Ғ. Қабышұлы: Бұл дүниеде «Кешірім Бозтаев» деген адам болған ба, болмаған ба?
2017 ж. 10 қаңтар
5000
3
«Тарихты халық жасайды» деген көне қағида бар, ал шындығында оны көбінесе жазғыштар жасайды. Иә, өзінің және өздерінің мүддесін алға шығарумен, жоғары көтерумен әуестенетін жазғыштар. Рас, олардың өзімшіл «қасиеттері» салдарынан болған көпе-көрінеу бұрмалауды кейінде көріп-біліп, нақтылап түзетушілер болмай қоймайды, бірақ ол екіарада көп уақыт өтеді, жазғыштардың «отыз тісінен шыққан» сыңаржақтық сөз «отыз ру елге тарап», әсіресе жастардың балғын сана-мезімін буландырады.
Және бір рас жәйт – қандай оқиғаны болсын білмей және біліп бұрмалау бар екендігі. Өзімше осылай түсінік-түйін жасауыма Семей полигонына қарсы күрес тарихының бүгінде өңі айналдырылып жүргені. Иә, біле тұра.
Менің естуімше, полигон мәселесін ұр да жық Н.Хрущевтың алдына әуелде Семей облыстық партия комитетінің 1-хатшысы М.Сужиков қойыпты, алайда «жүгеріші көсем» оған жұдырығын көрсетіп, орнынан тайдырып жіберіпті. Яғни күрес басталмай жатып тиылған. Ал тиымға бой бермес күрес 1989-жыл туа жоспарланды да жүзеге асты. Ол – туын обкомның жаңа 1-хатшысы Кешірім БОЗТАЕВ тік көтерген күрес.
К.Бозтаев облыс партия ұйымының басшысы құқын пайдаланып, зұлмат полигонның ықпыл-жықпылын түгел аралап, атом-ядролық бомбаларды сынау жайындағы құпия фильмдерді де көрді. Семей өңірін қайғы-қасіретке душар еткен сұмдықтар жанын түршіктірді. Оның алдында жер-жерден келген дабыл хаттар өзі көргеннің елесіндей екен. Шамырқанған азаматтық сезімі: «Полигонды қалайда жаптыру керек!» деген аса батыл тұжырым жасатты. Одақтық биліктің дізгін-шылбырын ұстаушы М.Горбачевқа жеделхат жазуды, оны, ұжымына кесел келтірмей, өз атынан жіберуді ұйғарды. Ол: “...Қайда апаратын жолға түсерімді білдім. Мемлекеттік сұрапыл құрылымға қарсы тұру тәуекелім тылсымға алып баруы, тайғақ та қауіпті жол менің құрдымға құлап түсуіммен бітуі әбден мүмкін. Алайда мен ақиқатқа, бастар күресімнің дұрыстығына сендім. Мынау жер, мұндағы халық үшін жанымды шүберекке түйдім...” деп жазды (үзінді оның «Семей полигоны» кітабынан алынды).
Партиялық ереже-тәртіп бойынша, Кешірім Горбачевқа хатын сол кездегі партиялық басшы Г.Колбинге айтуға, көрсетіп алуға міндетті еді, бірақ оған сенбеді, жолын тұйықтап тастарын білді. Содан кейін үкіметтің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа телефон шалып, тәуекелге бел буғанын ашып айтты. Төраға біраз ойланып алып: «Бастасаң, баста, біз қолдайтын боламыз» деген.
Кешірімнің 1989-жылы 20-ақпанда жолдаған ол жеделхаты Кремльде бомба жарылғандай болған. Полигонның не екенін Олжас Сүлейменовтің құлағына жеткізген де сол жеделхат еді. Өйткені Бозтаев Горбачевтың «жариялылығына» сеніңкіремеді де, хатының көшірмелерін ертеңінде: КСРО-ның Бас министрі Н. Рыжковқа, Жоғарғы Кеңес төрағасы А. Лукияновқа,
Бейбітшілікті қорғау советтік комитетінің төрағасы Г. Боровикке, КСРО Жоғарғы Кеңесінің халық депутаттары: З. Пуховаға (Жоғарғы Кеңестің Денсаулық сақтау жөніндегі комитетіне) және әйгілі ақын депутатымыз О.Сүлейменовке жіберген. Сол хат бойынша Олжас ақпанның 24-і күні Жоғарғы Кеңеске депутаттық сауал жолдапты. («Безъядерный век». Материалы международной научно-практической конференции, город Семипалатинск, 11 июля 2003 г.).
