Асанәлі Әшімовтың Құдайға деген көзқарасы неге нақты емес?
2017 ж. 21 тамыз
7227
22
«Өмірдің оқуы бір басқа, еш таусылмайды...»
Асанәлі Әшімұлы
Жақында Асанәлі Әшімұлы, қазақтың Асанәлісі туралы Нағашыбай Қабылбектің жазғаны ғаламтор желісінде пайда болды. Аты да аттан түскендей: “Құдайды танымау Асанәлі көкеме лайық іс пе еді?” Сонымен ұлы тұлғаға сын-өкпе айтылды. Неге? Себебі мынадай. Ертең маған жазғанымды өзгертіпсің деп өкпелеп жүрмесін, жазбагердің сөзін толығымен келтірдім: «Ең алдымен рейтинг қуған, арзан сөзге құмар журналиспен жеке отырып коньяк ішті. Ұмытпасам, «60 жыл бойы арақ ішіп келемін» деп, араққа жарнама жасады. Арақты ақылмен ішуге кеңес берді. Ақылмен ішілсе, емге дәрі, бойға қуат береді екен… Алабұртқан журналиске: «Мына коньягің «Асанəлі» емес пе?» — деп бір күлдіріп алды. Өз атының арақ-шараппен байланысы барына қуанғаны ма, мақтағаны ма бұл?.. Ол — ол ма, жедел сұрақтарға жауап беру барысында: «Құдайға сенесіз бе?» — деген журналист сауалына: «Бір күш бар, ол анық. Бірақ ана дүниеге барған ешкім жоқ қой. Меніңше, жұмақ деген — осы өмір. Тозақ — тіршілікте көрген қиындығың! Сондықтан Құдайға деген көзқарасым нақты емес», — деп, айды аспанға шығарды атақты актер. Тізе берсек, тырнақ астынан кір іздегендей боламын-ау…. Ата сақалы аузына түскен қарияның «қабір азабы» туралы түк сезінбеуі — оны бұрмалап келекелеуі исі мұсылман баласына жат қылық».
Дәл осы жерде жазбагерге «қабір азабы» туралы сіз жақсы білесіз бе әлде сексендегі қария жақсы біле ме, деп қарсы сұрақ қоюға да болар еді. Жазбагер Асанәлі Әшімұлының «Бір күш бар, ол анық. Бірақ ана дүниеге барған ешкім жоқ қой. Меніңше, жұмақ деген — осы өмір. Тозақ — тіршілікте көрген қиындығың! Сондықтан Құдайға деген көзқарасым нақты емес», деген пәслсапалық ой бөлісіне де көңілі толмай «...Сондықтан Құдайға деген көзқарасым нақты емес», — деп, айды аспанға шығарды атақты актер» деп баға береді, кінә артады.
Сонда қалай, Асанәлі аға соншама жылдар сүрген өмірін сызып тастап кейбіреулер күткендей «дайын» жауап қайтаруы тиіс пе еді? Әлде Құдай ойыңдағысын айтқанды жақтырмай, өтірік айтқанды құптай ма?
Қазіргі күні кеше ғана атеист болып, «Құдай жоқ» деп аттандап жүріп арақ-шарапты оңды-солды ішкен, енді түк болмағандай «әлхамдұлла мұсылманмын» деп моп-момақан бола қалған ақсалдардың көп екенін кім жоққа шығарады? Ал Асанәлі аға ойындағысын іркіп қалған жоқ, турасын жайып салды. Оған күйіну керек пе әлде қуану керек пе? Меніңше қуану керек.
Турасын айтсам, Асанәлі ағамыздың жауабы, осыдан сексен жыл бұрын, қазақтың басына ашаршылық пен саяси қуғын-сүрген деген нәубет түскен 1937 жылдың 8 мамырында дүниеге келіп, бүгінде ақ сақалды ақ самайлы жастағы ел ағасының Құдайды тану барысының бір ғана көрінісі деп білемін. Себебі Құдайды тану оңай шаруа емес, Жаратқанды тануға бір өмір де аздық етеді меніңше. Себебі ол Жаратқан ғой... Жауабын өзіңіз беріңіз құрметті оқырман.
Иә, не де болса болары болды. Асанәлі ағамыз Нағашыбай Қабылбектей інісінің жазғанын оқыды ма, оқымады ма, оқымаса естіді ме ол жағын білмеймін. Бірақ қайталап айтамын ағамыздың сүрген сексен жас өмірі Құдайды тану барысының бір ғана көрінісі деп білемін.
