БІРТУАР НҰРТАС ОҢДАСЫНОВ ҚҰРМЕТІНЕ АРНАЛДЫ
2017 ж. 18 мамыр
4317
0
С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің «Даңқ» залында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасынов туралы деректі фильмнің көрсетілімі өтті.
Бұл дүниені ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Алматыфильм» киностудиясы бірлесіп шығарған.
Оңдасын Тастанов режиссерлік еткен бұл фильм Гүлсім Оразалықызының «Нұртас Оңдасынов» атты кітабының желісі бойынша түсіріліпті. Туындыда Қазақстан Үкіметін ең ауыр кезеңдерде
[caption id="attachment_69498" align="alignright" width="265"] OLYMPUS DIGITAL CAMERA[/caption]
(1938-1951) басқарып, еліміздің экономикасы мен өнеркәсібінің, мәдениеті мен ғылым-білімінің дамуына орасан зор үлес қосқан асқар тұлғаның өмірі мен қызметі біршама терең қамтылған.
Бір топ студенттердің қатысуымен өткен осынау шараға М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының профессоры Нұриддин Балқияұлы, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, ақын Қазыбек Иса, белгілі журналист-жазушы,оңдасыновтанушы Гүлсім Оразалықызы қатысты.
Жиын тізгінін ұстаған Гүлсім Оразалықызы:
– Фильм туралы көп дүние айтуға болады. Түсірілім тобы бір жарым жылдай жұмыс істеді. Он үш жыл бойы қазақ Үкіметін басқарған Нұртас Дәндібайұлының қазақ халқы үшін жасаған еңбегі ұшан-теңіз. Тіпті ол кісінің ел басқарған әрбір жылына бір фильм арнауға тұрарлықтай. Бір сағаттық деректіфилмде ол кісінің барлық өмір жолы мен қызметін сыйғызу мүмкін емес. Сондықтан, қазіргі таңда екінші сериясы бойынша жұмыстар істелуде. Сіздер медицина саласының болашақ мамандары болғандықтан, Нұртас Оңдасыновтың өздеріңізге қатысты тұсын тілге тиек еткім келіп отыр. Ол кісі қазақ медицинасының дамуына ұлан-ғайыр үлес қосқан бірден-бір адам. Мына өздеріңіз отырған блім ордасының іргетасын қалаған да Оңдасынов. Ол үшін Мәскеуден арнайы білікті мамандар шақыртып, осы оқу орнының жобасын жасатқан болатын. 1938 жылы ана мен бала денсаулығына ойдағыдай көңіл аударылмай, бала өлімі жиілеген тұста еліміздегі ауруханаларда Балаларды емдеу бөлімін ашқызған-ды», – деді.
Басқосуда сөз алған М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының профессоры Нұриддин Балқияұлы:
– Егемен еліміздің ертеңінің жарқын болып, дамудың даңғыл жолымен жүріп келе жатқаны да кезінде халықтың болашағы үшін аянбай тер төккен Нұртас Оңдасыновтай ардақты азаматтарымыздың арқасы екені сөзсіз.
Нұртас ағамыз өздеріңіз білетіндей, киелі Түркістан өңірінің азаматы. Ол кісі өмірінің соңы жылдарында науқастанып, туған еліне ат басын бұрған тұста аймақтың ақсақалдары жиналып халін сұрауға барған екен. Сонда әлгі кісілер: «Нұртас, сен бүкіл халықтың жағдайы жақсы болуы үшін бар нәрсені жасауға тырыстың. Ал өзіңнің туған еліңе қандай игі іс жасадың?» – деп сұрапты. Сонда ол кісі тек туған елі үшін ғана емес, бүкіл қазақ елінің жай-күйіне алаңдайтынын айтқан екен. Дегенмен, өзі өскен өңірді де назарынан тыс қалдырмаған, әрине. Сол заманда Үкіметтің арнайы қаулысымен өзінің туған жерінен мектеп салдырған-ды. Қазіргі таңда сол білім ордасы Нұртас Оңдасыновтың атымен аталады. Нұртас Дәндібайұлы дүниеден өтерінің алдында өзін туған жерге жерлеуін тапсырыпты. Мұның өзі ол кісінің туған елге, туған жерге деген махаббатының бір көрінісі іспетті», – дей келіп, елі мен жерін шексіз сүйген ер өмірін жас ұрпаққа лайықты үлгі етті.
Ал «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, ақын Қазыбек Иса:
– 1938 жылдары, өздеріңіз білетіндей, репрессияның салдарынан еліміз зұлмат заманды бастан кешті. Ол заманда Сталин немесе Совет үкіметі туралы жақсы сөз айтпады деп біредің сыртынан бір ауыз сөз айтылса, ешқандай тергеусіз, сотсыз-ақ ату жазасына кесіп жіберетін-ді. Осындай сұм саясаттың салдарынан Қазақстанда 125 мың адам тұтқындалып, оның 25-мыңы атылып кеткені белгілі. Сондай қиын кезде, ел басқарған Нұртас Оңдасынов: «Бірінші, сонша жыл елбасқарып, біреуге нақақтан жала жауып, қиянатқа барғанемеспін – АРЫМ ТАЗА. Екінші, 1937-1938 жылдардағы қаралыкүндерде боздақтарды атып жатқанда, бір қағазға да қол қойғанемеспін – ҚОЛЫМ ТАЗА!Үшінші, адамдарды жершілдікке, атаға, руға, жүзге бөлген емеспін – ЖҮЗІМ ТАЗА!» – деген сөз айтты. Ел басына күн туған сол бір шақта мұндай сөз айту екінің бірінің қолынан келмес ерлік еді. Әрбір адамның бойынан табылуға тиіс осы бір үш тазалықты Парламенттің, Үкіметтің, әрбір мемлекеттік мекемелердің, әкімшіліктердің маңдайшысына жазып, іліп қою керек. Нұртас Оңдасынов айтқан сөзге біздің биліктің тізгінін ұстаған еліміздің әрбір азаматы лайық болуы керек.
Әр заман Нұртас Оңдасынов сынды мемлекет және қоғам қайраткерлерін туғыза берсе, онда біздің жас мемлекетіміз гүлденіп, көркейіп, көк туымыз көгімізде мәңгі желбірей бермек», – деп елі үшін туған ердің қайраткерлік қырын аша түсті.
Кеш соңында оқу орнының оқытушы, профессорлары да біртуар Нұртас Оңдасыновтың өнегелі өмірі туралы толғамды ойларын айтты.
Залға жиылған жастар тұғырлы тұлға турасындағы тартымды әңгімеден кейін аталған деректі фильмді тамашалады.
Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz