СЫН мен СЫНАҚТАН құралған ерекше жол
2018 ж. 26 ақпан
3425
0
Жақында ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасы "Бір ел - бір кітап" республикалық акциясы аясында 2018 жылдың үздік авторларын анықтады. Олар: Шәкәрім Құдайбердіұлы, Бауыржан Момышұлы мен Немат Келімбетов. Осы орайда біз порталымызда жарық көрген Немат Келімбетов туралы толғамды мақаланы оқырман назарына қайта ұсынуды жөн көрдік.
Әр адамның маңдайына жазылған тағдыры - қайталанбас жол. Дегенмен, Немат ағаның өмірі - СЫН мен СЫНАҚТАН құралған ерекше жол. Немат аға сол СЫННАН сүрінбей, СЫНАҚТАН мүдірмей өткен ҰЛЫ ТҰЛҒА.
Немат аға Келімбетовпен тағдыр мені тым кеш кездестірді. 2008 жылдың желтоқсан айы еді. Немат Келімбетов украин қаламгерi Василь Казаченконың «Найзағай» романын қазақ тіліне аударып, сол кітаптарды Қазақстанда тұратын украиндерге тапсырғысы келетіні туралы хабар келді. Ал, шараны ұйымдастыру маған жүктелді.
Алдын-ала Немат ағамен телефон арқылы сөйлесіп, кездесу туралы келісіп алдық. Сол қысқа әңгімелердің өзінде мен ол кісіден желіп тұрған жылылықты сездім, көріскенше асықтым.
Желтоқсанның 6-сы күні Алматы қалалық украин этномәдени бірлестігінің басшысы В.П. Лымаренконы жұбайымен бірге ертіп Немат ағаның үйіне келдік. Бізбен бірге «Хабар» агенттігінің, «Казахстанская правда» газетінің журналистері де келді.
Немат аға бізді әбден дайындалып, асыға күтіп отыр екен. Алғашқы есік ашылғаннан-ақ бізді қуана, көптен бері көрмеген туысындай қарсы алды.
Журналистердің сұрақтарына берген жауабын, әңгімесінің тереңдігін, кіршіксіз таза көңілін, қарапайымдылығын сезген сайын, креслода отырған Немат аға менің көзіме алып батырдай ірілене түсті. Ұлылықтың кішіпейілдікте екенін бұрында да білетінмін, бірақ сезінгенім осы сәт еді.
Ағаның ақ дастарқанында отырып, ұзақ әңгімелестік. Немат аға 10 жыл бойы төсекке таңылып жатқаннан кейін алғашқы рет болконға шығып – даланы, қаланы, адамдарды, табиғатты көргендегі көңіл-күйін айтып отырғандағы бір ойы есімнен шықпайды. «Болконнан төменге қарасам - екі адам, әйел мен ер кісі ұрысып келе жатыр екен. Мен сонда таң қалдым - өз аяғымен жүріп, тұнған табиғаттың арасында, сұлулықтың арасында жүрген адамдар неге ұрысады деп ойладым» - деген еді. Расында да, біз – адамдар, айналамызды бағалауымыз үшін міндетті түрде қиналуымыз керек пе? Ал, басына қиыншылық түскен адамның барлығы да Немат аға сияқты өмірге деген құштарлығын, сұлулықты сезінуді сақтап қала алады ма?
Ерлік деген ұғым бейбіт өмірде жиі қолданылмайды, содан да шығар, Немат ағаның өмірін ерлік деп атасам көпшілік бұған жеңіл қарайды ма деп қорқамын. Бірақ, он екі мүшесі құрсалған адамның төсекте жатып білікті аудармашы, креслода отырып ғылыми еңбектер жазып, академик атағын алғанын қалай атау керек?
Аға аса сыйластықпен, үлкен сүйіспеншілікпен жан жары Қуаныш апай туралы айтып отырды. «Адаспай тапқан бақытым еді, бірақ Алланың бұйрығымен одан да ерте айрылып қалдым. Керемет қайратты еді. Менің шыдамыма шыдам қосқан, арманымды алға сүйреген жан еді. Өресі биік адамгершілігімен, жағымды сезім сыйлар парасат-пайымымен, көңіл көкірегінің кеңдігімен, қолының ашықтығымен, жанының жайсаңдығы әрі жанашыр жүрегімен өзгенің ықылас-құрметін иеленетін адамдар көп емес, ал менің Қуанышым сондай жан еді. Сондай жанмен тағдырлас болған мен шын бақытты адаммын» - деген еді Немат аға.
Ал, біздің арамызда бақытты байлықтан іздеп, қалаған көлігіне немесе көйлегіне қолы жетпегендіктен өзін бақытсыз санайтын адамдар аз ба? Әл-Фарабидің «Бақыт деген адамның алдына қойған мақсатына жеткен сәті. Ол мәңгілік болмайды» дегенін біз есімізден шығарып алдық па әлде ұғына алмай жүрміз бе?
Немат ағаның «бақытты бола білу» сезімін біз әлі зерттеуіміз керек сияқты. Ол адамдар қоғамының рухани байлығы мен бірлігін сақтап қалу үшін өте қажет дүние. Бүгінгі таңда қоғамымыздың өзекті мәселесіне айналған жас балалардың өзіне-өзі қол жұмсауы, «депрессия» сияқты ұғымның психикалық аурулардың ең жиі кездесетін түріне айналуы осы «бақытты бола білмегендіктен» емес пе? Олай болса Немат ағаның өмір жолы, жазған шығармалары бүгін мектеп мұғалімдерінің, психологтардың, тіпті әр ата-ананың қолында жүретін құралына айналу керек. Бұл - өмірлік биік мақсат қоя білетін ұрпақ өсіруге, ұнжырғасы түскен еркектер қоғамын жігерлендіруге, өмірді, айналасындағы адамдарды, туған жерін, Отанын сүйетін азамат тәрбиелеуге арналған дайын тәжірибелік әдістеме. Кеңес дәуірінде мектеп оқушылары үшін үлгі ретінде оқытылатын Н.Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» романының бас кейіпкері Павел Корчагин қаншама жасөспірімге өмірлік өнеге болған жоқ па?
