Шәкәрімнің шежіресіне 100 жыл
2011 ж. 28 сәуір
8467
1
Қазақ Совет энциклопедиясында «шежіре» деген сөзге мынандай анықтама түсінік беріледі: «Шежіре (араб. Шаджарат - бұтақ, тармақ) халықтың шығу тегін, таралуын баяндайтын тарих ғылымының бір тармағы. Ру тайпалардың өрбуін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген, қалыптасқан ресми шежіре мәдениетті елдерде бәрінде де кездеседі делінген. Шәкәрім шежіресі бұл анықтама аясынан да кең мәселелерді қамтиды, қозғаған мәселелері аса ауқымды. Онда бір ғана халықтың шығу тегі, даму тарихы емес одан әлдеқайда кең көлемдегі мәліметтер сараланады. Үлкен сөз зергері, тәржімашы, пәлсапашы, тарихшы Шәкәрімнің ақыл парасаты, білімдарлық дәрежесі бұдан сөз жоқ биіктей түсетінін көруіміз болады. Шежіре жазу, тарата білу қазақ жұртында ежелден келе жатқан рухани ғадет. Оның ақындық, қаламгерлік ойшылдық болмысында ұлы Абайдың ықпал әсері айқын байқалады, осынау шежіре еңбекті жазуда да ол өзіне Абай ағасын, Абай сөзін үлгі тұтты. Абайдың шығармашылық ықпалын тікелей қабылдаған Шәкәрімнің шежіре жазуы заңды құбылыс. «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» атты ұлы Абайдың шежірелік шығармасы оған да қатты ықпал етті. Қазақтың түбі қайдан шыққанын ғылыми дәлелді, тарихи деректі етіп қазақ шежіресін жазу жолын Абай өзі бастап көрсетіп берген. «Абай қазақ шежіресін жаз деп 19 жасымда қазақ шежіресін жинай бастадым. Сол кісінің ұқтыруымен ел-елге кісі жіберіп, хат жазып жинақтаған мағлұматтары да шежіреде бар», - дейді Шәкәрім. Шежіреде Шәкәрімнің дүниежүзілік мәдениет қазынасынан, рухани бастаулардан аса мол нәр алғанын, түрлі шығармаларды Шығыс пен Батыстың әйгілі тарихшыларының еңбектерін мұқият оқып шыққанын аңғару қиын емес. Ел аузында ежелден сақталып келе жатқан тарихи аңыз әңгімелерге де көңіл бөліп онда айтылған оқиғаларды тарихи кітаптардағы мағлұматтармен салыстырып барып өз еңбегінде пайдалану, оларға шолу жасау еңбекті жазуда көп көмегін тигізген. Қазақтың түпкі атасының жайын білмек болып әр түрлі жұрттың шежіре кітаптарын оқиды. Оқыған кітаптарының мұсылманшасы: Табари «Тарих ғумумий», «Тарих ғұсмани», «Тарих анттар ал-слам», Нәжеп Ғасымбектің «Түрік тарихы», Әбілғазы Баһадұр ханның жазған «Шежіре-н-түрік» және әртүрлі кітаптардан алынған сөздер белгілі тарихшы Әбілғазының (1603-1663) «Шежіре- н-түрік» («Түрік шежіресі») атты еңбегін мұқият оқыған. Еңбек 1725 жылы француз, 1770 жылы орыс тіліне аударылған. 