Кіршіксіз кісі

Ғалым Якия Әубәкіров туралы сыр

10001

Серік Қирабаев,ҚР ҰҒА академигі

Оның өзі де, ұстанымы да, сөзі де үлкен тәрбие еді

Академик Яхия Әубәкіров – қазақ ғылы­мының үлкен қай­раткері, жаңа дәуірдегі Қазақстанның экономика ғылымын қалыптастыруға мол үлес қосқан көрнекті ғалым еді. Кеңес мемлекетінің тарихында бұрын бір адамның аузына қарап, «сол не айтар екен?» деп, өзіміз пікір, ой айтуға жасқаншақтық жасаған кезең артта қалды да, XX ғасырдың 60-жылдарынан бастап қоғамдық ой-пікірдің дамуына жол ашылды. Қазақстанда қоғамдық ғылымның өркен жаюы, шын мағынасында, осы кезден басталады. Я.Әубәкіровтің де қазақ ғылымында көзге түскені – осы тұс. Ол экономистердің жаңа ұрпағының басында тұрды. Мен экономист емеспін. Бірақ Қазақстандағы қоғамдық ғылымдардың даму жолынан хабары бар адам есебінде, экономика ғылымы өткен жолды да ойша шамалаймын. Кеңес одағының алғашқы тұсында республикада дербес экономика болмады да, бұл саладағы ғылым да өсе алмады. 30-40 жылдары мемлекеттік жоспарлау комитеті мен қаржы жүйесі басшылығында отырған адамдар ғана азды-көпті нақты экономикамен шұғылданып, үзіп-жұлып өз тәжірибелерін жинақтап еңбектер жазды. Арнаулы экономикалық білімі бар мамандар жоққа тән еді. Ғ.Жоланов, Т.Төлебаев сияқты экономистер осылай шықты. Экономистердің басқа бір тобы нақты қазақ шаруашылығына қызмет етуден алыстау, жоғары мектепте сабақ берумен шұғылданды. Олар «Саяси экономика» мамандары еді. С.Бәйішев, С.Толыбеков, тағы басқалар осы топтан болатын. Қазақстандағы экономика ғылымының өркендеуі республика экономикасының кең қанат жая бастаған кезінен (60-70 жылдар) басталады. Бұл тұста Қазақстан КСРО-ға қараған республикалардың алдыңғы легіне шығып, өзіне белгіленген мөлшердегі өз экономикасын өзі құруға жетті. Қазақ университетінде экономика факультеті ашылып, Халық шаруашылығы институты құрылды. Олар экономист мамандар дайындады. Солардың күшімен халық шаруашылығының әр саласындағы экономикалық құрылыстарды зерттеу жұмысы қолға алынды. Кімді де болсын алға шығарып ұмсындыратын заман шындығы ғой. Өсіп келе жатқан экономика талабы жас кадрларды алға ұмтылдырып, олардың өсуіне жол ашты. Ұзақ жылдар әуелде Халық шаруашылығы институтында, кейін Қазақ университетінде басшылық қызметте болған Яхаң осы жылдары қолында бар мүмкіндіктерді пайдаланып, жас экономистерді маңына топтастырды, оларды ғылымға баулыды. Бүгінгі қазақ экономистерінің оны ұстаз тұтуы, ұлттық экономика ғылымының бастаушысы деп санауы да сондықтан. Яхаңның ғылми бағыты, негізінен, ауыл шаруашылығы экономикасын зерттеуге арналған. Ал еліміздің тәуелсіздік алуы тұсында ол Қазақстанның халық шаруашылығының тұтастай нарық экономикасына өтуіне атсалысты. Экономика теориясымен шүғылданды. Бұл салада бірнеше монография жариялады. «Саяси экономика» оқулығын жазды. Осылардың өзі-ақ Яхаңның Қазақстандағы экономика ғылымына қосқан үлесі мен ондағы орнын анық көрсете алады. Яхаң – бүкіл өмірін ұстаздықпен өткізген, жоғары оқу орындарында сабақ берген