ҰЛЫ ОЙШЫЛДЫҢ ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛДЫ
2016 ж. 31 мамыр
3148
0
ЮНЕСКО Атқарушы кеңесінің 196-шы сессиясында Түркияның ұсынысымен, Қазақстан, Әзербайжан және Қырғыстан елдерінің қолдауымен Қожа Ахмет Ясауидың дүниеден өткеніне 850 жыл толуына байланысты іс-шара естелік даталар күнтізбесіне енгізілгені мәлім.
Осынау даталы күнге орай республика көлемінде ауқымды іс-шаралар атқарылып жатқаны да бәрімізге белгілі. Осындай ілкімді істердің бір парасы 25 жылдық тарихы бар Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде жүзеге асып келе жатқан жайы бар. Солардың бірі – ППМ-511-F тобының білімгерлерімен ұйымдастырылған «Қожа Ахмет Ясауиге 850 жыл» атты мәдени шара. Шараға қатысушылар ұлы ойшылдың есімін иеленген оқу ордасының студенттері ретінде Қожа Ахмет Ясауи турасында өздерінің жан-жақты білетіндігін байқатты. Жиын барысында студент Ұлдана Тілеумұрат «Қожа Ахмет Ясауидің ілімі» атты тақырыпта баяндама жасап, ғұламаның өмір дерегіне толығырақ тоқталып өтті. Яғни, Түркістан топырағында дүниеге келген Қожа Ахмет Ясауидің әкесі – Исфиджабта даңққа бөленген әулие, Әзірет Әлінің ұрпағы Шейх Ибраһим, ал анасы – Мұса шейхтың қызы Айша (Қарашаш ана) екендігін атап көрсетті. Сонымен қатар, Ясауи іліміндегі парасат ұғымы адамның адамгершілік ахлақи мәртебесіне және «инсани камил» дәрежесіне жету мәселесін ой талқыға салды.
Ал, топ басшысы Нұргүл Садық «Сопылықты ту еткен – «Диуани Хикмет» атты баяндама жасау арқылы Қожа Ахмет Ясауидің хикметтеріне тереңірек үңіле түсті. Әрі Ясауи хикметіндегі «Басым топырақ, өзім топырақ, тәнім топырақ; Хаққа қауышар ма екем деп – рухым муштақ» деген жолдардың адамның бүкіл болмысымен топыраққа айналатындығын айқындап тұрғандығын тілге тиек етті.
Сондай-ақ, шара барысында студенттер Ясауи хикметтерін жатқа айтып, халық әндерін әуелете шырқап, күмбірлете күй шертіп, кештің мәнді де мазмұнды өтуіне белсене атсалысты. Сонымен қатар, студенттер арасында «Қожа Ахмет Ясауиге 850 жыл атты қабырға газетінен де сайыс өткізілді. Жиын соңында, білім ордасының оқытушы, профессорлары білімгерлерге берері мол осындай мәдени шаралардың алдағы уақытта да өз жалғасын таба беруіне тілектестік білдірді.
Осынау даталы күнді атап өту барысында 5В010200 – «Бастауышты оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының студенттері топ тәлімгерінің бастамасымен Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы барып, күллі күншығыс мұсылмандарының рухани ұстазы болған ұлы ойшыл Ясауидың рухына тағзым етті. Әрі орта ғасырлық сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші саналатын Ахмет Ясауи кесенесіне қойылған құнды жәдігерлермен толғырақ танысуға мүмкіндік алды.
Бағила ДӘУЛЕТБЕКОВА Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Білім технологиялары кафедрасының аға оқытушысы
Түркістан қаласы
qazaquni.kz