Нұржан КЕРМЕНБАЕВ: Ұлым дүниеге келген соң өмірлік ұстанымдарым күрт өзгерді
2017 ж. 14 шілде
4308
0
– Нұржан, саған танымалдылық сыйлаған лақап ат неге ұнамайды?
– Ұнамайды деп айта алмаймын. Алайда, қырық жасқа келгенде халық мені «Кап-карашка» деп атағанын қаламаймын. Әр адамның азан шақырылып қойылған есімі бәрінен жоғары тұруы керек. Мен он сегіз жасымда осы лақап есімге лайықты болған шығармын. Сол кезде біршама жарасқан да болар. Бірақ, есейіп, ақыл тоқтатқан кезде де біртүрлі ерсі көрінетіні рас. Өкініштісі, жеке шығармашылығымды Нұржан Керменбаев деп бастап, жалғастырып жүрсем де, шын атымды білмейтіндер бар. Әрине, оған бәлендей ренжімеймін. Бірақ, өнерде өз есіміңді қалыптастырғанға не жетсін?!
– Жеке шығармашылыққа білек түре кіріскен сияқтысың. Бұған не түрткі болды?
– Өнерімді халықтың талабына сай дамытуға тырысып келемін. «Super star» байқауынан кейін «Перцы» тобында болдым. Одан соң «Арнау» тобының негізі қаланды. Алайда, көрермен «неге жеке ән айтпайсыз?» деген сұрақты толассыз қоюмен келді. Іштей ол күнді өзім де армандап жүретінмін. Көп ұзамай әріптесім Салтанат алғашқы баласына жүкті болып, декреттік демалысқа шықты. Осы үзілісті оңтайлы пайдаланып қалуға тырысып, жеке ән жазуға кірістім. Нәтиже жаман емес сияқты.
– Әндерді сатып аласыз ба?
– Әрине, әр еңбектің құны болу керек қой. Ең алғашқы сатып алған әнім «Қайдасың ғашығым» еді. Болат Жолдасов сол кезде 1 800 долларға сатты. «Нұреке, тегін берер едім. Қазір өзіме де қаржы қажет болып тұр. Бір кісілерге қарыз едім» дегені әлі есімде. Ән хитке айналып, сол төлеген ақшамды өндіріп қайтарды деп ойлаймын.
– Бейнебаяндарыңыздың бағасы қанша?
– Өте қымбат деп айта алмаймын. Мысалы, «Арнау» тобының «Махаббат жыры» атты әніне түсірілген бейнебаянының құны 33 мың доллар болатын.
Жүз адамға костюмді жалға алып, қаланың сыртына барып түсірген едік. Ал, менің жеке ең алғашқы бейнебаяным «Есіңде ме?» деп аталады. Оның құны – 13 мың доллар. Аса қымбат емес, бірақ біраз қаржы, маңдай тер.
– Бұған дейін «үйлендім» деп сұхбат бердіңіз. Алайда, жан жарыңызды сырт көзден сақтаған едіңіз. Қазір ол позицияңыз өзгерген сияқты. Солай ма?
– Әр отбасы – бір мемлекет. Оның заңдары қабылданып, көптеген нәрселері қалыптасуы керек еді. Біздің шаңырағымызда да «мемлекет» қалыптасу үдерісі жүрді. Сосын көз бар, сөз бар дегендей... Бәріне өзім қорған болғым келді. Кейін кішкентайлы болдық. Ұлымның бір жасқа толуын күттім. Міне, тұсаукесер тойынан кейін елге ізбасарымды мақтанып көрсетіп жүрмін. Ең бастысы, Алла тағала тіл-көзден сақтасын деймін. Қазір ұлымның инстаграмда жеке парақшасы бар. Отыз мыңнан асатын оқырмандарымен фото, видео-естеліктерін бөлісіп отырамыз. Болашақта есейген кезінде, енді ол кезде инстаграм болса, өзінің бала суреттерін көріп, күлетін болады деп сенемін.
– Үнемі жолда жүресіз. Ұлыңыздың тәрбиесіне көңіл бөліп үлгересіз бе?
– Шынында, өкінішке орай, үйде көп бола бермеймін. Бір күні ана қалада, бір күні мына қалада боламыз. Одан қалса, Алматы қаласына келгенде де жұмыстар дайын тұрады. Алматыда студиялар көп. Бірінде аранжировка жасап жатса, бірінде жаңа ән ізделеді, басқа студияда сазгерлермен кездесеміз. Солай студиядан студияға көшіп жүргенде біраз уақыт өтіп кетеді. Әрине, қайда жүрсем де үйге асығатыным бар. Ұлыма көбірек көңіл бөлуге тырысамын. Өмір алма кезек. Қартайған сәтімде бұйыртса ұлымның да маған қарағанын қалаймын. Сол үшін де адал болуға, барымды беруге тырысамын. «Балаңды тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле» деген керемет сөз бар. Өйткені, бала көргенін жасайды. Қай жағынан да лайықты үлгі көрсеткеніміз жөн. Бүлдіршініңді жақсылықққа тартатындай өнеге көрсете алсақ, сол менің әкелік парызымның бірі деп білемін. Ұлым дүниеге келген соң өмірлік ұстанымдарым мен принциптерім күрт өзгерді. Өмірдің бір қызығы – бала деген. Бала – өмір сүруге стимул, мотивация. Ол өмірдің басқа бір қадамы. Осындай жауапкершілік пен бақытты сезінуді әр отбасына тілеймін.
– Ұлыңыздың анасымен қалай таныстыңыз?
– Барлық ақпарат құралдарына Назерке менің жанкүйерім болған деп сұхбат бердім. Оны оқырмандар жақсы біледі. Расында ол солай еді. Кезекті концерттен кейін Назерке маған сыйлық жасады. Дұға етіп тұрған қол. Ал, одан кейін жолымыз екі бөлек кетіп, байланыс үзілді. Ертесіне бір суреттерімнің астына пікір қалдырыпты. Оған да аса назар аудармадым. Солай жүрген кезде ағайын-туыстар: «Қашан үйленесің? Үйлену керек» деп насихат айта бастады. Содан кейін ғана ойлана бастадым. Үйленсем биыл үйленейін деген ниетпен мейрамхана таңдау ісіне кірістім. Бірақ, бір қызығы, сүйіктім жоқ. Әйтеуір, үйленуге ниетім бар. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, бір күні есіме дұға жасап тұрған қолды сыйлаған қыз түсе қалды. Содан ғаламтор арқылы хат жазып, нөмірін алып сөйлесе бастадық. Бір күні ол анасымен бірге Алматыға тойға келді. Сол тойдан кейін кездесіп, таныстық. Ертесіне анам пойызбен Жезқазған қаласынан Алматыға келе жатқан болатын. Екеуміз бірге барып қарсы алып, анаммен таныстырдым. Кейін анамнан болашақ келініңіз ұнады ма? деп сұрасам: «Өзіңнің бақытты болғаның керек. Маған ұнады» деді. Үйден шыққан кезде Назеркеге «сені қолдан ұзата ма? Әлде алып қашайын ба?» деп сұрақты төтесінен қойдым. Ол бастапқыда түсінбей абдырап қалды. Кейін «бір үйдің бір қызымын. Ұзату той жасайтын шығар» деді. «Ендеше, тойға дайындала берсең. Анам хабарласады» дедім. Ал, ұзату тойда Назеркені небәрі төртінші рет көрген болатынмын. Тәуекел еттім. Раббым адастырмады деп сенемін. Салих әйел ер азамат үшін үлкен сый деп білемін. Сөзімді екі етпейтін, бойұсынып, қолдау болатын жар іздедім. Аллаға шүкір, таптым. Келіншегім өзімнің қиялымдағы арудың дәл өзі. Мен бұрын әйелді жұдырықпен, қабақпен қатал ұстау керек деп ойлайтынмын. Бірақ, олай емес екен. «Әйелдеріңе жұмсақ қарағандарыңыз ең жақсыларыңыз» деген хадис бар. Сол хадиске амал етуді мақсат етудемін. Мен енді сондай жұп-жұмсақ, мамықпын деп айта алмаймын. Қабақ көрсетілетін кез болады. Еркектің қабағы көрсетілмесе береке де кететін сияқты. Бірақ, қабақ көрсету осы екен деп күнде айқай-шу шығару дұрыс емес. Менде қазір өз-өзімді бейімдеу «процесі» де жүруде. Оны жігіттер қауымы тек үйленген соң ғана түсінеді.
– Бүгінде ерке ұл, адал жар, бақытты әке, қамқор інісіз. Ал, өзіңізді отыз жылдан соң қалай елестетесіз?
– Білмеймін. Бақытты отбасының үлкен қариясы болатын шығармын. Өнерде шашым ағарып, тісім түскенше жүремін деп айта алмаймын. 15-20 жылдан соң үлкен бизнесмен болсам деп армандаймын. Ал, киелі сахнада мүмкін менің ұлым ән салар, кім біліпті. Жалпы, ұлым өнерді таңдаса еш қарсылықсыз қолдаймын. Бірақ, міндетті түрде әнші бол деп қинамаймын.
qazaquni.kz