Жеделхаттан хабардар болған атақты академик-физик Е.П.Велихов Семейге келіп, Кешіріммен танысып, жағдайға қанығып, М.Горбачевқа: полигонды жабу жөніндегі талап дұрыс, деп хат жазды. КСРО-ға ат-атағы мәлім ғалымдар мен журналшылардың бірнешеуі К.Бозтаевты қолдап сөйледі, жазды. Танымал журналшы Г.Боровик халықаралық ақпараттар арқылы үн қосты.
Одан кейінде нендей оқиғалар болғанын семейлік журналшылар да, басқалар да жазды, мен де үлес қостым, - оқырмандарға мәлім ол жәйттерді қайталау қажет емес шығар. Алайда менің тағыда қайталап айтпағым: Кешірім Бозтаев қайтыс болған 1999-жылдан беріде полигон туралы жиындарда, «бәрінбілгіштер» жазған мақала атаулыда оның аты-жөні аталған емес. Еститінің де, оқитының да – «Олжас Сүлейменов»! Президент Нұрсұлтан Назарбаев мырзаның 1993-жылы жасы 60-қа толған Бозтаев Кешірімді құттықтаған жеделхатындағы (түпнұсқадан үзінді): «...Принципиальность, требовательность к себе и другим, забота о людях, чуткость и внимание к ним снискали Вам заслуженный авторитет и уважение в республике. Неоценим Ваш вклад в решение проблем, связанных с закрытием Семипалатинского ядерного полигона, с созданием системы социальной защиты населения, пострадавшего от испытаний атомного оружия...», деген пікірі жайына қалды.
«Уважаемый Кешрим Бозтаевич!
Мы знаем Вас как крупного общественного и государственного деятеля, очень много сделавшего для процветания народа Казахстана. Вся Ваша жизнь – это добрый и назидательный пример для молодого поколения.
...В те нелегкие годы борьбы за прекращения ядерных испытаний на Семипалатинском полигоне Вы проявили стойкость бойца за интересы народа и мудрость истинного народного лидера.
...В день Вашего шестидесятилетия, дорогой Кешрим Бозтаевич, мы выражаем Вам свое глубокое почтение и говорим благодарное спасибо!» деген О. Сулейменовтің сөзі де желге ұшты. Н.Назарбаевтың да, О.Сүлейменовтің де пікірлерін керексіз еткен – Олжас. Оның - «әлемдік деңгейдегі ұлы ақынның» 12 жылдан кейін Кешірім марқұмға «бағыштаған дұғасын» оқылық: «Да, он был первым секретарем обкома, но не более того. И уж во всяком случае, среди первых борцов за закрытие полигона
его не видели» (2005-жыл, «Казахстанская правда» гәзетіндегі сұхбатынан). «Астапыралла!.. Ақиқаттан, аруақтан аттау – мұсылмандыққа ғана ма, жалпы адамгершілікке жат қылық қой?!» деп жағамды ұстадым.
...Ақынның Семей қаласына баруына Алматыда депутаттыққа сайлаудан өтпей қалғаны, Семей облысынан өткіздіру үшін Н.Назарбаевтың жұмсағаны себепші болды. К.Бозтаевтың кітабына көз жүгіртелік: «Алматыда дауысқа түскен Олжас қиындыққа ұшырапты. Министрлер Кеңесінің төрағасы Н. Ә. Назарбаев маған телефон шалып, жағдайды айтып, О. Сүлейменовті Семей облысынан депутаттыққа өткізуімізді өтінді. «Сүлейменов сізге көмектеседі. Полигонға қарсы күресте жақсы жәрдемші болады» деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Ертеңінде Г. В. Колбин телефон соғып, ол да сондай тілек айтты». Ол тілектер, әрине, қабыл болды.
