Құнанбай – аңыз бен ақиқат
2016 ж. 01 қараша
6686
2
Аңыз-халықтың көксеген арманынан туған халық ауыз әдебиетінің ерекше түрі. Аңыздың негізгі ерекшелігі онда тарихта болған адамдар жайында айтылады. Аңыз кейіпкерлері батыр болса, оның батырлық іс-әрекеті, ал күлдіргі адам болса күлдіргі іс-әрекеті ұлғайтылып, күшейтіліп, әр түрлі қоспалар қосылып суреттеледі. Бұл-аңыздың өзіндік ерекшелігі.
Аңыз кейіпкері тарихта болған адам болғандықтан, ол адам туралы айтылған аңыз-әңгімелерге халық қалтықсыз сенеді. Оның негізгі себебі, аңыз әңгіменің негізінде тарихта болған адамның шын бейнесінің түбегейлі ерекшеліктері сақталады. Тек қана сол аңызды айтып жеткізуші адамдар өздерінің пайым-түсінігі мен білім деңгейіне және қоғамдық көзқарастарына қарай әлгі кейіпкердің бойына өзі қалаған, сол кейіпкердің бойынан көргісі келген қасиетті дарытады. Біз мұны аңыз кейіпкерлерінің бойындағы әр түрлі қоспалар дейміз. Осындай қоспалар ұлғая келе аңыздағы кейіпкер тарихта болған шын кейіпкерге мүлдем ұқсамай қалуы да мүмкін. Сондықтан да бір адам болса да аңыздағы кейіпкер мен тарихи кейіпкердің шын болмысын ажырату уақыт өткен сайын күрделене бермек.
Міне, осындай аңызға айналған тарихи күрделі бейнелердің бірі-қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың әкесі - Құнанбай.
Моңғолия және Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Соян Қажыбайұлы өзінің «Құнанбайдың Қытайға баруы» («Абай» журналы, №4 1999 жыл) атты мақаласында Құнанбайдың Қытайға баруы жайында ел аузындағы деректерді жинастыра келе, «Құнанбай солай депті,»-дей отырып: «Құнанбай тек данышпан Абайдың әкесі ғана емес, өз заманында қазақ халқының бірлігіне пана, қорған бола білген, отаршылдыққа қарсы күрескен, халқына алғыр ісі, асыл сөзімен үлгі-өнеге көрсеткен, қарадан шыққан ел ағасы деп білеміз,»-деп ойын тұжырымдайды.
Мақала авторының жазуынша, Құнанбай «алғыр ісі, асыл сөзімен» үлгі-өнеге көрсеткен, халқына қорған пана болып, отаршылдыққа қарсы күрескен ұлттық тұлға. Бірақ, мақала авторы Құнанбай туралы тұжырымдаған ойын ешқандай тарихи құжаттармен не тарихи дерек көздерімен бекітпеуі былай тұрсын, Құнанбайдың Қытайға не үшін барғанын да нақты білмейді.
Мақала ел аузындағы аңыз-әңгімелер негізінде жазыла тұра,
aвтор:»Құнанбай қажының еңбегін орынды бағалап, ескерткіш орнату ісі әлі күнге дейін қолға алынбауы өрескел ағаттық, тіпті бір село көшеге де аты берілмегендігі елдігімізге-сын, ұлттығымызға ұят»,-деп жазса, Тұрысбек Сәукетаев «Досханның Құнанбайы» атты мақаласында: «Құнанбай - ұлы Абайдың әкесі ғана емес, қазақ тарихында өзіндік орны бар шоқтықты тұлға: сөз ұстаған шешен, ел бастаған көсем, қарадан шығып хан болмаса да Қарқаралы уезінің алғашқы Аға сұлтаны болған. Төбе би боп төрелік айтқан, телі мен тентекке тиым салған қатал билеуші, айналасына әділет орнатып, өнеге таратқан кемеңгер абыз...» - дей келіп: «Құнанбай-Кенесары көтерілісіне
1
тікелей қатыспағанмен іштей тілеулес болған адам.Сойысқа мал, мініске көлік беріп астыртын көмектесіп отырған», - деп жазады. («Жұлдыз» журналы № 7, 2015 ж.)
Бір қызығы, Құнанбайды ұлттық тұлғаға айналдырғысы келген дәл осындай мақалалар еліміз тәуелсіздік алғаннан бері баспа бетінде қаптап кетті. Неге? Демократиялық еркіндік, мүмкін цензураның жойылуы? Әлде халық өзінің тарихи бастауына бет бұрды ма? Мүмкін рыноктық қатынастарға байланысты елімізде пайда болған жеке адамдар мен байларды һәм байлықты дәріптейтін буржуазиялық идеология шығар? Әлде, әркім өзінің лағын текешік қойғысы келетін ұлтымыздың бойындағы жершілдік пен рулық сананың көрінісі ме? Бәрі де болуы мүмкін, бәрі де...
Бірақ, тарихи шындық қайда қалады?!
Құнанбай туралы соңғы кезде жарық көрген мақалаларды жинақтасақ, мақала авторлары Құнанбай бойына қандай қасиеттерді дарытқысы келсе, сондай қасиеттерді дарытқан. Олардың жазуынша, Құнанбай ақылды да көреген, дінді берік ұстаған әділ де қатал, Кенесары Қасымов көтерілісіне тікелей қатыспаса да, Кенесарыға астыртын көмек беріп, отаршылдыққа қарсы күрескен, халық қамын ойлаған ел басқарушысы.
Мақала авторларының көбісі «солай болыпты», «деген екен», «депті»,-деген секілді нақты тарихи деректер мен құжаттарға негізделмеген жағдаяттарды әңгімелейді. Тарихи құжаттарға негізделмегендіктен, Құнанбай туралы мұндай әңгімелерді біз ауыз әдебиетінің аңыз әңгімелер топтамасына жатқызамыз.
