«Иманғалидың әкімдігін пайдаланбау кешірілмес күнә болар еді...»
2016 ж. 07 қыркүйек
15629
29
немесе «ұлттың ұстыны» деп кімді айтады?
Мені Тоғайбай Ырысбековпен 2010 жылы жазда Шымкентте өзім секілді елуден асқанда журналистік жолға түскен досым, «Төртінші билік» газетінің редакторы Төлемырза Балтабайұлы таныстырды. Түркістанда, Нұртас Оңдасыновтай қазаққа өлшеусіз еңбек сіңірген тұлға туған ауылда өскен Тоғайбай кейінгі 20 жылдан астам уақыт Астанада тұрады екен. Мәскеуде оқып жүрген, каратемен айналысатын жас жігіт 1987 жылы 16-желтоқсанда қазақтың атына айтылған әділетсіз сөз үшін жатақханадағы орысты ұрып тастайды. Оның аяғы қазақ-орыс екі жақ болған, орыстарға армяндармен жақтасқан үлкен төбелеске ұласады. Саны аз болғанмен сапасы мықты (шетте жүрген қазақ әдетте ұлтшыл келеді, басымыздан өткен) қазақтар жеңіп шығады. Екі армян жігіт қатты таяқ жеп ауруханаға түседі. Институт басшысы «сендерге жасаған жақсылығым болсын, өз еріктеріңмен арыз жаза қойыңдар» деп, төрт жігіт Тимирязев академиясымен қоштасады. Содан, «орыстың ішінен жарып шықпай қайтпаймыз!» деген Тоғайбайдың ұсынысымен төртеуі енді басқа қалаға оқу түсіп, қолға алынып жатқан аренда жайлы заңға сүйеніп, Мәскеу облысында 600 бас бұзауды жалға алып бағуға кіріседі. Совхоз директоры «менің жалақым – 170 рубль, сендер әрқайсың айына кем дегенде 250-ден тауып жатырсыңдар» деп жүргенде...
Қазақтың теріскейі қалай қазақылана бастады?
Тілеухан Бердіханұлы, «Ауғанстан ардагері» күзет агенттігінің қызметшісі: Тоғайбаймен мектеп бітіргеннен қазіргі өміріне дейін жолдас болып, бірге келемін. Оны бес саусағымдай білемін. Ресейде тұрдық, жұмыс істедік. Кеңес Одағы бойынша бір ғана баспасөз каталогы болатын. Соны алады да, жыл сайын «Жұлдыз» журналынан бастап «Балдырған» журналы мен балалар газеттеріне дейін, айлығының жартысы кетсе де, түгел жаздыратын. Бізге де мәжбүрлеп оқытатын. Почтальон орыс кемпір Тоғайбайдың көп газет-журналын әкеп беру үшін арнайы келетін.
Әзербайжанның Армениямен шектесетін Таулы Қарабақ облысында халықтың 90 пайызын құраған армяндар бір түнде көтеріліп, бұл облыстағы әзірбайжандарды қырып салып, Арменияның қарамағына облысымен өтіп кеткеннен кейін Мәскеу саясаткерлерінің арасында «Қазақстанның солтүстігіндегі бес облысы - Ресейдің жері, онда тұратын халықтың 90 пайызы орыстар, жерімізді қайтарып алуымыз керек» деген әңгіме жиі айтылып, баспасөз беттерінде дүркін-дүркін жарияланып тұрды. Сол кезде Тоғайбай Ресейде жүрген қазақ жастарына: «Қазақстанға қайтыңдар, орыстар «аламыз» деп отырған бес облысты қаруланып соғыссақ та бермеуіміз керек» деген хабар таратты. Қазақтардың басын қосып қарсы күрес ұйымдастыру, бұл өңірлерге шетелдегі қазақтарды шақыру, қазақша балабақша, мектеп ашу деген оймен үй-жай, жұмысымызды тастап, ең болмаса танитын бір де адамымыз жоқ, төрт жігіт бір күнде жиналдық та 1989 жылы Целиноград облысына келдік. Осы облыстың Краснознаменский ауданы, Ушаков совхозына келісімен Төкеңнің бірінші ісі қазақша балабақша, сынып ашу болды. Өкінішке қарай, оны жергілікті бір-екі қазақ ғана қолдады. Бала саны жетпеген соң балабақша, мектеп ашу мүмкін емес еді. Төкең сасқан жоқ, Өзбекстандағы Науаи облысы, Тамды ауданындағы қаймағы бұзылмаған қалың қазаққа атамекеніне көшіп келуге, оны қорғауға шақырып хат жазды. Оларды қалай көндіргенін, қалай жағдайларын жасағанын білмеймін, көп өтпей, алты отбасы көшіп келіп, ауылға орналасты. 1990 жылы орысы қалың осы аудан бойынша орыс балабақшасының ішінен шайқасып жүріп тұңғыш қазақ тобын ұйымдастырды, келесі жылы орыс мектебінен қазақ сыныбын аштырды. Аудан аты мен совхоз атын қазақшалауға мұрындық болды. Содан сол совхоз қазақыланып кетті...
