ДҮРБЕЛЕҢ
2016 ж. 12 мамыр
6317
2
Жазушы Момбек Әбдіәкімнің "Дүрбелең" романын бұдан былай тұрақты түрде беріп отыратын боламыз. Тарих қойнауында қалған ақтаңдақтарды бүгінгі күннің бедерлі тілімен бере білген автор шығармасының өзектіліг қай ғасырда болмасын жойылмасы анық. Ендеше дәуірлер қойнауынан өз іздегеніңізді табарыңыз сөзсіз.
Қарагер атқа мінген қазақтың хас батыры жота басына шауып шықты. Жотаның арғы беті жазық дала. Тегіс жазықта сап түзеген қарақұрым ғаскер келе жатыр. Ғаскер айбынды, суыт жүрісті, алдынан не кездессе де таптап кетердей қаһарлы. Алдыңғы шептегілердің иықтарына асынған мылтықтары мен садақтары шошайып көрінеді. Арт жақтағыларының да бес қарулары сай, жарақты. Хас батыр ерінің қасын сығымдап, қатты тістенді. Сосын қылышын алды да, ары-бері сермеп, атын тұрған жерінде екі рет айналдырды. Одан соң топ жауға жалғыз шабардай, атын алға тебіндіріп барып, ойына бірдеңе түскендей, қалт тоқтады. Қылышын қынына салып, енді садағын ыңғайлады. Садақ оғы қарақұрым ғаскердің алдында оқшаулау келе жатқан шошақ төбелі дулыға, теріден тігілген бешпентінің кеуде тұсына темір сауытты қапсырма жабыстырған қолбасшыға жетпейтінін ойлады ма, қолына алған жебесін қорамсағына қайта салып, төменге жылжыды. Етектегі қалың қамыстың шетіне келгенде қамыстың арғы жағындағы ғаскер енді жақыннан әрі анық көрінді. Батыр садағымен әлгі қол бастаушыны көздеп, тартып жіберді. Дәл осы жерде қарсылас кездесе қояды деп ойламаған бейқам жүрісті қолбасшы бүйір түсына тиген жебенің екпінімен атынан аунап түсті. Артындағылар шу етісті. Біреулері қаруларын дереу оңтайлап, жан-жаққа кезенді. Батыр садағын иығына ілді де, қамыс панасын жағалап, тау жаққа бет түзеді. Әлден соң құйғыта шапты. Артта қолбасшыларынан айырылып, у-шу болған ғаскер қалды.
***
Осыдан екі жыл бұрын Қоқан ханы Әлім Жүнісқожа билеген Тәшкенге шабуыл жасап, шаһарды иеленген. Оның алдында Жүнісқожа екеуі жақтас еді. Бір кездері бірлесіп, Тәшкенді қазақтардан тартып алған. Сондағы екеуара келісімдері бойынша, Жүнісқожа бүкіл Тәшкен уалаятына билік жүргізетін жеке-дара билеушіге айналған. Түстіктегі Бұқарға, батыстағы Хиуаға, тәжік тауларларының арғы бетіндегі пуштун-ауғандарға қарсы бірлесіп тойтарыс беріп отыру жөнінде де уағдаласқан. Бірақ «семіздікті қой ғана көтерген». Билік пен байлықты, дәулет пен шенді де парасатты жан игереді. Ағыл-тегіл дүние, ойлағанын іске асыра алатын биік дәреже – парықсыз адамға байыз таптырмайды. Оған қол астындағы иелік пен қолтығындағы мол дәулет желік береді, жаңа биіктерге жету үшін әр түрлі әлекке түсіреді. Дәл осындай кепке Жүнісқожа да түсті. Күні кеше өзіне жақсылық жасаған, соның арқасында Тәшкен билігіне қолы жеткен Қоқанға қырын қарап, онымен текетіресе бастады. Оның өз уәлаятымен шектес Қожанд* алабын құзырына қаратпақ боп, ғаскер шығарды. Оны бір күнде басып алды да, бұрын Әлімнің пәрменімен тағайындаған қала хәкімін өлтіріп, оның орнына туған қайнысын тағайындады. Әлімнің наразылығына, *Қожанд – Ходженд (кеңес кезіндегі Ленинабад).
ол жіберген жаушы-шабармандардың сөзіне де пысқырмай, керек болса, Парғанадағы* хандық орталығына қарай соғыс ашуға дайын екенін білдірді. Тіпті түстікте жатқан Бұқарға да азу тісін көрсетті.