ғалым. Бұл оның ғылми ой-пікірлерін жас ұрпақпен бөлісуіне, олардың бойында ғылымға бейімділікті оятуға көмектесті. «Шәкіртсіз ғалым – тұл» деген ғой данышпан Абай. Яхаңның байлығы да сол шәкірттерінде қалды. Өмірін қалтқы­сыз ғылым мен ұстаздыққа арнаған адамның осы жылдағы табыстары, ең алдымен, оның жоғары адамгершілігімен, отбасылық бақы­тымен, уақытты, еңбекті ұйымдастыра білуімен байланысты екені өмірде дәлелденген. Тіршілікте, отбасында берекесі жоқ адам жұмыста да табысты бола алмайды. Яхаңның табыстары оның сабырлы мінезінен, қандай жағдайда болса да өзгермейтін қалпынан, пейілінің кеңдігінен деп ұғам мен. Ол – Құдай берген талантын, білімін ешбір бөгетсіз кең ойлап дамытуға жол тапқан адам. Асып-тасуды, бір нәрсеге күйіп-пісіп ашу шақыруды білмей кетті. Оның ешкімге ұқсамайтын өзгеше мінез-қалпы кімге де болса үлгі. Дүние деген кең ғой. Оған бәріміз де сыямыз, бәрімізге де орын табылады. Сол орныңды тауып, қоғамға пайдалы еңбек істе, өз тіршілігіңді қамда, айналаңа жылы көзбен қара. Яхаңның өмірлік кредосы осы еді. Неге өмірге, дүниеге басқа көзбен қараймыз? Біреулер өз өмірін өзі ұйымдастыра алмай, оған басқа біреулерді жазықты санайды, оның табыстарын көре алмайды, содан қызғаныш туады. Сөйтіп дүние тарылады. Яхаң ұғымына мұның бәрі жат. Ол дүниені таршылықта емес, кең көзбен қарап түсінді. Адамға тек жақсылық ойлады. Дүние абыр-сабырына алаңдамай, еркін, таза, адал өмір сүрді. Оның өзі де, ұста­нымы да, сөзі де үлкен тәрбие еді. Яхаңмен біз көп жылдар жолдас болдық, отбасымыз араласты, қатты сыйластық, көрші тұрдық. Жақын араласатын жолдастардан құрылған «колхозымыз» болды. Солармен кездесулерде де Яхаң өмірге деген кредосынан бір айныған емес. Отырыстарда тост, тілек айтылмай тұрмайды ғой. Ондайдың көбі формалды, жаттанды тілек-баталардан тұратыны белгілі. Ал, Яхаң еш уақытта формалды сөйлемейтін. Сол үй иесі жөніндегі өзінің адал тілегін, достарына деген көңілін кеңінен толғап сөйлейтін. Уақыт, заман, адам туралы ойларын ортаға салатын. Оның ойы, ақылды сөздері, жылы ілтипаты кімді де болса баурап алатын. Оның біреуге ренжіп, біреуді жамандап отырғанын өмірі көрмеппіз. Сондықтан Яхаң – табиғаты сирек адамдар тобынан саналады. Бұл – Яхаңа жүре біткен емес, Құдай дарытқан мінез. Ауы­лынан жастай келіп, ешбір көмексіз өсіп, жолын тапқанда да ол осы мінезінен айны­маған. Жоқшылықты, жетіс­пеушілікті сабырмен жеңген. Омбы университетін бітіріп аспирантураға түспек болып Алматыға келгенде алғашқы танысқан достарының бірі –заңгер, кейін Қарағандыдағы Ішкі істер министрлігінің жоғары мектебінің бастығы болған генерал Бәрімбек Бейсенов еді. Біздің Әлекең (сол кісінің қарындасы – Әлия Сәрсенқызы) Яхаңды сол кезден білетін. Бәрімбекпен бірге сол үйге ылғи келіп жүрген, апама сәлем берген. Яхаң өзі де сол күндерді жылы сезіммен есіне алатын. Әлекең де оның сабырлы, байсалды мінезін, кісілігін жас кезінде танығанын айтады. Яхаң өзі Әлияны қарындасындай көрді. Яхаңның отбасы да үй иесінің мінез-құлқына лайық көпшіл, кең