Тоғайбай өте батыл, «жұмысымнан, жеп отырған нанымнан айырылып қаламын, бала-шағам аш қалады» деген ой онда болмайды. Ұлттық мүддеге келгенде ешкімнің алдында
ықпай, ойын ашық айтады. Ойдан қашқан, қырдан қашқан, өңкей маскүнем, түрмеден тікелей тың игеруге келген надандармен қорықпай айқасты. Кеңес Одағының кезінде-ақ: «Елімді, жерімді жаулар алып қойса, менің өмір сүргенімнен не пайда, ертең балаларым құлдық қамытын кисе, ондай ұрпақ жойылып кетеді» деп сөйлегенде, түрмеге қамап құртып жібере ме деп біз қорқатынбыз.
Ұласбек Сәдібеков, Оңтүстік Қазақстан облыс әкімінің орынбасары, ҚР Мәжілісінің бұрынғы депутаты: «...1990 жыл. Целиноград қаласында Ауылшаруашылық министрлігінің республикалық көшпелі отырысы өтіп жатыр. Жиналыс төрінде - Целиноград облысы обкомының бірінші хатшысы Г.Браун мен жүргізіп отырған жазушы А.Смайылов. Бір кезде мінбеге сол кездегі Краснознаменский ауданы Ушаков совхозының арендаторы, Ырысбеков Тоғайбай деп, орта бойлы қараторы жігітті шақырды. Арендалық қозғалыс жөнінде әңгіме қозғайды деген Төкең бірден тың игерудің кесірінен қазақтың Сарыарқасы тозып, қазақ халқына, оның жеріне орны толмас зиян әкелгендігіне басып, әңгімені мүлде басқа арнаға бұрып жібергенде зал сілтідей тынды. Кеңес одағының заманы, «Целина - ура, ура!» деп даңғазамен жүрген уақыт. Облыс басшылары мен министрліктен келген жандарға мына сөз ауыр соққы болып тиді. Бірақ, Төкең онымен де тоқтаған жоқ. Целиноград вокзалының алдындағы «Целина – это подвиг Советского народа» деп, үлкен етіп жазылған ұранды алып тастап, орнына «Целина – это трагедия казахского народа» деп жазса әділдік болар еді» деп бір қойды. Зал әлі есін жия алмай жатыр. Қазіргі Президент мәдени орталығы орынында үлкен тұғырдың үстінде К-700 тракторы тұратын. «Бұл трактор қазақ жерінің астан-кестенін шығарып, не шөп шықпайтын, не бидай өспейтін етіп таптап тастаған, бұл жерден көзін жою керек» деп сөзін аяқтағанда сілтідей тынған зал гу етті. Мінбеден түсіп келе жатқан Тоғайбайға қарама-қарсы ақ жаулықты ана шығып: «Бар екенсіңдер ғой, айналайын!» деп құшақтап, сондай аналық мейіріммен бетінен сүйді. Одан босасымен орнынан тұрып келген бір ақсақал батасын берді. Кеңес одағының қылышынан қан тамып тұрған заман. Целиноградтағы студент жастардың «Парасат» ұйымын басқаратын едім. Қасымдағы серіктестерім Серік Нұрсағатов, Бақыт Ермаханов үшеуміз: «мына жігітті қазір ұстап әкетеді де, ертеңге дейін жоқ қылады» деп күбірлестік. Төкеңді қолдап жүретін періштелері бар шығар, аман-сау бір айдан кейін бізге келіп: «Мені де ұйымдарыңа мүше етіп алыңдаршы» деп жымиып тұр. Содан бері достығымыз үзілген емес.
