Академик Мұхтарбай Өтелбаев: ҚАЗАҚ ТІЛІ ІС ЖҮЗІНДЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ БОЛА АЛМАЙ ОТЫР!

«Қазақстанда өмiр сүрiп жатырмыз» деуге моральдық хақымыз жоқ!

 
[caption id="attachment_65199" align="aligncenter" width="600"]Мұхтарбай Өтелбаев Мұхтарбай Өтелбаев[/caption]

– Уәлбай Өмiрбаев бауырымыз әйгiлi «Нагата проблемасын» шешiп, әлемдi таң қалдырса, сiз одан да қиынға құлаш сермедiңiз – бойға бiткен намыстың күшiмен «қазақтың ешкiмнен кем емес екенiн, қайта кейбiр жерде артық екенiн дәлелдеймiн» деп 35 жыл бойы «мыңжылдықтың 7 есебiнiң» бiреуi – Новье-Стокс теңдеуiн шешумен айналыстыңыз. Өзiңiз айтқандай, Алла-тағала жар болып, оны шығардыңыз да. Ендi «теңдеудiң шешiмi табылды, Өтелбаевқа 1 миллион доллар берiлсiн!» деп осы сыйлықты тағайындаған Клэй институты кесiктi сөзiн қашан айтатын болады?

Әр отбасыда кемi төрт баладан болғанда ғана көбейе аламыз

– Шешкен есебiмнiң әлде де кейбiр кемшiлiгi бар, соларды жетiлдiруiм керек. Жүз пайыз шешемiн ғой, оған күмәнiм жоқ. Қазiргi нұсқасымен әлемдегi ғалымдар танысып жатыр. Қолдайтындар да, қарсы шығатындар да табылатыны сөзсiз. Әсiресе, өзiмiздiң қазақтар қаптап қарсы шығатын шығар... Шешiм талқылау нәтижесiнде барып қабылданады ғой. Солай болғаны дұрыс та шығар. «7 есептiң» бiрiншiсiн шешкен мәскеулiк Г.Перельманға қытайлық бiр ғалым «мен оның мынадай қатесiн жөндедiм, жүлденiң мұншасы маған тиесiлi» дегенi бар. Мүмкiн, сондай сөзден қашты ма, әлде өзiнiң бiр кемшiлiгiн бiлдi ме, әйтеуiр, Перельман ақшасын алмады ғой...

– Сiз алсаңыз миллионды қайда жұмсар едiңiз?

– 1 миллион долларды таңғаларлық дүние жасауға, мысалы, түркi әлемi ғалымдарының музейiн салуға, қалай болғанда да пайдалы, сауапты iске жұмсасам деймiн. Екiншi жағынан қазынаның ақшасын ұрлауға құмарларға үлгi көрсетсем деймiн. Перельман да «осы иттiң балалары неге тоймайды, неге қанағат етпейдi, сол миллион долларсыз да жап-жақсы өмiр сүруге болатынын көрсетейiн» деген оймен алмады-ау деймiн.

– 10 жыл бұрынғы сұхбатыңызда: «Ендi бiр 20–25 жылда роботтар бүгiнгi автомобильдер сияқты қаптайтын болады, бiз робот шығарумен айналысуымыз керек» деп едiңiз. 20 жылдың 10 жылы өтiп те кеттi... Бiрақ, онымен айналысқан ешкiм болмады-ау деймiн?

– Жоқ, робот шығарумен айналысып жатқан ешкiм жоқ...

– Сол кезде дрон жасауға кiрiсiп кеткенiмiзде ендiгi талай жерге барып қалар ма едiк, ә?

