақ мысалды айтайын. Алматы облыстық атқару комитеті төрағасы боп жүргем. Ол кезде жылқының етін ет деп жоспарға енгізбейтін. Біздің облыста қанша жылқы бар, егер оның етін мемлекетке өткізсек, пәлен мың қойды, пәлен мың тонна жүнді үнемдейміз деп өзімше экономикалық зерттеу жүргіздім. Жүн өте қымбат, жетіспейді. Жүн өткізсең, мемлекетке тапсырған астығыңа қосымша белгілі бір мөлшерде астық қосып жазады. Ұқтың ба?
– Ұқтым.
– Ең үлкен олжа – мыңдаған қойды үнемдейміз. Ол үнемделген қой біріншіден – жүн, екіншіден – ет, үшіншіден – қозы. Ол ертең төлдейді де қосымша табыс береді. Етке бір жылқы өткізсек, 10-15 қой үнемделеді.
Кешке, жұмыс аяғында Нүрекеңе барып, осы ойыммен бөлістім.
– Ой, мынауың дұрыс екен. Сен іссапармен Москваға бар. Мен ол жақтағы жауапты кісілерге айтам.
– Бір жұмаға жіберіңізші? Мемлекеттік жоспарлау комитетімен сөйлесіп, мұны оң шешіп келейін. Барсам, ойымның дұрыс екенін дәлелдеймін.
Нұрекең тыңдап отырып:
– Жұмекеңе кіріп шық. Осы ойыңды Жұмекеңе айт, – деді.
– Жарайды, – деп Жұмекеңе бардым. Ол кісі мені тыңдап болып:
– Мұны бастығың біле ме? – деді.
– Біледі. Ол кісі сізге барып, ақылдас деді.
Жұмекең жымың ете қалды. Нүрекеңнің мәдениеттілігі, кісілігі – Жұмекеңді айналып өтіп, өзімбілермендік жасаған жоқ. Мен мұны ол кісінің үлкен әдептілігі, сыпайылығы деп білем.
Өз басым Нүрекеңнен көп нәрсе үйрендім. Ерекше сүйсінетінім, әдеп сақтай отырып, тізгінін ешкімге берген және ешуақытта өзімбілермендік жасаған емес.
– Іссапармен Москваға бардыңыз ба?
– Бардым. Жауапты кісілермен сөйлестім. Біріншіден, революцияға дейінгі Қазақстанды мекендеген орыстар біздің қазақтар секілді жылқының етін жақсы көреді. Екіншіден, соғыс жылы эвакуациямен келген орыстардың бәрі жылқы етін жейді. Үшіншіден, республикамыздың астанасы – Алматыда орыстар көп тұрады. Қазақ қалай шошқа етін жеуге үйренсе, олар да солай жылқы етіне үйренген. Егер осы мәселені дұрыс шешсек, қанша мың қойды, қанша мың тонна жүнді үнемдеуге болар еді деп ойымды дәлелдедім. Олар мені қолдап, мемлекетке жылқы етін өткізу туралы шешім қабылдады. Дүкендерге жылқы еті сатуға түскенде, танитын талай адам маған алғыс айтты.
Мұндай маңызды мәселелерге келгенде Оңдасынаов сенің бастамаңды ешқашан аяқсыз қалдырмайтын. Мемлекеттік мүддені жан-жақты ойластырып, ірі шешімдерге батыл баратын. Бұл мен білетін бірінші ерекшелігі. Екінші ерекшелегі – өте мәдениетті, сыпайы, өте тәртіпті адам еді. Халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қалтқысыз құрметтеп, сыйлайтын. Үшінші – ерекшелігі, Нұрекең тапқыр еді.
Ауыл шаруашылық министрінің орынбасары кезім. Министрім Ахмет Дауылбаев Москваға халық шаруашылығы жоспарын қарамақ боп, тағы басқа мәселемен бара жатып, іскерлікке үйретейін деді ме, мені өзімен бірге ала кетті.
Москвада жүрміз. Түс кезінде бірге тамақтандық.
– Сен ешқайда кетіп қалма. Кешкі сағат бесте Жұмекеңді (Жұмабай Шаяхметовты) Алматыға шығарып саламыз, – деді.
– Жарайды.
