Тәуекел МҮСІЛІМ: МЕН ӘЛІ ӨМІРЛІК СЕРІГІМДІ КЕЗІКТІРГЕН ЖОҚПЫН...
2016 ж. 09 қараша
3647
1
Ол талай қыздың арманына айналған «ақбоз атты ханзада».
Алайда, өзінің ханшайымын әзірге таппаған. Кездестіре қалса, Қуандық Рахымның репертуарындағы «Қалайда» деген ән арқылы сол арудың жүрегін жаулауға асық. Ендеше, жұмыс кестесі қарбаласқа толы «жұлдызды» жігітпен арада өткен сұхбатты ұсынамыз.
– Тәуекел, байқауымызша, сіз кейінгі кезде үлкен сұранысқа ие болып келесіз. Өскен секілдісіз. Солай ма?
– Ол жағын білмедім. Қаншалықты кәсіби өскенімді оқырман, менің өнерімді бақылап жүрген көрермен айтуы керек шығар. Қолымнан келгенше үнемі ізденіс үстінде жүруге тырысудамын.
Әуелі Астана қаласында толықметражды комедия жанрындағы фильмге түстім. Одан кейін демалып үлгерместен мұхиттың арғы жағына барып, тағы бір кинокартинада бағымды сынадым. Сәтті шығады деп үміттенемін. Жуырда өздеріңіз де куә боласыздар. Бос уақытым бола қалса, міндетті түрде кітап оқып, тіл байлығымды дамытуға, ізденуге тырысамын.
– Болашақта өзіңіз кино түсіруді жоспарлап жүрген жоқсыз ба? Мысалы, Қайрат Нұртас та өзі туралы фильм шығарды дегендей...
– Ойымда мұндай идея бар. Бірақ, бәрі жырлаған сәтсіз махаббатты емес, жастарға үлгі болар батырлық пен қайсарлықты көрсеткім келеді. Түсірілім барысында әр режиссерден әртүрлі сабақ алып, өзіме тәжірбие жинап жүрмін. Бәлкім, болашақта әкем туралы фильм түсіретін шығармын.
– Әкеңізден бөлек өссеңіз де, әкеңізді мақтан етесіз ғой?
– Әрине. Мен ол кісінің ұлы болғаным үшін мақтанамын. Сондай әкемнің тәрбиесін аз да болса көргенімді мақтан етемін. Менің ата-анам бала кезімде ажырасып кеткен. Бірақ, анам ешқашан бізді әкеме қарсы үгіттеген емес. Үйімізге келсе құшақ жая қарсы алып,тамағын беріп, киімін түгендеп, құрмет көрсететін. Менің анам әлі күнге дейін әкем туралы тек жақсы естеліктер айтады.
– Ал, әкеңіздің қандай тәрбиесі сіздің есіңізде ерекше сақталып қалды?
– Кейде бойымнан жұмсақтықты байқаймын. Өзгелер сияқты қаһарға мініп, мінез көрсететін жерде «жарайды, қоя салшы» деп қолды бір сілтеп, кешіріммен қараймын. Кейін ойланып отырсам: «сол кезде орнына қою керек едім» деген ой келеді. Бәлкім, әкемнің тәрбиесі болғанда мен қаталдау болып өсер ме едім?! Бізді өсіру үшін анам қолынан келгенін аянып қалмады. Тәулігіне 24 сағат жұмыс істеп, ешкімге алақан жайғызбады. Алайда, ана жүрек нәзік келеді. Бізді кешірімді болуға тәрбиеледі. Сол себептен болар, мен қатты бола алмаймын. Ұзақ өкпелей де алмаймын. Бәрін тез кешіріп, ұмытып кетемін. Ал, әкемнің маған берген тәлімі жетерлік. Ең бастысы, қай кезде әкеммен кездессем де: «Сабақ оқы. Өмірде орныңды табу үшін білімді болу парыз. Адал бол. Біреудің ала жібін себепсіз аттау – арсыздық» деп ақылын айтып отыратын. Тоғызыншы сыныпты бітірген кезде үш ай жазғы демалыста әкемнің қолына бардым. Көп нәрсе үйрендім. Ең алғаш рет көлік жүргізуді де әкем үйреткен. Ата-анамның өмірлері екі бөлек болса да, мен ешқашан жетімдікті сезінбедім. Аллаға шүкір, әкенің де, ананың да махаббатын, жылуын алдым. Ал, бүгінде ел алдында Тәуекел Мүсілім болып жүргенім анамның еселі еңбегі деп білемін. Сол үшін анама үнемі рахмет айтып, ризашылығымды білдіруден шаршамаймын.
– Ал, сіздің түсінігіңіздегі махаббат қандай?
– Махаббат мынадай да мынадай деп әңгіме айтатын жаста емеспін. Әрине, ұнаттық, сүйдік, кездестік. Бірақ бірге емеспін. Яғни, толық махаббаттың қандай болатынын сезінбеген шығармын. Себебі, нағыз махаббат – үйленіп, үй болумен аяқталады деп білемін.
– Яғни, жеке өміріңізде әзірге махаббат әуені ойналмады ма?