Мұндайда түбі қандас Қоқан мен Бұқар қарап жатсын ба. Бұқар ханы аз санды шағын ғаскерін екі рет Тәшкен уәлаятына аттандырды. Екі ретте де сол шағын топтар уәлаят шегіндегі Нұрата тауының етегінде Жүнісқожа шерігінен оңбай жеңілді. Әлбетте, Бұқар тәрізді алыппен салыстырғанда тышқандай қауқарлы Тәшкен уалаяты тым әлсіз, бар ғаскерін жинаса да, оған еш қарсылық көрсете алмай, күйреп түсері сөзсіз-тін. Бірақ бұл кезде Бұқар ханы түркімендердің шегіне тыным бермейтін Иран шахымен, Әмудің оң тарабын түгелімен бауырына басу үшін қол шығарып, жанталасқа түскен Хиуа ханымен әлсін-әлсін болатын шайқаспен әуре-тін. Оған қарағанда Қоқан бектігі тыныштықта еді. Бүкіл Парғана* атырабындағы шаһарлар мен кенттерді, қырғыздың түстігіндегі таулы аймақтарды тегісімен құзырына басқан Қоқанның күші де мол-тұғын. Әлім шындап кіріссе, сексен мың аламанды атқа қондыра алатын. Былайша уақытта кез-келген сәтте ұрысқа түсуге дайын отыз мыңдай тұрақты ғаскері бар. Тұрақты ғаскердің біраз бөлігі садақтан күшті, алысты көздей алатын мылтықтармен жарақтанған. Оған қоса, екі жүз-екі жүз елу қадамдай жердегі қамалдың бір шетін ойып түсіретін, топтанған жаудың қатарын селдірете алатын Бұқарда жасалған тағы бірнеше зеңбіректері бар. Ал Жүнісқожаның қолында елу-алпыс қадамдағы адамды ғана ұшыратын шиті мылтық ұстаған шеріктердің өзі мыңға жетпейтін, зеңбірек атаулы мүлдем жоқ-ты. Ол өзін жан-жақтан қоршаған хандықтардың ғаскер күшіне ешқашан мән бермеген, қу көкірек, пасық адам-тын. Найза-қылыштың, садақтың күні өтіп бара жатқанын да аңдамайтын.
Ол Қоқан иелігіндегі Қожандты қаратып алған соң құтырынып, Тәшкеннің шығыс-күнгей жағындағы кең алапты жайлаған қазақтарды да бағындыруға құмбылдық танытты. Қанша жерден әрісін ойламайтын өр көкірек болса да, бытыраңқы, бас биі мен ханы жоқ қазақтарға көп ғаскер шығарудың қажет еместігіне пайымы жетті. Шымқала мен Түркістан төңірегіне аз ғана топты шеріктер жіберіп, дәргейіне қаратты. Сөйтіп Қаратау мен Сырдың орта ағысы арасындағы қазақтардан өлшеусіз салық алды, есепсіз мал олжалады. Сол малдар мен салыққа жиналған дүиие-мүліктерді мылтық, зеңбірек сияқты қаруларға ауыстырудың орнына, үнді, қытай саудагерлеріне алтынға айырбастап, қазынасын асыл тастармен толтырды. Мол жиналған асыл тастар оны бұрынғыдан да құтыртты. Бұқардың шағын жасағын екі рет жеңгеніне, қазақтан өлшеусіз байлық жинап жатқанына мастанып, Парғана тарапқа жиі-жиі қол аттандырды. Күллі Парғана атырабындағы қырғыз бен қыпшақ, құрама мен өзбек арасында жарамды жолбарыстай қайрат жинап, үлкен аумақтағы хандықтың іргесін бекемдеп үлгерген Әлім, алдында Жүнісқожаға кешіріммен қарады. Алайда қанден ит *Парғана – Ферғана.
бір шәуілдеп қана қоймайды. Бір үрсе, қайта-қайта үріп, тісі батпас нәрсені тістегісі келеді. Тыныш жатқан бөрі осыдан кейін ашуланбай қойсын ба. Әлім тұрақты ғаскерінің садақ-найзагерлерінен бөлек екі мың мылтық, он зеңбірекпен қаруланған он бес мың ғаскерін өзі бастап, жорыққа көтерілді.