Айтқан мезгілде Ахмет ағаның бөлмесіне бардым. Екеуміз машинасына мініп, Қазан вокзалына келдік. Бір шеттегі вагонға жақындай түстік. Есік алдында күзетші тұр. Ол біз туралы іштегілерге хабар берді.
– Кіріңіздер, кіріңіздер, – деген Жұмекеңнің таныс, қоңыр даусы естілді. Ішке ендік. Төрде Жұмекең, Қазақстан Орталық партия комитетінің ұшінші хатшысы Қаржаубаев отыр. Бер жағында Жұмекеңнің әйелі. Ортадағы столда дастархан жаюлы.
– Сен жассың, келешегің бар, – деп Жұмекең мені қоймай төрге, өзінің қасына шақырды. Маған ұят деп тартыншақтап, ыңғайсызданып едім, көнбеді.
– Жұмекең шақырды, үлкен кісінің айтқанын орындау керек, – деді Ахмет аға. Өзі босаға жақтан орын алды. Мен қысылып, қымтырылып, амал жоқ, төрге өттім. Бастығың босаға жақта, өзің төрде отырған тіпті ыңғайсыз екен.
Жұмекең сонда мынандай әңгіме айтты.
– Бұгін таңертең Маленков шақырып жатыр деген соң Нұртас екеуміз бардық. Барсақ, қабылдау бөлмесінде Өзбекстан Орталық партия комитетінің хатшысы Ниязов, Өзбекстан Министрлер кеңесінің төрағасы Абдрахманов отыр екен. Маленков қоңырау басып, көмекшісіне:
– Шақырған кісілер жиналды ма? – деді.
– Жиналды.
– Кірсін.
Ішке еніп, орындықтарға жайғастық. Нұртас екеуміз қатар отырмыз. Маленков орнынан тұрып, қасымызға келді де:
– Жолдас Шаяхметов, жолдас Оңдасынов, өзбектер сіздердің Мырзашөл жақтан 20 миллион жаздық жайылымдық жеріңізді пайдаланып келген екен. Шартта көрсетілген мерзім аяқталыпты. Соны тағы 20 жылға ұзартуды өтінеді. Сіздерді осы мәселе бойынша шақырдым. Бұған қалай қарайсыздар? – деді.
Нұртас екеуміз ақылдаса келіп:
– Жарайды, біз өзбек бауырларымыздың жайылымдық жерімізді тағы 20 жыл пайдалануларына қарсы емеспіз, – дедік. Сол кезде Абдрахманов орнынан атып тұрып:
– Біз Шаяхметов пен Оңдасынов жолдастардың Алматыға жолдар мына жеделхатқа өз қолдарын қоюын өтінеміз, – десе бола ма? Қолында жеделхат қағазы.
Жұмекең бәрімізге кезек-кезек қарап:
– Мен қызарып кеткен болуым керек, – деді кұлімсірей сөйлеп. – Өздерің білесіңдер, ашулансам, қызара бастаймын. Ондай қысылтаяң сәтте біздің Нүрекеңнің ұстамдылығы тіпті адам сенбестей екен. Байсалды қалпынан айныған жоқ. Маған барлай бір қарады да, қатты толқып кеткенімді сезген болу керек:
– Жолдас Маленков, менің ойымша, біз қай жерде отырғанымызды білеміз. Өзбек бауырларымыз бізге қандай себеппен күмән келтіріп, сенімсіздік танытады? Мұндай өтінішті білдірудің өзі ерсі емес пе? – деп қатты айтып салды. Маленков жымиып күлді де, аналарға қарады. Олар қып-қызыл боп, ұялып отырып қалды.
Нұрекеңнің ұстамдылығы, ешқандай ашуланбай, қысылтаяң сәттерде жол табатыны, өзін сабырлы үстайтыны маған бұрыннан мәлім ғой. Оның алғырлығына осы жолы тағы көзім жетті, – деді Жұмекең. Ол кісі бұл сөздерді шын сүйсіне, таңғала, өңі сан құбылып, даусы дірілдеңкірей отырып айтты. Жұмекеңмен бірге біз де қуандық.
– Енді саған мынандай нәрселерді айтайын.
Хайдар аға қабағын шыта ойға еніп, біраз бөгелді.