18 ғасырда неміс, ағылшын, түрік тілдерінде басылып шыққан. Шығыс тіліндегі нұсқасы 1826 жылы жарық көрген. Шәкәрім шамасы осы басылымды пайдаланған. Орысша кітаптардан оқығаным дейді Шәкәрім Радловтың ұйғыр туралы (К вопросу об уйгурах), Аристовтың түрік нәсілі туралы, дүниедегі әртүрлі жұрттың шежірелерінен орысшаға көшірілген сөздері. Оның ішінде түріктің ең ескі замандағы шежіре кітаптары «Құтадғу білік», «Кошо қайдам» деген кітаптардың сөзі. Және қытайдың Юань-Чао-Ши деген жазушысының сөзі және араб, парсы, рум, Еуропа жазушыларының сөзі. Бұл жазбалардан анықталатыны Шәкәрім тарих қойнауына, құпия сырына үңілместен бұрын әсіресе Шығыс елдері туралы өз заманына дейінгі және сол кезде айтылған, қалыптасқан ғылыми, тарихи пікір тұжырымдармен жақсы таныс болған, көп ізденген, оқығандарын ой елегінен өткізген, мақсат-міндеттерін анықтап алған. Ол сонымен қатар араб тарихшы ғалымы Ибн-ал-Асирдің, Ибн Халдунның орыс ғалымдары-тарихшылар Левшиннің, Березиннің, Спасский, Маевскийлардың еңбектерін оқыған. Тарихшы ғалымдардың, жазушылардың кітаптарын зерделеп оқып, терең зерттеп, мол мағлұмат жинап, тұңғыш қазақ шежіресін жазуға кіріскен. «Түрік, қырғыз, һәм хандар шежіресі» Шәкәрімнің тұңғыш жарық көрген еңбегі. Оны жазу жұмысымен көп жыл бойы шұғылданып, зор еңбек еткен (1877 жылдан 1911 жылға дейін, 34 жыл). Орынборда 1911 жылы басылып шыққан еңбектің көлемі 114 бет. Мазмұны терең, ой нысанасы айқын, композициялық жағынан біртұтас, жүйелі жазылған еңбекте Адам ата мен Хауа анадан бергі шежіре жолына барлау жасалынған. Кітап «Шежіреден бұрын», «Шежіре басы», «Қазақтың қайдан шыққаны», «Хан шежіресі», «Шыңғысхан шежіресі», «Стамбулдағы түрік нәсілі», «Сарт», «Өзбек», «Ноғай», «Башқұрт», «Қалмақ һәм телеуіт», «Түрікмен», «Яқұт», «Оранхай», «Енисейдегі түрік», «Күншығыс Түркістандағы түрік» деп аталатын ірілі-ұсақты бірнеше тараудан тұрады. Кітап соңында оның «Мақсұт» «Қазақ», «Насихат», «Тағы сорлы қазақ», «Қош» деп аталатын өлеңдері берілген. Шәкәрім шежіресінің қара сөзбен жазылған бөлігіндегі аталынған тақырыпар тарихи деректерді жүйелі баяндаумен берілген. Қазақ халқының ежелгі түркі ру-тайпалары жүйесіндегі ең негізгі құрамды танытатыны барлық тарауларда да анық байқалады. Шежіреден байқалатын ең басты ерекшелік Шәкәрім өзі сөз етіп отырған мәліметтерді тек өзіне ғана телмейді. Әрбір деректерді қай еңбектен оқығанын қайдан алғанын үнемі баяндап отырады. Шежірелік дерек төңірегінде әртүрлі тарихшылардың пікірлерін салыстыра көрсетеді. Еңбектің «Шежіре басы» атты бөлімінде Шәкәрім түрік нәсілінің шығу тегі жайында ойларын бере отырып, Әбілғазы Баһадұр ханның «Шежіре түрік» еңбегіндегі Нұх пайғамбардың ұлы Яфистен тараған 8 баланың бірі түрік болғаны жайлы деректі, Радловтың «Ұйғырлар туралы кітабындағы түрікті ағаштан жаралды» деген болжамдарын, Қытай шежіресіндегі түрік жұртын қасқыр мен адамның қосылуынан болды деген сөзді, еш сөзге қисынбайды деп өз көзқарасын білдіреді. Шежіре еңбегінің ең басты құндылығы өткен замандағы түрлі жазбалар мен кітаптардың мәліметтерін салыстыра топтап-жинап, елеп-екшеп ұсынуында. Шәкәрім кітаптардың көбін түпнұсқа күйінде оқып танысқан. Шәкәрімнің Меккеге бару сапары да