«ЕРКЕМ-АЙДЫҢ» еркелері өнерлерін ортаға салды
2016 ж. 09 қараша
2447
0

Суретте: Шараның жүргізушісі - Қосан Нұрсәт
Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жолы -2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында қоғамның әрбір саласын саралай келе, алтыншы бағыттың бірінші бөлімінде: «... барлық дамыған елдердің сапалы бірегей білім жүйесі бар. Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр. 2020 жылға қарай Қазақстандағы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту жоспарлануда» деген болатын.
Суретте: Базарлы Сезім мен Кәусәр Жетпісбай
Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру мақсатында бүгінде елімізде балабақшалар саны күн санап арта түсуде. Әсіресе Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында еліміздің әрбір қаласында мектепке дейінгі білім беру мекемелері көптеп ашылуда. Алматы қаласындағы «Еркем-ай» жекеменшік балабақшасы солардың бірі. Жаңа оқу жылынан бастап тындырымды тірліктер атқарып келе жатқан білім ұясының жұмысы күн санап жанданып келеді.
Мектепке даярлық тобының жетекшісі - Мәлика Естаева балалармен бірге
Тәлімгерлер баланы білімділікпен қатар, өнерге баулу арқылы бүлдіршіндердің өрісін одан әрі кеңейтуге ықпал етуде. Жақында ғана «Еркем-айдың» еркелері «Алтын күз» атты ертеңгілікте өнерлерін ортаға салды. Шараның тізгінін ұстаған Қосан Нұрсәт күздің өзге мезгілдерден ерекшелігін әдемі өлең өрнектерімен жеткізді. Сондай-ақ, бұл күні тілі балдай тәтті балғындардың барлығы сахна төрінен табылып, бірі алмұрт, бірі алма сынды түрлі жемістердің кейпіне еніп, іркілместен тақпақтарын айтып жатты. Ал, себет толы жемісін көтере келген «Алтын күз» ханшайымы Кәусәр Жетпісбай кеш шырайын одан әрі кіргізе түсті. Сондай-ақ, шара барысында балғындардың бауырсақтың, нанның дастарқанға қалай келетінін түсіндіре отырып, заттың қимылын білдіретін сөздер туралы білімдерін пысықтау мақсатында «Қайдан келдің, Бауырсақ?» ертегісі сахналанды.