Әлімнің мұздай қаруланған қолмен аттанғанын естіген Жүнісқожа бүкіл Тәшкен уалаятына пәрмен беріп, елу мың шерік жинады. Екі қол Бегабад жазығында кездесті. Бір жағында озық соғыс құралдарымен жарақтанған, екінші жағында саны көп болғанымен ғаскери дайындығы, қаруы нашар екі қол таң ата ұрысқа кірісті. Жүнісқожа елу мың қолмен Әлімнің он бес мыңдық ғаскерін таптап кетем деп ойлады ма, атойлап, бірден шабуылға шықты. Әлім оларды алдымен он зеңбірегімен атқылады. Күндей күркіреген зеңбіректердің жан шошытарлық дауыстарынан шауып келе жатқан аттар үрки іркіліп, кейінгілерге кедергі болды. Екпінімен шапқан арттағылар алдыңғы іркілгендерге соғысып, Жүнісқожаның қолы майданға кіріспей жатып-ақ шат-шәлекейлері шықты. Бірін-бірі басып, әбігер мен дүрлігуге түскен қолдың ортасына зеңбірек оқтары топ-топ етіп түскенде, Құдай салмасын, кімнің қандай күй кешкені белгісіз, оттастан аман аттар иелеріне бой бермей, жан жаққа босты, кейбір аламандар аттарынан түсе қап, жаяу қашты.
Әлімнің де күткені осы болса керек, тым-тырақай берекесіздікке ұшыраған Жүнісқожаның ғаскерін мылтық оғымен төпеп берді. Елу мың ғаскер еш болмаса жаудың елу шерігін де өлтіре алмай, быт-шыт болды. Жүнісқожаның топ басшылары беталды лаққан ғаскерлерін ұрандап, бір ортаға ұйыстырмаққа қанша харекет қылса да, сөздеріне ешкім құлақ салмады. Амалы таусылған Жүнісқожа күймесіне міне сап, Тәшкенге қашты. Күн-түн бойы алды-артына қарамай қашқан ол, ғаскерінің не жағдайда қалғанымен шаруасы да болмады. Ертесіне азанда күймесі Тәшкенге кіргенде өзіне ең сенімді он мыңдық шерігі де ізін ала, қала ішіне аяқ басты.
Екі күннен соң Әлім шаһарға таяды. Он мың аламандарымен қоса, қала тұрғындарының соғысқа жарамды деген кісілерінің барлығын қамал басына шығарған Жүнісқожа, енді қорғануға көшті. Дегенмен қорғаныс баянды болмады. Әлімнің зеңбіректері Самарқан мен Бұқар қақпаларын ілезде-ақ қиратты, мергендері қамал басындағы аламандарды баудай түсірді. Сүт пісірімдей уақыт та қарсыласқа дәрмен көрсетпеген қала қорғаушылары қаруларын тастап, Әлімге бағынатындарын білдіріп, сауға сұрап, елші аттандырды.
Ал толық жеңіліс тапқанын ұққан Жүнісқожа рабатхана қоймасындағы дүниелерінің біразын ғана арбаларға артып үлгерді де, жүз адамымен Қойман қақпасы арқылы далаға шықты. Шапшаң жүріспен Шатқал тауына қарай бет түзеді. Ойы – Шатқалдан асып, қырғыз алабы арқылы өзінің туған жері – Қашғарға жету еді. Шатқалдан асып үлгермеді. Соңынан қуған Әлімнің үш жүз адамдық жасағы Шымған бойында өзін қолға түсіріп, қол-аяғын матап, Тәшкенге әкелді. Әлім оған аяушылық көрсетпеді. Алдымен сақал-мұртын отқа күйдіріп, бет-аузын адам көргісіз етті. Одан соң қазыққа отырғызып, жандаусын шығартып, қинап өлтірді. Сексеннен асқан шағында баяғыда өзін адам еткен қазаққа жау шығып, Алаш баласының Тәшкеннен айырылуына мұрындық болған жетесіз, әруақ атқан опасыз, ілкідегі өз досының қолынан осылай абыройсыз өлімге кесілген-ді.
Сөйтіп, күллі Тәшкен уәлаяты Әлімнің қолына өткен. Жүнісқожа рабатханасындағы мол олжаға кенелген Әлім, Тәшкенге даруға* етіп, бұрын шаһар қазынасын ұстаушы уәзір болған Ожданды тағайындаған. Ождан өте пысық, сауда-саттық пен уәлаят мүддесі үшін атқарылатын жұмыстарды жақсы жүргізетін алғыр да еді. Тәшкен – дүниенің төрт тарабына баратын жолдың түйісетін жері. Шығыс пен батысқа жол тартқан керуендер тоғысатын шаһар. Осы керуендерден-ақ көп пайда таба білген Ождан, бұл керуендерден тыс шексіз байлыққа қол жететін жер — қазақтар қоныстанған өлке екенін Жүнісқожа кезінде-ақ жақсы білген.