Жангелді Шымшықов, ҚР Білім және ғылым министрлігінің жанындағы Экономика институтының Астана филиалының директоры, профессор:
-Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғы мен тоқсаныншы жылдарының басында Целиноград қаласында құрылған жастардың қоғамдық саяси клубының саяси жетекшісі болғанымда Тоғайбай біздің бойтұмарымыз сияқты еді. Қандай да бір мәдени, саяси іс-шара, ұйымдастырғанда Төкеңді іздейтінмін, оның төбесі көрініп жүрсе онда еш нәрседен алаңдамай сенімді болатынмын.
Кеңес Одағы саяси, экономикалық құрдымға кетіп ел дағдарысқа ұшырады. Адам түсініп болмайтын жағдай қалыптасты. Ел басына осындай қиын-қыстау заман туғанда, жау жағадан, бөрі етектен алады демекші, орыс казактарының бойына жел бітіп, қылыштарын жалаңдатып көшеге шыға бастады. Сөйтсек, олар «Союз казаков» деген ұйым ашып, онысын облыстық әділет басқармасына тіркетіп алыпты. Бұны естіп, қаным басыма шапты. Ертесіне белсенді жігіттерді жинап, сол кездегі Ақмола облыстық әділет басқармасының бастығы, «желтоқсаншыларды» жазалаған соттың бірі З.Лақпаевқа кіріп едік:
-Орыс-казактарының «Жарғысы» заңға қайшы келмейді. Қару асынып жүруі олардың ұлттық дәстүрі, сондықтан заңды, - деп қарап отыр. Біздің анау-мынау айтқанымызға көнбей, шіреніп отырғанда Тоғайбай орнынан атып тұрып:
-Егер орыс казактарының құрған ұйымы, «Жарғысы» заңды болса, біз де сол жарғының тек атын өзгертіп, «Союз сарбазов» деген ұйым құрып, салт-дәстүрімізге
сай қылыш, найза, т.б. соғып, мұздай қаруланып, атқа мініп көшеге шығамыз! – деген еді, Лақпаев орнынан ыршып түсті:
-Олай істеуге болмайды, олай істеуге болмайды!..
Оның аузына сөз түспей қалғанын пайдаланып:
-Жігіттер, мен де сендерді қолдаймын, ертеңнен бастап қаруланамыз! – дедім зілді дауыспен. Істің насырға шауып бара жатқанын сезген Лақпаев орыс казактарының ұйымын жабатынын айтып шығарып салды. Сондай қиын сәтте Тоғайбайдың айла тауып, ұтымды жерден ұрған соққысы нысанаға дөп тиді. Көп өтпей-ақ «Союз казаков» жабылып, тыныштық орнады.
Төкеңнің бұл - бір ғана әрекеті. Оның мақала жазысы өзгеше, өзіндік жазу өрнегі бар жан. Мақалаларына қазақ тілді баспасөз түгілі орыс тілді газеттер сілтеме жасап, оның ойларын пайдаланып отырады. Не жазса да түбіне жеткізіп, тұздықтап жазады. Қаламы қарымды журналист.