Ал, сонда өмірдегі тарихи Құнанбай қандай адам болған?
Құнанбай тарихта болған. «Қарадан шығып хан болды», -дейтіндей, 1995 жылы Алматы қаласы, «Атамұра» баспасынан шыққан «Абай» энциклопедиясының жазуы бойынша ол 1849-52 жылдары Қарқаралы округіне аға сұлтан болып, 1804-1886 жылдар арасында өмір сүрген.
Өмірдегі Құнанбай туралы алғаш жазбаша мағлұмат қалдырушы, оны көзімен көрген, Қазақстанға жер аударылып келген поляк революционері Адольф Янушкевич.
Сібірге жер аударылып келген А.Янушкевич 1840 жылдарда Омбы шекаралық басқармасының қазақтарды билеу жөніндегі бөлімде қызмет атқара жүріп, қазақ даласына аттанған орыс экспедицияларының құрамына кіреді. Ол Семей, Аягөз, Лепсі, Қапал, Жетісу жерлерін аралайды. Тарбағатай тауларына дейін барып, Балқаш көлінің бойындағы ауылдарда болады. Ол өзінің осы сапарында көріп-білгенін, естіп сезгенін, толғаныс-ойларын күнделік дәптеріне түсіріп, бұл аймақтан алған әсерін туған еліндегі аяулы анасына, сағынған туыстарына, жанашыр достарына хат ретінде жазып отырады. 25 жылдай айдауда болған Адольф Янушкевич, кейін еліне келген соң бір жылға толмай қайтыс болады.
А.Янушкевич қайтыс болғаннан кейін, туыстары оның күнделік пен хаттарын досы Феликс Вротновскийдің жазған өмірбаянымен бірге өз қаражаттарына «Адольф Янушкевичтің өмірі» деген атпен алдымен
2
Парижде 1861жылы, кейінірек 1875 жылы Берлинде бастырып шығарады.
Адольф Янушкевичтің осы кітабы «Қазақ даласындағы саяхаттың күнделігі мен хаттары» деген атпен Ф.И.Стеклованың аудармасымен Қазақстанда 1966 жылы орыс тілінде басылып шықты.
А.Янушкевич осы кітаптағы бір хатында «Мен қазақ тілін, қазақтардың жол-жоба,салт-сана, әдет-ғұрпын үйренбесем болатын емес»,- деп жазады1.
Міне, осы Янушкевич 1846 жылы 11маусымда, өзінің досы Густав Зеленскийге Семейдің Аягөзінен жазған хатында: «Құнанбай бидің жасы Барақ сұлтаннан біраз үлкен. Бұл да дала өңірінде аты кең жайылған адам. Қарапайым қазақтың баласы. Табиғат оған кесек ақыл, ғажайып ес және жүйрік тіл берген. Іскер, өз аталастарының игілігі туралы қам жейді. Дала заңдары мен құран қағидаларының жетік білгірі. Қазақтарға қатысты россиялық уставтарды бес саусағындай біледі. Қара қылды қақ жарған би және өнегелі мұсылман. Одан ақыл сұрауға жас та, кәрі де, кедей де, бай да шалғай-шалғай ауылдардан келіп жатады... Ал, бірақ барлық байлар Құнанбайдың кебісін кигізуге жарамайды» - деп таңғалады2.
Құнанбай туралы соңғы кезде көбірек мағлұмат берген Шәкәрім Құдайбердиевтің ұлы Ахат Шәкәрімұлы, 1900-1986жылдары өмір сүрген.
Ол кісінің жазуынша: «Құнанбай діншіл адам болған. Пара алуды, пара беруді, өтірік айтып ұрлық қылуды, адамға табынуды жаны түршігіп жек көрген. Ол тек құдай мен көпке бағынуды лайық деп санаған», - деп айта келіп, «Өскенбайды іздеп келген адамдардың дауларын Құнанбай тыңдап, әділ билік айтады, оған екі жағы да риза болып қайтады екен» 3 - деп жазады. «Діншіл адам болған. Пара алуды, пара беруді, адамға табынуды жаны түршігіп жек көрген». «Әділ билік айтқан...». «Сауатты болған...». Міне, Ахат Шәкәрімұлының Құнанбай туралы жазуы.
Адольф Янушкевичтің Құнанбай туралы жазған пікірін Ахат Шәкәрімұлы толықтырып тұрғандай.
Абайдың өмірі мен шығармашылығын, оның айналасы мен заманын өмір бойы зерттеген «Абайтану» ғылымының негізін салушы, дүниежүзіне белгілі «Абай жолы» роман-эпопеясының авторы академик-жазушы Мұхтар Әуезов өз зерттеулерінде Құнанбай туралы не айтады екен, енді соны тыңдайық: «Құнанбай жасында әке-шешесі мен өскен ортасынан алған тәрбиеден басқа оқу тәрбиесін көрмеген. Мұның орайына жас күніндегі өмірі елдің ол кездегі дағдысы бойынша батырлық, жорықшылдық сияқты істерге көбірек ауған. Өзі құрбы жас жігіттердің ішінде мықты, найзагер болып та саналған. Жасында осындай өмірге салынған Құнанбай кесек
мінезді, қатты адам болған. Қаттылығы әншейін ағайынға емес, әке-шеше, жанашыр жақынға да бірқалыпты болған сияқты.
Ақын Абайдың алдыңғы аталарындай емес, Құнанбай жайында ел жадында қалған аңыз-әңгіме аса көп. Себебі, Құнанбай өз тұсындағы ел билеушілерінің көбінен қатал, салмақты болады. Ақыл-ой да, қажыр-қайрат та, билік батылдығы да және халыққа батқан қатты, кесек іс-қимылдары да бұның атын көпке мәлім еткен3» - деп жазады абайтанушы-ғалым М.Әуезов. Кім жазса да, қалай болғанда да Құнанбай өз заманындағы ірі іс- қимылдың адамы болған ел билеушісі секілді.
Құнанбай атының аңызға айналуы, оның "Қарадан хан болып", Қарқаралы округіне қараған қазаққа аға сұлтан болуы. Бұл оқиға Құнанбайдың даңқын көпке жайып жіберуге себеп болған.
Құнанбайдың аға сұлтан болуының негізгі тарихи себебі, сол кездегі орыс отаршылдарының саясаты еді. Тарихи деректерге жүгінсек...
«Патша өкіметі өзінің Қазақстанды жаулап алу саясатында басқарудың хандық жүйесін әуелі әлсіретуді, содан кейін біржола жоюды көздей отырып, феодал рубасыларына сүйенді, бұлардың сұлтандармен күресін қолдап отырды.
Феодалдық алауыздық отына май құйған патша өкіметі өз саясаты мен сословиялық және рулық шонжарлар арасындағы, феодал-сұлтандар мен феодал-рубасылары арасындағы қайшылықты шиеленістерді, сөйтіп ақырында феодал-рубасылардың «феодал-сұлтандарды жеңіп шығуына жеткізді,» - дей келе тарихшы Е.Бекмаханов: «... Қазақ қоғамындағы феодал басшы тобы құрылымындағы және құрамында болған өзгерістер патша өкіметінің отарлау саясатының ықпалымен болды деу керек4» - деп жазса, абайтанушы ғалым М.Әуезов: «Осы кезде Қарақаралының аға сұлтаны болып тұрған Құсбек төре мен бұрын аға сұлтан болған Жамантайдың партиясы басталады. Сонымен Жамантай өзі сұлтан бола алмайтынына көзі жеткен соң өзіне қараған тастарды Құнанбайға салғызып, Құсбек жеңіліп, Құнанбай сұлтан болды» - дей келе, «Бұрын хан-төренің туы жығылып өз орталарынан біреудің аға сұлтан болуына тілеулес болып жүрген ру жуандары, Құнанбайдың аға сұлтан болуын Құсбек, Жамантайдың партиясынан, орыс саясатынан дегісі келмей, қазақтың артықшылығынан, Құнанбай басының қасиетінен деңкіреп кеткен5» - деп атап көрсетеді. Дарынды тарихшымыз, профессор Ермұхан Бекмахановтың жоғарыдағы пікірін абайтанушы-академик Мұхтар Әуезов дәлелдеп, растап тұрғандай.
Ия, Құнанбайдың аға сұлтан болуы, оның жеке басының артықшылығынан емес, себебі "Қарадан шығып хан болып" аға сұлтан
сайланған жалғыз Құнанбай емес, Қаржас руынан Шорманның Мұсасы, керей руынан – Еске, Бағаналы Найман – Ерден, Сибан руынан шыққан Есеней де аға сұлтан болған. Хан тұқымы болмай, қарадан шықса да Құнанбайдың аға сұлтан болуын сол кездегі феодалдық алауыздықтың отына май құйып отыратын патша өкіметінің отаршыл саясатынан,- деп түсінуіміз керек. Бұл - тарихи шындық! Орыс отаршыларының қазақты қазаққа айдап салу, яғни сексеуілді сексеуілмен ұру саясаты, бұл- әбден сынақтан өткен, дүниежүзі отаршылары үлкен айлакерлікпен қолданған, тамыры тереңде жатқан қара жүзді ел билеу әдісі еді.
Тағы да сол абайтанушы ғалым М.Әуезов: «Аға сұлтан болған бетінде Құнанбай көзге түсерлік жаңалық кіргізді ме, жоқ па? Бұл туралы ештеме білінбейді. "Қара болды" деген аты болмаса елге жүргізген билікте, барлық істеген істің әдісі мен саясатында жаңалық болды деуге болмайды. Оны күтуге де керек емес6»- дей келіп, «Аға сұлтан болған соң Құнанбайға алым да, түсім де аз болмаған. Міне, сондай түсімнің аты – пара. Сол жөнінде Балта ақынның бір сөзін мысал етуге болады. Балта ақынға бір кездескенде Құнанбай:
Уағалейкумассәләм, ақын Балта,
Болып сен жаралдың ғой шараң орта.
Шаншар менен Бошанның құртын ұрлап
Салдырдың оң жағыңа майлы қалта, - депті.
Сонда Балта:
Шарам орта болды ғой шараңыздан,
Есіркесең бөліп бер қараңыздан.
Мен ұрласам құрт пенен май ұрлаппын,
Сіздің жеген арам ба параңыздан? – деп Балта ақын
Құнанбайдың парақорлығын бетіне басқан.
Құнанбайдың парақорлығына тағы бір мысал:
Сүйіндік ауылы бір жылы жау түсіріп, сол жаудан олжаға бір жақсы қара ат алады. Қара аттың соғыста шекесіне сойыл тиіп, басы жарық болып түскен екен. Сонда да Құнанбай қызығып, Сүйіндіктен сол атты сауғаға сұратып жібереді. Бірақ осының алдында Жуантаяқ руынан Бостан дегеннің ауылы Сүйіндіктің бір айғыр үйір қысырағын апарып сойып алған. Сүйіндік осы істі Құнанбайға шаққанда, ол Бостаннан бір айғыр алған екен, соның салдарынан Сүйіндіктің дауын аяқтатпай жүреді. Жаңағы қара атты енді Сүйіндік Құнанбайға бергелі жатып:
Айыбында қара аттың басы жарық,
Өзім семіз болғанмен көңілім арық.
Бостанның қорасына қонар едім,
Құнанбай қор қылмаса айғыр алып, - деп бір ауыз өлең айтқан. Сол заманнан қалған мұндай өлеңдер Құнанбайдың парақорлығының шындық айғағы еді²».