мінезді, еңбекшіл адамдардан құрылған. Ол жөнінде қызы Жәнияның жазбаларында жақсы айтылған, оны қайталаудың қажеті болмас. Өзін мақтау, мадақтау дегенді жек көретін кішіпейіл Яхаң балаларының атына да мақтау айтқанды мақұлдай бермейтін. «Жаман бала ғой, оны айта берудің керегі жоқ» дейтін. Әсіресе, халықаралық көлемде кең танымал болған Жәнияның атына жылы лебіздер көп айтылады ғой. Соған да Яхаң әке боп мақтанған кісі емес. Қазақтың «көз тиеді» деген наным-сеніміне ұйыған ол ішкі сезімін сыртқа шығармайтын. Яхаң соңғы жылдары қан қысымы күшейіп, қайта-қайта жатып қалып жүрді. Сонда да, жарықтық, бір абыржыған емес. Еңбек режимін де сақтап, жұмысын да істеді. Сол жұмыс үстінде қайтыс болды. Өлім де оған айғайсыз, шусыз, елеусіз келді. Жақсы адамның өлімі де тыныш, ешкімге салмақ салмай өтеді. Яхаңды бүкіл Алматы шығарып салды. Астанадан, облыс орталықтарынан келген қонақтар мен шәкірттері қаншама! Осының бәрі Яхаңның ғалымдығына қоса үлкен адамгершілігіне, жайсаң жанды азаматқа деген құрмет еді... Төрегелді Шарманов, ҚР ҰҒА академигі Яхаң – құлдық мәдениеттен жоғары тұрған жан Бейнелеп айтсақ, Яхаң динозаврға ұқсайтын. Бұл, әрине, дөрекілеу сөз. Бірақ расы солай болатын. Біз Кеңес өкіметінің адамдарымыз. Түсінігімізде, ұғымымызда, танымымызда, мәдениетімізде құлдық психологияның табы аңғарылады. Ол заманда «аға ұлт» деген түсінік болды, бәрімізге сол үстемдік етті. Сол үстемдік өзіміздің ана тілімізге, баба дінімізге қарсылық туғызды. «Достық» деген жалған ұғым пайда болды, «ақпыз, қара, сарымыз, ағайынбыз бәріміз» дедік. Ішімізде тек бір ғана ұлт бәрімізге «аға» боп, «жаға» боп, ерекше сезімде жүрді. Ұлттық дәстүрлеріміз көз алдымызда аяққа тапталып жатты. Қыл аяғы домбыраның өзін де жамандап, төл аспабымыздан жирендіргісі келді. Міне, Яхаң сол заманның өзінде қазақтық болмысын жоғалтқан жоқ. Ұлттық менталитетін сақтап қалуды ұйғарды. Бұл – екінің бірінің қолынан келе бермейтін азаматтық. Тәуелсіздік алдық дегенімізбен, ондай адамдар қазірдің өзінде сирек. 10002 Еуропалық өмір сүру дағдысы­ның артынан қуамыз деп, өзіміздің менталитетімізден ажырап бара жатқанымыз өкінішті. Қазақтың ұлттық дәстүрінде үлкенді сыйлау, ата-ананы сыйлау деген ерекше қасиет бар. Біздің ұлтымыздың ғажаптығы соншалық, әкесі тұрғанда ұлы сөйлемеген, шешесі тұрғанда қызы алдына шықпаған. Тіпті, қазақ әйелінің күйеуіне деген сый-құрметінің өзі қайсыбір ұлттардағыдай құлдық немесе күңдік деңгейде емес, біздегі әйелдің еріне деген құрметі ұлттық дәстүрдің бір көрінісі ретінде сақталған. Еуропалық өмір сүру дағдысы­ның біздің менталитетімізге келе бермейтін тұстары өте көп. Батыстың салтында бала он сегізге толғаннан кейін ата-анасы оған жауапты емес. Бөлек кетіп, өз күнін өзі көруі керек. «Білім бердім, тәрбие бердім. Әрі қарай өзімен-өзі кетсін. Балаларын да өздері асырап алсын» дегені. Ал азиялықтарда бұл жағы мүлдем басқаша. Мысалы, Жапонияда бала міндетті түрде әке-шешесімен тұруы керек. Егер отбасында бірнеше бала болса, қазақтар сияқты, олар