– Әлi де талай нәрсеге кiрiсiп кетуге болады... Экономиканы тез дамытудың бiрден-бiр жолы – инновацияны, өзiмiздiң ғана емес, бiрiншi кезекте әлемдiк озық жаңалықтарды барынша кең енгiзу. Президент Н.Назарбаевтың өзi де инновацияға жол ашыңдар деп талап қойып отыр емес пе? Алайда, ескеретiн бiр мәселе, инновацияны тек өзiмiздiң ғалымдарымыздың күшiмен дамыта алмаймыз, өйткенi бiздiң елде әлем халқының төрт жүзден бiрi ғана тұрады. Инновацияны енгiзумен айналысатын ғалымдар емес, бизнесмендер, бай адамдар, олигархтар ғой. Солар жылт еткен жаңалықты өндiрiске енгiзе қоюға құмбыл болуы тиiс. Дамыған елдер инновацияны дәл осылай дұрыс пайдалануда, соның арқасында қатты алға кетiп қалды. Жапония да, Оңтүстiк Корея да, Қытай да сөйттi. Бiздiң байлар, бизнесмендер олар секiлдi жұмыс iстеудi үйрене алмай-ақ келедi... Оның есесiне бюджеттiң қаржысын жетер жерiне жеткiзбей «бөлшектеп кесудi» меңгергенi сонша, оның шырқау шыңына шығып алды. Сөйтедi де «экономикалық саясат дұрыс емес» деп бар кiнәнi билiкке аудара салғысы келедi.

Бiздiң елде жалпы демографиялық жағдай Оңтүстiк Қазақстан облысындағыдай деңгейде болса дамудың бүгiнгi қарқынына да қанағат етуге болар едi, бiрақ, ондай емес қой, бала өсiмi тоқтап қалды ғой. Ал, халық әр отбасыда кемi 4 бала болғанда ғана көбейе алады.

– Ой, аға, Шымкентте де қазiр жетiсiп тұрған жоқ, бүгiн үш баладан асырып жатқандар өте сирек. Сiз, сiрә, Шымкенттi Ташкентпен шатастырып алғансыз ғой... Әне, олар соңғы он жылда бала өсiмi бойынша әлемнiң алдын бермей келе жатқаны рас. Тұрмыстық жағдайы бiзден төмен, ал, демографиялық ахуалы – жоғары. Парадокс!..

–Жүз жылдан соң дәл осы бiздiң елдiң аумағында да дамыған мемлекет пайда болуы әбден мүмкiн, бiрақ, оның халқы қазақ болмауы мүмкiн... Себебi, Сингапур сияқты болып қалуымыз ғажап емес. Оның халқы бүгiн түгелдей дерлiк қытайлар. Осыдан 100 жыл бұрын Ұйғырстанның iшiне қытайлар соншалықты кiрiп кетедi деп кiм ойлаған. Үрiмшi бұдан бар-жоғы 25 жыл бұрын Алматыдан кiшiлеу қала едi. Қазiр Алматыдан 4 есе үлкен қалаға айналды... Шыңжаңдағы 4 адамның үшеуi қытай.

Табысқа тәртiп қана жеткiзе алады

– Бiздiң маңдайымызға екi алып империяның ортасында өмiр сүрудi жазыпты. Израильдiң халқы араб елдерiнiң халқынан 50 есе кем. Еврей жұрты секiлдi озық техника мен технологияны меңгерсек, бiз де кiммен болса да тереземiздi тең ұстап сөйлесетiн боламыз ғой. Отызыншы жылдары кеңес жастарын жаппай техниканы игеруге, мысалы, ұшқыш болуға шақырған насихат керемет нәтиже берген жоқ па?

– Бiз соған жетуге ұмтылуымыз керек! Бiрақ, қазiргi басты мәселе – халықтың денсаулығын түзеу мен жас ұрпақтың патриоттық сезiмiн арттыру! Мысалы, «болашақтықтардың» жүректерiнiң түкпiрiнде «елiм! елiм!» деген сезiм жатпаса, оларды оқытуымыздан ешнәрсе шықпауы мүмкiн.

Рас, бiзге математиктердi көптеп шығаруға болар едi. Мысалы, 1000 мықты математиктi. Бiрақ, олардың 50-i ғана елiмiзде қалады, қалғаны шет елдерге кетiп қалады...

– Үндiстанның Бангалор қаласы өзiнiң программистерiмен әлемге аты шығып отыр. Тiптi, үндiс математиктерi жұмыссыз қалдырған АҚШ-тың жергiлiктi программистерi арасында «bangalored» деген термин де туды... Математикаға туабiттi қабiлеттi қазақтар елiн «математиктер мемлекетi» жасауға бола ма?

