«АЛМАС ҚЫЛЫШ» НЕМЕСЕ ҰЛТТЫҚ РУХТЫ ОЯТУ
2016 ж. 26 желтоқсан
3548
0
Үстіміздегі жыл қазақ халқы үшін айтулы жыл. Биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына тура 25 жыл. Ширек ғасыр. Осы орайда, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Алмас қылыш» фильмінің тұсаукесері мерекеге тұспа-тұс келуі жәй сәйкестік емес деп ойлаймын. Фильм мерекеге әдемі тарту болды. Қазақ киносы қазаққа қажет туындымен толыққанда іштей қуанып отырамын. Әрдайым тарихымыздан сыр шертетін драмалар көптеп шықса екен деймін. Ондай туындылардың халыққа, өскелең ұрпаққа берері мол, тағылымы мол. Кәрің бол, жасың бол, адамды ерекше рухқа жетелейді. Бұл ауқымды жобаның авторы Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Елбасы қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында Керей мен Жәнібек – Шыңғыс ханның ұрпақтары екенін айтып, Шу бойында Қазақ хандығын құрғандығы туралы айтып өткен. Сондай-ақ, Елбасы тағы бір сөзінде: «Тамыры терең қара емен, қасқая күтер дауылды» деген нақыл бар. Тамырың терең болса, қандай дауыл болса да қасқая көтересің. Тарихымызды зерттеп, халқымыздың тарихымыз туралы білімін арттыру қажет», - деген болатын. Елбасының бұл сөздерімен толық келісе отырып, біз тақыр жерден пайда болған ел емеспіз дегім келеді.
Біз - тамыры тереңге тартқан, тарихқа бай елміз. Былтыр ғана қазақ мемлекеттілігінің құрылғанына 550 жыл толған болатын. Оны бүкіл республика деңгейінде атап өттік. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай түрлі іс-шаралар атқарылды. Солардың бірі «Қазақ Елі» киносериалы.
Режиссер Рүстем Әбдірашов актер таңдауда жаңылмаған. Фильмдегі тарихи тұлғаларды еліміздің танымал актерлері сомдап шыққан. Керейді – рөл талғамайтын Қайрат Кемалов, Жәнібекті - жас та болса талантты Еркебұлан Дайыров, Асанқайғыны – мықты актер Иісбек Әбілмәжінов, Шайбаншаһты – қай рөльге салсаң да қырандай қалықтайтын Досхан Жолжақсынов, Есенбұғаны – өр тұлғалы Дінмұхамед Ақымов, Қазтуғанды – дауылпаз әнші Бекболат Тілеухан сомдаған. Фильмді көріп, арқаланып қалғаным рас. Картинадағы алаштап ұрандаған сұлтандардың бейнесі ұзаққа жадымда сақталады деп ойлаймын.
Не деуге болады, Министр Арыстанбек Мұхамедиұлының, Мәдениет министрлігінің бағыты дұрыс. Ең бастысы, қандай да бір қиындықтарға, кедергілерге қарамастан, ұлттық рухты оятатын осындай фильмдердің көптеп дүниеге келуіне барынша ат салысып жүр. Қайсы бірін айтасың, кешегі «Құнанбайды» алыңыз, «Анаға апарар жол», «Аманат», «28 панфиловшылар», Керей мен Жәнібек анимациясын, «Көне қыпшақ жазуы» деректі фильмі, басқа да жобалар осының айғағы емес пе! Арзанқол дүниеге еліктеп кеткен біздің режиссерлар кейінгі кезде нағыз халық көретін туындылар жасай бастады. Мені қуантатыны – осы!
Асанәлі Әшімов,
КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, актер, режиссер
Abai.kz