«Семей полигонын» тағыда парақталық: “...Полигонды жаптыру күресімнің басталуынан аяқталуы әлдеқайда қиын болды. Әу баста жұртшылыққа арқа сүйеп, өзімді қолдайтынына нық сеніп, қуаттанып кіріскен едім. Енді өзім мүддесін қорғағандардың, өкіметпен текетіреске бірге шыққандардың көздеріне сүйел бола бастағандаймын. Өкпек желдің қай жақтан соққанын сездім. Ол ең алдымен қоғамдық қозғалыс жетекшілерінен басталды. Олардың кейбіреуі, тіпті Семейге ат ізін бірінші рет салса да, баяғы Юлий Цезарьша: - Бардым, көрдім, жеңдім! - деп шыға келді. Полигонды жабу мәселесі шешілуге жақындағанда, өкінішке қарай, басқа бір мәселенің шеті – «бұл кімнің еңбегі?» деген сұрақ қылтиды. Баспасөз бетін жауып кеткен жарияланымдарда еңбек «Невада-Семей» қозғалысынікі, тек қана соныкі делінді. Қозғалыстың әрбір әрекеті асыра мадақталды. Оның белсенділері (кездейсоқ жүргендер де бар) қозғалысқа басқаша бағыт бере бастады: олар өздерінің міндеті себепті-себепсіз жиын-жиналыс өткізе беру деп білді. Жалған дерек таратып жібергендері де болды. Жиналысқұмарлық желпініске, жұлқынысқа айналып, өмір шындығынан ауытқып кетіп жатты».
Бұл – мен баяғыдан білетін Олжастың, өзін өзі насихаттауға да, жақтас серіктеріне насихаттатуға да төселген ақынның тірлігі туралы шындық сөз. Міне, осы орынды пікір олжасшылдарға жақпады да, жұдырықтарын түйгізді. Әйткенмен, 1992-жылы шыққан кітаптың сөзін терістеуге, көзі тірі авторын мұқатуға дәттері жетпеді.
Сол жылдары Семей обкомында үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары болған журналшы В.Пигаваев «Так было. Олжас – мой друг... но истина дороже» деген мақаласында «невада-семейліктердің» қашан, қайда жиын өткізуі, оған кімдердің қатысуы, кімдердің сөйлеуі, тіпті кімнің нендей жазуы бар плакат ұстап шығуы... – бәрі де жергілікті басшылардың алдын ала жасаған жоспарымен атқарылғанын мәлімдеген. Ақынның: «Бірде біз жиын өткізуге барғанда обкомнан ешкім қатыспады, терезелерінің шымылдығын түсіріп қойып отырды» дегенінің жалған екенін айтқан.
Жалған сөйлеу оны әдет еткендерге оп-оңай ғой. О.Сүлейменовтің 1989-жылғы 12-ақпанда полигондағы сынаудың газы ауаға шығып кеткенін өзіне бір ұшқыштың телефон арқылы хабарлай қойғанын айтқаны бар. Ал хатының ізімен бір апта өте бере Семейге келген кремльдік комиссиямен айтыс-тартыста К.Бозтаев: «Егер генерал Бредихин хабарламаса, біз ол оқиғаны білмес едік» деді. Шындыққа жүгінді.
Сондай-ақ, Кешірімнің полигоннан 40 жыл зардап шеккен семейліктерге моральдік те, материалдық та жәрдем жасалуына қол жеткізгені - оның азаматтық күш-жігер, білгірлік, табандылық көрсете білгендігі. Ол қасиеті Н.Назарбаев мырзаның құттықтау жеделхатында (жоғарыдағы) бірер сөзбен аңғартылған болса, «Семей полигоны» кітабында әсерлі әңгімеленген. Кешірім Горбачевтың шешкісі келмеген мәселелерді КСРО үкіметінің басшысы Н.Рыжковқа апарып баяндап, мән-жайды тиісті құжаттармен дәлелдеп, арнайы қаулы қабылдануын тездеткен. Сол игі әрекеттеріне куә болған В. Малининнің (обкомның Ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі): «Кешірім Бозтайұлы – тапқыр да табанды басшы және нағыз дипломат!» дегені бар.
«...Таскескен ауданында жүргенмін. Ол ауданның экономикасы тұрақты дамып келе жатқан. Аудан басшыларымен бірге егістіктерді, мал фермаларын аралап болған соң СОКП ХХҮ-сьезі атындағы совхоздың кеңсесіне кірдік. Директор Б. Мұстафин – ауыл шаруашылығының іскер, инициативалы басшыларының бірі. Жаңаша ойлай білетін, уақыт тамырын әрқашан дәл басып отыратын адам... Әңгімемізді бір кезде телефон қоңырауы бөліп жіберді. Мұстафин трубканы маған ұсынды, Н. Назарбаевтың дауысын естідім: «Жақсы хабар бар, қаулыға қол қойылды, құттықтаймын!» деді (Кешірімнің кітабынан).
