Хош, бауырым! ӘУЕЗХАН ҚОДАРҒА
2016 ж. 11 шілде
2220
1
Мына адам,-
Табытында жатқан адам,
Біреудің ала жібін аттамаған;
Көзіне мақтамаған бір пендені,
Сыртынан бір жақсыны даттамаған.
Ол бөлек , мүлде, сенен, мүлде, менен,
Көп тантық көйіткенде-
Үндемеген;
Жақсыға жаны қалмай бәйек болып,
Сүйсінген!
Біздей оны күндемеген...
Алаштың үш жүзін де аралаған,
Адаспай, ақ, қараны саралаған;
Өтіне желдің ылғи өзін қойып,
Бетіне дүниенің қарамаған!
Құтыра соққан небір құйынменен,
Күні жоқ жаны тулап, күйінбеген.
Қарағайдың қарсы біткен бұтағы еді,
Заманға,
(Жаман түгіл!),-
Иілмеген!
Сері боп, күнде думан, аламан боп,
Кекілін кербестінің тараған жоқ;
Тұлпар мен сұңқарларға іш тартты да,
Жабы мен қарғаларға қараған жоқ!
Емес ол академик,
(Не біліп бұл,
Осы елдің қабырғасы сөгіліп тұр?);
Қадалып Қасиетті Төрт Кітап пен,
Абайды оқушы еді егіліп бір...
Алланың сүйген құлы ол,
Қара да тұр:
(Біз қалдық...
Алдыда не?
Заманақыр?!):
... Шырылдап шыбын жаны, құдіретті
Құдайды бетке ап, ұшып бара жатыр!
Хош, бауырым!
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ
qazaquni.kz