Мұхтар Тайжан «Нұр Отаннан» Димашқа тимеулерін өтінді
2017 ж. 19 сәуір
3454
5
Белгілі экономист, қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан танымал әнші Димаш Құдайбергенді саясатқа араластырмауын сұрап, «Нұр Отан» партиясына өтінішін айтты.
Бұл туралы Sn.kz жазады.
Еске салайық, кеше ғана Қытайда мәресіне жеткен халықаралық «I am Singer» байқауында қазақтың дарынды жас әншісі екінші орынды иеленген болатын. Бірнеше айға созылған осынау байқау кезінде Димаштың тыңдармандарының саны еселеп артып, әлемнің танымал өнер жұлдыздарының өзі оның талантына бас иді.
Ал, Қазақстанда мұндай танымалдылыққа ие болған өнер және спорт жұлдыздары әдетте «Нұр Отан» партиясының қатарына өтіп, саяси науқандарға жиі тартылатыны жасырын емес. Мұхтар Тайжан осы орайда партия басшыларынан Димашты саясатқа аралстырмауларын сұрап отыр.
«"Нұр Отанға", идеологтарға және өзгелерге үлкен өтініш, Димашты саясатқа араластырмаңыздар. Енді оған өздеріңіз ойнайтын үлкендер ойынын ойнатып, партия қатарына қосып, ода айтқызып, үгіт-насихат жүргізуге жол бермеңіздер. Жаратушы оған осындай талант берген екен, енді ол өнермен еш кедергісіз айналыссын. Ең болмағанда Димашты өнерде қалдырайық», - делінген М.Тайжанның Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбасында.
Еске салайық, «Нұр Отан» партиясының соңғы съезіне әйгілі кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин, дарынды әншілер Қайрат Нұртас пен Жанар Дұғалова және өзге де жас таланттар қатысып, біразы Парламент сайлауы кезінде үгіт-насихат жұмыстарымен айналысты.