Металлург К.Бозтаев өмір жолын Өскеменнің қорғасын-мырыш комбинатында бастап, облыста 31 жыл қызмет істеді. Облыстық партия комитетінің 2-хатшысы, облыстық совет атқару комитетінің төрағасы болып, одан Семей обкомының 1-хатшылығына ауыстырылды. Мұнда істеген 5 жылы ішінде Кешірімнің ұйымдастыруымен, қамқорлық бақылауымен іске асқан игіліктерді ресми құжат негізінде атап өтсем: 69 мектеп, 67 балабақша, 24 аурухана-емхана, 28 мәдениет үйі мен клуб, Қазақстандағы тұңғыш Офтальмология (көзге операция жасау) орталығы, Балалар сырқатының себептерін зерттейтін ғылыми орталық салынған. 2000 шақырымға жуық жолға асфальт төселген. Облыстың өнеркәсібі сапалы өнім шығару жағынан көп жылғы 15-17-орындардан 5-орынға көтерілген. Ауыл шаруашылығындағы жетістік өз алдына.
Денсаулығы сыр бере бастаған соң зейнетке шықпақ болған Кешірім 1991-жылы облыста алдағы екі жылда 34 мектеп және 33 балабақша салу мәселесін шешіп берді.
Осында аталған «Балалар сырқатының себептерін зерттейтін ғылыми орталық» туралы бір сөз. Өскеменнен Семейге көшіп келуі керек Кешірімге
обкомның шаруашылық жұмыстар жөніндегі қызметкері: «Сізге дайындалған пәтерді көруіңізді өтінемін!» дейді. Барса: хан сарайы дерлік үй. Қаланың көркем бір тұсында. Оңаша. Обкомның 1-хатшыларына арнап салынған екен. Кешірім: «Маған пәтерді орталықтағы көпқабатты үйлердің бірінен бөліңіз және қосымша сылап-сипау жасатпаңыз. 2-нші немесе 3-нші қабатта, 3 бөлме болса, - жетіп жатыр (Азаматтың бір қыры – қарапайымдылық! – Ғ.Қ.). Ал мына ғимаратты басқа мақсатқа пайдаланамыз» деген де, оған балалардың денсаулығын күйттейтін орталықты орналастыру туралы шешім шығарған!
...Бұл мақаламда сілтеме жасалып отырған «Семей полигоны» кітабы және «Қайнар қасіреті», «29-тамыз» кітаптары – Семей полигонының шежіресі. Ұлттық қауіпсіздік мәселелерін зерттейттейтін академияның және Халықтық «Экология» академиясының (Мәскеу қаласы) академигі, Семей Медицина академиясының Құрметті профессоры Кешірім Бозтаев - «найзадан қол босаса қалам алып» (Бауыржан Момышұлы), ұрпағына ғылыми негізді бес кітап қалдырды. Олар: «Алғашқы оттан атомға дейін» (1956 ж.), «Өскемен қорғасын-мырыш комбинатында шикізатты пайдаланудың тәжірибесі» (1972 ж.) және жоғарыда аталған үш кітап.
Өмірде өкіндіретін кереғарлық бола береді ғой. Семей облысының өркендеуіне күш-қуатын, білім-білгірлігін жұмсаған, жалмауыз полигонның қолқасына құм құюды бастап, қызметін де, басын да арының садақасы етуге бел байлаған Кешірімге Семей облысының, немесе Семей қаласының Құрметті азаматы атағы берілген жоқ. Ал сый-сияпатта жолы болғыш Олжас Сүлейменов, шындығында Кешірімнің ізімен бірде олай, бірде бұлай жүрсе де, «Семей қаласының Құрметті азаматы» атағын алды.
Денсаулығы сыр бере бастап, зейнетке шыққан К.Бозтаев қоғамдық қызметін жалғастыра берді. Семей полигонының тауқыметін тартқан жұртқа қамқорлық жасау ниетімен «29-тамыз» Қорын құрды, ол Біріккен Ұлттар Ұйымының экономика және әлеует кеңесінің назарын аударып, халықаралық жиын өткізілді. Өкінішке қарай, Кешірімнің өмір жолы тұйықтала бастаған-ды.
