"АЛМАТЫ" АРНАСЫ АЛАШ АРНАСЫНА АЙНАЛМАҚ...
2017 ж. 17 маусым
4913
16
«Алматы» телеарнасында заманауи құралдармен жабдықталған және тікелей эфирде жоғары HD сапада бағдарламалар тарата алатын жаңа студия кешенінің тұсаукесері өтті.
Оңтүстік астанамыз Алматы қаласының мәдени-ғылыми орда екенін ойласақ, ең басты назар баспасөзіне, соның ішінде қаланың басты арнасы - "Алматы" телеарнасына ауатыны айқын. Сондықтан да, соңғы бір жарым жыл ішінде арнаны модернизациялау жұмыстары жүрді, құрал- жабдықтар жаңартылды, өндірістік жүйе 16х9 жоғары көрсетілімдегі сандық форматқа көшірілді, әлемдік танымал өндірушілерден жалпы құны 1,2 млрд. теңге болатын озық үлгідегі телевизиялық техника сатып алынды. Бүгінгі күні «Алматы» телеарнасының қаланың кез-келген нүктесінен тікелей эфирге шығатын және ауқымды шараларды дер кезінде көрсете алатын жылжымалы телевизиялық станциясы бар. Арна республиканың барша аймағын қамтиды, соның арқасында баламалы, сандық, спутниктік, кабельді және интернет сегменттегі хабарларды тарата алады. «ТНС Гэллап Медиа» агенттігінің мәліметі бойынша биылғы жылы қалалық телеарнаны көрушілер қатары 2015 жылмен салыстырғанда 26%-ға артқан. Жүзеге асқан осынау игі шаралардың арқасында «Алматы» телеарнасына жарнама берушілер қатары ұлғаюда. Мысалы, 2016 жылдың қорытындысы бойынша телеарнаның жеке табысы 112%-ға артып, 256 млн. теңгені құрады. Құрылғалы бері алғаш рет телеарна жақсы қаржылық көрсеткішке қол жеткізді. Жаңа заманғы аппаратуралармен жабдықталған жаңа студиялық павильон іске қосылған кезде «Алматы» телеарнасы жаңа сапалық деңгейге көтерілетін болады. Аумағы 500 шаршы метр болатын «Алматы» телеарнасының жаңа павильонында болған Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек: «Шынында да, арнаның тарихы бай. Біз екі жылдан аса мына жерде үлкен жұмыс атқарып жатырмыз, үлкен жоспарларымыз бар. Жалпы нәтижелі жұмыстың арқасында арнаның рейтингі өсіп, біз 1 млрд. теңгеден астам қаражат құйдық. Жаңа құралдар сатып алдық. Бірақ, ең негізгі мәселе – біздің байлығымыз арнаның журналистері, азаматтары. Қала тарапынан біз осы арнаны тек қолдаумен емес, қызықты орысша айтқанда, «инфоповод» жасадық. Жалпы, арна халыққа бәрін қызықты, жан-жақты жеткізуі керек. Мені жеке қуантатын жайт, мысалы, Астанада болған кезде өңірлермен сөйлескенде көп азаматтар «Алматы» арнасын көре бастадық деп сондай жоғары баға беріп жатыр. Менің ойымша, арнаның ребрендингі өскелең заманға сай жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Бүгін арна тек Алматыны ғана емес, жалпы Республика бойынша көрсететін болды. Бұл алғашқы бастама. Мысалы, 2015 жылы 15 орында болса, бүгін халық бойынша 10 орынға шықты, жалпы 7-6 орынды біз жоспарлап отырмыз» - деді. «Жаңа студиялық павильон былтырдан бері салына бастады. Мұнда жаңалықтар, ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар, тейбл-ток форматындағы бағдарламалар және таңғы ойын-сауық бағдарламасын эфирде көрермен келесі аптадан бастап тамашалай алады. Жалпы, бұдан басқа телеарна соңғы бір жылдың ішінде толық техникалық модернизацияны өткізіп, қазіргі жағдайда республикалық деңгейлі телеарналармен бәсекелесуге мүмкіндігі бар. Бұнымен қоса, былтырдан бері «Алматы» телеарнасы бүкіл Қазақстан аумағына хабар таратуға мүмкіндік алды. Біз міндетті Республика аумағына таратылатын телеарналардың қатарына министрліктің бұйрығымен кірдік», – деді «Алматы» телеарнасының тыныс-тіршілігі туралы тарқатып айтқан арна басшысы Әлібек Әлденей. Алматы телеарнасының жаңа студиясының ашылу салтанатына ҚР Ақпарат және коммуникация вице-министрі Алан Әжібаев қатысып, арна ұжымына шығармашылық табыс тіледі. Қорыта айтқанда, "Алматы" телеарнасына кезінде Ақпарат министрлігінде БАҚ басқармасын басқарған, телеарнаны терең білетін Әлібек Әлденейдің келуімен арнаның екінші тынысы ашылды деуге болады. Бұрын оңтүстік астана тұрғындары жаңалық үшін ғана қарайтын арна жаңа қырларын танытып, жарқырап шыға келді. Еліміздің бар аймағы қарай бастады. Әрине, бұған "Баспасөзі мықты елдің болашағы мықты" деп, Алаш көсемі Міржақып Дулатұлы айтқандай, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің руханиятқа қамқорлығының арқасында әкімдіктің қаржылық қолдауы да көп үлес қосты. Ендеше, Тәуелсіздігіміздің бесігі - ең халқы көп мегаполист Алматы қаласының тыныс-тіршілігіне түгел еліміз бойынша назар аударып отыратынын ойласақ, "Алматы" арнасының ауқымы кеңейіп, Алаш арнасына айналар күні алыс емес. Қ.Жарылқасынұлы qazaquni.kz