Мен бұның бәрін неге жазып отырмын? Ағамызға араша түсу үшін емес, ол кісіге оның қажеті жоқ. Бұл жағдай араша сұрар да жағдай емес.
Асанәлі Әшімұлын қазақтың бәрі біледі. Силайды, мақтан тұтады. Жоғарыда айтылған мақаланың пайда болуы да ағаны жақсы көргендіктен, оны ұлықтағаннан болар... Бірақ ұлықтау да жөнімен болуы керек.
Менің айтарым біреуімізге аға, біреуімізге ата Асанәлі Әшімұлы жұрттың бәріне ұнауы тиіс жылтырақ ойыншық емес, ол ұлы тұлға, күрделі тұлға. Себебі өмірдің өзі күрделі...
Иә, сексен жас ғұмыр аз Уақыт емес...
***
Уақыт... уақытты көрген ешкім жоқ... ол Құлагердей зымырап барады. Қазақта әдемі қартаю деген ұғым бар. Бүкіл қазақ баласына танымал Асанәлі Әшімұлы аға ғасырлар тасын жарып келе жатқан халықтық мәдениеттің осы бір нәзік қырының көрінісі іспетті.
Бүгінде сақал-шашы ағарған ақсақал сонда да баяғы Бекежанды еске түсіреді. Менің жадымда да әлі сол Төлегенмен бақталас, махаббат деген баққа талас Бекежан... әлі сол Асанәлі аға. Көпшілік те әлі күнге дейін Асанәлі аға туралы әңгіме бола қалса сөзді Бекежан деп бастайтыны анық. Оны жиі байқап жүрмін. Кинодағы басқа да жетістіктері көп болғанмен Бекежанның аты Бекажан ғой. Солай болған, солай бола беретін де шығар. Өзінің айтуы, бір күні Асанәлі аға көшеде келе жатса бір әйел «Төлегенді өлтірген Бекежансың ғой» түкіріп жүре беріпті. Атақты, танымал Асанәлі деген аты-жөні белгілі болса да... Өнердің күші демеске амал жоқ. Бұл шындық.
Ал өмірде Төлеген-Құман Тастанбекпен дос екені де шындық. Елдің алдына бір шыққанда: – Мен Төлеген-Құманмен фильмде ғана бәсекелеспін, ал өмірде Қыз Жібек-Меруерт екеуінің тілеуқор ағасымын. Екеуінің үйлену тойында Төлегенге күйеу жолдас болып, махаббат қуаныштарын дүркіретіп бірге өткізсек, тұңғыштарының есімін де мен қойған болатынмын. – дегенін «Түркістан» газетінен оқығанмын. Осылайша экранда арқасынан ысқырған жебе жұмсаған Төлеген-Құман досының ұлы дүниеге келгенде Фараби деген ат қойыпты Бекежан-Асанәлі. КСРО басшылығының саяси қуғын-сүргініне жазықсыз жазаға ұшыраған Мағжан ақын:
Түркінің кім кеміткен музыкасын,
Фараби сегіз шекті домбырасын –
деп жазған ғұлама ғалымның есімін беруі де Асанәлі ағамыздың тек сахнаға шығатын жәй актер ғана емес, туған халқының тарихи өмірін тереңінен біліп, сезінетін азамат екенін білдіреді.
Ұлы актер болу оңай болса, барлық актер ұлы болар еді ғой. Сахна шеберлігі көрерменді мойындатқанында шығар?! Әкем, ғалым Әсілхан Оспанұлымен театрға бірге барған уақытты бала кездерім деп білемін. Шымкентте Алматының Мұхтар Әуезұлы атындағы театры өнерін көрсетіп жатқан күндер. Туысқан қырғыз-қазақтың біртуар перзенттері Шыңғыс Айтмат пен Қалтай Мұхамеджанұлының «Көктөбедегі кездесуін» көріп отырмыз. Оқиға барысында әр кейіпкердің болмысы айқын көрінеді. Басым көпшілігі бейімделгіштер, арасында өзінің айтуы бойынша «ішінде арыстан аштан өліп, түлкі тұншығып жата беретін» ғылым кандидаты-Асанәлінің уәждері шишадай быт-шыт болып сына береді. Сонда да беріспейді-ау сабаз! Бір уақытта барып сахнаның өзіне оң, көрермендерге сол жағындағы қабырғаға сүйеніп тұрды.