Серік Нұрсағатов, кәсіпкер: Тоғайбаймен өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бері доспын. Оның халқына, отанына деген сүйіспеншілігі, махаббаты шексіз. 1992 жылы өзге ұлттар тұратын Целиноград ауданы Софиевка ауылынан да қазақ сыныбын ашуға қазақ балаларының саны жетпегендіктен, Моңғолия қазақтарын осы ауылға орналастырып, қазақ сыныбын ұйымдастыруға қол жеткізді. Бірақ, мектеп директоры өзге ұлт өкілі болғандықтан, олар үшін қазақ деген ұлт, оның тілі көк тиын еді. Сондықтан, қазақ балаларын қорғау үшін Төкең осы мектепке ұстаздыққа кіріп алды. Қазақ сыныбының ашылуына қарсы мектеп әкімшілігі, енді қазақ сыныбының оқушыларын барынша «топас», «сауатсыз» деп жамандап, ата-аналарын айнытып, бүгін-ертең жабылады деп отырғанда Төкең тағы жол тауып кетті. «Халықаралық бала құқығын қорғау туралы» конвенция мен еліміздің Конституциясының 8 бабын бұзып, «қазақ балаларының құқығын аяққа басты» деп, мектеп директорын айыптап, аудан прокурорына шағым түсірді. Аудан прокуроры аудандық оқу бөлімінің басшысы марқұм Б. Игенбаев мырзаға мектеп директорын орнынан алуға пәрмен береді. Ол мектеп директорын орнына алып, Төкеңе «өзің директор бол» деп ұсыныс жасайды. Төкеңнің күресі билік, орындық үшін күрес емес еді - әділдік үшін, қазақ балаларының, елінің, ұлтының болашығы үшін күрес еді. Сондықтан, маған келіп мектепке директор болып, көмектесуімді сұрады. Мен институтта ұстаз едім, ауылға мектеп директоры болып баруға қарсы болдым. Бірақ, Төкең қалай болса да уәж тауып, кісінің көзін жеткізе біледі емес пе, сонымен көніп, екі жылда он бірінші сыныпқа дейін қазақ сыныптарын ашып, мектепті қазақыландырып бердім.
Тоғайбай сабақ бере жүріп, қазақ тілін білмейтіндер үшін оқулық жазып, ол оқулығы республикалық байқауда жеңіп шығып, мектептерде оқытылды.
Тұрап Шәріп, Софиевка орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары: Тоғайбай біздің мектепте он екі жыл ұстаздық етті. Ауыл халқы оның әрбір ісін аңыз етіп отырады. Қаншама жанға қол ұшын берген. Әрқашан адал, күрескер, ойлаған мақсатына жететін табандылығы бар. Оқушылардың бәрі оны жақсы көрді. Осы күнге дейін айтып жүреді. Қалың орыстың арасында отырғандықтан жергілікті қазақтар - туған төл мәдениеті мен тарихынан жұрдай еді. Түркістанды «Түркіменстанмен» шатастыратын, Шымкентті Ташкенттің бір қаласы деп білетін, оңтүстіктің қазақтарын «өзбектер» деп танитын еді. Сонда Тоғайбай оқушыларды «экскурсияға барамыз» деп өркениеттің бесігі болған Отырар мен түркі дүниесінің Меккесіне айналған Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» кесенесімен, Арыстан Бабпен таныстырды. Ауылдан аттап шығып, облыс орталығын да көрмеген балаларға қазақтың дархан даласын, Сарыарқасын, Балқаш көлін, Ұлытау, Алатау, Қаратау, Қазығұрт тауларын тамашалатты, басына шығарды. Қызылқұмның ыстық құмына жалаңаяқ табандарымен жүргізді. Сырдария өзені мен Каспий теңізінің асау толқындарына шомылдырды. Орта ғасырлық өркениет бесігіне айналған Тараз, Мерке, Сайрам, Шымкент, Отырар, Түркістан, Қарнақ, Сауран, Созақ, Алматы қалаларымен таныстырды. Ежелгі мәдениеті мен тарихынан тамыры үзіліп қалған солтүстік қазақтарының балаларын ата-баба дәстүрі, әдет-ғұрпы, ырым-тыйым, салт-дәстүрімен қайта қауыштырды.
Кез-келген нәрсеге үнемі мемлекеттік, ұлттық мүдде тұрғысынан қарайды. Өйткені ол - нағыз ұстаз.
«Иманғалидың әкімдігін пайдаланбау кешірілмес күнә болар еді...»
«2010 жылы Наурыз қарсаңында Оразкүл Асанғазиева басқаратын Астана қалалық Тілдерді дамыту басқармасы қалалық мекемелердегі іс қағаздарының қаншалықты заңнамаларға сәйкес жүргізіліп жатқандығына байқау жариялады. Қала әкімі – Иманғали Тасмағанбетов. Мен сол О.Асанғазы басқаратын басқарма жанынан құрылған «Зерде» инновациялық орталығы директорының орынбасарымын. Орталықтың міндеті - тілдердің, әрине, бірінші кезекте қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту болатын.