Құнанбай аса діндар кісі болған. Ол Қарқаралыда үлкен мешіт салдырып, кейіннен қажылыққа барады. Сол жақта "Тәкия" үй салдырып, ол үйді қажылыққа келген қазақтарға тегін пайдалануға тастап кеткен. Меккеге барған қазақтардың көбі сол жақта Құнанбайдың "Тәкиясына" түсіп, сол жерден Құнанбай атына қанық болып қайтқан. Осының өзі Құнанбай атағын даңқты етуге себеп болған. Қажылықтан келген соң да, "дүние ісіне" араласпаймын деп, фәни жалғаннан баз кешіп, шымылдық құрғызып, соның ішінде таспиғын тартып, өмірінің соңғы кезеңінде тоқалы Нұрғаныммен бірге тұрған.
Құнанбайдың қажылыққа барып, Қарқаралыда мешіт салдырған діндәрлығын айттық, бірақ сол діндарлығы кейде ұсақ фанатизмге де жетіп отырған. Мысалы: Насыбай атқан кісінің танауын тілу сияқты.Мешіт салдырған дегеннен еске түседі, көп зерттеушілер Қарқаралыдағы мешітті халық игілігі үшін Құнанбай өз жеке қаражатына салдырғандай етіп сөйлейді.
1995жылы Алматы қаласындағы «Атамұра» баспасынан шыққан «Абай» энциклопедиясында төмендегідей деректер жазылған. Үзінді келтірсек: «Құнанбай мешіті Қарқаралы қаласында құрылысы 1850жылы
басталып, 1851жылы салынып біткен мешіт. Мешіт салу жөнінде 1847жылы әңгіме қозғалып, арасында Күшік тобықты болысы Құнанбай бар, 16 болыс қол қойған. Аға сұлтан майор Құсбек Таукин мөр басқан мешіт салу туралы акт дуанға тапсырылған. Онда құрылыс үшін халықтан қаржы жиналатыны айтылады. 1849-52 жылдар Қарқаралы округіне аға сұлтан болған Құнанбай құрылыс жүргізу ісін өз қолына алып, тыңғылықты аяқтағандықтан мешіт халық арасында Құнанбай мешіті аталып кеткен», - дейді энциклопедиялық дерек. («Абай» энциклопедиясы – 372бет. Осы энциклопедиялық деректі абайтанушы ғалым Мұздыбай Бейсенбаев мұрағаттық деректер арқылы дәлелдейді.Л-20, Каз.ар. ф-374 ОП-1 П-3104 “Дело о строительстве мечети в Каркаралинском селении) (М.Бейсенбаев «Құнанбай қажы» мақала. «Абай» журналы №3, 1995 ж. 29-бет.)
Бұл деректегі аға сұлтан майор Құсбек Таукин кейінгі аға сұлтан сайлауында М.Әуезов тілімен айтқанда, ...Жамантай өзі сұлтан бола алмайтынына көзі жеткен соң, өзіне қараған тастарды Құнанбайға салғызып, Құсбек жеңіліп, Құнанбай сұлтан болады, - деп жазғандағы Құнанбаймен аға сұлтандық сайлауына түсетін Құсбек.
Құсбектен соң Қарқаралы округіне Құнанбай аға сұлтан болған. Құсбек тұсындағы мешіт салуға деп халықтан жиналған қаражатты орынды жұмсап, мешіт салу жұмысын аяқтау, Құсбектен кейін аға сұлтан болған Құнанбайдың тікелей міндеті емес пе?!
²М.Әуезов. Абай(Ибраһим) Құнанбайұлы. Монография. Жиырмасыншы том. Алматы, «Жазушы» - 1985ж.
Энциклопедиялық деректерге сүйеніп айтар болсақ, көбіміз ойлап жүргендей, Қарқаралы қаласындағы «Құнанбай мешіті» халық үшін
Құнанбайдың өзі жеке қаражатына салдырған мешіт емес. Мешіт салу үшін қаражат халықтан жиналған. Қаражаттың халықтан жиналғаны туралы «Абай» энциклопедиясында айтылғандай мөр басылған тарихи құжат бар.
Мешіт Құнанбайдың тірі кезінде-ақ «Құнанбай мешіті» аталса да,Құнанбай:
«Бұл мешіт менің атыммен аталғанымен, елден жиналған қаражатқа салынған халықтың мешіті еді» - деп айтыпты деген дерек еш жерде жоқ. Соған қарағанда «әділетті», «құранның білгірі», «қарадан шығып хан болған» Құнекең, айналасындағы қошеметші-жағымпаздары айтатын «жалған жарнаманы» да жек көрмеген секілді.
Әйтпесе, Қарқаралыдағы «Құнанбай мешіті» жөніндегі нақты тарихи құжатты дерек, мешіт Құнанбайдың жеке өз қаражатына салынғандай болып, кейінгі ұрпаққа бұрмаланып жетпес еді ғой.
Қалай десек те, Құнанбайдың жеке басының қайшылығы мол, күрделі тұлға болғаны ақиқат. Ары қарай оқиық:
«Құнанбай аға сұлтан болған кезінде өз еліне болыстыққа өзінің тоқал шешесінен туған Майбасар деген інісін сайлаған. Халық ұрыншақ мінезді, тентек, сыйымсыз Майбасарды басшы болып, ел меңгеруге жарайтын кісі деп білмеген. Осы Майбасардың болыстығына наразы өз туысқаны, Жігітек ішіне аттанып келген Құнанбай, Жігітек басшысы Бөжейдің өзіне қоса барлық ірі басшы кісілерді байлатып алып, дүре салғызады7», - деп жазды М.Әуезов өз зерттеу еңбегінде.Мұның арты жаулыққа ұласып, Жігітек ішінде басты-басты он жеті адамды Құнанбай Сібірге жер аудартады.