Айтыс Жаратқанға сену-сенбеуге ойысқан шақ. Қыза-қыза келе шындықтың нышанындай ақ қабырғаға сүйеніп тұрған кейіпкер – Асанәлі Әшімұлы өз пікірін айта келіп: «мына отырғанның бәрі атеист» деп оң қолымен көрермен біздің бәрімізді бір орады. Сонда залда жалғыз өзі қазақы тақия киіп отырған әкем маған қарап: «Пьеса мәтінінде бұндай сөздер жоқ» деді. Онсызда атақты Бекежанды тірідей көріп таң қалып отырған мен, мына сөздерден кейін бұл кісінің нағыз өнер иесі екенін сонда нақты түйсінгенмін.
Бір кездері Шымкенттегі Тәуке хан даңғылы бойындағы кітап дүкеніне барған сайын ағаның «Майраның әні» атты кітабын көріп жүрдім. Сонымен бір жылдай уақыт өтті. Мен жаңа кітап іздеп келемін, әлгі кітап орнында. Тағы бірде келемін, сол баяғы қалпы... Өзі сахна артисі, бұл кісі атақты әнші Майра Уәлиқызы туралы не жаза қойды екен деп қарамаймын. Оның өзіндік себебі бар болатын. Мен мектепте оқып жүргенде-ақ музыка зерттеушісі, композитор Ахмет Жұбанұлының қазақтың әнші-күйшілерінің өмірбаяны мен өнер жолы туралы керемет зерттеліп жазылған «Замана бұлбұлдары», «Ғасырлар пернесі» кітаптарынан Майра Уәлиқызы туралы оқып алғанмын.
Бір күні әлгі «Майраның әні» атты кітаппен тағы жүздесіп қалдым. Қой, нем кетеді бір қарайын деп қолыма алдым. Сөйтсем кітап Асанәлі ағаның марқұм болған жұбайы, атақты кино режиссер Шәкен Айманұлының қызы әнші Майра апайымыз жайлы екен. Ал кеп оқы... Үйге жеткенше шыдау қайда? Тәуке хан даңғылы бойымен жаяу аяңдап кітапты оқып келемін. Қанша жай жүрсем де тез жүріп келе жатқан сияқтымын. Таныс көше, міне әкем Қаратау ақындарын зерттеп жүріп сансыз көп мақалаларын жариялаған, қазақ жерлері көрші республикаға берілген жерлерді, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің киелі қазанын Лениградтағы эрмитаждан қайтаруды талап еткен хаттарын жазған, 1972 жылдың тура Жеңіс мейрамы күні ұлты басқа деп жазылып жүрген батыр, генерал Сабыр Рақымовты қазақ және туысқан өзбек халқының ортақ перзенті деп жазған әкемнің «Қазығұрт қыраны» мақаласы басылған «Оңтүстік Қазақстан» газеті редакциясының ғимараты тұрған жерге келгенде еріксіз мойнымды солай қарай бұрдым. Одан әрі жаздың күндері ағам Нұралы, інілерім Есалы, Ералы, Сералы, Қанәлі бәріміз жазғы демалыс айларында күнұзақ бойы ойнайтын, ол кезде «Пионерлер саябағы» аталатын қала ортасында жасыл аралдай боп тұрған,
қазір аты да заты да өзгерген бақтың қасынан өткенде ағаштардың тасасынан бала кезім менен әдейі тығылып тұрғандай басын қылтитып бір көрінді. Кітап ешқайда бұрылдырмады. Осылайша мен жазушы Асанәлі Әшімұлымен тағы бір рет танысқан едім.
Қанша ойын баласы болсам да үйіміздегі ең құнды дүние әкемнің жұмыс бөлмесіндегі қаздай тізіліп тұрған кітаптарды оқу менің бақытымның бір ұшы болды, әлі де солай. Сондықтан болар қай үйге кірсем де сөрелерінде кітап бар ма, бар болса қандай кітаптар бар, соған қараймын. Содан соң сол үйдің иелерін бағамдаймын. Олармен қалай сөйлесу керек екенін тұжырымдаймын. Үйінде кітап жоқтармен сөйлесуім қиын деп айта алмаймын, дегенмен пікір алмасуда алысқа бара қоюым неғайбыл. Жақында бір үйде болғанымда Асанәлі ағаның күнделіктерін көрдім. Мұқабасындағы суретте бүкіл ел танитын ақасақал аға сәбиі-болашақ Асанәлінің бетінен сүйіп тұр. Ал кеп оқы...