– Менде оқиға көп қой. Керегін ғана таңдап, айтпасам, бос былшылдың қажеті қанша?
Ол кісі қайта ойға енді. Мен ішімнен: «Ойланыңыз, ағатай, ойланғаныңыз бізге де жақсы. Бүгін ұрпағыңызды терең толғанысқа түсірер аса маңызды мәселелер жөнінде сөз қозғап отырсыз. Сізге шексіз ризамын. Әр кез осы ақсақалдық бейнеңізбен, ақыл-парасатыңызбен бізге өнеге танытып, жол-жоба көрсетіп, аман-сау жүре беріңіз, ағажан», – деп шын жүрегімнен тілек тілеп, жақсы көре түстім.
Ұзақ үнсіздіктен соң Хайдар аға қайта сөйледі.
– Ахмет Дауылбаев ең беделді, ең абыройлы министр еді деп саған айтқан шығармын?
– Айтқансыз.
– Ахаңды ССРО Ауыл шаруашылық министрі Иван Александрович Бенедюков өте жақсы көретін. Москваға барған сайын өзіне арнайы жеке кабинет беретін. Жақсы көргенінің тағы бір белгісі:
– Сенің орынбасарларыңның жұмысы көп, тіпті министрдің өзінен де артық жұмыс істейді, – деп бізге, Ахаңның барлық жеті орынбасарына Бүкілодақтық ауыл шаруашылық қорынан көтеріңкі жалақы тағайындады. Бұған дейін айына 1445 сомнан алып келсек, енді 2000 сомнан алатын мүмкіндік туды. Москвадан бұйрық та келді. Енді бізге ол жалақыны алу үшін Министрлер кеңесі төрағасы Нұртас Дәндібайұлының қол қоюы керек еді. Бір айдан асты, Нұрекең қол қоймады. Бұған біз кішкене ренжіңкіреп жүрдік. Бір рет жабық коллегия отырысында министріміз Ахаңа:
– Бұл қалай? Москва беріп тұрған жалақаны Нұрекең бізден несіне қызғанады? – дегенімізде:
– Сендердің жалақыларыңды ойлаудан басқа Министрлер кеңесі төрағасының жұмысы жоқ деп отырсыңдар ма? Онда Үкіметті кім басқарады? – деп (неткен шебер мәмлегер?!) үнімізді өшірді.
Кейін білдік, Нұртас Дәндібайұлы:
– Олардың басқа министрлердің орынбасарларынан, тіпті министрдің өзінен көп жұмыс істейтіні рас. Әйтсе де алаламау керек. Ешқайсысы аш жүрген жоқ. Елден ерек еркелетуге болмайды, – деп бұйрыққа қол қоймапты. Мұны есітіп, біз де ренішімізді ұмыттық. Көрдіңіз бе, Нұрекең мемлекет пайдасын қалай ойлайды?
– Әр нәрсеге ой көзімен қарайды екен ғой.
– Дұрыс айттың. Нұрекең әр нәрсеге ой көзімен қарайтын.
Нұртас Дәндібайұлының Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы боп істеп жүрген кезі. Мен ол уақытта Ауыл шаруашылық академиясының президенті едім. Нүрекеңмен Алматыда бір кездескенімде:
– Хаке, – деді. Мен ыңғайсызданып:
– Нұреке, сіз мені Хайдар десеңізші? – деп едім:
– Жоқ, Хаке, сен президент болдың, академик болдың. Құттықтаймын. Енді Гурьев облысы мал шаруашылығы мәселелеріне байланысты біздің Гурьевте көшпелі ғылыми сессия өткіз. Бақша, көкөніс өсірудің жолдарын жақсартуға да жәрдемдерің тиіп қалар. Барлық академиктеріңді алып кеп, облысымызға бір серпіліс туғыз. Маған да бір баяндама беріңдер, –деді.
– Үлкен қанағат сезімімен баяндама береміз. Сізді тыңдаған тамаша ғой.