да алдыңғыларына енші беріп, бөлек шығарады да, кенжесін қолына алып қалады. Қазір бағып-қағу дегенге әлсіздік деп қарайтын көзқарас пайда болды. Бұл – түбірімен қате. Бала өз ата-анасын асырауы тиіс деген ұғым – өте биік ұғым. Оның жөні әсте бөлек. Асырау дегенді тар мағынасында қарастырмай, тереңінен түсіну керек. Асырау деген міндетті түрде аузына нан салып беру емес. Мысалы, Жәния, сені алайық. Сен өзіңнің әке-шешеңе ауыртпалық салған жоқсың. Олар да саған ауыртпашылығын жүктемеді. Соған қарамай, сен Яхаңды асырадың, әлі күнге асырап жүрсің. Қалай асырап жүрсің? Әрине, ас беріп емес. Сен өзіңнің өскендігіңмен, ел арасындағы абырой-атағыңменен әкеңді асырадың. Әкең сенің қуанышыңа қуанып жүріп марқайды. Асырау деген ұғымға осылай қарау керек. Ата-ананы асырау деген күнелту ауқымында қалмауы тиіс. Баламыздың өз қолы өз аузына жетсе, өз бетімен еңбек етіп, елге пайдасын тигізе алатын шамасы болса, сол бізді асырағаны деп ұғуымыз керек. Кеңес одағын жаппай жамандай беруге болмайды. Біз Кеңес өкіметінің жақсылығын да көрдік. Ақысыз-пұлсыз оқыдық. Тегін емделдік. Өстік, өндік. Үлкен көтеріліс болды, көп ұзамай еліміз тәуелсіздік алды. Бірақ Кеңес өкіметі бізге үлкен кесірін тигізді. Біз өзіміздің ұлттық негізімізден ажырап қалдық. Соның зардабын күні бүгінге дейін көріп отырмыз. Яхаңның ғажаптығы, ол анау заманда да, бұл заманда да өзінің болмысына қарсы шыққан жоқ. Бұрын қандай болса, кейін де сондай боп қалды. Жалпы, аумалы-төкпелі мінезі жоқ болатын. Ұдайы өзін бірқалыпты ұстайтын. Яхаңның тағы бір ғажаптығы – бар дүниені жүрекпен сезіп, жүрекпен ұғатындығы. Кез келген жағдайды іштей саралап, терең түсінетін. Қасіретті жағдайдың алдын алып, шеттетіп отыратын. Кейде қызды-қыздымен әртүрлі әңгіме айтыла бастаса, өзінің ұстанымын жайлап айтып қалатын. Жақаң өте сүйкімді сөйлейтін. Әзілдері де нәзік еді. Ол кісінің айтқан әзіл-қалжыңына күле бергің келетін. Бұл жаны жайсаң, жүрегі жылы жандарға ғана тән ерекше қасиет. Кей адамдардың әзілі зорланып шығатыны көрініп тұрады. Өзіне жараспайды, өзгеге де ауыр тиеді. Яхаң әзілінің артында зілі жоқ жан еді. Қалжыңдасқанда да біреудің жанын жаралап алмауды ойлайтын. Камал Сәруарұлын жақсы көруші еді. «Лаңкес» дейтін. Жақсы көргендегісі. Сонысы өзіне жарасып тұратын. Камал Сәруарұлы көрінбей кетсе, «әй, әлгі лаңкес қайда жүр?» деп қоя­тын. Газеттерде қатты-қатты сын айтып, жүрген жерін шулатып жүре­тініне орай Камал Сәруарұлын өз арамызда «террорист» дейтінбіз. Міне, біздің жарастығымыз осындай еді. Бірде Ұзақбай Қарамановтың тойына бардық. Той иесіне лебіздерін білдіру үшін ортаға Бәйкен Әшімов бастаған топ шықты. Бәйкен Әшімов бірінші сөйледі. Қысқа ғана сөйледі. Жалпы, ол кісі ең ұзағанда үш минут сөйлейді, ойын қысқа ғана жеткізеді. Ал ол кісімен бірге шыққан екеу ұзаққа сілтеді. Әлі сөйлеп түр, әлі сөйлеп түр. Бәйкен Әшімов отырайын десе, жанындағылардан қысылып... мүсәпірсіп қалды кәдімгідей. «Қап, мына сандуғаштар ұзақ сайрады-ау», – деді бір мезгілде Яхаң Бәйкен Әшімовтің