ЖАН-ДҮНИЕНІҢ ЖАҢҒЫРЫҒЫ
2016 ж. 20 мамыр
3796
1
Алаштың аяулы азаматы, ғалым Ақселеу Сейдімбек Марфуға Бектемірованың жекелеген шумақтарын талдай келе, оны дегдар ақынға балайды
Ұнатқан әннің композиторына емес, ең алдымен мәтін авторына мән беру әдетіміз болып кеткен. Сол сияқты ақын Марфуға Бектемірованың есімін алғаш рет әнші Ералхан Әбішев орындайтын «Аққуым менің, қайдасың?» әні шыққан кезде таныдық. Сонда осы әннің сөзін жазған адамның жыр аққуы атанған Марфуға Айтхожинамен аттастығына назар аударғанбыз. Бұл бергі жағы екен, Марфуға Бектемірова мен орыстың атақты ақыны Марина Цветаеваның жылдары басқа болғанмен, туған күндері бір болып шықты.
Тағдыр маңдайына ұзақ ғұмыр жазбаған екі ақын да поэзиядан бөлек прозаға қалам тартты. Жақында ақын ретінде танылған Марфуғаның қаламгерлік қарымын байқататын «Нұрлы дүние» атты кітап қолымызға түсті. Ақынның жары Есенгелді Сүйінов құрастырған кітапта белгілі тұлғалардың Марфуға Бектемірова жайлы кезінде айтқан пікірлері, автордың әңгімелері мен сұхбаттары жинақталған.
«Жақсы сөз жақсылыққа жетелейді» атты кітаптың беташар тарауындағы бір пікірге көңіл аударайық. Алаштың аяулы азаматы, ғалым Ақселеу Сейдімбек Марфуға Бектемірованың жекелеген шумақтарын талдай келе, оны дегдар ақынға балайды. Көтеретін тақырыбын тап басып: «Оның өлеңдерінің алтын арқауы – адам, қоғам, табиғат. Түптеп келгенде, өнер атаулының тұғыры да осы үштаған. Бір-бірімен ұлы тұтастықта болатын осы үштаған құбылыстан Марфуға бәрін-бәрін де таба алған, тани да алған. Оның өлеңдерін оқығанда жүрегің тазарады, үлкен арманның әлдиіне бөленесің. Туған жеріңнің қадір-қасиетін тереңірек сезіне түсесің» дейді ол.
Кітапты әрі қарай оқи келе, Ақселеу Сейдімбектің автордың шығармашылығы туралы айтқан пікіріне қосыласың. «Өмірімнің мәні» аталатын екінші тараудағы әңгімелерден жылылық есетінін байқайсың. Сұлу Көкше өңірінің перзенті Марфуға Бектемірова онда ауыл өмірін, бала кезінде өзі көрген, көңіліне түйген құбылыстардың сырын ашады. Әсіресе, «Анамның аққулары» атты шығармасы оқырманды бей-жай қалдырмайды. Автор мұнда аққулардың тілін тапқан анасының өлімінен кейін табиғаттың осынау нәзік жаратылысының және жетім қалған баланың күйін ғажап астастырған.
Кітаппен аттас «Нұрлы дүние» әңгімесі «Атам, әжем және мен», «Мектепке бару хикаясы», «Молданың емі», «Қорлық», «Интернаттағы өмір» аталатын жеке-жеке бөлімдерге бөлінген. Мұнда да баланың психологиясы жақсы ашылған. Жалпы, кітапты оқи отырып, автордан тамаша балалар жазушысы шығатын еді деп ойладық. «Өмірімнің мәні» тарауындағы әзіл әңгімелер автордың осы жанрды да меңгергенін байқатады.
Марфуға Бектемірова қаламы қарымды журналист те болатын. Оны кітапты қорытындылайтын «Асыл ағалармен сырласу» тарауынан көреміз. Мұнда Ақселеу Сейдімбек, Сәбит Досанов, Нұрғожа Ораз, Несіпбек Айтұлы, Тұрлыбек Мәмесейіт сынды қазақ руханиятына еңбек сіңірген тұлғалармен сұхбаттары топтасқан. Автор онда тіл, ұлт тағдыры, ауыл тынысы сынды көкейкесті тақырыптарды көтереді.
Жұқа ғана кітаптан автордың жан-дүниесі көрінеді. Есенгелді Сүйіновтің айтуынша, ақынның артында тағы бес-алты том болатындай еңбегі қалды. Соның ішінде Анна Ахматованың өлеңдерінің аудармаларынан бастап өз өлеңдері, мақалалары мен сұхбаттары бар. Сондай-ақ, Марфуға Бектемірова – 20 шақты әннің авторы. Олардың барлығын жинақтап шығару да – уақыттың еншісінде. Ал, өзіміз сөзіміздің басында келтірген «Аққуым менің, қайдасың?» әнінің мәтінін автор сегізінші сыныпта оқып жүргенде жазған екен. Жүрек қылын шертетін осындай туындылары ақынның шығармашылығында әлі де кездеседі. Композиторлар тек осы күнге дейін жарық көрген жыр жинақтарын тауып, оқи білу керек…
Аманғали ҚАЛЖАНОВ
astana-akshamy.kz