Келісіп, Орталық партия комитетіне мәлімдеп, рұқсат алып, Гурьевте көшпелі ғылыми сессия өткіздім. Мал шаруашылығы мәселелеріне байланысты бірінші баяндаманы Нұртас Дәндібайұлының өзі, екінші баяндаманы асыл қой тұқымды будандастырып шығарған атақты академик, бірінші вицепрезидент Бальмент, одан кейін бау-бақша, көкөніс саласын өркендетуге жетекшілік етіп жүрген тәжірибе станциясының директоры Жанғалиев жасады. Сессия жұмысына басқа да елімізге белгілі, таңдаулы ғалымдарымыз өз үлестерін қосты.
Хайдар аға маған барлай қарап:
– Бұл Нұрекеңнің нешінші ерекшелігі? – деп күлімсірей сұрады.
– Төртінші.
– Сол жолы Сағидолла Құбашевтың үйінде қонақта болдық. Ол колхоз басқарма төрағасы екен. Әңгіме арасында Нұрекең:
– Осы жігіттен үлкен үміт күтем, – деп қалды. Кейін Сағидолла танымал басшыларымыздың бірі болды. Мұнысы Нұрекеңнің адам танығыштық бесінші ерекшелігі дер едім. Келісесің бе?
– Келісем.
– Енді алтыншы ерекшелігіне тоқталайын. Нұрекең жарықтық алысты болжай білетін қайраткер еді.
– Осыларды ауыл шаруашылығы институтының механика факультетіне түсіріп, инженер етіп, бізге қайтарып бер, – деп 15 баланы Гурьевтен жіберген екен. Мен кейін Ауыл шарашылық институтына ректор болғанымда оларды өз бақылауыма алдым. Сол 15 баланың 14-ы институтымызды бітіріп, Алматыдан бір-бір қызға үйленіп, ауылдарына қайтып оралды. Көрдің бе, Нұрекең қандай қайраткер?!
Хайдар аға қайта ойға еніп:
– Енді ауыл шаруашылық министрінің орынбасары боп жүргендегі екі штрихты айтайын, – деп біраз үнсіз қалып, серпіле сөйледі. – Нұрекең орман шаруашылығы техникумын бітірген ғой. 1948 жылы біздің Ауыл шаруашылық институтынан орман шаруашылығы факультеті ашылды. Оны ашар алдында Нұрекең мені өзімен бірге Москваға алып барды.
Иван Александрович Бенедиковтың қабылдауында болып:
– Қазақстан орманға бай республиканың бірі. Ендеше бізге орман шаруашылығы факультетін ашпай болмайды, кадрлар дайындауымыз керек, – деп айтып түсіндіріп, орман шаруашылығы факультетінің ашылуына рұқсат алды.
Былтыр осы факультетте бір жиын болып, мен:
– Ұятсызсыңдар! Сендердің факультеттеріңді алғаш ашқан Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов. Ол кісінің суретін көрнекті жерге іліп қоюларың керек! – деп қатты сөйледім.
1948 жылы Алматыда механикаландыру, электрофикациялау ғылыми-зерттеу институты ашылды. Ол да Нұрекеңнің бастасымен жүзеге асты. Бұл жолы да Иван Александрович Бенедиковқа екеуміз бардық. Ол:
– Директорды өзіміз тауып берейік, – дегенде мен ақырын ғана сыбырлап:
– Нұреке, кадр өзімізде де бар ғой, – деп едім:
– Үндеме, – деді ол кісі де сыбырлап. Іле Иван Александрович Бенедиковтың ұсынысын құптай жөнелді. – Директор тауып берсеңіз қуана қарсы аламыз. Ешқандай қарсылығымыз жоқ.
Далаға шыққан соң:
– Директорды өзіміз табамыз деп неге айтпадыңыз, Нұреке? –деп едім:
– Әй, сен қызық екенсің. Өздері жіберсе, қолдауы күшті болады. Ол директор бір жыл, екі жыл істейді. Одан кейін өз кадрымызды қою қиын емес қой, – деді күліп.
Хайдар аға маңдайын қолымен ұстап, ойға ене:
– Нұрекең шексіз адал еді, – деді бойын тіктеп, маған күлімсірей қарап. – Оңтүстік Қазақстан облысы Шәуілдір ауданында тұратын інісі біреулердің азғыруымен бе, әлде өзінің құлқынының кесірінен бе, мемлекет меншігіндегі бір атты екі-үш досымен сойып алыпты. Оны заң орны тексеріп, іс сотқа өткенде:
– Өзі істеді, сазайын өзі тартсын, – деп Нүрекең араласпай қойды.