жәутеңдеген түріне қарап. Екеуіміз әбден күлдік. «Барып, аналарға қысқарт деп айтсайшы», – дейді. Одан сайын күлеміз... Яхаң көп қиянат көрген адам. Бірақ сонысын ешқашан сыртқа шығарған емес. Өзін ұдайы бірқалыпты ұстайтын. Ешкімге ренжімейтін, өкпесін айтпайтын. Шамасы келсе пайдасын тигізетін. Зиян жасауға жоқ еді. Яхаң өзінің балаларын шексіз жақсы көретін. Әкелік қамқорлығы да ерекше болатын. Қызының концертінде отырғанда жүзіне жайлап көз салсаң, іштей уайымдап отыратыны байқалатын. Әрине, кез келген ата-ана солай істер еді. Мысалы, ұлым бір жерде сөйлеп тұрғанда, мен де іштей зәрем ұшып отырамын. Сөйлеген сөзінде қателік болмаса екен, жұрт жақсы қабылдаса екен деп тілеп отырамын. Яхаң да сондай болатын. Қатты қобалжитынын жүзінен байқап қалатынмын. Естуімше, сол конференцияға Яхаң қатты қиналып барыпты. Барғысы келмеді ме екен?.. Қи­налып тұрса да барған. Жауап­кершілік барғызған. Яхаңнан сол конференцияның үстінде айырылып қалдық. Дегенмен, Яхаң – бақытты адам. Ол кісінің өлімі де шүкіршілік дейтін өлім. «Жеңіл өмір берме, жеңіл өлім бер» дейтін еврей мақалы бар. Осыған салсақ, Яхаң өмірден қиналмай ғана өтіп кетті. Адамның жаны тек мойнында ақшалай қарызы болғанда ғана қиналмайды. Адам ары таза болмаса да қиналып өледі. «Қарыз болу» деген тек қана материалдық игілікпен байланысты емес. Адамшылық, ар-ұяттың қарызы ол қарыздан әлдеқайда күрделі әлдеқайда қиын. Бұл жағынан Яхаң бақытты. Ол ешкімге қарыз болған жоқ. Өнегелі ұрпақ өсірді. Ұл-қызының жетілгенін, өскенін көріп кетті. Жақсылық арқалап жүріп, алғысқа малынып жүріп өмірден өтті. Бұдан артық бақыт жоқ, болмақ та емес. Камал Ормантаев,ҚР ҰҒА академигі Балаларыма зияным тимесе екен деп өмір сүрді Ең алғаш Жақаңмен бір тойдан келе жатқан жолда танысып едік. Түнгі сағат 12 ме, әлде 2 ме, есімде жоқ, біздің үйге кіріп, біраз уақыт әңгімелескенбіз. Кейбір адамдарды қаншама жылдан бері танитын болсаң да, ағыңнан жарылып әңгіме айта бермейсің, жақын тарта алмайсың. Ал Жақаңның магниті бар еді. Біз сол бірінші кездесуден кейін-ақ жақын араласып кеттік. Таныстығымыз сыйластыққа, сыйластығымыз сырластыққа ұласты. Жақаң көп жыл университетте проректор болып қызмет істеді. Ол заманда жоғары оқу орнында жұмыс істеудің, жұмыс істегенде де жауапты қызмет атқарудың ауыртпашылығы атан түйеге жүк болардай еді. Жоғары оқу орындарының басшылары студенттерді қабылдау кезінде арнайы тізім жасап алып, көп балаларға қиянат жасайтын. Тізімге ілінгендерді зорлықпен алатын. Жақаң осындай лас әрекетке жан-тәнімен қарсы болды. «Әр бала оқуға өзінің білімімен түсуі керек» дейтін, ол кісінің басты принциптерінің бірі осы болатын. Тағдырдың жазуымен Халық шаруашылығы институтының дәл іргесінен үй алдым да, Жақаңмен жиі-жиі кездесіп тұруға мүмкіндігім көп болды. Жалпы, менің экономист достарым көп. Кенжеғали Сағадиев, Қаби Оқайұлы, Сағындық Сатыбалдин, Базар Ыбырайұлы бастаған экономистер қауымымен қашанда әңгімеміз де, әзіл-қалжыңымыз да жарасатын-ды. Мақтағаным емес, сол экономистер