– Жеке өмірімде әзірге үлкен жаңалық жоқ. Бәрі бірқалыпты. Сүйіктім де жоқ. Қызбен кездесуге әзірге менде уақыт та жоқ.
– Яғни, Тәуекелдің отызға дейін үйленуге ниеті де жоқ. Солай ма?
– Бәлкім. Жақында, тәтем: «отызға келіп үйленетін болсаң, қандай дұрыс қыз табасың? Қазір үйлену керек саған» деп ескерту айтып қалды. Мүмкін дұрыс шығар. Бірақ, мен олай ойламаймын. Қазақта «қуған жетпейді, бұйырған кетпейді» деген керемет сөз бар. Тағдырыма, маңдайыма жазылған ару бұйырған күні кездесіп, менің де үлкен тойымның болары анық. Бірақ, «қашан, қайда, кім» деген сауалдардың жауабы уақыт еншісінде.
– Жуырда инстаграмда Қуандық Рахымның «Қалайда» деген әнін «Маған ұнайтын ән» деп қайта-қайта жарнамаладыңыз. Сіздің жобаңыз ба?
– Жоқ, ол біздің продюсерлік орталықтың жобасы. Мен ол әнге жарнама жасамадым. Бар болғаны ұнайтыны туралы, менің талғамымдағы ән екенін, бастысы менің өміріме тікелей қатысты екенін айттым. Егер жарнама жасайтын болсам Қуандықтың кез-келген әнін парақшама салар едім. Байқасаңыздар, бұл менің инста-парақшамдағы әріптес бауырымның жалғыз туындысы.
– Қуандықтың әнінің мәтінінен бір аруға қолы жетпей жүргенін және қол жеткізуді мақсат ететінін айтады. Сіздің де жеке өміріңізде осындай оқиға орын алуда ма?
– Әрине, кез-келген жігіттің өмірінде қолы жетпей, армандап кететін аруы болады.
– Тіпті, сіз секілді сымбатты, көрікті, денелі жігіттердің де қолы жетпейтін аруы бола ма?
– Неге болмайды екен?! Әрине, болады. Менің де қолым жетпей жүрген, жүрегіне жол таба алмай жүрген қиялдағы қазақтың сұлуы бар болуы әбден мүмкін. Менің ойымдағы айта алмай жүрген сөзді, жүрегімдегі сездіре алмай жүрген сезімді дәл осы Қуандық бауырым «Қалайда» деген әнімен жеткізгендей. Сондықтан, менің жеке өмірімді білгілеріңіз келсе, қалайда Қуандықтың «Қалайда» туындысын тыңдаңыздар.
– Жүрегіңіздегі сезімді өзіңіздің репертуарыңызға ән ретінде қосу ойда болмады ма?
– Шынымды айтсам, қазір жаңа әндерді мүлдем жаздырып та, ізденіп те жүрген жоқпын. Мен үшін кино әлемі өте қызық әрі сәтті болып тұр. Бірақ, қоржынымда әлі жазылмаған бірнеше әндер бар. Оларды орындау үшін үлкен дайындық керек. Әзірге менің барлық ынта-жігерім мен күш-қуатым, уақытым актер әрі тележүргізуші ретінде өсу мақсатында жұмсалуда.
– Жарайды, жеке өміріңізді оқырман әннен біледі деп сенейік. Ал, сіздің есіміңізбен таралымға шығып жатқан иіссу туралы не айтасыз?
– Ол иіссуды мен шығарып жатқан жоқпын. Тек мен Тәуекел Мүсілім деген есімді ғана бердім. Менің атымнан шығарылып жатқан иіссу Францияда дайындалады. Естуімше, орта бағасы 15 000-20 000 теңге. Бірақ, бағасын, таралымын, сатылатын дүкендерді мен емес, иіссуды шығарушылар өздері шешеді. Әзірге әйелдер мен ерлерге арналған иіссудың бір-бір түрі дайындалуда. Болашақта басқа да түрлері шығарылады деп жоспарлануда. Бір ескеретін нәрсе, қазақ баласының есімімен нарыққа шыққан тұңғыш иіссу. Бұл мен үшін де үлкен қуаныш.
– Ал, алда қандай жоспарлар бар?
– Межелеген жоспар жетерлік. Олардың әрбірінің орындалу барысын продюсерім – Жанна ханыммен кеңесе отырып шешіп келеміз. Қандай да бір маңызды жаңалықтар орын алып жатса, міндетті түрде сіздерден бірінші болып сүйінші сұраймыз.
Тәуекел Мүсілімнің инста-парақшасындағы хитке айналған жігіттің есімі – Қуандық Рахым. Жуырда ғана қазаны қайнаған шоу бизнеске қосылған жас жігіттің бет алысы жаман емес-тей. 1992 жылы дүниеге келген сабаздың репертуарында бүгінде 20-ға жуық ән бар. Ал, дәл Тәуекелдің жеке өміріне сәйкес келетін «Қалайда» туындысының авторы – Ерболат Қарағойшы. Ендеше, өнерге енді өрлей бастаған өренге сәттілік тілейміз.
Жанар Тайырқызы
qazaquni.kz