Шәмші Қалдаяқовтың інісі ағасы туралы телехикаяға көңілі толмайтынын айтты
2017 ж. 22 ақпан
7938
3
Қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқов туралы көп сериялы фильм қазір көрермен назарына ұсынылып жатыр. Онда әйгілі сазгердің өмір жолы бала кезінен бастап баяндалған. Осындай ұлы тұлға туралы телехикаяның түсірілгенінің өзіне алғыс білдіріп жатқандар көп.
Десе де, қазір "Хабар" телеарнасынан көрсетіліп жүрген "Ән-Аға" атты туынды сыналып та үлгерді, деп хабарлайды Caravan.kz тілшісі. Әсіресе, бұл телехикая сазгердің інісі - Көшербай Қалдаяқовтың көңілінен шықпапты. Бұл туралы белгілі журналист, "Оңтүстік Қазақстан" газетінің бас редакторы Абай Балажан Фейсбуктегі парақшасына жазды.
"...Шәмші ағаның інісі Көшербай аға телефон соқты. Эмоциясы телефоннан төгіліп тұр. Қатты ренжулі. Фильмде келтірілген деректерді шындықтан алыс дейді. "Бұлар біздің, Шәкеңнің әйелінің, бауырларының, балаларының көзі тірісінде осындай өтірікке барып отыр, ертең біздің көзіміз кетсе "ана авторитет анадай деп айтты, мына авторитет мынадай деп айтты" деп білгенін істемекші ғой" деп ренжиді. "Аға, әуелі фильмді аяғына дейін көріңіз, бәлкім, соңында сіздің ренішіңіз ғайып болып, керісінше риза болуыңыз да мүмкін ғой. Сабыр қылыңыз" деп ренішін басқандай болдым", - дейді Абай Балажан.