қауымының ішіндегі жасы да, жолы да үлкені, жөні де бөлегі, өзі де ерегі Жақаң – Яхия Әубәкіров болатын. Жақаң көпсөзділікті жек көретін. Өзі де қысқа әрі нұсқа сөйлейтін, әр нәрсенің басын бір шалмай, тоқетерін айтатын. Ұсыныстары да нық болушы еді. Сабырлы, салмақты, салиқалы еді. «Жақсы әйел – жарты бақыт» дейді, Жақаңның жары Мәрзия сондай «жарты бақыт» бола білді. Мәрзия жеңгеміз көп жыл университетте араб тілінен сабақ берді. Ұлағатты ұстаз болды. Қоғам және мемлекет қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «журналист болуыма, тарихқа бет бұруыма Мәрзия апайдың ықпалы көп болды» дегенін өз құлағыммен естідім. Мұхтар көпшілік қауымның алдында ұстазының қолын алып, алғысын білдіріп жатты. Шыны керек, сабақ берген ұстаздарының есімін есте сақтамайтын студенттер де аз емес. Ал Мәрзия бүл жағынан бақытты. Мәрзияны Жақаңның көлеңкесінде жүрген адам деуге әсте ауыз бармайды. Ол да ұстаздық етті. Талай-талай шәкірт тәрбиеледі. Шәкірттеріне өзінің салмақтылығымен, сабырлылығымен үлгі болды. Өз мамандығын шексіз сүйетін ұстаз шәкірттеріне өнегелі тәрбие берді. Біз Жақаңның отбасымен өте жақсы сыйластық. Балаларын да жақсы білемін. Қайбір жылы Жақаң немерелі болғанын айтып, сүйінші сұрады. «Атын Камал деп қойдық», – деді шын қуанып. «Ойбай, қашан жуамыз?» – дедім мен де қалжыңдап. Ақырында арада төрт-бес күн өткенде Манаш Қозыбаев, Өмірзақ Сұлтанғазин бастаған төрт-бес адам ақжарқын азаматтың үйінде қонақта отырдық. Бала Камал біздің арамызды тіптен жақындастырып жіберді. Қазір ол Камал баламыз да ержетіп қалыпты. Жақаңның бұрын да ауырыңқырап жүретінін байқаушы едім. Бірақ аяқ астынан кетіп қалды. Бұл да бір жақсылығы шығар, Жақаң өзі де қиналмай, отбасын да қинамай кетті. Ойламаған жерден жаны жайсаң жаннан айырылып қалдық. Бірақ «ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді». Жақаң бір азаматтың мойнына жүк болар парызын толығымен орындады. Артында ұрпағы қалды. Жақаң өнегелі, үлгілі ұл-қыз тәрбиеледі. Қыздары Жанар мен Жәния да, ұлы Қанат та өмірден өз орындарын тапты. Өз балаларының сыртында жүздеген, бәлкім, мыңдаған шәкірт тәрбиеледі. Небір мен деген мықты ғалымдарға ұстаз болды. Артында мол мұрасы қалды. Эко­номистер қауымының ішінде Жа­қаңды ұстаз тұтатындар өте көп. Жақаңның артында атын өшірмейтін, атына кір келтірмей­тін ұл-қызы қалды. Жәниясы ел мақтанышына айналды. Қаумалаған қауымның құрметіне бөленіп жүрсе де, Жақаң үшін Жәния әрдайым бала еді. Жақаң қызын қатты уайымдайтын. Жәнияның да әкесіне деген ықылас-көңілі ерекше екенін аңғаратынбыз. «Не айтар екен?..» деп аузына қарап отыратын. Айтқанын екі етпей орындайтын. Жалпы, қыз бала әкеге жақын болады деп жатады ғой. Жәния да әкесіне өте жақын болды. Жәния адамгершілігі жоғары азамат болып өссе, ол да әкеден келген, атаның қанымен сіңген өнеге. Жақаңның мінезі өте ерекше еді. Қоғамдық ғылым саласының адамы болғаннан кейін де шығар, қысқа әрі нақты сөйлеуші еді. Мұнысы, әсіресе, тойларда анық байқалатын. Журналистер мен тарихшылар, ақындар