ӘН САЛДЫРҒАН «АМАНАТ»
2017 ж. 25 қаңтар
3537
0
Жақында ғана ашылған Алматыдағы «Алатау» өнер театрында күміс көмей әнші Сәуле Жанпейісованың «Әншілік өнер» тақырыбында шеберлік сабағы болып өтті. Үлкен сахнаға алғаш 12 жасында қадам басқан жезтаңдай әншіміз бүгінде дәстүрлі ән өнерінің дамуы жолында аянбай еңбек етіп, өзінің жаңа туындыларымен де тыңдармандарын қуантып жүр.
Шеберлік сабақ барысында көптеген дәстүрлі әндер шырқалды. Қазақи дәстүрімізді бойына сіңірген таланттар өз өнерлерімен ортаға шығып, домбыраны күмбірлете ән салды. Шеберлік сабақтың басты мақсаты - уақыт сынынан сүрінбей, ғасырлар бойы жасап, жаңарып-жаңғырып келе жатқан ұлттық өнерімізді одан әрі дамыту, насихаттау, келер ұрпаққа жеткізу. «Алатау» өнер театры өткен жылы ғана Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің қолдауымен ашылған болатын. Осы ретте сабақты бастамас бұрын Сәуле Жанпейісова Алматы қаласы әкімдігінің ұлттық өнерге, қазақтың дәстүрлі әндерін дамытуға деген жанашырлығы үшін ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.
Халқымыздың сүйікті әншісі Сәуле Жанпейісованың бастамасымен «Аманат» өнер студиясы Астана және Алматы қалаларында табысты жұмыс істеп жатыр. Студияның аты айтып тұрғандай "Аманат" ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық ән өнерін кеңінен насихаттап, осы өнерге адамдардың қызығушылығын арттырып, жастардың талантын ашуға үлкен үлес қосуда. Бұл жолғы шеберлік сабағына қатысқан кішкентай бүлдіршіндерден бастап, кәсіби әншілерге дейін өз өнерлерін ортаға салды. Бір ерекшелігі, жас шамасына қарамастан ән өнерін құрметтейтін, өзі де "Әу" дегісі келетін кез келген адамға "Аманат" студиясының есігі әрдайым ашық.
Шеберлік сабағының шымылдығы студия табалдырыған аттағанына небары екі ай ғана болған Эльза Қарабалинаның бүлдіршін шәкірттерінің өнерімен ашылды. Халық әндерін орындауға көп көңіл бөлетін эстрада әншісі Өктем Алтаев оқушыларға дәстүрлі әндердің құдіреті мен оның тарихы хақында әңгімелеп берді.
Әрине, ән өнері құдіретті де киелі өнер. Әнші болуды кез-келген адам өмірінде бір рет болса да армандайтыны белгілі. Тіпті 65 жастағы астаналық бір әжейіміз шеберлік сабағына қатысу арқылы өзіне ұнайтын іспен айналысуға мүмкіндік алғаны үшін Сәуле Жанпейісоваға ризашылығын білдірді. Сонау алыстағы Атыраудан келген өнерпаз Фатима Серікбаева сабақ барысында домбырамен «Әдемі қыз» әнін шебер орындап берді. Сәуле Жанпейісова әрбір орындаушының әнін мұқият тыңдап, орын алған олқы тұстарын түзеп, ақыл-кеңес беріп отырды. Cабақтың соңында Сәуле Жанпейісова өзінің өнердегі ұстазы, атақты әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің «Сүйген жар» әнін нақышына келтіре орындап берді.
Соңғы кездері сахнада, теледидар мен радиода эстрадалық әндер күнделікті жиі орындалып, дәстүрлі әндерімізді ығыстырып жібергені жасырын емес. Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен, салт-дәстүрі мен тарихынан хабар берер дәстүрлі әндер сирек айтылатын болды. Оны дәріптеу деңгейі тым төмен болғандықтан жастарымыздың дәстүрлі әнге деген қызығушылығы бәсеңсігені байқалып жүр. Шоу бизнестің шаңы жерге қонбайтын болды. Бұрын эстрадалық әндер және халық әндері болып бөлінсе, қазір қазақи эстрадалық әншілер пайда болды. Яғни дәстүрлі, халық әндері, термелер эстрадалық жанрда орындалып жүр. Қазақ әндерін әлемге таныту үшін жасалған бұл қадамды жоққа да шығаруға болмас. Дегенмен халық әндерінің әуенін білгенінше бұзып, мәтінін бұрмалауға ешкімнің қақысы жоқ екенін еске салғымыз келеді.
Өкінішке орай, қазір дәстүрлі әндерімен тыңдармандарын тұрақты қуантып жүрген әншілеріміз саусақпен санарлық. Себебі эстрадалық жанрдағы мағынасы тек «сүйдім-күйдім» дегенге саятын махаббатқа тірелген әндер жастар арасында тез таралады. Оның мәтінінің мәні мен әуенін ажыратып жатқан ешкім жоқ. Бүгінгі жаңадан жазылған әндердің әуені егіздің сыңарындай бір-біріне ұқсас, сойып қаптап қойғандай болып келеді. Жастарға құлақты жаратын даңғаза музыка болса жетеді, бұл алдымен талғамсыздықтың белгісі. Біздің қазақ әндеріміз әдемі әуенімен жүректі тербеп, астарлы да ойлы мәтінімен ерекшеленеді. Соған қарамастан домбырасын тастап, эстрадаға кетіп жатқандарын да жиі кездестіреміз. Осының барлығы дәстүрлі әндеріміздің бағаланбауының, насихатталмауының нақты дәлелі.
Көпшілікті мазалайтын тағы бір мәселе бар. Бұрынғы заманда сал-серілеріміз бастарына үкілі бөрік киіп, ұлттық үлгідегі тігілген әсем киімімен халықты өзіне бірден баурап алатын-ды. Қазіргілердің сахнадағы жартылай жалаңаш түрін көріп түңілесіз. Бұл да Батысқа көзсіз еліктеудің көрінісі. Біздің ұлттық салт-дәстүріміз, мәдениетіміз бен өнеріміз сол батыстықтардан қай жағынан алып қарасақ та озық тұрғанын неге түсінбейміз, неге соны бағалай білмейміз? Осы тұрғыдан алғанда ұлттық өнеріміздің дамуына барынша үлкен үлес қосып жүрген белгілі әншіміз Сәуле Жанпейісоваға халқының айтар алғысы аз емес. Жезтаңдай әншіміздің тәрбиелеген шәкірттері ел үмітін ақтап, сахна сәнін келтіріп, қазақ көрермендерін қуантады деген сенімдеміз.
Әйгерім АЙТМҰХАМБЕТОВА
Ясауи атындағы ХҚТУ-нің 4-курс студенті
qazaquni.kz