– Егер бiздiң алдымызға мемлекет сондай талап, сондай мiндет қойса, несi бар, әбден болар едi! Кешегi соғыста бiз қалай жеңдiк? Қандай танк, қандай самолет керек, оны қашан, қанша шығару керек, соның бәрiн Сталин тiкелей өзi бақылап, қадағалап отырды ғой. Атом бомбасын жасағанда да Л.Берия екеуi бәрiн қатаң бақылауға алды. Сол темiрдей тәртiп қазiр де артық болмас едi деп ойлаймын. Кiшкентай бастық өзiнен үлкен бастықты алдайды, ол одан да үлкенiн алдайды. Мұндайдың жолын тек тәртiппен ғана кесе аласыз.

– Академик Я.Зельдовичтiң айтуынша, Сталин атом бомбасын жасау керек болғанда академиктердi жинап алып, былай дептi: «Бiз сiздерге жердегi жұмақты орнатып бердiк. Ендi сiздер бiзге 5 жыл iшiнде атом бомбасын жасап берiңiздер. Жасап бермесеңiздер бәрiңiз атыласыздар...» Бiз атом бомбасынан өз еркiмен бас тартып, әлемге үлгi көрсеткен елмiз. Әйтсе де, еврей елi секiлдi ешкiмнiң тiсi батпауы үшiн қорғанысымыз да әлемдiк деңгейде болуы керек шығар?..

– Адамды ату қажет бола қоймас... Әйтсе де, үкiмет бiзге, мысалы, маған нақты да маңызды тапсырма берсе. Мерзiмiн айтса. Қарамағыңызға қанша адам керек, алыңыз десе, математиктер мен физиктер, инженерлер бiрiгiп ары барса 5 жылда елiмiздiң қауiпсiздiгiн толық қамтамасыз ететiн қару-жарақ шығара аламыз деп ойлаймын. Жасай алмасақ, ғалым ретiнде құнымыз көк тиын...

– Оны қалай жасаудың нақты идеясы, сұлбасы басыңызда бар ма?

– Менде жоқ, басқа таныс ғалымдарымда бар. Әскерилердiң Астанада «Қазақстан инжиниринг» деген институты бар, басшысы Ғылым министрi ауысқан сайын ол да ауысады. Ондай жағдайда қайдағы ғылым? Соларға, бiзге тапсырыс берiлсе, бiрiгiп жасап шығарамыз.

– Қарағанды қаласында оғының жылдамдығы ұшқан сайын күшейе түсетiн автомат, төрт жағына бiрдей және 8 есе көп снаряд жаудыра алатын танк, 3,5 келiлiк зеңбiрек, т.б. көптеген керемет қару ойлап тапқан қазақ ғалымы, профессор С.Жетесов деген ғалым тұрады. Сол ғалым «жаңалықтарым өндiрiске әлi күнге дейiн ендiрiлмей отыр» дегендi айтады.

– Хабарым бар. Әйтсе де, қауiпсiздiгiмiздi толық қамтамасыз ету үшiн мүлдем жаңа принциптегi қару ойлап шығару қажет. Оны жасау үшiн қару-жарақ өндiрiсiндегi қалыптасып қалған қасаң ұстанымдарды пайдалануға да болады. Мысалы үшiн айтар болсақ, әскери ұшақ 50 миллион доллар тұрады. 50 мың доллар тұратын кiшкентай ұшақтың 3-4-еуi ана «дәудi» жеңе алатын болсын. Ондай эскадрильяны бiр жетекшi ұшқыш басқарып, қалғандары «беспилотниктер» болуы мүмкiн.

– Сталин Ландауды Англиядан әкелу үшiн ағылшындардың сұраған алтынын берiп, лабораториясымен көшiрiп әкелген екен... Яғни, бiздiң Үкiмет те жағдай жасаса, ғалымдарымыз қандай тапсырма болса да орындауға дайын дейсiз бе?