мен жазушылар ұзаққа сілтегенде ол кісі күліп қана қарап отыратын. Ішкі сырын шығара бермейтін. Бір-екі рет қайсыбір мәселелерге қатысты өзімнің пікірімді айтқанымда екіұдай күйге түскенін байқадым. Бір жағынан мені қолдағандай да болды, бірақ қосыла кетіп, ашық қолдай қойған жоқ. Жақаңның саясаттан бойын аулақ ұстайтынының себебі тым әріде жатыр. Он бір жасында, буыны әлі қатпаған кезінде көз алдында әкесін ұстап әкеткен. Атылып кеткен әке тағдыры бала жүрегінде мәңгіге үрей қалдырған. Ішкі пікірі, өзіндік көзқарасы болмады дей алмаймын, бірақ ашық саясатқа араласқан жоқ. Оңаша кездескенде мені де қолдағандай болғанымен, артынша «саясатқа бармайықшы» дейтін. Жақаңның әкесі атылып кеткеннен бермен қарай да бірнеше ұрпақ ауысып үлгерді. Кейіннен әкесі ақталды да. Бірақ Жақаң саясатқа араласпады, билікке қарсы сөз айтпады. Бала күннен бойын билеген үрей мен қорқыныш өз алдына, меніңше, мұның басқа да себептері болған сияқты. Менің ойымша, Жақаң балаларына зиянын тигізгісі келмеген сияқты. Балаларының өз тағдырын қайталағанын қаламаған сияқты. Жақаңның жаны нәзік болатын. Әдемі әзілді жақсы көретін. Мен де әзіл-қалжыңды жақсы көретін адаммын. Бірақ өзім онша қалжыңға жоқпын. Бұл менің мамандығыммен байланысты болуы керек. Михаил Бракин деген ұстазым «хирургия дегеніміз – жартылай әскери хирургия» деуші еді. Сол құлағыма әбден сіңіп қалған. Уақытпен жүріп-тұру да сол ұстазымның берген тәлімі. Қазірге шейін шақырған жерге уақытында барамын, уақытында тұрып, уақытында жатамын дегендей. Әзіл деген өте нәзік болуы керек. Кейде қалжыңдағанның жөні осы екен деп, адамның жанын ауыртып жататын сәттер де болады. Әдемі, орнымен айтылған әзіл ешқашан ондайға жол бермейді. Мысалы, мен өзім Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеұлы, Төлен Әбдіков сияқты жазушылармен жақын араласамын. Олардың бір-бірімен қалжыңы қандай жарасымды! Қараған адам қызыққандай. Жақаңның қатарластары сияқты біз де Кеңес одағының адамдарымыз. Тәуелсіздік алғанда бәріміз қуандық, қуанамыз да. Бірақ солай екен деп Кеңес өкіметін сыпыра жамандай беру дұрыс емес. Кеңес өкіметінің жаман жағымен қатар жақсы жағы да болды. Және өте көп болды. Кеңес одағының арқасында тегін білім алдық. Бас ауырып, балтыр сыздаса тегін емделдік. Бұл – жақсы жағы. Ол заманда жабайы капитализм болды, олигархтар мүлдем болған жоқ. Ал қазір ше? Қазір бай байып жатыр, ал кедейлердің жағдайы күннен-күнге нашарлап барады. Кеңес өкіметінің тағы бір жаман жері – орыс тілін білмегендер оқи да алмайтын, жұмысқа да тұра алмайтын. Мысалы, мен өзім Қызылорда облысының Қармақшы ауданынан келдім. Он үш бала бітіріп едік, солардың ішінде мен ғана оқуға түстім. Медициналық институтта оқи жүріп орыс тілін, латын тілін үйрендім. Бітіргеннен кейін еңбекке араласып, елге қызмет еттім. Қазір, өкінішке қарай, басында білімі болса да, талабы таудай бола тұрса да, оқи алмай жүрген жастар көп. Бұл жағынан Жақаңдар, біздер бақытты ұрпақпыз. Яхия Әубәкірұлының өмірі – өнегелі ғұмыр. qazaquni.kz