Мен Нұртас Дәндібайұлының Москвадағы екі бөлмелі үйінде де болдым. Тұрмысы жұпыны. Ұйықтайтын бөлмесінен темір кереуетті көріп, таңғалдым.
Хайдар аға түсін дегендей маған иегін көтере:
– Ел ағасы Нұрекең ел қатарлы қарапайым өмір сүрді. Бұл ұрпағымызға үлкен үлгі, – деді күлімсірей орнынан тұрып. Көрші бөлмеге еніп, қайта келді. Қолында газет қиындылары.
– Мына екі мақала туралы өзіңмен ой бөлісейін, – деп орнына асықпай жайғасып, көзілдірігін киді. – Кейбір авторлар Нұрекеңнің табиғатына мүлде жат істерді ойдан қосып жазып жүр. Бірер дәлел келтірейін. Г. Оразалиеваның «Оңдасынов ұмытылып бара ма?» («Ана тілі» газеті, 23. Х. 2003 ж.) деген мақаласындағы мына үзіндіге көңіл бөлейік.. «Сәтпаев «Алашорданың» мүшесісің деп қай күні, қай сағатта алып кетер екен деп көңілі күпті боп жүргенде «Сізді Совнарком Оңдасынов шақырады» дегенде ойланбастан Москваға тартқан ғой. Оны маған кездескенде өзі айтып, ризашылығын білдіргені бар», – дейді.
Бұрын танып-білмеген екеуі қонақ үйде кездесіп, республиканың білім-ғылым төңірегінде келелі әңгіме қозғайды. Тіпті сол жолы алғашқы кездесуден-ақ КСРО Ғылым Академиясының президенті Комаровқа хат дайындап, қабылдауында болады. Екеуі екі жақтан айбары асқан академик Комаровты ортаға алады. Қазақстанға жеке Ғылым Академиясы қажет екенін, Комаровтың менсінбей: «Оған басшы болатын кімің бар?» дегеніне: «Сәтбаев бар, КСРО Ғылым Академиясына мүше болуына мүмкіндігі де мол!» – дегенді қасқайып тұрып айтып, Сәтбаевтай ұлы ғұламаны дөп танып, осылай ұлттық ғылымның дамуына даңғыл жол салған Оңдасынов екенін біреу біліп, біреу білмейді».
Бұл, меніңше, шындыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, керісінше ел-жұртымызға Нұртас Дәндібайұлын мәдениеті төмен, дөрекі, шолақ белсенді етіп көрсетерлік сипаттама. Себебі, біріншіден, Қазақ ССР-і Ғылым академиясын ашу, ашпау мәселесі Орталық партия комитетімен келісіліп шешіледі, екіншіден, біз білетін Нұрекең жоғарыдағыдай өзімбілермендікке бармайды, баруы мүмкін емес.
«Егеменді Қазақстан» газетінде жарияланған «Қайраткер» (09.Х.2004 ж.) деген мақаласында Ө. Айтпайұлы Г. Оразалиеваның жоғарыдағы сипаттамасын өзінше өңдеп, былай қайталаған. «Орталықтан алыс жердегі Жезқазғанда жүрген Қ. Сәтбаевтың жазған бір ойлы мақаласын газеттен оқып, Н. Оңдасынов оны дереу Мәскеуге шақыртады. Өйткені, ол кезде Жезқазғаннан Алматыға жетуден гөрі Мәскеуге жету әлдеқайда оңайырақ болатын. Ұлы ғалым Қ. Сәтбаевтың болашағын алдын ала көрегендікпен болжаған Нүрекең оған үлкен сенім артып, Қазақ ССР-нің өз Академиясын құруды тапсырады. Табыстап қана қоймай, өзі Қ.Сәтбаевты қасына алып, КСРО Ғылым Академиясының президенті В. Комаровқа бірге барып, Қазақстанда Ғылым Академиясы филиалын ашу туралы мәселе қояды. Қ.Сәтбаевты академик ету туралы өтініш те айтады».
Бұған түсініктеме берудің өзі артық секілді. Жалғыз-ақ айтарымыз, «Өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай» етіп жаза берсек, кейіпкер тұлғасы биіктейді деп ойлайтындар қатты қателеседі. Нұрекең олар сипаттағандай партизан кісі емес болатын.
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей енді мына үзіндіні оқылық. «Қолында арағы бар Хрущев Оңдасыновтың қасына келеді де: «Мақта өсіретін үш ауданды Өзбекстанға беруге үнемі қарсы болушы едің, ертең Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің қаулысы алынады» – деп кекетеді. Сонда Нұрекең: «Мен қазір Қазақстанды басқарсам, әлі де қарсы болар едім», – депті. Неткен жүректілік?! Ол бұл кезде Атырау облысын басқаратын. Мұны оның қасындағылар да естіп тұрды ғой. Бірауыздылық танытып, мәселенің жөнін түсіндірелік деудің орнына әлгілер оған: «Кешірім сұрап, ертең сессияда аудандарды беру туралы ұсыныс жаса»,–дейді. Бірақ оған Нұрекең көнбейді. Міне, Оңдасыновты қауқарсыз адам атандырғысы келіп жүргендерге бұдан артық қандай жауап болмақ» /Ө. Айтбайұлы, «Қайраткер» , 09.Х.2004 ж. «Егеменді Қазқастан»/.
Бұл адам сенбейтін нәрсе. Біріншіден, Нұртас Дәндібайұлы қызмет істеп жүрген кезде үш аудан мәселесі мүлде қозғалған емес. Ол 1961 жылы Хрущевтің Бүкілодақтық мақта өсірушілердің Ташкентте өткен кеңесіне келіп, мақта даласын аралап жүргенде сөз болған. Екіншіден, ол мәселе бойынша құрылған комиссия құрамына Бейсебаев, Дәуленов, Тәшенов, мен, Морозов, Шереметев еніп, Өзбекстанға ешқандай жер берілмесін деп шешкенбіз. Бірақ өзімбілермен Хрущев бізбен санаспай, үш аудан тағдырын өз бетінше шешті. Нұртас Дәндібайұлының бұл іске ешқандай қатысы жоқ.
Біз мақтасақ та, даттасақ та шындық шеңберінен шықпауымыз керек. Одан тұлғаларымыз аласарып, кішірейіп қалмайды, керісінше биіктей түседі. Айталық, Ө. Айтпайұлы Хрущевке қарсы сөз айтқызу арқылы Нұртас Дәндібайұлын алды-артын ойламайтын, кіммен сөйлесіп тұрғанын таразылай білмейтін, кеудемсоқ, оспадар біреу етіп көрсеткен. Бұл халқымыздың ар-намысы алдында кешірілмес үлкен күнә.
Менің бір түсінбейтінім, жоғарыдағы авторлар Нұрекең жан дүниесін түсінбесе де түсінетін адам боп жазатыны. Ең құрығында мұражай құжаттарын зерттеп, соларға сілтеме жасап, не Нұрекеңді көрген адамдармен сөйлесіп жазса да тәуір ғой. Құр қызыл сөзге сүйеніп, өтірік мақтағаннан не ұтады? Бұл кімге керек? Дана халқымыз «Өтірік өрге баспайды» деп бекер айтпаған.
Біз ірі тұлғаларымыз туралы жазғанда қара қылды қақ жарғандай әділ болуымыз керек. Әділ болсақ, жұрт айтқанымызға сенеді. Бір жерімізден өтірігіміз шықса, жұрт сенбей қалады. Мақтаудың жөні осы екен деп өтірік оқиғаны құр босқа жамай бермеу керек. Онсыз да Нұрекеңнің атағы жетіп, артылады. Бір мысал, тірі жүргенінде туған ауылына қолұшын берген жоқ. Ол кісінің ауылы басқа ауылдармен бірдей болды. Бұл Нұртас Дәндібайұлының адалдығы, кішіпейілдігі.
Кіндік қаны тамған туған жеріне Нұрекеңнің шарапаты шәкірті Сағидолла Құбашев арқылы тиді. Мен Сағидоллаға шексіз рақмет айтам. Жерлеуін өз қолымен атқарып, қабірінің басына бюстін қойдырды. Ұстазының ауылына жол, мектеп салдырды. Оңдасыновтың аруағы бір адамға риза болса, Сағидолла Құбашевқа риза шығар деп ойлаймын.
