АСТАНАДА "ҚЫЗЫЛ ОРАМАЛДЫ ШЫНАРЫМ" ҚОЙЫЛЫМЫНЫҢ ПРЕМЬЕРАСЫ ӨТЕДІ
2017 ж. 26 мамыр
3609
1
Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры 31 мамыр күні, сағат 19.00 «Бейбітшілік және Келісім сарайында» «Қызыл орамалды шынарым» атты лирикалық драмасының премьерасын өткізеді.
Қырғыз әдебиетінің патриархы, әлемге әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың "Арманым Әселім" атты хикаясын арқау еткен сахналық қойылымдар көп. Жуырда Астана қаласындағы Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ драма театры бұл шығарманы "Қызыл орамалды шынарым" деген атпен қалың жұртшылыққа тағы бір ұсынбақ.
Қазақстанның халық әртісі, танымал режиссер Талғат Теменовтың жетекшілік етуімен сахналанып жатқан қойылым өзінің лирикалық сарынымен, терең психологиялық иірімдерімен ерекшеленеді.
Шығармада өткен ғасырдың 60-жылдарында Тянь-Шань тауларының бөктерінде, Қырғыз жеріндегі Долан асуында өткен оқиға сипатталады. Жолшыбай жолығып қалған ауылдың айдау ару қызы Әсел мен көлік жүргізушісі Ілияс мөлдір махаббаттың арбауына түсіп, небір қызықты да қилы сәттерді бастан кешіреді. Екі жастың іңкәрлігі көркем суреттеледі. Алайда, екеуі де бастарына қонған бақтан қас-қағым сәтте айырылып, шаңырақтары шайқалады.
Қойылымда режиссер алғашқы махаббаттың қаншалық ыстық екенін, отбасындағы береке-бірлік, нәпсісін тыймаса бақытты адамның бір сәтте бақытсыз болып шыға келуі мүмкін екенін көрерменге шебер жеткізеді.
Аталмыш қойылымды Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары мамырдың 31 күні сағат 19:00-де Бейбітшілік және келісім сарайында тамашалай алады.
Алтай Сағидолда,