XVIII-XIXғасырларда рулық-патриархалды қоғамда өмір сүрген қазақ қауымы үшін басты мәселе – жер. Осы жер туралы саясатты Құнанбай қалай жүргізді.Енді соған келейік.
Басы ашық бір мәселе бар. Оны тарихшы Е.Бекмаханов былай деп жазды: «Россия патшалығының толық отарлауына байланысты, қазақ даласында рулық қауым ыдырап, феодалдық қоғам беки түсті. Бұл деген – жер руға ортақ меншік емес, рудың жері деген атпен ол жердің шын қожасы ру басы феодал болатын²».
Ал, абайтанушы ғалым М.Әуезов: «Құнанбай ең әуелі жалпы Тобықтының жер шетін молайтуға күш салған. Сонымен Шыңғыстың солтүстігіндегі күзеуі, оңтүстік сыртында жайлауы болған тобықты, екі шетіндегі уақ пен керейді өз жерлерінен ептеп жылжытып тықсыра бастап, жылдан-жыл өткен сайын жерлерінің өрісін молайта бастаған»,- дейді.
Жер тобықтынікі деп аталғанымен, оның шын қожасы рубасы феодал Құнанбай болғанын ұмытпауымыз керек.
Өзінің қатты мінезін жақыны мен жатына бірдей қолданатын Құнанбай жер турасына келгенде жақыны, туысқаны Бөжейді де аямаған секілді.
Архив құжаттарына сүйенген профессор Тұрсын Жұртбаев өз зерттеу еңбегінде: «Құнанбай Бөжейдің ата мекені, атасы Кеңгірбайдың күмбезі орнатылған Тоқпамбет пен Жидебайды Ералының тірі кезінде, 1844-1846 жылдары тартып алды3», - деп жазады.
Құнанбай туралы айтқанда Қодар оқиғасын айтпай кету мүмкін емес. "Қодар оқиғасы" дегенде келінімен жақын болды деген Қодарды Құнанбай жазалап, қырық рудың қырық кісісіне тас атқызып өлтіртеді. Келіні мен Қодардың жақын болғаны – тарихи шындық, сондықтан ұрпақтың болашақ дәстүр-тәрбиесін ойлаған Құнанбайдың Қодарды жазалағаны дұрыс, - деп Құнанбай ісін жақтаушылар көбейіп тұр. Жөн дейік. Егер Қодар мен келінінің жақын болғаны рас болса, Қодардың ісін ақтайтын адам табылмайтыны ақиқат.
Бірақ, ұрпақ болашағын ойлап Қодарды өлтірткен Құнанбайдың сол Қодар жерін емденіп кетуін қалай түсінуге болады? Неге басқа жұртпен санаспаған? Өлген Қодардың иесіз қалған жерін оның өзге туыстары Борсақтың біреуіне берсе болмас па? Жер рудікі еді ғой! Құнанбайдың ойлағаны не? Тағы да жер ме? Солай секілді.
Құнанбай, Абай, Мұхтар Әуезовтерге байланысты архивтік құжаттарды көп жылдар зерттеген профессор Тұрсын Жұртбайдың эссе-монографиясына назар аударайық:
«Күңке бәйбішенің ауылы Құнанбайдың өзге ауылынан бөлек, Борсақ арасына жақын қоныстанған. Архивтегі деректерде Құдайберді Бөжей, Сүйіндік қыстауымен аралас жақын отырғаны айтылады(214)8» - дей келіп, «Содан кейін(автор бұл жерде Қодар өлімін айтып отыр) Қодардың қыстауын Құнанбайдың өзі иеленіп, оған үлкен әйелі Күңкенің ауылын қондырады. Құдайберді сол бөктерді қоныстанып, ата мекеніне айналдырған. Шәкәрім ақынның өсіп-өнген жері – сол Қодар қыстағы9», - деп, профессор Тұрсын Жұртбай Құнанбайдың Қодар қыстауын емденіп кетуін мұрағаттық деректер арқылы жазады.
Мұхтар Әуезов: «Абайдың тағы бір жетістігі, оның мұсылманша оқуы еді. Ел басқарған кісілердің көпшілігі Құнанбай секілді оқымаған кісілер болғанда, Абай олардың қасында өзін молдадай көрген10» - дейді Абай туралы өзінің ғылыми өмірбаянында.
М.Әуезовтің жазуынша Құнанбай оқымаған, дінді берік ұстаған діншіл, өз замандастарынан оқ бойы озық тұрған ақылды да, зерек, шешен,
зорлықшыл да парақор, шынжыр балақ – шұбар төс дейтіндей дала феодалы.
"Қара қылды қақ жарған әділ", "Сауатты", "Құранның білгірі"," Пара алуды білмеген, ел қамқоршысы"- міне, Құнанбай туралы Адольф Янушкевич пен Ахат Шәкәрімұлының пікірі. Бір кісі туралы қарама-қайшы екі пікір.
Ал, Құнанбай туралы архивтік тарихи құжаттар не айтар екен, енді соған келейік. Құнанбайдың Қодар мен Бөжейдің жерін тартып алғаны туралы Тұрсын Жұртбаев келтірген тарихи мұрағаттық деректерге біз осының алдында тоқталдық.