– Ғалымдар неге шамасы келетiнiн байқайды... Мысалы, жаңағы ой қаншама жылдан берi менiң басымнан шықпай жүр. Ал, оны орындауға мүмкiндiк былай жетедi! Қаржы да бар, мамандар да бар.

– Елiмiздегi математиканың хал-ахуалы қандай екенiн жақсы бiлесiз. Өзге ғылымдардың жайынан да хабардар шығарсыз. Қазiр қазақ ғылымы қандай күйде? «Шын ғалымның саны екi жүз, ғылым докторларының саны үш мың, үш мың адам екi жүз адамды жеп қояды» дейсiз...

– Әлбетте, бiлемiн. Ақбергенов деген аса дарынды ағамыз репрессияның құрбаны болып кеткен екен. Ал, негiзi қазақ математикасы 1975 жылдардан бастап қатты қарқынмен дамыды. А.Тайманов, Т.Аманов деген ғалымдарымыз сол кездегi бүкiл Одақты, тiптi одан алыс елдердi де мойындатты. «Нагата проблемасын» шешкенi үшiн У.Өмiрбаев АҚШ математикалық қоғамының сыйлығын жеңiп алды. Жапыра сыйлық алмаса да А.Жұмадiлдаев, Т.Қалменов, Р.Ойнаров, Ғ.Сәдiбеков, Е.Нұрсұлтанов, Н.Темiрғалиев секiлдi мықты математиктерiмiз толып жатыр. Олардың барлығы да әлемдiк деңгейде мойындалған ғалымдар. Соларды көрген кезде шетелдiктер «бұлар кешегi көшпендiлер едi ғой, мұндай дәрежеге қалай жеттi?» деген таңданыстарын жасыра алмай жатады...

– Е, олар орыс жазушысы Д.Гранин айтқандай «қазақтың жаратылысы философ» екенiн қайдан бiлсiн. Ал, философ адамның математикаға да мықты болатыны антикалық дәуiрде-ақ дәлелденген нәрсе ғой...

– 1992 жылы Бүкiләлемдiк математиктер конгресiнде әлемдiк озық 1000 ғалым арасында 30 қазақтың фамилиясы аталған болатын. Он жыл сайын жасалатын 100 үздiк математик рейтингiсiне де үш ғалымымыз кiрдi. Бiрақ, бiзде жемқорлық айнала жайлап кеттi ғой. Тек математика оған онша бой алдырған жоқ. Оның бiрден-бiр себебi, математикаға көп адамның тiсi батпайтынында емес, Ө.Сұлтанғазин секiлдi математиктер ана қызметте, мына қызметте отырды дегендей. Соның арқасында математиктер «аман қалды». Физик кадрлардың жартысы қалған сықылды. Химиктердiң төрттен бiрi қалды ғой деймiн. Олардың көпшiлiгi жан-жаққа ыдырап кеттi. Бiреуi ректор болып анда кеттi, проректор болып бiреуi мұнда келдi дегендей. Математиктердiң сақталуына мүмкiндiк берген екiншi жайт, бұл ғылымның дамуы үшiн химиядағыдай лаборатория болуы мiндеттi емес қой.

– Сiздерге тапсырыс берсе математиктер мен экономистер елiмiздiң алдағы белгiлi мерзiмде дамуының математикалық дұрыс моделiн жасап бере ала ма? Марқұм Қанат Берентаев «бiз 1992 жылы оны жасадық, тек оған ешкiм құлақ аспады» деп едi. Мүмкiн, бүгiн құлақ асар кез келген шығар? Бiз неге жапоннан, кәрiстен, еврейден, ең ақыры арабтан артта қалуымыз керек? Нақты жоспар жасап, соған жетуiмiзге не кедергi?

– Жуықтап болжауға болады. Жоспар жасағанда оны да дәл орындай алмайсыз ғой. Экономиканың дұрыс даму жолын жоғарыда айттық. Оған қоса, байлар мен олигархтарымыз сәл табыс тапса шетелден үй-жай сатып алғанды, ақшасын шетелдiң банктерiне аударып, сол жаққа кетуге дайындалғанды дұрыс көредi. Дубайдан, Женевадан, Лондоннан керемет үй сатып алатын ақшаны ғалымдарға берсе, олар өндiрiске жаңалық енгiзсе, әне, сонда дамыр едiк. Шенеунiктер мен бизнесмендерiмiздiң тағы бiр бәлелi жерi, олар бiрлесiп алып, ғылымға бөлiнiп жатқан азғантай қаржыға да ауыз салғысы келедi. Ой, оңбағандар-ай! Айтып отырмын ғой, бiз де басқалар қатарлы дами аламыз, бiздi дамытпайтын осындай факторлар.

Бала ойынмен өседi

– Президентiмiз Н.Назарбаев «мемлекеттiң қаржысын тек мен ғана қадағалауым керек пе?» деп бiрнеше рет ескертсе де бiзде жемқорлық тыйылар емес. Ал, сол ғылымға жеткен ақшаның өзiн тиiмдi пайдалана алмайтын ауруымыз бар. Қаржыны игерудiң жолын қалай жақсартуға болады?

– Оның жолы тағы да сол – ғылымға қойылар талап нақты болуы тиiс. Мысалы, маған математикаға қатысты мәселелер бойынша тапсырма берсе. Сондай-ақ, математика мен физика, математика мен химия немесе осы үшеуiнiң түйiсер тұсындағы мәселелердi шешiңдер десе. Бүгiнгi заманда ғылымның бiр саласы жеке дамығаннан гөрi олар араласып дамитын үрдiс кең өрiс жайып отыр.

Бiз ұмтылатын нәрсе көп. Ұмтылып та жатырмыз. Бiрақ, әрқайсысымыз өз бетiмiзбен дамып жатырмыз. Соның бәрiнiң басын қосып, шешушi бағыттарға жұмылдырып, үйлестiрiп отыратын орган керек. Физикамыз, химиямыз неге көңiлдегiдей дамымай жатыр? Ресейден, басқа жерден баяғыда оқып, көрiп келгенiмiздi енгiзуге тырысудамыз. Бiрақ, ғылымның құйрығын ұстап жүрсең, оның алдына қалай шығасың?

– Егер үкiметтен тапсырыс түспесе, өздерiңiз бастама көтерiп, ғалымдар бiрiгiп дамудың балама жобасын ұсына аласыздар ма?

– Математиктердi мен бiрiктiре аламын деп ойлаймын. Басқа салаларды бiлмеймiн. Қалай болғанда да ойланып, iзденiп көруге тұратын нәрсе екен...

– Бұрын кәдiмгi мектептен бөлек республикалық физика-математика мектебi бар едi. Қазiр «Дарын» бар. Оған Қазақ-түрiк лицейi қосылды. Сiз бұл үрдiске қалай қарайсыз?

– Жалпы, бұл мәселенiң қалай еткенде ең оңтайлы, ең дұрыс шешiмi табылатын жолын мен бiлмеймiн. Өйткенi, қай мектепте болса да дарынды балалар бар ғой...

Дегенмен, ондай мектептердiң керек екенiне, жақсы бiлiм беретiнiне дау жоқ. Бiрақ, оларды бiтiргендердiң көбiсi шетелге кеткiсi келiп тұратыны бар... Және бiр жаман жағы, ауылды жердiң дарынды оқушыларының бәрi бiрдей математикалық олимпиадаларға қатыса алмайды. Мұғалiмдерi де мықты, белсендi бола бермейдi. Содан келiп жай мектептiң оқушылары өздерiн аналармен салыстырғанда кем санайтын, қорсынатын жайы бар. Қазақ-түрiк лицейiне келсек, олардың түлектерiнiң ағылшынша сайрап тұратынын байқаймын. Есесiне, қазақша есiле жөнеле алмайтындары да кездеседi... Ал, Назарбаев зияткерлiк мектебi болашақта мемлекеттiк тұлғалар көптеп шығатын мектепке айналатын болады деп үмiттенемiн және сенемiн.

– Бұрын алгебраны оқытуды 6-сыныпта бастаушы едi. Қазiр 1-сыныпта «х», «у», «z» теңдеуiн шығар дейдi. 6 жасар бала «х» пен «у»-тiң мәнiн түсiне ала ма?