Жалпы басқа біреудің хатын немесе күнделігін оқыған жақсы емес. Бірақ ұлы адамдардың тағдыры сол, не істесе де бүкіл халыққа ортақ. Құрметті оқырман сіздерге Асанәлі Әшімұлы ағаның күнделігін оқуға кеңес беремін. Себебі әңгіме, роман туралы, оқиғасы мынадай екен, кейіпкерлері анадай екен, оқиғасын былай ширатыпты, көркемдік деңгейі де жаман емес екен де шұбырта беруге болады. Ал күнделік деген тіпті басқа дүние. Күнделік – кітаптың иесі үйіңізге келіп өзіңізбен оңаша, жеке сырласқаны деп білемін. Сырласу деген ештеңесін бүкпеу деген сөз. Бұлай ету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Асанәлі аға бүкіл қазақ баласынан сырын жасырғысы жоқ. Ағамыздың бұнысын бағалауымыз керек деп білемін.
Күнделікте көп нәрсе жазылған. Адам жанының қуанышы мен жүрегінің не үшін сыздайтыны жазылады. Жастар туралы: «17.05.04. Театрдың жастарын қонаққа шақырып отырмын. Қонақтар кешігіп келді. «Қайда келетіндеріңді бағалмағандық деп білемін» деп ескерту жасадым. Жас актерлер, мәдениеті нашар. Кінә өзімізден. Ұрпақтар жалғастығының үзілуі...»
Туыстар, халық туралы: «24.04.2004. Сарысудан бір туыстар келді. Бата жасады. Негізгі жұмыстары баласын жұмысқа орналастыру. Өтініш айтады. Қазақ солай!»
Театр өнерінің болашағы туралы: «15.08.08. Мынадай нәрсе ойлап отырмын. Жалпы театрға әр аймақтан алу керек. Сонда ғана талантты ұжым болады. Шығыстан, батыстан, күйлі оңтүстіктен, ойлы арынды Арқадан араласу керек».
Асанәлі аға бір жерінде былай деп жазыпты: «Су табылған үйден у да табылады». Бұл ойландыратын жазба. Мына жақта көпшілік Асанәлі Әшімұлы атағы жер жарады, байлығы асып-төгіліп жатыр. Не ішемін, не киемін демейді деп ойлайды. Шынында солай ма, иә солай десе де болады. Шүкір, аты да атағы да, үйі де күйі де бар. Бірақ, иә сол бірақ деген бар ғой... Сұм ажал алыстағы Алманияға ұшақпен жіберсе де жұбайы Майра дертінен жазыла алмай кетті. Ұлдары Мәди мен Сағи... олар да кетті...
«Жас алаш» газетінің оқырмандарына Шоқан туралы фильмге түскендерге мемлекеттік сыйлық беру туралы айта келіп ағынан жарылғаны: – Орталық комитеттегілер «екі Әшімовты жібере алмаймыз» деді. Шоқан туралы фильм ұсынылып жатыр, Шоқанға қалай берілмейді! Қоюшы режиссер ретінде маған да беру керек, бірақ, өзімді алып тастадым. «Балам жанып кетті» деп күнәһар бола алмаймын, бірақ, от еді. Түсінігі мол еді, көп жерде маған ақыл қосты. Қабылдадым. Әрине еркелігі бар еді, бірақ, жұмыс дегенде бұл мінезін жиып қоятын. Ал, Мәди салмақты еді. Ол бірінші бала болғаннан кейін шешейде болды, іні ретінде ұстадым. Соған қазір өкінемін. Екеуі де мені «аға» деді ғой».
Ал құрметті оқырман дайындалыңыз, атағы жер жарған Асанәлінің жағдайын түсінесіз бе түсінбейсіз бе өз жүрегіңіз шешсін. Асанәлі аға осы сөзін былай деп аяқтайды: «Екеуі де мені «аға» деді ғой. Сен сенесің бе, сенбейсің бе, Мәдидің бетінен құшырланып бір сүймеппін». Міне әлемдегі ең балажан халықтың өкілінің мойындағаны, ұлының бетінен құшырланып бір сүймепті?! Осыны айта алған Асанәлі ағаны рухы әлсіз деп кім айта алады? Осылай етіппін, соным дұрыс болмапты деп көпшілікке айта аласыз ба құрметті оқырман, әй қайдам?!
Күнімді құр өткізгенім жоқ: «Майраның әні» атты кітап дүниеге келді. Бірінен кейін бірі өмірден өткен қос қозым – Мәди мен Сағи туралы: «Жан бөлек» кітабын жазып шықтым. Бұл шығармаларымда аяулыларыммен әңгімелесе, сырласа отырып, мынау фәни дүниеге, тіршілікке талдау жасадым. Өткен өміріме терең үңілдім. Жан азабын тартқан адам ғана біледі...».