Мені Орекең байқау комиссиясының құрамына кіргізді. Тексеріп барған мектеп, бала бақша, әсіресе, мемлекеттік мекеменің бастығы әдетте мені адам екен деп көзге ілмейді. Хатшысына орынбасардың біреуіне немесе мамандар бөліміне ертіп барыңыз дейді. Ол болса осы мәселемен айналысуды жүктеп қойған бір жас қызды шақырып алады, «міне, сұрақтарыңызды осы кісіге қоя беріңіз» дейді. Және мекеменің бәрінде іс қағаздарының тек қана орыс тілінде толтырылғанын көресің. «Неге бұлай?» десең, «бізде заң бойынша екі тіл бірдей қолданылады ғой» деген жауабы дайын. Рас, мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдарында қазақ және орыс тілдері тең дәрежеде қолданылады деген талап Конституцияның 7-бабында да, ҚР Тіл туралы заңның 5-бабында да тұр. «Өте дұрыс» деймін ондайда, «орыс тіліндегісі нұсқа бар екен, енді Конституцияға, Тіл туралы заңға сәйкес мемлекеттік тіл – қазақ тіліндегі нұсқаны әкеліңіз» деймін. Міне, сол кезде жас қыз сасады. Жүгіріп мамандар бөлімінің бастығына барады. Ол не істерін білмей бастыққа барады. Бастық келеді немесе өзіне шақырып алады мені. Мен жаңағы талабымды қайталаймын. Бастық ананы бір, мынаны бір айтып міңгірлей бастайды. «Кешіріңіз, Конституция ортақ, заң ортақ. Сіз неге мемлекеттің заңын орындамайсыз? Жоқ әлде, мемлекетке қарсысыз ба? Президент Назарбаевтың саясатына қарсысыз ба?» деймін. Осы кезде жаңа ғана жер зорға көтеріп тұрған бастық кішірейіп, бір уыс бола бастайды. «Мен сіз тарапыңыздан жасалған бұл заң бұзушылық туралы есеп-рапорт жазып, қала әкімі И.Тасмағанбетовке тапсыратынымды ескертемін» деймін.
Шіркін, қызмет, мансап деген қандай тәтті, орнымнан айрылып қалатын болдым деп, бастық енді құрақ ұшады, қолыңды сүюге, құлдығың болуға дайын. Өйткені, олар Имекеңнің ұлтжанды екенін жақсы біледі ғой, Иманғалидан зәрелері қалмайды. «Бір апта уақыт беріңіз, жоқ, 3 күн уақыт беріңіз, бәрін қанттай етіп түзейміз!..» дейді. Уақыт бересің. Күн-түні ұйықтамай, жұмыстан кетпей отырып, бәрін жөндеп шығады ғой...
Тексеруді «Астана қалалық мектептер кеңесі» деген бейресми ұйымның төрайымының мектебінен бастадым. Жоғарыда айтқандай бәрі... Директор байқұс қан қысымы көтеріліп ауруханаға түссін. Орынбасарына тапсырмамды беріп, басқа мектептерге ауыстым. Барлық жерде жағдай әлгіндей. Екінші мектеп директоры да ауырып қалсын. Бір күні білім басқармасынан екі мұғалима келіп, мені тамаққа шақырады. Астан үлкен ешкім жоқ, бардым. «Біздің директорларды бұлай баудай түсіре бермеңіз, өз талабыңызды айтыңыз, біз бәрін істейміз» дейді. «Ау, менде заң талабының орындалуынан бөлек ешқандай талап болуы мүмкін емес!»
Ой, талай қызық болды ғой. Оразкүл апайым бір күні:
-Тоғайбай, бұрын танығысы келмейтін бастықтар кәзір мені көрсе алыстан жүгіріп кеп сәлем беретін болып жүр, сен не бүлдіріп жатсың? – деп күледі.
-Мен тек «заңды орындаңдар!» деймін, одан басқа не бүлдіруім мүмкін?..
