ӨНЕГЕЛІ ӨМІР, ӨШПЕС ӨНЕР
2017 ж. 02 мамыр
2707
0
М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында Қазақстанның Халық артисі Әшірәлі Кенжеевке 70 жыл толуына орай еске алу шарасы өтті. Киелі Оңтүстік топырағынан нәр алып өскен талант иесі Әшірәлі Кенжеевтің рухына арналған осынау кеш оның өмірінен сыр шертетін бейнероликті тамашалаудан басталды. Шара тізгінін Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов ұстады.
Алғашқы болып сахна төріне көтерілген Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Ақтоты Райымқұлова: «Әшірәлі Кенжеевтің өзі жоқ болса да, ол кісінің өмірлік жары Торғын апамыз сахнаның төрінде. Ал, ағамыздың жарқын бейнесі көрермен қауымның жадында мәңгілік сақталады. Ендігі жерде ол кісінің ізінен ерген ұл-қыздары мен немерелері аман болсын деп тілейміз», – деп ізгі тілегін білдірді. Сондай-ақ, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының арнайы сәлемін жеткізді.
Шара барысында бүгінгі кештің кейіпкері туралы ағынан ақтарылған Қазақ КСР Халық артисі Асанаәлі Әшімов: «Біз Әшірәліні Әшкөнтай деп атайтынбыз. Өзімнен он жас кіші болғандықтан көбіне оны жұмсайтынмын да. Көңілі кіршіксіз таза, жайдары мінезді ізімізден ерген ініміз еді. Оның өзгелерден дараланып тұратын басты қасиеті – өнерге де, өмірге де таза көзқараспен қарайтындығы тұғын. Әшірәлі өзінің қатарластарымен бірге Әуезов театры жұмысының ілгерілеуіне бар күш-жігерін жұмсады. Ол көзі тірі болғанда әлі талай дара образдар жасайтын еді. Торғын екеуінің жарасымды жұбайлық өмірі көпке үлгі болған-ды. Әшірәлі өздеріңіз білетіндей – Оңтүстік өңірінің тумасы. Ендігі дерде пейілі кең аймақтың атқамінер атпал азаматтары Әшірәлі Кенжеевтей арда ұлдарының атын мәңгі есте сақтау жолында игі істер атқарады деп ойлаймын», – деп түйіндеді сөзін.
Осы тұста кеш кейіпкерінің үзеңгілес әріптесі, Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі Салиха Қожақова да сөз алып, өткен күндердің естен кетпес естеліктерімен бөлісті.
Шара барысында театр өнерпаздары Ләззат Қалдыбекова, Айзада Сатыбалдиева, Салтанат Бақаевалардың шырқаған әсем әндері кеш көрігін кіргізе түсті. Ал, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Франц Кафка атындағы Халықарық Алтын медалінің иегері, ақын Шөмішбай Сариев жырдан шашу шашты.
Осынау шараның аясында сахна төрінен табылған Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, Мемлекеттік сыйлық иегері, ақын Нұрлан Оразалин: «Өздеріңіз білетіндей, сонау 1937-1938-жылдардағы репрессия, одан кейінгі Ұлы Отан соғысының қаратүнек күндері бізді қаншама арда азаматарымыздан айырды. Дегенмен, осынау қиын-қыстау заманда алтын құрсақ аналарымыз соғыстан соң туғандар деп аталатын өлең жолдарына арқау болған тегеурінді, текті ұрпақты дүниеге әкелді. Олардың көш басында қазақ мәдениетіндегі орны бөлек, тұғыры биік тұлға Асанәлі Әшімов тұр десек артық айтқандық емес. Ал, бүгінгі кештің кейіпкері, Әшірәлі Кенжеев те сол соғыстан соң туғандардың арасындағы ерекше адал, өнері де саф таза замандас досымыз еді. Сол ақ-адал кейпінен айнымастан қазақ мәдениеті мен руханиятын биікке көтеруге біркісідей атсалысты. Енді ғана толысқан шағында өмірден өте барғаны бәріміз үшін де өкінішті, әрине. Әшірәлідей актердің атын ардақтап жатқан Асекең бастаған театр ұжымына айтар алғысымыз шексіз», – деп ризашылығын білдірді. Сөйтіп Асанәлі Әшімов екеуі Әшірәлі Кенжеев туралы жарық көрген жаңа кітаптың тұсауын кесті.
Әшірәлі сынды сахна сардарын елі есіне алған осы күні актердің жан жары, Қазақстанның Халық артисі Торғын Тасыбекова сөз алып: «Бізді таныстырған да, табыстырған да осы өнер. Ал, осынау әлемге ғашық қылған біздің киелі театрымыз. Біздің биік шыңнан көрінуімізге сіздердің өнерге деген шынайы ықылас-пейілдеріңіз бен махаббатарыңыз ықпал етті деп білемін. Балаларымыздың да осы театрда жүгіріп жүріп қалай өсіп жетілгенін де байқамай қалдық. Бүгінгі кеш тазалықтың бір көрінісіндей болып өтіп жатқаны да көңіл қуантады. Ендеше, Әшірәлідей абзал азаматтың рухын сыйлап келген барша көрермен қауымға, ағайын-туысқа ризашылығымды білдіремін», – деп жүрекжарды лебізін білдірді.
Ал, Торғын апамыз өзінің өмірлік серігіне арнаған әнін шырқағанда зал толы көрермен қатты тебіренді.
Театр директоры Ерлан Біләлдің сөзімен қорытындыланған бұл жиында Мәдениет және спорт министрінің арнайы гүл шоқтары табысталды.
Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz