ЖАЛҒАННЫҢ ЖАНАРЫНА СЫЯ АЛМАДЫҢ...
2017 ж. 02 тамыз
3333
0
ЖАЛҒАННЫҢ ЖАНАРЫНА СЫЯ АЛМАДЫҢ...
немесе Ақжол Ешмат туралы тебіреніс
Ешмат Ақжол Алешұлы 1993 жылы тамыздың 9 жұлдызы Алматы қаласында дүниеге келген. 1995 жылы Ақжолдың 2 жарым жасында әкесі – Ешматов Алеш қайтыс болған. Ақжол отбасымен 1995 жылдың соңына дейін Талдықорған облысы Панфилов ауданында тұрған. 1995 жылдың аяғында Алматыдағы Ақсай ықшамауданына көшіп келген. 1996 жылдан бастап №353 бала бақшада тәрбиеленді. Ал, 2000 жылдың қыркүйек айынан бастап Қожа Ахмет Яссауи атындағы №123 мектеп-гимназиясының табалдырығын аттаған. Ақжол мектеп қабырғасында оқып жүрген шағында аудандық, қалалық, Республикалық және халықаралық білім додаларының бірнеше рет жеңімпазы атанды. Атап айтсақ, Алматы қаласы білім басқармасының бастығы Шимашеваның арнайы мақтау грамоталарымен марапатталған. 2010жылы Мұқағали оқуларына қатысып, II дәрежелі дипломды иеленген. Ақжол, оқушы кезінде түрлі іс-шаралардың жүргізушісі болып, мектеп өміріне белсене араласқан.
2011 жылдың мамыр айында Ақжол «Алтын адам» тақырыбы бойынша дүниежүзі тарихы пәні аясында шетел асып Венгрияның Будапешт қаласында өткен халықаралық олимпиадаға қатысып, II дәрежелі дипломмен оралған еді. Осы жеңісі үшін ол Алматы қаласы әкімінің арнайы «Үркер» сыйлығына ие болды. Осылайша мектепті үздік көрсеткіштермен аяқтаған Ақжол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне шығармашылық емтихандарды сәтті тапсырып, мемлекеттік грант иегері атанды.
Журналист болуды жастайынан армандаған Ақжол университет қабырғасында да өзінің осы мамандыққа деген талабы мен шығармашылық шеберлігін көрсете білді. Алғашқы жылғы өндірістік тәжірибесін Алматы телеарнасынан бастаған Ақжол тележурналист қызметінің қыр-сырын жете үйренді. Баспасөзде жазу ерекшеліктерін меңгеру мақсатында Ақжол 2013 жылы өндірістік тәжірибесін «Қазақ университеті» газетінде өтті.
Шығармашылық шеберлігін жан-жақты шыңдаған Ақжол 2013 жылы 31 телеарнаның «Информбюро» ақпараттық бағдарламасында штаттан тыс журналистік қызмет атқарды.
Ақжолдың тележурналистика саласындағы кәсіби біліктілігі жоғары маман қатарына қосылуын оның 2013 жылы Сүлеймен Демирел атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Тележурналистика» пәні аясында өткен «Болашақ тележурналистердің кәсіби-шығармашылық» байқауының жеңімпазы атануы да дәлел бола алады.
2014 жылы 1 наурызда небары 20 жасында аққан жұлдыздай өмірден озған Ақжол Алешұлының адал достығы, адамгершілік қасиеттері және журналистикада қалдырған қолтаңбасы ешуақытта ұмытылмайды.
Жанашыр досымыз, әрі әріптесіміз Ақжол Ешмат Алешұлы көзі тірі болғанда 24 жасқа толар еді. 20 жасында көлік апатынан көз жұмған оның жарқын бейнесі көз алдымызда. Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын дей отырып замандасымызға арнаған жүрекжарды жырлардың топтамасын назарларыңызға ұсынғанды жөн санадық.
Азалы үн
Үзіліп түсті жапырақ,
Жамылып қайғы атырап.
Қыршын жас жолда қиылды
Өгейсіп өмір, жатырқап...
******
Қапыда сөніп шамшырақ,
Аңырап қалды шаңырақ.
... Алдында алған ананың,
Жазылмас дерті ауыр-ақ.
*****
Кетеміз кейде артық тым,
– Жалғаннан, – дейміз, – жалықтым!
... Пенделік екен онымыз,
Қымбат-ау, қымбат Жарық Күн!
Ақтолқын ТАЖИКОВА,
досы, ақын, журналист, Халықаралық байқаулардың жеңімпазы
МҰРАГЕР
Ақжолтай арман, ақ тілек,
Алдыңнан шықса бақ тілеп.
Халқыңның саған Сәлемі –
Ақ боз ат мінер ақ білек.
Ақ бозың серік сираттан
Демеушің болсын тәп-тәуір.
«Қағанатыңды» қиратпан
Қараяр қиқар шақпа бұл?
Салмағы болмас дегенмен
Түскен жеріне тас та ауыр.
Ұлы мұрасын ұрлаған
Заманнан заман жат бауыр.
Көсе құмдарда мұнарлай
Ұшырса уақыт нақ дауыл.
Дауылға бермес шынардай
Тамырың бітсін қақпақыл.
Тірлікте, мынау, Мұрагер –
Ізгілік қанат қақ дер ем.
Жігіттің жаны – құлагер
Қиядан қамыт «бақ» деген.
Арсызға болсаң абадан
Атуға дайын ақберен.
Күндерге күндер садағаң,
Бақиға бастар нақ керең.
Жас талап болса бір адам,
Атыңды сенің шақ көрем.
Қалам атынан құраған
«Қағанатыңды» бақ дер ем.
Қағанат мұра – аманат
Ғасырға «Ақжол» атпенен.
От-Ана, тәу-тәу От-Шырақ!
Жұмыр басымды сүйедім.
Табыттың үнін тап бірақ
Айта алман, оған ие кім?
Жылу бол, жанға, жарық бол,
Айналдым, сенен, киелім.
Тірлікті мұра қалдырып,
Атыңа аян бер десе.
Қыранға қанат талдырып,
Бабаларыңа ер десе.
Мұрагер мына ұлы көш
Сөнбейді, «шырақ» сөнбесе.
Топырақ алса бермейді,
Еңіреп келсін ел неше.
Жүректің мұңын емдейді,
Қалдырған сөзің емдесе.
Шақырған екен Аспан жақ,
Бақыл бол, ақ жол, ендеше!
Ұлмекен Лесбекова
Қазақ Мемлекеттік Қыздар Университеті
Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің 4-курс студенті
Опасыз немесе ағаға сағыныш.
Көбелек көлбең қақты көл бетінде,
Самал жел ағысады тербетуге.
Ақ шытты аманаттап, оралмадың
Ана жүрек сені іздеп селдетуде.
Ыстық та, суық та емес әнші көктем,
Шайып тұр шаң-тозаңды бәйшешектен.
Әуенмен әуелеткен сағынышын
Бұлбұлды байқайсың ба әнші неткен?
Жұлдыздай шексіздігін құшып көктің,
Жердегі жіберді ме қысып көп мұң?
Көктемде құстар елге оралады
Сен неге көктеміңде ұшып кеттің?
Жырлары егізбеді жанымыздың
Жыртылған жамау-жүрек,
Жанымыз мұң.
Ақпарат айдынына симай кеткен
Ақжолы, Ақжолтайы БАҚ-ымыздың.
Сен жүрген ҚазҰУ бүгін
Сені іздейді.
Біз тамшы мына жалған теңіз дейді.
Уақыттың керуенімен кетсек дағы
Көшер нар көтеретін «тең» іздейді.
Теңескен талабымен таудай көкпен,
Сұм ажал айбындарды жалмайды еппен.
Журфактың бір шынары шыңға біткен
Аспанның ақша бұлты жаумай кеткен.
Найзағайдай естен кетпес жарқылы да,
Тіршіліктен ақтық демін сарқыды да.
Құдайдың қарыз қылып берген жанын
Мезгіл жетіп өзіне тапсырды да.
Осылай абзал ағам кеткен еді,
Аға, сен кеткен кезде көктем еді.
Сен кеттің мәңгіліктің мекеніне
Опасыз тағы бірақ көктем келді.
Сен келмедің...
Думанқызы Нұржан
ҚазҰУ журналистика факультетінің 1-курс студенті
qazaquni.kz