Тәшкен уәлаятын Әлім Қоқан хандығының құзырына қаратқанда шаһар билеушісіне бұрынғы Жүнісқожаның кезіндегідей шексіз билік тимеген. Сонда да, Ожданның шаһар даруғасы деген шені майда дәреже емес. Оның үстіне Тәшкен сияқты алып шаһардың тағы кез келгенге бұйыра бермейді. Бұған қоса, Тәшкен даруғасы ханның ең сенімді уәзірлерінің бірі әрі ақылшысы. Әлім Тәшкенді басқан соң оның шет-шегін аралап екі айдай осында тұрақтаған. Сол уақытта Ождан оған шын ақылшы екенін көрсеткен.
–Тақсыр, – деген Әлімге бір оңаша қалғандарында. – Сіз ілгергі аталарыңыз жете алмаған ниет-тілекке жеттіңіз. Елдана һәм Нарбота аталарыңыз Тәшкенді иеленбекке қанша ұмтылса да, Алла қаламады ма, жолдары болмаған-ды. Оларға назар салмаған Алла енді өзіңізді қолдады. Ләкін сіз бұдан да кәтта жеңістерге жетуге жаралған адамсыз. Ақылсынып кетті деп ойламаңыз, Қоқан бектерінің ешқайсысы бұрын-соңды жетпеген биіктерге... һа, сіз әзірдің өзінде басқалар көрмеген жүдаям мол бақытқа кенелген, хан лауазымын иеленген құдіретті жансыз ғой... сонда да алдағы уақыттарда одан әрмен кәтта билікке жетуіңіз үшін бір кеңес айтсам бола ма?
Тәшкен тәрізді ұлан-ғайыр иелікті бауырына басқан Әлім хан тым шат көңілде еді. Тап әзір оған қатардағы сарбаз әңгіме айтса да, бар пейілмен тыңдауға ықыласты-тын. Ал Ождан қатардағы біреу емес – Тәшкен ұлығы. Осындай ұлық именіп, айтарын зорға жеткізіп отырғанда, онсыз да көңілі аспанда тұрған хан жайланбағанда қайтсін. Бар ықыласым сенде дегендей, даруғаға елжірей құлақ тосқан.
–Естуіңіз бар шығар, һа, әлбетте, ол туралы естігенсіз, батыс бетте қауқары зор орыс атты ел бар екен. Осыдан он жылдай бұрын сол орыстан Тәшкенге алғаш мәрте елшілер* келген. Һәммәсін Жүнісқожа рабатхана-
*Даруға – ХV11-Х1Х ғасырларда Орта Азиядағы қала билеушілерінің лауазым аты.
*Хыжраның 1211 жылының мухаррам айында (біздің санақпен 1796 жылдың шілдесі) Тәшкенге алғаш рет орыс елшілері келген.
сында күткенбіз. Олар осында екі айдай болды. Сонда әлгі елшілер «Біз қазақтың кіші жүзі мен орта жүзі жайлайтын атыраптың бәрін басып алғанбыз» деп айтқан. Олар кеткен соң мен Жүнісқожаға қазақ жеріне тарақаттар* жіберіп, орыстан тысқары жатқан аймақтарды байқап, анықтайық дегем. Ондағы ойым – орыс патшаларынан азат тұрған қазақ алаптарын Тәшкен уәлаятының құзырына қаратып алу-тұғын. Ләкін Жүнісқожа...
–Жүнісқожа қазақтардың нешеме жерін өзіне қаратып алған жоқ па еді, – деді шыдамсызданған Әлім Ожданды сөзден тоқтатып.
–Қаратқанда, ғаскер шығарып басып алған жоқ, ойына түскен уақытта аз ғана шерік топтарын аттандырып, оларды қорқытып-үркітіп, алым алып тұрды. Хақиқатында, үш жүзге бөлінетін қазақтардан Жүнісқожаға алым алып тұру оңайға соқпады. Қазақтың жекелеген батырлары оған қарсы оқтын-оқтын бас көтерді. Сонда да, Қаратаудан бергі алаптағы рулардан ол аз дүние жинамады. Соның алдында сонау Жетісуға дейін тарақаттар жіберіп, орыс баспаған жерлердегі қазақтардың жай-күйін әбден біліп алғанбыз. Мен Жүнісқожаға қанша айттым, көп ғаскер жіберіп, сол аймақтарды басып алайық деп. Ол көнбеді. Әгәрки әлін білмей әлектенген Жүнісқожа сіздің қарамағыңыздағы Қожандқа тиіспей, қазақтарға қарай қол шығарғанда, бұрынғы қуат-күшінен айырылып, шашыранды кеп құшқан қазақтарды оп-оңай өзіне қаратып аларды-дүр. Ләкін* уәлаят қуатын арттырудан гөрі мал-мүлікке, алтын-жақұтқа құмар Жүнісқожа қолға түсіп тұрған олжа-жерді иелінуге һеш құмбылдық танытпады.