Немат ағаның кіші ұлы Қайрат шет елде оқып жүргенде жазған хаттары «Ұлыма хат» жинағы болып жарық көрді. Бұл, Қайрат арқылы, бүкіл қазақ баласына арналған әкенің аманаты. Мен сыртынан қарап Қайраттың көзіндегі жылылықты, жасына сәйкес келмейтін тереңдікті байқап таң қалатынмын. Себебін Немат ағамен танысқаннан кейін түсіндім және ол туралы ағаға айттым. Немат аға ешкімге жария етпей, үйінде отырып-ақ өзінің екі ұлын ғана емес, барлық қазақ жастарын тәрбиелеуге орасан еңбек етті. Немат ағадан сабақ алған студенттер, мен ойлаймын, өздері үшін өмірлік ой азығын артығымен жинақтап алды. Кешегі ұстаздарының бүгін тарихқа айналғанын сезіне білгендері Немат ағадан алған сабақтарының бағасы жоқ құндылық екенін білсе керек.
Соңғы кездескенде аға өзінің қарттық жайлы жазған эссесі туралы айтты. «Мен өзім арқылы кәріліктің бір феноменін аштым. Адамның сыртқы физикалық денесі ғана қартаяды екен, ал жан – жеке субстанция ретінде жас
күйінде қала береді екен. Менің сыртым кәрі болса да, әлі де, баяғыдай сұлу қыздарға қараймын», - деп күлді. Жауап ретінде мен ағама М. Шахановтың «Кәрілік туралы немесе сұлулықты сезінуден қалған жан...» өлеңін оқып бердім. Немат аға «Мен бұрын есітпеген екенмін, Мұхтар екеуміздің ойымыз бір жерден шыққан екен», - деп қуанып қалды. Ф. Гюлен, Л. Толстой, Ортага-и-Гаст, М. Ганди туралы, олардың қалдырған ойлары туралы ұзақ әңгімелестік. Аға маған «Мен көптен бері сен сияқты парасатты әйел көрген жоқ едім» деп баға берді. Мен үшін бұл баға - мың алтын алқа мен ең жоғары мемлекеттік наградалардан биік. Мен сол бағаға сәйкес болуға тырысамын.
Менің екі ұлыма Немат аға өз қолымен естелік жазып кітап сыйлады. Біздің отбасылық кіші-гірім кітапханамыздың төрінде тұрған, қайта-қайта оқығаннан тоза бастаған кітап – Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» шығармасы.
Негізі, бірін-бірі ұғынысатын, ойы ортақ адамдарды Алла тағалам табыстырады. Адамның бір-бірімен достасуы да осындай терең ұғыныстан шығары анық. Немат аға екеуміз телефон арқылы хабарласып тұрдық. Соңғы рет мен ағаға 2010 жылғы желтоқсанның 5-не телефон соқтым. Немат ағаны 16-желтоқсан күні өтетін шараға шақырдым. Сонда аға маған «Сен жаман қазақтарға ұқсап телефон арқылы ғана хабарласпай - келсейші, отырып әңгімелесейік. Мен сен туралы балаларыма қайта-қайта айтып отырамын. Мен сенімен әңгімелескеннен кейін байып қаламын. Мені бір байытып кетші. Ал шақырған шараңа барамын ба, бармаймын ба сол кезде айтамын», - деді. Біз 15-желтоқсан күні кешкі шайды ағаның үйінде ішетін болып келістік.
15 желтоқсан күні таңғы самолетпен Алматыға ұшу үшін аэропортқа келдім. Тіркеу кезегінде Сауытбек аға Әбдірахманов тұр екен. Амандасып, сұраса бастаған едім, Сауытбек аға «Кеше Немат Келімбетов қайтыс болды. Сол жұмыспен бара жатырмын», - деді. Мен сасқанымнан «Қалай сонда, ол кісі бүгін мені күтемін деген еді ғой?» деппін. Мен солай жаны жақын ағамнан айрылып қалдым. Көңілімде аяқталмай қалған әңгіме мәңгі сағыныш болып қала берді. Осы күнге дейін бір істі аяқтамаған адам ұқсап алаңдаймын да тұрамын.
Немат ағамен қоштасуға барып, үлкен портреттен қарап тұрған аға мен Қайраттың көзін көргенде өкісігімді зорға бастым. Қиын да қызық өмірге күле қарап тұрған Немат ағаның бейнесі менің есімде мәңгі қалады.
Міне осылай, Қазақ аспанында тағы бір жұлдыз сөнді. Қазақтың тағы бір үлкен жүрегі тоқтады.
Жазмыштың жазуы... Алланың шешімі.
Дегенмен, өмірге сонша құштар, халқына әлі де берері мол жанның арамыздан кетіп қалғаны жанымызға қатты батты.
Алланың арамыздан асылдарды алдымен алып кететіні – бағасын білсін дегені шығар. «Ақ ағам, асыл ағам - бақұл бол!» - деп қала бердік.
Нәзипа Шанаи,
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің
сектор меңгерушісі
qazaquni.kz