Ұлт азаттық қозғалысына 100 жыл. Торғай пресс-туры: Ұлылар ұмытылмайды (фото)
2016 ж. 06 маусым
4068
0
(31 мамыр)
Бүгін – қазақтың қасіретті тарихының естен кетпес бір парағын көз алдымыздан өткізетін күн. Бүгін – қуғын-сүргін құрбандарын еске алатын күн. Бәлкім, ұлт үшін, ел үшін жанын пида еткендерді еске алуға арнайы күн белгілеудің қажеті жоқ шығар. Оларды әр күн сайын, әр сағат сайын еске алып, олардың игілікті істері болмағанда бүгінгідей дәрежеге жетпесімізді мойындап отыруымыз керек шығар. Міне, біз де сол, әйтеуір пенделік мешеулікпен өзімізге зорлықпен міндеттеп алған бір күнімізді, ұлт үшін, солақай саясаттың құрбандығына айналған арыстарды еске алу күнін атап өтуге Арқалықтың бас алаңына жиналдық.
«Митинг» деген сөзден қорқып қалған халық митингке аз жиналмапты. Оған да тәубә! Қала орталығындағы Ахмет Байтұрсынұлы ескерткіші алдында жиналған қалыққа маңғаз Ақаң мүсіркей қарайтын секілді. «Мәңгілік мұң мен шер» деп аталатын шеруге Астана, Алматы, Ақтөбе, Қостанай қалаларынан арнайы келген ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, республикалық БАҚ өкілдері және Арқалық қаласының әкімі Ғазиз Бекмұхамедов қатысты.
Жиналған елге тарих ғылымдарының докторы, профессор, белгілі алаштанушы Мәмбет Қойгелді қазақ халқының басына келген сонау зұлмат жылдарды ешқашан ұмытпауды ескертті. Тарих алдында, ақтаңдақтарға айналған арда ұлдарымыздың алдында қарыздар екенімізді айтты.
Аталмыш шаралардың өтуіне ұйытқы болып, басы-қасында жүрген белгілі саясаттанушы, қоғам қайраткері Берік Әбдіғалиұлы: «Биылғы жыл Қазақ елі үшін атаулы мерекелерге толы. Мысалы, қатар келіп отырған Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдық, 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдық және Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық, Желтоқсан көтерлісінің 30 жылдық мерейтойлары қарсаңында ұлт тарихын одан әрі тереңдей зерттеп, халық санасында жаңғыртуға үлкен мүмкіндіктер туып отыр. Сондай игілікті бастаманың бірі ретінде бүгінгі Саяси қуғын-cүргін құрбандарына тағзым етуге арналған шеруді де ерекше атап өтуге болады» - деді. Арқалық жұрты өздерінің Ақ Беріктерін сағынып қалған екен, жиын соңында мәре-сәре болып амандасып жатты.
Ахмет Байтұрсынұлы ескерткішіне гүл шоқтарын қойған қарапайым көпшілік құрбандар аруағына құран бағыштап тарқасты.
(Жалғасы. Мақаланың басын мына жерден оқи аласыздар.)
Ержан Жаубай (суреттерді түсірген автор)
qazaquni.kz