Құнанбай - Бөжей жаулығы жайлы архив деректерін Омбы қаласының мемлекеттік архивінен тапқан академик Әлкей Марғұлан:
«Сондай күрделі еңбектердің бірі – Абайдың әкесі Құнанбай мен оның балаларын патша үкіметі айыптап, тергеу жүргізген істер. Бұл документтер Омскінің мемлекеттік архивінде. Абай туралы роман жазушы Мұхтар Әуезов бұл деректерді көрмеген. Сөйтсе де архив деректері мен оның романында айтылған тарихи эпизодтар мүлде бір-бірімен қабысып жатыр. Бұған қарағанда М.Әуезовтің ел аузынан жазып алған әңгімелері өзінің тарихи негізін бергі кезге дейін жоймай, архивте сақталып тұрған деректермен қатар айтылып келгенін көрсетеді11»,- деп жазса, осы мақала туралы:
«Ә.Марғұланның бұл сөзі, Абай өмірбаяны жайлы М.Әуезовтің ел аузынан жинастырған деректерінің тарихи шындықпен қабысуын тамаша түрде дәлелдеген12», - деп атап көрсетті абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы.
Омбы қаласының мемлекеттік архивінен табылған дәл осы дерек туралы талантты ғалым Тұрсын Жұртбай: «Құнанбай мен Бөжей арасындағы қақтығыстың себептерін толық анықтап беретін деректер Омбы облыстық мұрағатында кезінде сақталып қалыпты. Ол елуінші жылдардың аяғында академик Әлкей Марғұланның назарына іліккен. Омбы мұрағатындағы "Қарқаралы округінің аға сұлтаны және болысы Өскенбаевтардың заңға қарсы әрекеттері туралы Сібір қазақтарының жалпы шекара басқармасына түскен шағымдар" және "Сұлтан Өскенбаев туралы"(244,3қ 3649) деп аталатын бұл екі томдық тергеу ісімен академик С.Зиманов және абайтанушы Б.Мұздыбайұлы (329) да танысып, өздерінің ғылыми мақсатына орай пікір білдірді.
Мұрағаттың есігін біз 1977 жылы қыркүйек айында аштық. Ол құжаттар М.Әуезов қолына түспеген. Алайда суреткерлік түйсігі мен шешімі өмірлік оқиғаның даму бағыты мен әлеуметтік-психологиялық себептерінің тамырын дөп басқан13» - деп жазады.
Байқап отырғандарыңыздай, Ә.Марғұлан да, Т.Жұртбай да М.Әуезовтің Құнанбай туралы жазғандарының түп негізінде тарихи шындық жатқанын мұрағаттағы архивтік деректер арқылы дәлелдеп отыр.
Енді біз Адольф Янушкевич пен Ахат Шәкәрімұлының Құнанбай туралы жазғандарына қайта оралсақ.
Менің ойымша, Адольф Янушкевич де, Ахат Шәкәрімұлы да Құнанбай мен оның заманын М.Әуезовтей зерттеген жоқ. Адольф Янушкевич қазақ тілін, оның әдет-ғұрпын білмеген. Бұған дәлел А.Янушкевичтің өз хаттары. Ол Отанына жазған бір хатында: «Қазақ тілін, әдет-ғұрпын үйренбесем болмайды» - деп ашық жазған. Осы еңбегіміздің басында, біз А.Янушкевичтің ол хатынан үзінді келтірдік. Ол тек орыс экспедициясының құрамында, белгілі бір тапсырмамен Аягөзден Жетісуға бара жатып, көзбен көргенін, көңілге түйген өз пікірлерін қағазға түсірген.
Тілін, әдет-ғұрпын білмейтін халық туралы, оның басшылары туралы жазған Адольф Янушкевичтің көп жерде үстірт кеткені, қазақ халқының XIX ғасырдағы өмірінен хабардар көзі қарақты оқушыға бірден білінеді.
Ал, Ахат Шәкәрімұлына келсек, ол 1900 жылы, яғни Құнанбай қайтыс болғаннан соң 14 жылдан кейін дүниеге келген. Оның Құнанбай туралы естелігі тек туысқан, жақын адамдардың бір текті жағымды пікірлерінен жиналған секілді. Егер ол Құнанбай туралы, өз аталарын Сібірге жер аудартқан Жігітектерден сұраса, олар Құнанбай туралы мүлдем басқа пікір айтқан болар еді деп ойлаймын.
Абайдың өмірін, шығармашылығын өмір бойы зерттеген академик М.Әуезов Абайдың ғылыми өмірбаянын бірінші рет 1927-1933 жылдары, екінші рет 1940 жылы, үшінші рет 1944 жылы, 1950 жылы төртінші рет толықтырып басқан. М.Әуезов Абайдың туыстарына, оның ішінде Кәкітай Ысқақұлына, Абайдың шәкірті Көкбай ақынға, баласы Тұрағұлға Абайдың өмірбаяндық деректерін жаздырған.
М.Әуезов Абай өмірін зерттеп жүргенде, Абайдың достары, туыстары, әйелі Ділда, Әйгерімнен бөлек, оның қастарымен де, жауларымен де көп кездесіп, Абай туралы және оның айналасы туралы мол мағлұмат алған. М.Әуезов өзінің «Мен "Абай жолы" романын қалай жаздым», «Абайдың өмірбаяны», «Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы» атты ғылыми-монографиясында Абайдың шығармашылығы, жеке өмірі және ақынның айналасы, оның заманы туралы өте мол ғылыми мағлұмат береді.
Адольф Янушкевич пен Ахат Шәкәрімұлының Құнанбай туралы жазғандарын М.Әуезовтің архивтік құжаттар дәлелдеген Құнанбай туралы зерттеуімен салыстырсақ, М.Әуезовтің Құнанбай туралы пікірінің ғылыми негізі жоғары да дәлелді екеніне көзіміз жетеді.
Құнанбай өмірінің соңғы жылдарында, Меккеге қажылыққа барып келген соң, тоқалы Нұрғанымның отауында өзіне шымылдық құрғызып, шымылдық ішінде құранын оқып, дүние сөзіне араласпай, пендешіліктен бойын аулақ ұстап, өзін мәңгілік өмір ана дүниеге дайындаған.
Сопылық пендешілік жолына түскен Құнанбай, өмірден өтіп о дүниелік болғанша ешкіммен етене жақын араласып, сөйлеспеген.
