САХИДЫҢ ТЫЛСЫМ БОЯУЫ

Өткен ғасырда бейнелеу өнері өкілдерінің бірқатары Тың игеру тақырыбына көбірек барғанын байқаймыз. Бір қызығы, солар күндердің күнінде сол мекеннің келешекте Тәуелсіз Қазақ елінің Астанасы болатынын білді ме екен?!. Осынау тақырыпты қолға алушы қылқалам иелерінің бірі – қазақ бейнелеу өнеріне зор үлес қосқан Сахи Романов еді. Халық суретшісі, кино саласында мол тер төккен шебер атақты «Қырық өтірік» иллюстрациясының (1954-1955), «Құрманғазы өмірі мен шығармашылығы» суреттер топтамасының (1959-1961), «Жайлау кеші» (1956-1957), «Жас шопандар» (1959-1961), «Туған өлке» (1958-62), «Жер туралы декрет немесе алғашқы түрен» (1967), «Қаратау кен-байыту фабрикасы» (1970), «Алдар көсе» (1963), «Ән қанаты» (1965), «Құлагер» (1972) т.б.туындылар мен көптеген портреттердің, пейзаж және графикалық еңбектердің де авторы болатын. Біз осының ішінде сонау «Жер жырту туралы декрет немесе алғашқы түрен» шығармасына тоқталғымыз келеді. Кеңес уақытында тың игерілген бірнеше аймақ болды, олар: Қазақ елі, Сібір, Орал және Солтүстік Қап тауы аймақтары еді. Бұлардың арасында Қазақстан аталған өңірлерге қарағанда, біртіндеп, астықты шет елдерге экспорттаушы елге айналды. Тың игеру жұмыстары, саясат­тағы кейбір солақайлықтар кездескенімен, сол уақыттан осы кезге дейін Қазақ республикасын нанмен қамтамасыз ету мәселесін шешті. Сахи Романовтың «Жер жырту туралы декрет немесе алғашқы түрен» туындысы 1957 жылы пейзаж жанрында майлы бояумен кенеп бетіне түсірілген-ді. Бұл шығармада еңбеккерлердің жер жырту жұмыстарына кірісе отырып, өзара ақылдасу сәті бей­неленеді. Сахи Романов бұл туындысында табиғат пен адам байланысын, сондай-ақ қасиетті Қазақ жерінің шексіз байтақтығын үйлестіре отырып, топтық портрет жанрына құлаш ұрады. Суретшінің қолтаңбалық ерекшелігі кереғар түстермен, хромактикалық өңмен, жарық-көлеңке реңкті әдістерді ұтқыр қолдану мәнерінде екенін байқаймыз. Симметриялы туындыда шебер қызыл дақ (гүлдер) бояуын композиция тепе-теңдігін сақтау үшін қолданғаны пайымдалады. Мұнымен бірге қылқалам шебері көрерменге жыртылған жер тынысын сездіруге күш салады. Сөйтіп, іс-әрекет ырғақтары арқылы туындыға айрықша динамика, қозғалыс дарытады. Қолтумада аспан мен жер шексіздігі, көкжиек кемері, композицияның түзу сызықты перспективада, ұшқыр диагональде орналастырылғанын көреміз. Ол хроматикалық түстер мен жылы және суық бояулар үйлесімі арқылы жүзеге асады. Тағы бір айта кететін жәйт – біз ұнатсақ та, ұнатпасақ та, мұның бәрі сайып келгенде, еліміздің тарихы. Халықтың бастан кешкен тағдыры. Айталық, кеңес заманында түрлі тәжірибе-сынақты көп өткерген Қазақ елімен өте тығыз байланысты сала – ауыл шаруашылығы картина мен тақырып ара-қатынасын айқындап тұр. Ұлттық бейнелеу өнеріне қомақты үлес қосқан Сахи Романов, Салахидтин Айтбаев, Бахтияр Тәбиев, Оралбек Нұржұмаев сынды суретшілердің туындыларындағы кеңес үкіметі дәуіріндегі еңбекші адам образдары және сол кезеңдегі өндіріс өмірімен кең танысамыз... Әр суретшінің өзінің қолтаңба­лық ерекешелігі болатыны түсінікті. Яғни, бұл суретшінің жеке қолтаңбалық мәнері, шебердің түстерді қолдану әдістері бар. Бұл тұрғыдан алғанда, Сахи Романовтың сарғыш, ашық сары, қанық қоңыр, жоса түстерді көп қолданатынын көреміз. Оның «Жер жырту туралы декрет немесе алғашқы түрен» туындысында жердің табиғи түспен боялғанын және «Ашық аспан аясында» атты шығармадағы жоса түсті байқауымызға болады. Сахи Романов еңбегі қазақ халқына ертеден танымал. Суретшінің басты мақсаты – өзінің туған елге, жерге сүйіспеншілі­гін, сағынышын, ішкі жан-дүниесін, сезімін туындылары арқылы көрерменге қалтқысыз жеткізу болғанын аңдаймыз. Шебердің соңында қалған мол мұрасы кеше де, дәл қазір де кейінгі дарынды жас суретшілерге таптырмас үлгі болып келеді. Бұл үрдіс келешекте де лайықты жалғаса беретіндігі даусыз. Дина НҰРПЕЙІС, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның «Өнертану» бөлімінің 3- курс студенті qazaquni.kz