таза діншілдік ниеттен, тек қана қажы атану ойынан тумаған. Оның бұл сапарында өзге де мақсатының болғандығы анық. Ол жөнінде ақынның өзі былай деген: «Меккеге бара жатқан сапарымда Стамбулда 13 күн, бері келе жатқанда тағы 13 күн болып тарихты ақтардым, керек кітаптарды почтамен үйге жіберіп отырдым. Меккенің де, Мединенің да тарихтарын ақтардым, жол қатынасы жайсыз болып Мысырға (Египетке) баруға рұқсат ала алмадым. Сол сапарда Шығыс, Батыс ғалымдарымен сөйлесіп пікірлестім, ерте кезеңде шыққан ғалымдар шығармаларын жаздырып алдым». Ақынның «Жасымнан жетік білдім түрік тілін» деп жырлауы сондықтан, қандай еңбекке болса да зерделей үңіліп, оның дәнін алып, көпшілікке мәлімдей білу оның қаламгерлік болмысына тән. «Қазақтың қайдан шыққаны» деп аталатын ең ірі тарауында қазақ халқының шыққан тегі, жүріп өткен тарихи жолы, қазақтың үш жүзі, хандары, жекелеген рулар тарихы турасында мол мағлұматтар берілген. Шәкәрім бір рудың шежіресін таратқанда нақты мысалдар негізінде еңбектің көркемдік қалпын, мазмұнын әрлендіре түседі, құрғақ деректерге бой ұрмайды. Тарихи аңыз әңгімені пайдаланып Әбілғазы Баһадүр мен Аристов кітаптарындағы мағлұматтарға сүйеніп Шәкәрім бір мәселе туралы былай деп жазады: «Біздің қазақтың үш жүзге бөлінгенін қазақтар былайша айтады: Әз Жәнібек қазақты Қашғардағы Шағатай нәсіліне қаратқан соң кешікпей сол кезде қазақты һәм көшпелі басқа елдерді Жүніс ханның Ахмед деген баласы билеп, оның ағасы Жәнікей, шын аты Махмұд деген Ташкентте үлкен хан болыпты», - дей келіп Ахмед ханның қазақтан әскер жасақтап, қалмақты шапқанын баяндайды. «Қалмақты шаба берген соң, - делінген шежіреде, - қалмақтар Ахмед ханды «алашы» қойыпты, мағынасы жан алғыш дегені. Оны естіген Ахмед хан, қалмақ бұл атты қорыққан соң қойды, енді қалмақты шапқанда «алашылап» шабыңдар деген соң, қазақтар «алашы» деп шауып сол қазаққа ұран болыпты. Алаш – алаш болғанда, Алашы хан болғанда, қалмаққа не қылмақ, - деп мақтанатыны сол» - дейді Шәкәрім. Осы мысал негізінде ақ тарихты дұрыс көрсетуге тырысқан. Қазақ тарихын баяндай келіп ол Қобыланды батыр туралы мынандай бір деректі алға тартады: Қара қыпшақ Қобыланды бірде Әбілқайыр ханның сүйікті қазысы Дайыр қожаны өлтіріп кетеді. Әз Жәнібек хан Қобыландыны өлтіру туралы бұйрық береді. Әбілқайыр Қобыландыны жақсы көреді, әрі ел тыныштығын ойлап дауды үш кісінің құнын төлетумен тәмамдайды. Сонда Дайыр қожаның әкесі Қыдан баласының сүйегін айналып жүріп: «Қара қыпшақ Қобыланды да нең бар еді құлыным», - деп қапаланса керек. Кейінірек бұл сөз қазақ ішінде кең тарап кетсе керек. Шәкәрім шежіресінде Қобыланды батыр қазақ атаулы елдің ноғайлы атымен жүрген заманының адамы. Жырда адасқанын жолға салдың бұл ноғайлы елінің деп келетін ұйқас қазақ атаулы рулардың ол кезде ноғайлы болып жүргенін көрсетеді. Мұндай тарихи деректер шежіреде көп кездеседі. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Күлтөбенің басында күнде кеңес», «Еңсегей бойлы ер Есім», «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» сияқты ел ішінде көп айтылатын мән-мағыналы көпшілікке түгел таныс емес ұғымдар астарына үңіліп, әрқайсының шығу этимологиясы, онымен сабақтас жағдайлар турасында айтылатын деректер осының айғағы. Қазақтар 1723 жылы қалмақтан жеңіліп үдере көшкен тұста Шәкәрімнің баяндауынша «аш-жалаңаш» жаяу шұбап бір көлдің басына келіп, көлді айнала жатса бір ақсақал: «Балаларым адам басынан кешкен жақсылықты қандай ұмытпаса, жаманшылық көргенін сондай ұмытпау керек, біздің бұл көрген бейнетіміздің аты «ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» болсын» депті. Табанымыз ағарғанша жаяу жүріп, көлді айналып жатқан деген күн мағынада айтылса керек қария сөзі. Және сол жолда айтылған қазақтың ескі өлеңінде ауыл көшкенде Қаратаудан көш асқанда енесін артып алған бір тайлақ көшті жанап боздайды, қарындасын жақынын қалмақтар өлтірген жылаулар оны жоқтап, ол да зарлайды. Бұл шежіреде көрсетілген ел басына түскен ауыр кезең болатын. Шежіреде байқалатын тағы бір нәрсе халықтың тарихына, этнографиясына, мәдениетіне байланысты деректердің молдығы. Ақын шежіресінде елдің бәріне бірдей түсінікті бола бермейтін, көнерген немесе басқа тілдерден кірген сөздерге, тарихи атауларға түсінік беріліп отырады, бірталай сөздің түп төркінін анықтап өз пікірін беріп отыруы орынды. Шежіреде Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Нартайлақ-Айсұлу» поэмалары оқиғасының тарихтың негізі бар. Кейбір тарихтық мағлұмат-деректер де тарихи дастандарда кеңейтіліп сипатталады. «Еңлік-Кебек» дастанындағы «Ту тіккен Тобықтының қолбасшысы, Жуантаяқ Тоқтамыс деген кісі», - деген сөзге: Тобықтының бір топ елінің аты, - деген деп түсінік береді. «Жуантаяқ» - Тобықты ішіндегі іргелі аталардың бірінің атауы. Шежіреде бұл атаудың шығуын Шәкәрім былайша түсіндіреді: «...Тобықтының екі баласы Ырысбетек, Дәулетек. Бұл Дәулетек бір аста жуан таяқ ұстап, ошақ басын қорғағаннан «Жуантаяқ» атанып, нәсілі де сол атпен атанды». «Қалқаман-Мамыр» дастаны оқиғасына да қатысты жайлар шежіреде аз емес. «Ол түгіл, Әнет бабаң көшке ере алмай, тірідей дөң басында қалған өлмей» деп ақын дастанның соңында халықтың басына түскен алапат дүрбелеңнен, Қалқаманды іздемек түгіл бас қайғы болып, Әнет баба сынды дана қариялардың айдалада қалып қоюынан хабар беріп кетсе, «Шежіреде» бұл мәліметті толықтыра түседі. «Біздің Әнет бабаң» деген кісінің 97 жасында жүре алмай қалған жолы да осы. Бабаңмен туысқан Қалқаманның Мәмбетейдің Мамыр деген қызы туралы оққа байладың деп, Әнет бабаңа өкпелеп, Бұхара төңірегіне кеткені де осы жолының аз ғана алды еді, - дейді. Демек Шәкәрімнің көркем шығармаларын, тарихи әңгімелерін