– Балалардың түсiну-түсiнбеуi ең алдымен мұғалiмнiң өресiне және тiл байлығына байланысты. Ал, жалпы, баланың кiшкентай кезден басын қатырудың керегi жоқ! Ол түгiлi, маған салса, күнiне бiр сағат ән-күй мен би, бiр сағат дене шынықтыру сабағын оқытар едiм. Күнiне! Себебi, балалар, әсiресе қаладағы балалар ойын ойнаудан алыстап бара жатыр. «Бала ойынмен өседi» дейдi қазақ. Сiз бен бiздiң бала кезiмiзде асыр салып, алысып-жұлысып ойнауға, айқайлап ән айтуға мүмкiндiгiмiз бар едi. Алты жасында бала мектепке барады. Ойын ойнаудан қалады. Ол ең болмаса 8-9 жасқа дейiн армансыз ойнауы керек қой...

Оқушылардың бәрi бiрдей спорт секциясына қатыса алмайды. Және спорт ойын да емес. Студенттер бұрын жатақханада жиналып алып ән айтушы едi. Қазiр ол да естiлмейдi. Себебi, бүгiн адам көңiлiн аулайтын, оны көтередi дейтiн анадайлар бар, мынадайлар бар, заман өзгердi ғой. Оның үстiне жаһанданудың ықпалын қосыңыз.

Бiз тойға көп барамыз, бiрақ, онда да ән салмаймыз. Билеймiз, бiрақ бұл бой жазу, стресс шығару ғана. Ал, мыңдаған жылдардан берi бiзбен бiрге жасап келген ән айту өнерiмiз сыртқа шығатын жол таба алмай, қапасқа түсiп қалды...

Ал, негiзi айтып отырғаныңыз ойландыратын нәрсе. Математика секiлдi пәндердiң мағынасын бала түсiнетiн жасқа келгенде оқытқан дұрыс. Оны мен өз басымнан бiлемiн, МГУ-ге есейген кезiмде бардым, жиырмаға жасы жетпеген студенттермен бiрге оқыдым ғой... Балаларға жастай бiлiм беремiз деп жүрiп оларды шаршатып алмауымыз керек. Мысалы, 5-сыныптағы 20 баланың кемi бесеуiнiң математикаға қабiлетi бар екенiн байқаймын. Ал, 8-сыныпқа келгенде қалса солардың бiр-екеуiнде ғана қызығушылық қалғанын, қалғандарының математикадан жиренiп кеткендерiн көремiн... Мұндай пәндерге қызығушылық туғыза бiлу керек, сол арқылы оқытқан, үйреткен дұрыс.

Бүгiнгi бала тәрбиесiнде адамның рөлi азайып, теледидар мен интернеттiң рөлi күшейiп барады. Баланы компьютердегi өтiрiк емес, өмiрдегi шынайы адамдармен араласуынан ажыратып алмауымыз қажет.

– Баяғыда екi жыл пединституттың ректоры болдыңыз. «Математиканы бiлген адам бәрiн бiледi» деген сөз бар. Математика адамның ойлау жүйесiн реттейдi дейдi. Әйтсе де, бұл пән көп адамға ауыр тиедi. Ендеше, мектеп пен институтта математиканы қалай оқытқан жөн?

– Мен бұл жөнiнде көп ойландым, бiрақ, кемшiлiксiз әдiс таппадым. Оқулық жазуға ең мықты математиктердi, сонымен бiрге тәжiрибесi мол мектеп мұғалiмдерiн тартуымыз керек. Мысалы, менiң жоғары сыныптарға арналған оқулық жаза алуым мүмкiн, ал, бiрақ, 1-сыныптың оқулығын жаза алмаймын. Кiшкентай балалардың психологиясын бiлмеймiн. Және бұл оқулықты жазуға әйел ұстаздардың қатысқаны қажет. Бұл – өте ауыр iс...