Әлім Ожданның не айтпағын енді түсіне бастағандай жүзі жылып, оған тақай отырды:
–Сендер тарақаттар жіберген қазақ жерлерін орыстар әлі басқан жоқ па?
–Басқан жоқ. Білуімше, орыстар қазақтардың Арқа дейтін жерінің түстік шегіне дейін-ақ келген. Шығыс-күнгей тараптағы Балқаш делінетін көлі мен Жетісудың бізге қараған беті де олардан тыс. Түркістан сыртында, нақтысы, Сырдария бойында Қазалы деген кент бар. Оған да әлі кәпірлер келмеген.
–Маған бұрынғы ақылшы шалдарым һәм жаңағы Жүнісқожа қазақтар елін, жерін ешкімге бермейтін батыр халық дейтін еді. Кәпірлер кіші жүз бен орта жүздің жерін қалай басып алыпты?
–Орыстар қазақтарды зеңбірек-мылтықтарының арқасында жеңген. Ләкін орыста бар зеңбірек пен мылтық сізде де бар ғой. Одан соң орыстан тыс әлгі алаптардағы рулар барып тұрған надан. Мұсылман саналса да, Аллаға жан-тәндерімен беріліп, құлшылық етпейді, уақтылы намаз оқымайды. Одан гөрі сауық-сайранды, көкпар тартуды, құс салып, ит *Тарақат – жансыз.
*Ләкін – көне соғды сөзі, бірақ, алайда деген мағынада.
жүгіртуді, бәйге шаптыруды көбірек қалайды. Сонысына қарамай, найза-қылыш көтеріп, атойлап ұрандауға бейіл. Ләкін біз, Жүнісқожа екеуміз олардың арасына дін-шариғат ғұрыптарын насихаттайтын тарақаттар жіберіп, ондай әумесерліктерінен біраз арылтып қойғанбыз. Керек етсеңіз, сіздің пұрсатыңызбен жансыз дамуллаларды* тағы аттандырайық. Ессіз қазақтардың миларын және улап, батырлықтарынан мүлдем айырып тасталық. Сөйтсек, жорық жолыңыз жүдаям ашылмақ. Қазақтың даласы кең, халқы көп, малдары қисапсыз. Сірә, Алла сізге осы даланы жаулап алуды жазып тұр-ау...
Ождан сөзін күмілжи аяқтаған. Ал Әлім оның көкейіндегіні анық ұқты.
–Білетіндер қазақтың арғы даласының ана шеті мен мына шеті неше айлық көш жер, ұлан-ғайыр дейді... һа, со ұлан-ғайыр даланының бір шетін орыс баспағаны жөн екен. Әлде, осы аймақтарға қожалық жасауды Алла маған бұйыртайын деді ме...
–Ойымды жұдаям жақсы түсіндіңіз, тақсыр хан. Өзіңіз пайымдаңызшы, сонау түркпен-тәжікті тұтасымен, Ауған-Қорасанның бір шетін, Нұратадан Хазар көлге* шейінгі даланы бауырына басып жатқан Бұқардан сіздің хандығыңыздың несі кем? Болмаса баяғы Мәуреннахрдың тең жарымын құзырына ұстап, Сырдың төменгі тұсындағы қазақтарды да уысына қысып отырған Хиуадан кемсіз бе? Мен айтқан қазақтың әлгі алаптарын басып алсаңыз, шеп-шекараңыз жаңаға екеуінен екі есе үлкеймек. Салықтан толатын қазынаңыз олардан нешаям көбеймек. Одан соң Тәңіртау арасындағы, Ыстықкөл маңындағы қырғыздар да иесіз жатыр. Сіз тәрізді мықты иесіз дегенім ғой. Сонша жерді басқан орыстар тағы да бері жылжуы бек кәміл. Арғы қытайдың да ойында не барын Алла білсін. Екеуі және бірдеңені ойластырмай тұрғанда жері байтақ, ал халқы қаусап тұрған қазақты баса қойсаңыз, Қоқанның бағын ашқаныңыз болмай ма.
Сол күні екеуі ұзақ әңгімелесті. Әлім орасан аумақтағы қазақтарды дайындықсыз шабуға болмайтынын, алдымен түстік беттегі шаһарлар үшін Бұқар ханымен ай сайынғы қайталанатын қақтығысты реттеп, онымен уақытша болса да келісімге келіп, арт жақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету керектігін айтты. Ождан да өз пікірлерін білдірген, Не керек, со күні жаңа жер жаулауды көздеген екеу түн ауғанша ой бөлісіп, пікір алысқан.
