Қошақандар бақшамен қимастықпен қоштасты
2017 ж. 12 маусым
2943
0
Алматы қаласындағы «Құлпынай» жекеменшік бақшасында «Қош бол, балабақша!» атты ертеңгілік өтті. Шара барысында бүлдіршіндер жыл бойы оқып, біліп, көкейге түйгендерін ортаға салды.
Қосан Нұрсәт, Жанель Тұрсынхан, Әли Айтбек сынды балғындар «Қошақан» тобының атынан шығып, сөз бастады. Салтанатты кеште балапандар заман талабына сай үш тілде, тақпақ айтып ән шырқап, өздерінің жан-жақты екендіктерін көрсете білді.
Топ жетекшісі Талшын Байтасованың әзірлеуімен сахналанған «Біз мектепке барамыз» атты қойылым да көпшіліктің көңілінен шықты. Осы көрініс арқылы балалар әліппе, дәптер, қалам, портфель секілді сабаққа қажетті құрал-жабдықтармен жете танысып, әрқайсысының қызметі туралы толық мағлұмат алды.
Жыл бойы өздерін оқуда озат ретінде көрсете білген І.Әбдіғали, Ә.Сапиолдан, Н.Қосан, Қ.Әбдиахап, Ж.Тұрсынхан, М.Битюцкая, А.Заманбек, Ә.Айтбек сынды балаларға «Құлпынай» балабақшасының арнайы мақтау грамоталары табысталды.
Сондай-ақ, балғындар «Сәлем, саған мектебім», «Ұстазым» атты әндерді әуелете шырқап, мың бұрала би билеп, сахнаның сәнін кіргізді. Осынау кеш аясында үздік бітіруші түлек Қосан Нұрсәт «Құлпынай» балабақшасының білім кілтін «Жұлдызша» тобының кішкентай ғана бүлдіршіні Жанерке Жаппарханға салтанатты түрде тапсырды.
Балабақша тәрбиеленушілері салтанатты кеште өз өнерлерін ортаға салып қана қоймай, арнайы ұйымдастырылған білім сайысында есеп шығарып, ұстаздары тарапынан берілген тапсырмаларды шапшаң орындап, әртүрлі сөздерге сөйлем құрау арқылы өздерінің зеректігін көрсетті. Сондай-ақ, бақшаны бітіруші түлектердің әрқайсысы қырық екі әріпті танытып, қолға қалам ұстатқан ұлағатты ұстаздарына деген жүрекжарды лебізін жыр жолдары арқылы жеткізді.
Көпшілікке әдемі әсер сыйлаған бұл кеште балабақшаның Әйгерім Байгелді жетекшілік ететін «Жұлдызша» тобы да «Жеті лақ» ертегісін сахналап, мектеп табалдырығын аттағалы тұрған аға-әпкелеріне тамаша тарту жасады.
Сонымен қатар, бітіруші түлектерге балабақша атынан әзірленген сыйлықтар берілді.
Кеш барысында қорытынды сөз сөйлеген «Құлпынай» балабақшасының директоры Алма Исмайлова білім шаңырағынан түлеп ұшқалы отырған өрендерге сәт-сапар тіледі. Сондай-ақ, кештің жоғары деңгейде өтуі жолында аянбай еңбек еткен топ жетекшісі Талшын Дүйсенәліқызын арнайы дипломмен марапаттады.
Өз кезегінде ата-аналар да әрбір үйдің еркесінің тілін тауып, білімділікке баулығын ұстаздар қауымына, жалпы ұжым мүшелеріне алғыстарын білдірді.
Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
qazauni.kz