ЖЕЛТОҚСАН КӨТЕРІЛІСІНДЕ МЕНІҢ ДЕ БАСЫМ ЖАРЫЛДЫ
2016 ж. 28 желтоқсан
3429
1
Мен, Ұлдақан Абайдолдақызы Бекқұлова, 1965 жылы мамыр айының 15-ші жұлдызында Талдықорған облысы Панфилов ауданы «Қоңырөлең» селосында дүниеге келдім. Сол ауылда орта мектепті бітірдім.
1986 жылы Алматы қаласындағы №5-ші училищеде 1-ші курста оқып жүрген едім. Біздің оқу орнымыз Жандосов көшесінің бойында орналасқан-ды.
1986 жылы 16-желтоқсанда сол кездегі биліктің әділетсіз шешіміне бір топ жалынды жастармен бірге қарсы тұра білдік. Яғни, 17-желтоқсан күні мен де алаңдағы оқиғаның қақ ортасында жүрдім. Осы бір ызғарлы күндерді өз көзіммен көрдім.
Ашығын айтқанда, сол бір аязды күні бізді ақ қар көк мұздың үстінде өрт сөндіргіш машинасымен су шашып, бәрімізді ұрып-соғып, машинаға тиеп, аудандық ішкі істер бөліміне алып барды. Ол жерде де бізді ұл, қыз деп қарамастан, милиция қызметкерлері сойылдың астына алды. Біреудің басы жарылса, біреудің аяғы сынып, тіпті, енді бірі есінен танып жатты. Мені де көкала қойдай қылып сабады. Екі күн бойы қамауда ұстап, аяусыз азаптады. Осындай қатты соққыдан кейін бас ауруына душар болдым. Желтоқсан көтерілісінен кейін «алаңда тәртіпсіздік жасады» деген желеумен, мені де «халық жауы» деп танып, оқудан шығарды. Нағыз қылмыскер іспетті ауылға қайттым. Ауылға келсем, менің алаңға шығуыма байланысты ата-анама да қоқан-лоққы көрсетіп жатыр екен. Жоғарғы жақтың нұсқауымен совхоз басшылары әке-шешемді сендер халық жауының ата-анасысыңдар деп, жиналысқа салып, қатаң сөгіс берді. Ал, өзімді екі жылға қара жұмысқа жекті. Осы жазаны өтеген соң, Алматыға келіп, мақта-мата комбинатына жұмысқа орналастым.
Алматыда осыдан отыз жыл бұрын 17-желтоқсанда болған қан-төгіс пен көрген азаптарым әлі күнге дейін кеше болғандай қөз алдымда тұр. Осы оқиғаның құрбаны болып, не оқуымды оқи алмадым, денсаулығыма да орасан зор нұқсан келді. Сол кезде алған соққының салдарынан басым әлі күнге дейін солқылдап ауырады. Қарап отырсам, ел егемендігіне қолымыз жетіп, еңсемізді тіктеген бүгінгі күні зардап шеккендердің бәрі ақталып жатыр. Мен де сол жан азабынан жеңілдеу үшін әділеттілік іздеп шарқ ұрып отырған жайым бар. Бұл тұрғыда Қазақтың үнін көпке жеткізіп жүрген «Қазақ үні» газетінің көмегіне сүйеніп отырмын. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы тұсында менің де жанайқайым естілер деп сенемін.
Ұлдақан Бекқұлова
qazaquni.kz