Кешірім тамыз айының 29-күнін атом-ядролық қарулануға қарсы күрес күні деп жылда атап отыруды ресми ұсынған еді, біздің билік мән бермеді.
Халыққа кең ауқымды, қалтқысыз қызмет еткен, Семей полигонын жабу күресін жанпидалықпен бастаған Кешірім Бозтаевтың аты неге аталмайтын болды? Ол кесірлікті кім шығарды екен? Бұл сұрақты Н.Назарбаев мырзаға соңғы жылдары хат арқылы екі рет қойдым. 2013-жылғы хатымды «Кешірімнің кінәсі не?» деп атадым. Жауап болмады. Б.Сапарбаев мырза Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тұрғанында оған Кешірім жайында жан-жақты мағлұмат бере хат жазып, Өскеменде марқұмды есте қалдыру шаралары жасалуын өтіндім. Ләм-мимсіз кетті. Сірә, Семей қаласының бір көшесіне аты қойылды, көп болып кетеді, деп ойлаған шығар. Екінің бірі Өскеменде 31 жыл бойы абыройға бөлене қызмет істеп пе? Екінің бірі Семей полигонына қарсы күресті бастап па?
Егер К.Бозтаевтың нар тәуекел қимылы Кремльді селк еттірмесе, О.Сүлейменов ешбір әрекет жасамас еді. Әрекетінің басы Кешірімнің хатын алған соң, 4 күннен кейін, депутаттық сауал жасағаны болды. Оның «Невада-Семей» қозғалысы, мысалы, Кремльдің сұсты комиссиясы Семейге келіп түсер 28-ақпанда құрылды: не 1 күн бұрын не 1 күн кеш емес. Ол - жай ғана сәйкестік деуге жанаспайтын жәйт.
«Мы знали и помнили, что русские платили нам дань» деп аталған сұхбатында («ДАТ – ОП» гәзеті, 01. 12. 2016) Әкежан Қажыгелдин: «...движению решено было придать некую управляемость, назначив его лидерами известных людей. Так, там появился писатель Олжас Сулейменов (яғни қозғалыстың «тоны келісіп пішілген»! – Ғ.Қ.)... Огромную роль в закрытии полигона сыграл первый секретарь Семипалатинского обкома партии Кеширим Бозтаев. Он давил на Алматы, а тот – на Москву. Уже начинался реальный кризис Союза, союзного бюджета и, что важно, оборонного. Я это говорю, потому что лично участвовал в конверсии Семипалатинского полигона» депті. Кешірімді тірідей жеп қоюға құзғынша ұмтылған горбачевтардың тұмсығы тиген тас – Одақ тап болған сол дағдарыс. Бұл шындық Е. Велиховтың Семей полигонының тағдыры Мәскеу - Вашингтон аралығында шешілді, деген пікірімен үндес.
Сол жылдары билік ұжымында болған Әкежан осылайша шындықты айтса, полигонға қарсы күреске қатысы болмаған үлкен-кішінің кейбіреуі бүгінде: «Семей полигонын жапқан бірінші тұлға - Н.Назарбаев, екінші тұлға -О.Сүлейменов!» десіп, шындықты шыбын ғұрлы көрмей жүр. О, тоба!..
Семей полигонының жабылғанына 25 жыл толды. Қарапайым қаһарман Кешірім Бозтаевты басшы-қосшы шенеуніктердің ешқайсысы еске алмады. Құдды бар-ау, Семей полигонын жаптыру күресі тарихынан Кешірімнің атын өшіріп тастау туралы не президенттің жабық жарлығы, не парламенттің құпия қаулысы болды дерсің! Мұндай бүкілбиліктік қыңыр «белсенділікті» көріп отырып, кей-кейде: «Оу! Бұл өмірде «Кешірім Бозтаев» деген адам болған ба, болмаған ба?!» деп айқайлағым келеді, бірақ... еститін кім бар?!. Е, мейілдері. Керең құлаққа кетпен де батпас. Көрмес көзге түйе мен түйменің айырмашылығы жоқ. Ақиқаттан аулақ сыңарезулердің үйдек-түйдек желкөбік сөздерінен, менің түйсінуім бойынша, Кешірім қабірі басына қойылған құлпытастағы: «Семей елі саған риза» деген төрт сөз қымбат!
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ,
qazaquni.kz