Бір жарым жылдай Бұқармен арадағы қатынасты ретке келтірген Әлім, хыжраның 1223-ші ұлу, яғни 1808 жылдың жазының басында жиырма мыңдық ғаскерін Тәшкенге шоғырландырып, қазақтарды шабуға дайындыққа кірісті. Оның ниетінен Қазығұрт жақтағы, Сыр бойы мен Қаратау өңіріндегі қазақтар құлақтанғанымен, алдын-ала қам жасамай, қол жинамай, әр ауыл *Хазар көлі – Каспий теңізін айтқаны.
*Дамулла – дін және шариғат ілімдеріне жетік адам. бұрынғы бұйығы қалпында отыра берген. Жоқ, бәрі қарап отырмаған. Он жылдай бұрын алдымен Тәшкеннің, одан кейін оның уәлаятының билігінен айырылып, Қазығұрттың шығыс жақ бетіндегі ойпаңға ірге тепкен Қожамжар би Әлім мен Ожданның шаһарда ғаскер топтастырып жатқанын, оны түбі қазақ даласына қарай аттандыратынын сезіп, жан-жаққа дабыл қаға, жаушы шаптырған. Оның жанайқайына көптеген рулардың би-басшылары құлақ түре қоймаған. Тек шегірдегі Ақпан, сіргелідегі Тайлақ, қоңырат-жандар Алтай, алғи Жаушы, Тайкелді батырлар мен Байназар, Қоды, тағы басқа да бірсыпыра билер ғана оны қолдайтындарын білдірген.
Бұ батырлар он жылғы бұрын Тәшкен түбіндегі қоқандықтармен біріккен Жүнісқожа ғаскері мен қазақ арасында өткен соғыстарға қатысқан. Саны көп, қаруы мықты ғаскерінің күшіне зұлымдығы қосылған Жүнісқожа Тәшкен мен оның айналасын басқанда сондағы қазақтарды қатыгездікпен қырып, көп жапа шектіргенін де көздерімен көрген. Содан да болар, бұ батырлардың Жүнісқожаға болысқан Қоқанға деген өшпенділігі кеуделерінде тастай қатқан, жібіместей ұйыған. Осыдан ғой, Қожамжар бидің аттанына алғашқы боп еріп, қол жинап үлгергендері.
Алайда Алаш қаһармандарының қарулары нашар, оның үстіне шағын қолды топтары қазақ жеріне аттанған Қоқанның мұздай қаруланған жиырма мыңдық шерігіне төтеп беруі мүмкін емес-ті. Қожамжар мен Ақпан тәрізді қаһармандардың кеуделеріндегі биік намыс, өшпес кек қаншалықты мықты болғанымен, соғысты өз пайдаларына шеше алмайтындары да мәлім-тұғын. Десе де, бұлардың бойларында бұрынғы өр қазақтың рухы бар-ды, қарасы мол жауға қарсы азғантай қолмен-ақ шабуға дайын-ды. Дегенмен қалыптасқан ахуалдан шығу үшін өр рухтың биіктігі де, намыстың жоғарылығы да жеткіліксіз. Әнеукүні өкен күндерін еске алып, өзімен он бес күндей мұңдасқан шегір Қараменде би аттанып кеткен соң, бар қазақтың басы қосылмай, топтанған қол құруға бейілдері жоқтығына налып, кәрі Қожамжардың жүрегі езіліп, етпеттей жатып қалған. Жас Ақпан мен Тайлақ ары-бері шапқылап, көп әуреге түскен. Әуреге түскені – қай ауылға барса да, жұрттың бәрі өздерін бірдей қолдап кетпеген, қару ұстануға жарамды жігіттердің барлығы жұдырықтай жұмылып, атқа қонбаған. Осы кезде оларға Қожамжардың Дербісәлісінен туылған немересі Шойбек қосылған. Шойбек те жас емес, елуге таяған. Кезекті бір сапардан оралған ол, неше күннен бері қымыздан басқа дәм татпай, ішкі күйігімен алысып, үстіне жан адамды кіргізбей жатқан Қожамжар биге кірген.