Иманғали Тасмағамбетов әкім болып тұрғанда Астананы қазақыландырудың осылайша орайы келді. Оны пайдаланбау кешірілмес күнә болар еді. Бір жарым жылда Астана қаласының аумағында орналасқан мемлекеттігі бар, жекеменшігі бар барлық кәсіпорын, мектеп, балабақша, ЖОО, фирма, холдингтердің іс-қағаздарының екі тілде жазылуына көмектесіп, көше, мәдениет орындарының атауларын қазақылауға бар күш- жігерімізді жұмсадық. Жалпы, Оразкүл апайдың астананы қазақыландырудағы еңбегі ұшан-теңіз. Асқар Мамин әкім болып тұрған тұста бір күнде Орекең қаладағы 400 көшенің атауын қазақшаға ауыстырды, нағыз ерлік емес пе бұл?!
...Мен журналист боламын деп ойлаған жоқпын. Мектепте тарих пәнінің мұғалімі бола жүріп, оған дейін де қай салада жүрсем де қолымнан қаламым түспеді. Ауыл мұғалімі болып жүргенімде ойда жоқта «Түркістан» газеті парламенттегі тілшілігіне шақырып, содан журналистік жолға түстім. «Түркістан» газеті мені үлкен жолға салып, бағыт-бағдар көрсетті. Сонда жүргенімде ғой Оразкүл Асанғазы ханымның: «Сен де ұлтын сүйген жанның бірісің, бірігіп істейік» деп жұмысқа шақырғаны.
Былтыр «Елмұра» журналы қазақтың қолөнері жайлы мақала жазуға тапсырыс берді. Базардағы, сауда үйлеріндегі киіз, жүн, тері, ағаштан жасалған қолөнер бұйымдарының тоқсан тоғыз пайызы Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстаннан, яғни шетелден келетінін естігенде төбе шашым тік тұрды. Әсіресе, ағаштан ұлттық бұйым жасау қолөнері бізде мүлдем кенже қалған екен. Бұл менің намысымды қайрады. Бәрін тастадым да Шымкентке келіп, бір жыл бойы осы өнерді үйрендім. Ондағы мақсат – өзім үйреніп, сосын үйренем деген қазақтың бәріне үйрету еді. Алланың қолдауымен анау айтқан аса шебер болмасам да біраз нәрсені үйрендім. Қазір бес жігітке үйреттім, олар да шеберліктерін шыңдап жатыр. Бар жиған-тергенімді салып, достарым көмектесіп станоктар, құрал-саймандар сатып алып, шағын цех аштым. Қазақстандағы ең арзан, әрі қазақ үшін қасиетті бәйтерек ағашынан жасалған табиғи таза өнім. Ет салатын астау, қымызға арналған тостаған, шара, ожау жасауды біршама жолға қойдық. Әрине, даму жолы шексіз, біздің де алар асуымыз әлі алда. Дәл кәзір осы бұйымдарды қалай жасау жайлы нұсқама-кітапша жазып жатырмын. Өз білгеніммен бөлісемін, елге тегін таратамын оны. Талабы бар жастар мен сияқты қиналмасын, түртінектеп ізденіп, алтын уақыттарын босқа жоғалтпасын, оның орнына ертерек іске кірісе алатын болсын деген ой ғана менікі.
Биыл шілде айында Астана қаласында өткен қолөнершілердің халықаралық көрмесіне шақырту алдық. Апарған бұйымдарымыз тез сатылып кетті. Себебі, біз өзгелер секілді бағасын қымбат қойған жоқпыз».
Міне, құрметті достар, Тоғайбай туралы қысқаша толғау тәмам. Мен жақсы көретін бір тәлімді сөз бар. Орысшасы былай: «Думай – глобально, действуй – локально». «Әлемді – ойла, ауылыңды – жайнат!» деп аударсақ жарасар. Дәл менің өзім үшін елді ұстап тұратын ұстындар – осы Тоғайбай секілді көкірегін ұрмай-соқпай, өзіне өзі жарнама жасамай, шамасының жеткенінше тығырықтан жол тауып, қолынан келгенінше үн-түнсіз жұмыс істеп жатқан қарапайым жандар.
Қазақстанымыздың көсегесі қайтсек көгереді? Әркім ұлты үшін аянбай нақты іс істегенде көгереді...
Өмірзақ Ақжігіт
qazaquni.kz