Сейілғазы Әбдікәрімовтың жылдық асы берілді
2016 ж. 21 қазан
2806
0
Бүгін Алматыда белгілі жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері, Қазақстан Кинематографистер одағының лауреаты Сейілғазы Әбдікәрімовтың жылдық асы берілді.
Жазушы Сейілғазы Әбдікәрімовтың жылымен бірге оның таяуда қайтыс болған әйелі Розаның да қырқы қосып берілді. Марқұмдарға бағышталып, құран оқылды. Асты марқұмдардың ұлдары, қыздары, жақындары берді.
Сейілғазы Әбдікәрімов 1949 жылы 1 қарашада Қытайдың Тарбағатай аймағына қарасты Шағантоғай ауылында дүниеге келген. 1962 жылы ата жұрты Қазақстанға қоныс аударады. 1977 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. Мәдениет министрлігінің репертуарлық редакциялық коллегиясында редактор, «Қазақ әдебиеті» газетінде аға тілші, Қазақ телевизиясында комментатор, Қазақ радиосында редакторлық. қызмет атқарған.
Жазушы «Аға сержант» атты екі бөлімді драманың, «Үрейлі күндер», «Көпекөрнеу», «Мазасыз түн», «Қанды қарымта» пьесалары мен «Беу, Қатира-ай» деген бір актілі комедияның авторы. «Көзбекөз» (1979), «Тастүлек» (1990), «Белес, белес, белестер» (1993) және «Өнер мұраты» (Е. Төлегеновпен бірігіп) жинақтарының, «Қазақ өнерінің ақ ордасында» (1997), «Жақсыдан жақсы туар жарқылдаған» (1997), «Төбеде жалбыр бұлт көшіп», «Ақиқатқа куә болар Ай, Күн бар» кітаптарының, «Ғибратты ғұмыр» сериясы бойынша шыққан «Әмина» деректі повесінің (2006) авторы. «Ар» атты радио-пьесасы Қазақ радиосының Алтын қорына енген.Сонымен қатар «Қазақ өнерінің антологиясы» айдарымен дайындалған 40-қа жуық өнер адамдары жайлы хабары сақталған.
«Қазақ өнері антологиясының» он томдық жобасының авторы әрі құрастырушысы. «Әйелімнің күйеуі» атты әңгімесі 1996 жылы ЮНЕСКО-ның «Әлем әдебиеті» альманахында ағылшын тілінде жарық көрген.
Асқа негізінен туыстары мен Қазақ телевизиясының бірге қызмет істеген әріптестері келді. Өнертанушы ғалым, күйші Жарқын Шәкәрім, ақын, журналист Жұмаш Кенебай, белгілі ақын, "Қазақ үні" газеті президенті, "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса, танымал композитор Бейбіт Дәлденбай, тележурналистер Саниязбек Нұғыман, Боранхан Мұсабай, Ғалия Әженова, Жаңыл Асылбекова және т.б. азаматтар қатысып, ақ ниеттерін ақтарды.
Сейілғазы Әбдікәрімов туралы бейнебаян мен оның Ұлттық арнада сақталған әйгілі әнші Роза Бағланова туралы кезінде жүргізген хабары көрсетілді.
Болашақта Сейілғазы Әбдікәрімовтың мұраларын жинастырып, кітап етіп шығару ісі айтылды.
Жиналғандарға жазушының ұлы Алтай мен қызы Алтынай алғыстарын білдіріп, рахмет айтты.
qazaquni.kz