– Ата, – деген жүрелей отыра қалып. – Ақпан мен Тайлаққа ілесіп, Арыс бардым, Қаратау астым,Түлкібас белінен өтіп, Күйікке дейінгі барлық ағайынды аралап шықтым. Бұ күнде қазақтан күй кеткен бе, әлде, үн кеткен бе, аттанымызға құлақ асып, соңымызға еруге ниеттенгендер онша көп емес. Ұлы жүзге Жанқожаның орнына Қанқожаны хан сайлап едік, оның аты бар да, заты жоқ, сонау Жетісудың бір түкпірінде тығылып жатыр. Заман тозды ма, надан озды ма, білмеймін, бүкіл бір елге ортақ бір хан, болмаса бидің жоқтығы — елге сын екенін енді сезіп отырмын. Міне, қоқан-сарт шапқалы келе жатыр. Енді не қайла қыламыз?
Тоқсанға толған Қожамжар жастықтан басын көтеріп, даусы қарлыға үн қатқан:
–Бұрын қазақтан береке мен бірлік кетпеуші еді. Мен қартайған сайын ешкімге сөзім өтпейтін болды ма, әйтеуір, жұрт арасында ұйытқы қашып, сөзімді жүре тыңдайтын хәлге жетті. Алысқа көз тастауға өре-пайымдары жетпейтін, бас-басына би болған, өздерінікін ғана жөн санайтын елбұзарлар тек өз қарауындағы жұрттың қамын жеуге көшті. Иә, келешек күннің не боларын аңдамайтын, әрі кетсе, алпыс-жетпіс үйдің тұтқа-тұлғасы саналатын ондайлар құр әшейін би деген атқа мәз. Елдің тозғанының белгісі ме, көпшілік солардың тілімен жүріп, айтағына еретін бопты. Қазақта кешегі Абылай жоқ, Төле жоқ, халық құрдымға кетпесе болғаны.
Өзің білесің, біраз жылдан бері ата жауым – Жүнісқожа бізге қарай оқтын-оқтын аттандырған ғаскерімен елдің үрейін ұшырып, тоқсан сайын алым жинап әкететін. Кезінде соның бетін біржолата қайтарып тастайық деп, ұран көтергенімді де білесің. Бар тараптағы қандастың басы сонда да қосылмай қойған. Ал Қоқан Жүнісқожа емес, оның ойы – жерімізді иемденіп, қарайған қазақты құл ету. Иә, ертең Қоқан басса, құрдымға түстім дей беріңдер. Осыны ұқпаған бисымақтарды, ауыл арасынан аспаған тентек-батырларды қайтем... Осыны ойлап қой, қабырғам сөгіліп, жүрегімді қайғы басып жатқаным. Айтпақшы, Тәшкен жақтан не хабар бар? Әлім хан мен Ождан әзірше тыныш па?
–Шаһарға жақын ағайын-тумаластардың айтуынша, олар әзірге тыныш. Бірақ ғаскері бері қарай кез келген күні лап қоюға дайын тұр екен.
Осыны естігенде Қожамжар аһ ұра жан-жағына көз салды. Жан-жақта оны еліктіретін ештеңе жоқ. Оның қатты қысылып, жаны қиналғанда, одан соң кесімді пікір айтатын кезде көздерінен ұшқын атып, осылай жан-жағына алма-кезек қарайтынын Шойбек білетін. Кәрі қыран тектес қарт бидің ілезде көздерінен ұшқын атып, саңқылдап берді:
–Жоқ, бұлай айтқаным жөн емес. Алжиын дегенім бе, қисық пен кесапаттың сөзін айтқаным қалай?.. Мен өмірімде жеңісіммен қатар жеңілісім де аз емес-ті, десем де, қорқақтық танытқан емен. Ғұмыр бойы қазақ мүддесіне күрестім. Жер таяп, екі аяқпен жорғалайтын жағдайға жеткенімде де, ол кептен тайман! Кеудерінде бабаларының намысы қурамаған жас та хас батырлар бар әлі. Күшіммен болмаса да, сондайларды жорыққа сөзіммен бастай аламын!..
Бидің қаһарлана сөйлегені соншалық, екі иығы селкілдеп, бүкіл денесі қалшылдады. Шойбек оны басуға тырысты:
–Иә, әке, елде әлі де батырлар көп. Қол бастамаса да, сөз бастайтын өзіңіз сықылды көсемдер де табылады. Таусыла бермеңіз...
Оның сөзін қарт би үзіп жіберді. Әнтек қызбалыққа барғанын енді ұқты ма, сабырлыққа көшіп сөйледі:
–Менің де айтпағым осы еді. Қызып кетіппін ғой. Бар ғой елде жақсылар, бар ғой. Әйткенмен дәл мынадай шақта жұмылған жұдырықтай боп, бой көрсетпегендері жаныма батып тұр. Біз, қазақ, әріде қалмақтың, беріде Жүнісқожаның, одан соң боранды күнде құтыратын бөрідей, анда-санда бір шауып кететін Қоқанның, бүйірден тиген қырғыздың тепкісінен қорланып қалдық қой. Бәлкім, жұрт арасынан қаһармандардың дер кезінде көтерілмей жатқаны осы себепті шығар... – Қожамжар аздап тыныстады. – Әлгі, саған қосылып, ұран көтеріп жүрген батырлар жандарындағы жігіттеріне қосымша қанша қол жинай алды?