Менiңше, басты мәселенiң бiрi – математикаға деген ұмтылысты ояту. Оны оятқан соң ойлау әдiстерiн дамыту. Мен журналист, жазушылармен көп араласамын, сонда олардың талдау қабiлетiнiң сұмдық екенiн байқаймын. Тұтас бiр кiтапты жазып шығудың өзi неге тұрады! Мiне, солардың кез келгенiнiң бала кезде мұғалiм сабақты жақсы бергенде, олардың бiр сәт қана қызығушылық қабiлетiн аша алғанда, олардың көбiнен жақсы математик шығар едi деп ойлаймын. Өйткенi, олардың логикалық ойлау жүйелерi мықты.

– Логика демекшi, ежелгi грек елiнде логиканы жеке пән ретiнде оқытқан екен. Бүгiнгi таңда солай етуге бола ма?

– Мен математикалық логиканы бiлемiн. Әрине, логиканы үйрету қажет. Логикалық түрде ойлай берсең, оның шетi-шегi жоқ. Жалпы, бiр Жаратушы бар. Мен өзiм өте күрделi есептi шештiм, ойлап отырсам, менi бiр тылсым күш жетелеп отырған сияқты. Сен менен математик адам ғой деп көбiне осы сала бойынша сұрақ қойып жатырсың. Оның дұрыс, айналайын. Бiрақ, менен «сiз үшiн ең басты мәселе не?» деп сұрасаң, мен осы бiздiң қазақ қазақ болып қала ма, қалмай ма деген мәселе дер едiм...

– Неге олай деп ойлайсыз?

– Маған бiрiншi кезекте қазақтың қазақ болғаны керек. Менiң ғалымдығым да, профессорлығым да қазақтығымнан садаға. Алдымен қазақпын, содан кейiн ғалыммын. Халқымның, әкемнiң, анамның ар-намысын аяқасты қылсам, адамдығымнан не пайда, не қайыр?! Шәкiрттерiм де диссертациялық жұмысын қазақ және ағылшын тiлдерiнде жазады. Шәкiртiме орысша жаза бер десем, қазақ тiлiнiң болашағына күмәнмен қарасам, шәкiртiме қастық iстеген боламын.

Тiлi болмаса ұлттың жойылатыны бесенеден белгiлi. Бiздiң қазiргi жағдайда «Қазақстанда өмiр сүрiп жатырмыз» деп айтуға моральдық хақымыз жоқ. Өйткенi, қазақ тiлi iс жүзiнде мемлекеттiк тiл бола алмай отыр әлi. «Мемлекеттiк тiлдi бiлмейтiн адам мемлекеттiк қызметке тұра алмайды» десек, бұл мәселе шешiлiп қалар едi.

Бiрiншi кезекте жоғары оқу орындары қазақ тiлiне өтуi тиiс. Жағдайлары бар, не кедергi? Университеттер қазақ тiлiне өтсе, олардың соңынан мектептер де өтер едi. Қалай болғанда үлкен бiр өзгерiс болмаса, қазақ ұлт ретiнде құлдырауға ұшырайды. Мынадай статистика бар – 1989 жылы, кеңес өкiметi құлардың алдында республикамыздағы қазақтың аузынан шыққан сөздiң орташа есеппен 80 пайызы қазақша едi, ал, қазiр бұл көрсеткiш 50 пайызға жетер-жетпес...

– Он жыл бұрынғы сұхбатымызда «Ғалым ретiнде қолыңыз неге жеттi?» деген сұраққа: «Талай қиын проблемалық есептi шығардым ғой. Бiрақ, адамда арман таусыла ма, әрқашан алға ұмтылып, тағы да жаңалықтар ашсам дейсiң» деп жауап берiп едiңiз. Математика ғылымында «Өтелбаев функциясы» деген формула бар. Сiз осымен-ақ математика ғылымының тарихына кiргенсiз. Ал, сiз тоқмейiлсiген жоқсыз, керiсiнше, соңғы жетiстiгiңiз күллi қазақтың атын әлемге танытып жатыр, оның болашақта ұлтымызға қаншалықты абырой әкелетiнiн бiз әлi пайымдай алған жоқпыз... Алла өзiңiзге денсаулық берсiн, аға!

Сұхбаттасқан: Өмiрзақ АҚЖIГIТ,

"Оңтүстiк Қазақстан" газеті