БІЗ – ӨМІРДІҢ ГҮЛІМІЗ
2017 ж. 15 қыркүйек
3922
0
«Алатау» дәстүрлі өнер театрында Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Сәуле Жанпейісова жетекшілік ететін «Аманат» өнер орталығының ұйымдастыруымен «Біз – өмірдің гүліміз» атты концерт өтті.
Шараны студияның шәкірті Бақтияр Зейнелхан «Байтақ елім» атты әсем әнімен ашып, жиылған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, Асылан, Нұрәлем, Бейбарыс сынды кішкентай домбырашылар тартқан күмбірлеген күй концерттің шырайын одан әрі кіргізе түсті. Ал, тәлім алғанына небәрі екі ай ғана толған Сәуле Жанпейісованың кішкентай шәкірті Аружан Бақытжанқызының орындауындағы «Біз –өмірдің гүліміз» атты ән көрермендерді әдемі әсерге бөледі.
Сондай-ақ, салтанатты шарада кезінде балғын әншілер халық әндерін де нақышына келтіріп орындады. Атап айтқанда, Әбдрахман мен Аймина «Еркем-айды», Шыңғыс Бектай «Хәләуләйлімді», Ғалымжан Махамбет «Қамажайды», Елдана Файзолла «Маусымжанды» орындап, жиылғандардың ыстық ықыласына ие болды.
Сонымен қатар, жас күйші Бекзат Мұстафаевтың өзінің шәкірті Мейраммен бірге орындаған «Кеңес» атты халық күйі де көпшіліктің көңілінен шықты. Ал, жетігенші Асылай Әпенова мен шәкірті Зейнептің жетіген аспабында орындаған туындылары да өзіндік ерекшелігімен тыңдарманның жүрегіне жол таба білді.
Аделья Рустамқызы «Балақан», Мұстафа Аман «Көкшолақ», Елмұрат Тұрсын «Асыл әжем», Гюзаль Тохтахунова «Ұнайды ман», Шыңғыс Өмірәлі «Асыл ана», Шұғыла Досмағамбетқызы мен Перизат Шаймардан «Сәлем» сынды әндерді орындап кештің кереметтей өтуіне өздерінің үлестерін қосты.
Шара соңында әнші, ұлағатты ұстаз Сәуле Жанпейісова сахна төрінен табылып өзінің өнерлі шәкірттеріне жүрекжарды лебізін білдіріп, өнер жолына бастаған қадамдарына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, халық әні «Күміс құмған-ай» мен «Еркем-ай» әндерін әуелете шырқап, осынау өнер ордасына балғын өнерпаздардың өнерін тамашалауға арнайы келген ата-аналар қауымына алғысын білдірді.
Жиылғандарды әсем ән мен тәтті күйге бөлеген осынау шара жас талант Мақсат Тауасардың «Самға, Қазақстан» атты әнімен қорытындыланды.
Таудай талабымен өнердің айдынында еркін жүзуге бет алған «аманаттықтардың» алар асуы әлі алда.
«Біз – өмірдің гүліміз» атты шараны жоғары дәрежеде өткізген өнер ұжымы ендігі жерде «Алатау» дәстүрлі өнер театрының құрылғанына жыл толуына, сонымен қатар Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Сәуле Жанпейісованың жетекшілігімен ашылған «Аманат» өнер орталығының бір жылдығына орай «AMANAT musiс» республикалық конкурс-фестивалінің дайындығына қызу кірісіп кетті.
Г.БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
qazaquni.kz