толық, терең, түсініп оқу үшін оның шежіресін жақсы білуіміз керек. Шежіренің екінші бөлімі өлеңмен жазылған. «Мақсұд» атты өлеңі Жаратушы Аллаға («Бір Алла бергеніңе сансыз шүкір») мінәжат етуден басталады. Автор шежіре жазудағы мақсатын, халықтың өткен тарихын жазу арқылы ұрпақтарға адамгершілік тәрбиесі ықпалын жасау мұратын білдіреді. Халықтың да, билеуші хандардың да татулықпен еңбексүйгіштікпен ғана өсіп-өркендейтін ұлағатын уағыздайды. Шежіренің «Қазақ» атты бөлігінде ұлттық өркендеуіне кедергі болып отырған кесапатты қылықтар өткір тілмен сыналады. Ғылымды, өнер-білімді игеруге құлықсыздықты, ағайын ішіндегі араздықты, ұрлық, өтірік т.б. кертартпалықты сынайды. Шежіренің «Нәсихат» атты бөлімінде халқының үлкендерін де, жастарын да ғылымды игеруге шақырады. Шежіредегі «Қазақтың түп атасы» - тарихи дастан түрінде жазылған шығарма. Оны мынандай тақырыпшалар арқылы саралауға болады: біріншісі - қазақтың түркі оғыз тайпалары бірлестігі кезеңі; екіншісі - түркі-моңғол тайпалары бірлестігі кезеңі; үшіншісі - Алтын Орда қыпшақ дәуіріндегі қазақ тарихы; төртіншісі - Сақа, Осман түріктерінің тарихы; бесіншісі - қазақ хандығы кезеңіндегі оқиғалар; алтыншысы - ХVІІІ ғ. Абылай хан басқарған кезең, қазақ-қалмақ соғыстары. Бұл тарихи дастан-шежіреден халқымыз тарихындағы көрнекті тұлғаларға деректік сипаттама көрсетілгенін байқаймыз. Шәкәрім шежіресіне жазушы, әдебиетші, тарихшы, ғалымдар жете көңіл бөліп өздерінің зерттеу еңбектерінде пайдаланып отырған. Сәкен Сейфуллин «Билер дәуірінің әдебиеті» кітабында Алаша хан туралы айта келіп, Шәкәрім шежіресіне сілтеме жасайды. М.Әуезов Абайға арналған әдеби және ғылыми зерттеу жұмыстарында Шәкәрімнің шежіресін және басқа да еңбектерін орынды пайдаланған. Шәкәрім шежіресінің идеялық мұраты - халықтың бұрынғы және кейінгі тарихын жалғастыра отырып, қазақ халқына ілгері өрлеу үшін жол көрсету үшін Шәкәрімнің азаматтық, қаламгерлік келбетін саралағанда оның шығармаларын бір-бірінен бөлмей біртұтас мұра ретінде қарастыруымыз абзал, өйткені олар көркем ой, асқақ идея, перзенттік көзқарас жағынан ажырамас туындылар. Ақынның «құр шежіре демеңіз мұның өзі, сыйлаңыз ғибрат алып әрбір сөзін» деп өзі айтқандай оны өнегелі өскен деп біліп, терең зерттеп оқып, ғибрат алуымыз керек. P.S. Шәкәрім шежіресін оқымай бірде бір шежіреге қадам басуға болмайды деген алаш арыстарының пікірін құб алар қалың оқырманға арнайылап ұсынып отырмыз. Асекеңнің сегіз қырлы бір сырлы ашық жарқын, бала көңіл азаматтық істері көп. 60 жастық мерейтойында Нұрбұлан Өтепбаевтың сыйға тартқан «Бәйге алдында» атты туындысын қабырғаға ілген сәттегі соңғы фотосуреті. Тарих ғылымдарының кандидаты, марқұм Асқар Сләмұлының жеке қорындағы материал мен фотосуретті баспаға бір топ шәкірттерінің атынан ұсынған Асқар ҚҰМАР. Редакцияға жолдаған О. Сәрсенбин.