Қарапайым пенденің қолынан келмейтін Құнанбайдың бұл ісі оның бір басында парасаты мен қайшылығы мол күрделі тұлға болғанын айқындаса керек.
Енді Құнанбайдың Кенесары көтерілісіне қатысы туралы бірер сөз. Құнанбайды дәріптеп, оны «ұлттық тұлғаға» айналдырғысы келген көптеген авторлар өз мақалаларында, Құнанбай орыс отаршылдығына қарсы шыққан және Кенесары көтерілісін іштей қолдап, оған астыртын көмек беріп отырған,-деген пікірді жиі қайталап жүр.
Бірақ, олар өздерінің осы пікірін ешқандай дерек көздерімен немесе тарихи құжат арқылы дәлелдеп көрген емес. Ақиқатына келсек, дерек көздері мен тарихи құжаттар Құнанбайдың Кенесары көтерілісіне қатысуын кері дәлелдейді. «Жұлдыз» журналының 1996 жылдың наурыз айындағы санында, «Алаш» партиясының көсемі халқымыздың ұлы перзенті Әлихан Бөкейханның туған інісі Смахан Бөкейханның естелігі жарияланды. Сол естелігінде Смахан Бөкейхан: «Кенесары, Наурызбайды ұстап берген адамға шен береміз деп Дала уәлаятын билейтін окуружни корпус жар салды. Ұстап береміз деген адамдар мыналар: кәрсен Көпбай, шор тоғалақ Олжабай, тобықты Құнанбай, қамбар Сыртынбай, қамбар Жапалақ. Осы бесеуі 600 карателни әтряд алып 600 қазақтың мықты жігітін таңдап алып, 1200 кісімен аттанып Сырдың бойына барды», -деп жазады өз естелігінің алтыншы дәптерінде. («Жұлдыз» журналы, 1996 жыл, №3 саны.)
Смахан Бөкейханның естелігіндегі Құнанбай туралы деректі ешқандай тарихи құжатқа негізделмеген жәй ғана ақпарат деп қарасақ, белгілі абайтанушы ғалым Мұздыбай Бейсенбаевтың 1995 жылы «Абай» журналына басылған «Құнанбай қажы» атты ғылыми мақаласындағы кейбір мұрағаттық деректерге назар аудармау мүмкін емес. Мұздыбай Бейсенбаев: «Құнанбайдың бұдан кейінгі жылдарындағы қызметі жайлы Москва архивтерінде сақталған мәліметтер мынандай:
- 1844 жылы 30 июльде Кішік-тобықты болысының управителі болып сайланған;
-1841 жылы «бүлікші» сұлтан Кенесары Қасымовқа қарсы ұйымдастырылған экспедицияға қатысқан;
-1846 жылы 11 июльде «бүлікші» сұлтан Кенесары Қасымовтың қозғалысын қатысқаны үшін «Хорунжий» атағы берілген;
-1849 жылы 22 октябрьде Қарқаралы округінің аға сұлтаны болып сайланған;
-1852 жылы 31 қазанда орнына басқа адам сайланғандықтан аға сұлтандық қызметтен босатылған», - деп Құнанбай туралы Москва мұрағатында сақталған құжаттарды жаза отырып: «Құнанбай қасиеттерін, сіңірген еңбегін баяндайтын тағы қайнар көзі - Петербург, Москва, Омбы, Қазақстан архивтерінде сақталып қалған жазбалардан анкетада жазылған: «Қунанбай сын Ускенбая. Старшина 36 лет. Весма умен, справедлив, пользуется от народа особенным уважением и довернем. От командира отдельного Сибирского корпуса за преданность к русскому правительству и нахождение при отряде в 1840 г послонном против мятежного султана Кенесары награжден коричневым суконным халатом облаженным голуном. 6 июля 1840 года», -деп көрсетеді. («Абай» журналы, 1995 жыл, 1-2 саны, 130 бет)
Мұздыбай Бейсенбаевтың «Құнанбай қажы» мақаласын ары қарай оқиық: «1840 жылы Құнанбай мен Бөжей шекара бастығы Михаил Васильевич Ладыженскийге арыз жазады. Арызда олар: «1831 жылы Қарқаралы округі құрамына ендік, -дей келіп, өткен үш жыл ішінде бүлікшіл сұлтан Кенесары Қасымов пен оның сыбайластырының әрекеті кезінде біздің ел қазақтары оларға ешқандай көмек көрсеткен жоқ және бүлікке қатысқан емес. Біз бұған Ресей өкіметіне беріле қызмет істеу нәтижесінде жеттік. Россия өкіметінің ішкі қарсылас жауларына сақтықпен қарап отырдық», -дей келіп, осы еңбегімізді бағаласаңыздар деген өтініш жасайды. (18 декабрь 1839 жыл. Ф-374, оп-1, іс-710)
Арызға М.В.Ладыженский бұрыштама қойып, наградаға ұсынады.
(М.Бейсенбаев. «Құнанбай қажы» мақала. «Абай» журналы, 1995 жыл, 1-2 саны.)
Ия, орыс өкіметі Құнанбайдың отаршыл орыс империясына еткен қызметін орынды бағалап, жоғарыдағы архив деректерінде көрсетілгендей, бағалы сыйлықтармен марапаттай отырып, оған «хорунжий» офицер шенін береді.
Белгілі абайтанушы ғалым, профессор Тұрсын Жұртбай өзінің ғылыми монографиясында Құнанбайдың хорунжий әскери шенін алуы жөнінде былай деп жазады: «Архив деректері бойынша «Кенесарының бүлігін басуға қатысқаны және патша ағзамға ерекше сенімді қызметі үшін 1846 жылы 4(14) маусым күні Құнанбайға хорунжий әскери шені берілген. (193, 374, 2550. Тұрсын Жұртбай. «Бесігінді аяла». Монография-эссе, 377-бет, Астана, «Фолиант»-2003 жыл.)