Ия, жан азабын тартқан адам ғана біледі...
Қазақ киносының еркесі, халқының шексіз құрметіне бөленген Асанәлі неге бұлай деді. Қайғысын неге ақтарды?! Ұлы тұлғалар осынысымен ұлы. Өзінің жай-күйімен бөлісе отырып күнделікті күйбеңге мас бола бермеңдер, жақындарыңа көңіл бөлуді ұмытпаңдар, олар сендердің ең жақын адамдарың деп ескерткені ғой... түсінген жанға. Бірақ басына түспеген соң масайрап жүргендер қаншама десеңізші?! Небір нар түйелер көтере алмас пара алып жатқандар қаншама?! Басқа біреудің ғылыми жаңалығын өзімдікі деушілер де, біреудің көз майын тамызып жазған мақаласын өз атынан жариялап мен сондай ақылдымын деп кеудесін соғып, небір мерейтойлар өткізіп өзін мақтатып жатқандар да баршылық. Бәрі де пендешілік екенін Асанәлі аға күделік беттерінде ойып алғандай жазған.
Асанәлі аға қаншама өмір қиынылықтарымен арпалысумен келеді. Ағаға болысқан қандай күш? Ағаның өзі айтады: «Анам оқыса деп ойлайтын. «Ит оқу болса да түс» деді, сол ит оқуға түстік қой. Әрине ол оқу бір басқа, өмірдің оқуы бір басқа, еш таусылмайды...»
Өзі айтады: «– Әке – бала өміріндегі ең маңызды тұлға, әке керек, ана керегірек. Әке материалдық, моральдық сүйеніш, негізгі діңгек, тіреу. Бала тудыру ақылды қажет етпейді, оны тәрбиелеу үшін ақыл қажет-ақ. Әке деген қасиетті ұғымға лайық болу керек. Менің марқұм әкем төрт жасымда соғысқа аттанған, содан қайтып көргенім жоқ. Бір ғана сәті есімде... Соғысқа кетерде әскери дайындықтан өтіп жүрген кезі болуы керек, терге малшынып, ентіккен күйі мені көтеріп тұрды. Қоштасып тұрған сәті екен ғой... Біздің жастық шағымызда әкесіне сеніп өскен шолжаң жігіттерден гөрі әкесіздерден маңыздырақ азаматтар шықты. Өйткені олар осы олқылықты толтыруға тырысты».
Көпшілік жазушылар ғана көркем шығармалар жазады деп ойлайды. Асанәлі ағаның жазғандары әңгіме, роман емес күнделік. Бірақ күнделігі керемет көркем шығарма екенінде сөз жоқ.
Бұл мақаланы жазарда «Менде құпия ештеңе жоқ. Мен халқым үшін кітап емес, ашық парақпын» деген Асанәлі ағаның көңіл түкпірінде не бір құпиялар бар екені туралы ойладым. Және аға сол құпияларын жеке өзінікі санамайтын кеңдігі туралы айтқым келді.
Ағаның күнделігіндегі маған ұнаған жазудың ең сезімдісі мынау болды: «7.05.04. Жаңбыр. «Сенің мінезіңе ұқсайды мына жауын» дейді Бағдат». Бағдат жеңгеміздің сөзі рас, ағамызды жақсы біледі ғой. Бүгіндері ойлап отырсам нағыз өнердің не екенін Асанәлі ағаның осы бір еркіндігі аңғартқандай сияқты...
Сонымен сексен жас аз ба, көп пе?... Әрине аз емес, бірақ көп те емес шығар. Бұл сұрақтың нақты жауабын Асанәлі ағамыз білер...
Үлкен жүректі тұлға, белгілі өнер иесі, жазушы Асанәлі Әшімұлы жан сырын ақтарып өмір сүре алады, айтатын айта алады. Сол үшін ағамызды силаймын өз басым.
«Егемен Қазақстан» газеті бетінде айтқаны: – Кейде елге көрсетпей көз жасымды сығып аламын. Өмір солай – жас кетеді, кәрі кетеді, бәріміз мәңгілік емеспіз. Құдай мені әдейі осылай қалдырған шығар, осы қасыреттің артын дұрыстап жауып кетуім керек шығар деп ойлаймын. Өмірдің саған берген жақсылығын кейінгі ұрпағыңның игілігі үшін жұмсауың керек қой...»
Мың жасаңыз Асанәлі аға.
Бердалы ОСПАН,
Қазақ үні