АЯГӨЗДЕ «ТӘУЕЛСІЗДІК ТАҢЫ» ЕСКЕРТКІШІ АШЫЛДЫ
2016 ж. 28 желтоқсан
5659
0
Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мен Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығы қарсаңында Аягөз қаласының «Ардагер» саябағында, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде, азаттық жолында қаза болған жастарымызға арналған «Тәуелсіздік таңы» ескерткіші салтанатты түрде ашылды.
Ескерткіштің ашылу рәсіміне Алматы қаласынан саясаткер Дос Көшім, жазушы Бейбіт Қойшыбаев, ақын Болат Дүйсенбі, желтоқсаншылар Бейсенғазы Нүкен, Ізтілеу Тойшыбайұлы, Ержан Ұзақ, Санат Қайырбаев, Жүрсін Тастекеевтер арнайы келіп қатысты. Шараға қатысушылар осы игі іске қолдау көрсеткен Аягөз ауданының әкімі Бақытжан Баяхметов пен қала әкімі Руслан Қасымжановқа ризашылықтарын білдірді.
Аягөз өңірі – ғашықтар, ақындар, батырлар өлкесі. Қала орталығында тұрғызылған «Қозы көрпеш Баян сұлу» ескерткіші соның бір айғағындай. Алыстан келген құрметті қонақтар Аягөз қаласынан 30 шақырымдық жерде орналасқан Нұртай Сабильяновтың туған жері Шыңқожа батыр атындағы ауылда бой көтерген батыр ескерткіші мен Нұртайдың жеке қаражатына салынған зәулім «Мәдениет сарайын» аралап көрді. Мерекеге орай ұйымдастырылған Аягөз қаласындағы бірқатар мәдени іс-шараларға қатысты.
Белгілі саясаткер Дос Көшімнің айтуынша, Республика бойынша 158 ауданның ішінде бірінші болып желтоқсаншы азаматтарға арналған биіктігі 6 метр ескерткішті тұрғызған аягөздіктер екен. Саясаткер осындай игі іс-шара басқа да аудан орталықтарында жалғасын тапса деген тілегін де білдірді.
Осы іс-шараға мұрындық болып жүрген «Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бейсенғазы Нүкен ескерткішті тұрғызудың міндетін тікелей өз қарауына алған болатын. Салтанатты жиында сөз сөйлеген Бейсенғазы Нүкен ескерткішті тұрғызуға Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильяновтың жер алуға көмектесіп, 3 млн. теңге қаржы бергенін ерекше атады. Сол сияқты Астана қаласының «Тепловоз құрастыру заводы» АҚ директоры Марат Тілеубаев, аягөздік желтоқсаншылар Қайрат Санақов, Нұрғали Әзімбаев, Оңтүстік Қазақстан облысы, Алматы қаласы және басқа да желтоқсаншылар қаржылай өз үлестерін қосып, ортақ істің оңтайлы бітуіне белсене атсалысты.
Күміс КҮРГЕНБАЕВА,
«Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты»
Республикалық қоғамдық бірлестігі
Алматы қалалық
филиалының төрайымы
qazaquni.kz