ҚАБІРДІ КӨРГЕНДЕ БЕТ СИПАУ ДҰРЫС ПА?
2016 ж. 05 қазан
6789
1
Muslim.kz сайты «Қабірдің жанынан өтіп бара жатқанда бет сипау дұрыс па?» деген сұраққа жауап береді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.у) сүннеті бойынша қабірге келген адам сол жерде жатқан әруақтарға Алладан кешірім тілеп, дұға етеді. Бұл – сауапты іс.
Сахих Муслимде риуаят етілген хадисте Жәбрәйіл періште Мұхаммед Пайғамбарға «бақиғ қабіріне[1] барып ол жердегі жатқандарға «истиғфар» (кешірім тіле) ет!» деген Құдайдың бұйрығын жеткізеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.у) Жәбірейіл айтқан қабірге келіп, қолын көтеріп дұға етеді. Үйге оралысымен Айша анамыз:«(Қабірдегілерге)Не дейін?», – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз: «(Қабірге барғанда) былай де: «Уа мүмин, мұсылман қабір иелері! Алла Тағала біздің өлілерімізге де, тірілерімізге де рақым етсін. Алла қалаған күні біз де сендердің қатарларыңа қосыламыз»[2], – деп жауап берді.
Қазақтардың қабір қасынан өтіп бара жатып бет сипауы Пайғамбарымыздың (с.ғ.у) осы сүннетінен шыққан дүние. Алайда, тек бет сипап қана қоймай сол жерде жатқандарға іштей Алладан рахым тілеген дұрыс. Сонда сіздің әрекетіңіз құр бет сипағандық емес, Пайғамбарымыздың сүннетін орындағандық болмақ. [1] Мәдине қаласының оңтүстік шығысында орналасқан сахабалардың мәйіті жерленген қабыр. Бұны «Жәннәтуль Бақиғ» деп те атайды. [2] Муслим, Китабуль Жанаиз, (974) – 103 хадис.
Абдусамат Қасым