Нүрекеңнің туған жерін шексіз сүйетіні «мені ауылыма жерлеңдер» деген өтінішінен-ақ танылып тұрған жоқ па? Ауылы да ол кісінің адамшылық, перзенттік қасиетін түсінді. Рухани ордамыз Түркістанға бюстін орнатты. Мұны мен Нұртас Дәндібайұлын туған жерінің, туған елінің бағалағаны деп білем. Отандастары Алматыдағы тұрған үйіне ескерткіш тақта қойды. Жоғарыдағы авторларға ұқсап, Нұрекеңе ешқандай құрмет жоқ деп құр босқа айта беру жараспайды. Ол шіркіндер «Оңдасынов ұмытылып бара ма?», немесе «Оңдасыновты қауқарсыз адам деп жүргендер» деу арқылы да Нұрекең тұлғасына көлеңке түсіргендерін сезер ме екен? Әділеттік керек, Димаш Ахметұлы Қонаев Нұртас Дәндібайұлын барлық кезде ұстаз тұтты. «Қауқарсыз» болса, ұстаз тұта ма?
– Хайдар аға, бұл пікіріңізді мен жандандырайын. Мұны кезінде Баукеңе, Бауыржан Момышұлына айтқан едім. Ол кісіге: «Қазақстанның жиырма жылдан астам Москвадағы өкілі болған Сәбит Жаданов ағаны білесіз ғой? – дегенімде:
– Білем. Ол саған аға болса, маған іні, – деп Баукең күлді. – Иә, ол не деді?
– Жұмыс бөлмемде отырғам. Димаш Ахметұлы тіке өзі телефон соқты, – деді Сәбит аға ойлана отырып. – Бұрындары мені ол кісімен хатшысы, не көмекшісі Дүйсетай байланыстыратын. Шошып кеттім. Сәлемдесіп, амандық-есендік сұрасқан соң:
– Сәбит, сен неге Нұрекеңе, Нұртас Дәндібайұлына үй бермей жүрсің? – деді.
– Димаш Ахметұлы, ол кісі маған ондай өтініш айтып келген емес. Менің білетінім, тұрған үйі бар секілді.
– Ол екі бөлмені кооператив тәртібімен сатып алған екен. Сенің қорың бар. Нұрекеңнің мәселесін шеш.
– Жарайды.
Жарты сағаттан кейін Димекең қайта телефон соқты.
– Сәбит, Сен абдырап, қысылып қалған жоқсың ба? Қысылма, жағдайыңа қара. Жаңа Нұрекең, Нұртас Дәндібайұлы қасымда отырған еді. Ол кісінің көзінше мен сенімен әлгіндей сөйлестім. Көңіліңе алма. Мүмкіндігің келіп жатса, көмектес. Ол кісіні ұстазым деп сыйлайтынымды білесің ғой, – деді.
– Димекең кішкентай нәрсенің өзіне қалай мән береді десеңші? Неткен сезімтал жан?! Байқадың ба, Нұртас Дәндібайұлының да, Сәбит Жадановтың да көңілін аулап тұр ғой, – деп Баукең толқып, тебірене сөйледі. – Сонымен ол Димекең тапсырмасын орындап па?
– Көп кешіктірмей Нұртас Дәндібайұлына екі бөлмелі үй беріпті.
– Тұрып жатқан үйінен басқа үй ме?
– Иә, басқа. Бұрынғы баспанасын үлкен немере қызына қалдырыпты. Тұрған жерлері бір-біріне өте жақын, бір-біріне қатынауларына оңай, – дегенді айтты.
– Нұртас Дәндібайұлының қандай сыйлы, абыройлы кісі болғанын осы шағын оқиғаның өзі-ақ дәлелдеп тұрған жоқ па? Ол кісіні Димекеңнің ұстазым деуі жай айтыла салған сөз емес. Нұртас Дәндібайұлы «қауқарсыз», әлде қауқарлы ма екен? – деді Хайдар аға әр сөзіне салмақ сала сөйлеп.
Мамытбек Қалдыбай, жазушы
qazaquni.kz