НӘУБЕТ ҮНІ
2017 ж. 04 маусым
3383
0
Нұрлан Оразалин, ақын,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
...Естімейін деп едім...
Көнер емес.
Мың-сан аруақ, аспаннан төнер елес.
Ащы дауыс санамды
қақыратып,
Ай астында – қасырет
шегер егес.
Жұлқып бойды бір ашу ала бөтен,
елестеді жұт жылғы дала-мекен.
Бітеу жара...
Шер-шемен...
Ұлы қайғы...
Қайтіп сені өзіммен ала кетем?!.
Құдай мүлде атпаса өрлігімді...
Қалай?
Қайтіп жасырам шер-мұңымды?
Қай түрмеге тығайын, айтыңдаршы,
Тірі куә –
Өзен...
Көл...
Жер...
Құмымды...
Айту – парыз!
Айтпасам, жанып кетем...
Ұрпағыма болармын анық бөтен.
«Мың тірілген» «халықтың бір өлгенін»,
көрге қалай өзіммен алып кетем?!
Айырғанға – мың нәлет көзді ағынан,
Тұтануда көк жалын
қоз қағынан,
Ар-Намыстың қақпасын қағады кеп,
Аштық жылы көз жұмған боздақ ұлан.
Бір құдырет көбемді айырғандай,
Күн күркіреп,
төбемнен жай ұрғандай...
Айту – парыз!
Тіріге сабақ болсын!
Ал әйтпесе... Құр сөзден қайыр қандай?!
Әттең!..
Әттең...
Көз жұмған шіріп өрде,
Үш миллион қазағым тірілер ме?!
Мәңгі-бақи санада сақтау үшін:
Аруақтарға көз жұмған тірі көрде
Қашау керек Ескерткіш!..
Тірілерге!
Қыркүйек, 1988 жыл.
qazaqunui.kz