Байқап отырғандарыныздай, белгілі ғалымдар Мұздыбай Бейсенбаев та, Тұрсын Жұртбай да Құнанбайдың Кенесары көтерілісін басуға қатысқанын Ресейдің Москва, Петербург, Омбы секілді қалаларының мұрғатында сақталған тарихи құжаттар арқылы дәлелдеп отыр.
Дей тұрсақ та, адалдық үшін атап өтуіміз керек, Мұздыбай Бейсенбаев ағамыздың өзі де, «Құнанбай қажы» атты ғылыми мақаласында Құнанбайды қиялап келіп ақтай отырып, Құнанбай Кенесары көтерілісін басуға соншалықты белсене кіріспеген, әшейін бержағымен ат салысқан деген пікір білдіріп, осы пікіріне дәлел ретінде сол кездегі Қарқаралы дуанының аға сұлтаны Шыңғысов пен заседатель Неговскийдің әскери губернаторға жолдаған ұсыныс хатын келтіреді. Бұл ұсыныс хатта аға сұлтан Шыңғысов: «Құнанбай мен Бөжей Кенесары Қасымов көтерілісі тұсында өкіметке айтарлықтай көмек көрсеткен жоқ», -деп жазса, заседатель Неговский: «Бұлар болашақта Ресей империясына өте қажет адамдар, әсіресе Құнанбай Өскенбаев,»- деп атап көрсетеді.
1839 жылғы губернаторға жазылған осы хабарламадан соң, архив деректері бойынша 1840 жылы және 1841 жылдары яғни губернаторға жазылған хабарламадан кейін екі жыл өткен соң Құнанбай Кенесарыға қарсы ұйымдастырылған әскери экспедицияға қатысады.
XVIII-XIX ғасырлардағы Ресей империясының отаршыл саясатын жан-жақты зерттеген маман ретінде айтарымыз; Аға сұлтан мен оның заседателі губернаторға қанша жерден хат жаза берсін, қазақ даласын түпкілікті отарлауды мақсат етіп, осы мақсатын жоспарлы түрде жүзеге асыру жолында түрлі ғылыми экспедициялар жіберіп, қазақтың даласы мен оның халқын ғасырға жуық ұзақ зерттеген отаршыл Ресей империясы жайдан-жай ешкімге де офицер шенін беріп, аға сұлтандыққа сайлатпаған. Бұл-ақиқат факт!
Мұрғаттық деректер бойынша Құнанбайдың Кенесары көтерілісін басуға қатысқаны былай тұрсын, ол отаршыл Ресей империясына еткен қызметін атап көрсете отырып, еңбегімді орынды бағаласаңыздар екен деп, өтініш-арыз жазған. Яғни, басқаша сөзбен түсіндірсек, ол өз халқын отарлап жатқан орыс империясына қалтықсыз қызмет еткені үшін олардан марапат-награда сұраған. Дәл осылай болған!
Бұған дәлел жоғарыда келтірілген мұрағаттық құжаттар!
Осындай қылық «халқының қамқоршысы болды», -деген ел басшысына лайық іс пе?! Осындай адамдарды біз қалайша ұлттың қамын ойлаған «ұлттық тұлға, өнеге таратқан кемеңгер абыз» -дей аламыз?!
Бір сөзбен айтқанда, Құнанбай-орыс империясына қызмет еткен сол кездегі жүздеген дала шонжарлары секілді орыс өкіметіне арқасын тірей отырып, өзінің туған халқына дегенін істеп, үстемдік еткен дала феодалы.
Саралай келгенде, Құнанбай, сөз жоқ, өз заманындағы ел басқарған атқамінерлердің ірі тұлғасы, бірақ кейбір зиялы ағаларымыз айтып жүргендей "ұлттық тұлға" емес. Ол бұл дәрежеге көтеріле алған жоқ.
Ойымызды қорытындылай келе, Құнанбай туралы халық жадында ауызша сақталып қалған өлеңдер мен аңыз-әңгімелерге және тарихи- мұрағаттық құжаттарға сүйене отырып айтар болсақ, Құнанбай - "елдің қамын жеген Едіге емес", кәдімгі өмірде өзінің және ұрпағының үстемдігін орнатқысы келген ақылды да зерек, қатты мінезді, зорлықшыл, парақор да айлакер, "шынжыр балақ, шұбар төс" дейтіндей дала феодалы.
Құнанбайды, Құнанбай секілді дала шонжарларын дәріптеп, оларды «ұлттық тұлғаға» айналдыру кімге, не үшін керек? Өте түсініксіз.
Құдайым-ау, халқымыз елі үшін еңіреген ұлы тұлғаларға кенде ме еді? Елім, халқым, ұлтым-деп у ішіп, басын бәйгеге тіккен, ұлттық тұлғаға айналған ұлт зиялары кешегі Абайдан бастап, Шәкәрім, Әлихан, Ахмет, Жүсіпбек, Мағжан секілді ұлы өнер иелері мен қайраткер-ғалымдардың мұраларын жан-жақты зерттеп, ұлтымыздың санасына сіңіре отырып, әлемдік деңгейге неге көтермейміз?!
Шын мәніндегі ұлттық тұлғаға айналған халқымыздың ұлы перзентерін қастерлей отырып, өмірі мен шығармашылығын жан-жақты дәріптесек, солардың өнегелі ғұмыры арқылы халқымызға өте қажет ұлттық идеологияны қалыптастырар едік қой. Ұлыларын ұлықтап, олардың тарих алдындағы еңбегін адал бағалаған елдің ғана мұраты асыл болса керек.
Нұрғали Махан,
ОҚО, Созақ ауданы,
Жоғары санатты ұстаз.
qazaquni.kz