«Ғасыр куәгері Айша анамызға мың алғыс!»
2017 ж. 28 ақпан
2602
1
1 наурыз – Алғыс айту күні, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қазақстан Театрлары ассоциациясының ұйымдастыруымен 5 наурызда Қазақстанның халық артисі, «Құрмет» белгісі, «Парасат» ордендерінің иегері, 100 жастағы Айша Абдуллинаның өмірі мен шығармашылығына арналған «Ғасыр куәгері Айша анамызға мың алғыс!» атты мерейтойлық кеш өтеді.
Өтетін орны: М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры (Үлкен зал)
Өту уақыты: 5 наурыз, 2017 жыл.
Басталуы: 18.30.
Театр өнерінің дамуы мен болашағын өркендету, театр қайраткерлеріне қолдау таныту идеясы негізінде 2016 жылы құрылған Қазақстан театрлары ассоциациясы (ҚТА) жалпы театрларға ортақ анықталған негізгі бағыттарды жүзеге асыру мақсатын ұстанады. Қазақстан театрлары ассоциациясының алғашқы жобаларының бірі – 1 наурыз – Алғыс айту күні мен 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мейрамы қарсаңында көрнекті сахнагер, Қазақстанның халық артисі, «Парасат» «Құрмет» орденінің иегері, 100 жастағы Айша Абдуллинаның өмірі мен шығармашылығына арналған мерейтойлық кеш ұйымдастыру болып отыр.
А.Абдуллина өнер жолын 1933 жылы М.Әуезов атындағы қазақ драма театрында бастаған. 1947 жылдан бастап алпыс бес жылға жуық өмірін Ж.Шанин атындағы Оңтүстік Қазақстан драма театрының сахнасында өткерді. «Қыз Жібекте» Қыз Жібек, «Қозы Көрпеш- Баян сұлуда» Баян, «Қобыландыда» Құртқа, «Ер Тарғында» Ақжүніс, «Асауға-тұсауда» Катарина, «Отеллода» Дездемона, «Ромео-Джульеттада» леди Капулетти, «Екі мырзаға бір қызметшіде» Беатриче т.б. көркем рольдерімен көрермен көзайымына айналды. 200-ден аса сүбелі бейне жасаған актриса 14 рет Кеңес Одағы медальдарымен марапатталды, 1958 жылы Қазақ КСР халық артисі құрметті атағын алды.
А.Абдулина, театр өнерімен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысты. Оңтүстік Қазақстан облыстық кеңесіне және екі мәрте Шымкент қалалық кеңесіне депутаттыққа сайланып, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың екі мәрте «Алғыс хатымен» марапатталып, 1996 жылы Президент стипендиясының иегері атанды.
Театр өнеріне өлшеусіз еңбегі сіңген, ел мәдениеті үшін адал қызмет еткен 100 жастағы Айша анамыздың өнегелі өнері мен парасатты өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге екені ақиқат.
Ұлт мақтанышының ұлағатты өмірін насихаттау «Айша Абдуллина 100 жаста» атты мерейтойлық кешті ұйымдастыру Қазақстан Театрлары ассоциациясының Құрылтай съезінде бекітілген Жарғы негізіндегі басты міндеттердің бір тармағы болып табылады.
Байланыс телефондары: 8 (727) 3946545, 8778 8848691
qazaquni.kz