«Алатау» театры сайын даланы дүбірлетті
2017 ж. 24 маусым
2309
0
ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасында алғаш рет «ЭКСПО – 2017» көрмесін өткізіп жатқан Астана өз жерлестерімізбен бірге шетел туристеріне лық толды. Алты алаштың Ақордасы ән мен жырға бөленді. Халықаралық көрмеге орай Алматы мәдениет күндері аясында «Алатау» дәстүрлі өнер театры да Астанаға гастрольдік сапармен барып, дүбірлі мерекеге үн қосып қайтты.
Астана Жастар театрында және Этноауылда театрдың концерттік бағдарламасын қойып, «Інжу-маржан», «Мәңгілік мұрат» дәстүрлі музыка кештерін өткізді. Ұлттық өнерімізді ұлықтап, рухани мұрамызды дәріптеу мақсатында өткен кештерге театрымыздың қарасөздің қаймағын қалқып, сүбелі сөзді сарқыттай сақтаған, семсерін жырға суарған, от ауызды, орақ тілді жыршылары мен термешілері және көмейіне бұлбұл ұялаған жезтаңдай әншілері өнер көрсетті. Олардың көшін бастап дәстүрлі ән өнерінің насихаттаушылары, халыққа танымал өнер иелері Сәуле Жанпейісова, Еркін Шүкіманов, Жәкен Омаров, Аманқос Садықов, Алма Аманжолова сынды сахна майталмандары тұр. Сонымен қатар, Бағдат Самединова, Нұржан Жанпейісов, Мұрат Әбуғазы, Талғат Әбуғазы, Болат Бөкенов, Саят Медеуов және «Қоңыр» тобы мен «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің қатысуы дәстүрлі музыка кешінің сәнін келтіріп, көркін қыздыра түсті.
Жанды дауыста, ұлттық музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен өткен концерттік іс-шараны Арқа жұрты және Астана қаласының қонақтары жылы қабылдады. Оны зал толы көрерменнің қошеметінен байқадық.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Мәдени мұра» бағдарламасында: «Адамзат тарихының күретамыры – мәдениет. Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты» деп атай отырып, «мақсатымыз – халқымыздың өскелең рухани-мәдени сұранысын қанағаттандыру» деген болатын. Ендеше, ата-бабамыздан мұраға қалған ұлттық өнерімізге қамқорлық көрсету, оны жан-жақты насихаттау мақсатында шаңырақ көтерген «Алатау» дәстүрлі өнер театрының атқарар қызметі зор.
Иә, әлемнің алты құрылығынан, дүниежүзінің алпауыт мемлекеттері бас қосқан халықаралық көрмеде өнер көрсеткен ұжым үміт ақталды, іс тынды деп арқаны кеңге салмақшы емес. Бұлар бүгінде кең тыныс, жаңа леппен «Ұлы дала рухы» көшпенділер фестивалінде қойылатын концерттік бағдарламаға дайындық үстінде. Фестиваль «Алатау» ауданы «Боралдай сақ қорғанында» өтеді. Ендеше исі қазақтың иісі аңқыған көшпенділер өркениеті фестивалінде кездесейік!
Мөлдір ЖАМИХАН
qazaquni.kz