–Қазірге жинағандардың қарасы үш-төрт мың. Намысты ерлер әлі де саны көп, мығым қол құрауға харекет үстінде. Тайлақ сондай шаруамен құмдағы сіргелі, қоңыраттарға, Ақпан Келес, Тәшкен тараптағы қазақтарға кеткен.
Үй сыртынан аттың дүрсілі шықты. Би елең етті. Шойбек лып етіп орнынан тұрып, сыртқа шығуға ыңғайланды. «Би үйде ме? Шойбек қайда?!» деген дауыс шықты сырттан.
–Ақпанның дауысы емес пе? – деді Қожамжар.
–Сол ғой. Неге алашапқын боп жүр екен өзі...
Шойбек сөзін аяқтап болғанша, Ақпан алқынып есіктен кірді:
–Ассалаумағалейкум!
–Уағалейкумассалам! Жайшылық па, батыр?! Түрің өрт сөндіргендей ғой.
–Жайшылық емес, биеке. Зұлмат басталғалы тұр. Екі күн бұрын Тәшкен түбіндегі Қыбырайға барып едім. Қоқан қолы қазаққа аттанды дегенді сол жерден естідім. Ести сала, атқа қонып, Қақпақ маңында ғаскердің жолын тостым. Қоқандықтар қарақұрым боп келеді екен. Шамасы екі сандай* бар. Ебін тауып алдыда келе жатқан қолбасшысын атып тастадым. Содан сізге жеткенше, жол-жолдағы ауылдардан ат ауыстырып, бір тоқтамай шауып келдім. Шойбек те осында екен ғой. Қане, енді не істейміз? Кеңес құралық. Айтпақшы, Қазықұрт белінде құмдағы сіргелілерден қайтып келе жатқан Тайлақты жолықтырып, оны Байырқұмдағы Алтай батыр мен Қоды биге қайта жұмсадым.
Мына хабарды естігенде Қожамжар мен Шойбек біраз уақыт үнсіз қалды. Қарт би тағы терең күрсінді. Шойбек екі қолын кеудесіне айқастыра қойып, үй ішін ары-бері кезді. Әлден соң қарт би саңқ етті:
–Ғаскері екі сандай деймісің? Атаңа нәлет Әлім мен Ождан бар қазақты жапыра салатындай қол жинаған екен де. Ондай қолға қарсы тұрарлықтай сарбаздар тобын қайдан жинаймыз енді?.. Осы күнге дейін жиналмаған қол, иек астына жау келгенде жинала қояды деу тағы күмәнді.
*Екі сан – жиырма мың. Түстік азақтары бұрын он мыңды бір сан деген.
–Енді бар қазақ тірі жиналмапты да, – деді Шойбек күйіне.
–Әлде де болса, жер-жерге хабар берейік. Бұрын қамсыз жатқан ел, енді Қоқанның қалың қолын көргесін, бастары бірігер.
–Ақпан, сенің Қоқан ғаскерін көргеніңе бір күн өтіпті. Бір күн ішінде олар Қақпақ жотасының етегінде байланып қалмаған шығар. Ендігі.
Шұқырбекеттен өтіп, Шарапханаға жеткен болар.
Шойбектің осы жорамалы бұлар сөйлесіп тұрған дәл осы кезде расқа айналған. Жиырма мыңдық Қоқан ғаскері алдынан қарсы шыққан ешқандай қазақ шерігі болмаған соң Келес бойындағы Шарапханаға жетіп, шатырларын тіккен. Бұдан Қазығұрттың бүкіл шығыс-күнгей тарапындағы үш Арыс өрендерінің бәрі бейхабар еді.
Сыр бойындағы Байырқұмның теріскей бетінде отырған қалың қоңыраттың байлар-жандар руының беделді биі Қодының он екі қанат ақбоз үйінің іші адамға толы. Бидің үйі жайшылықта да бос болмас-ты. Әйтсе де, бүгінгі жиынның мәнісі бөлек. Жиналған жұрт би алдына қазақтың басынан күнделікті арылмайтын дау-дамайды шешуге емес, ел шетін түріп, түбі туыс ағайынды қырып келе жатқан Қоқан ойранына не ғамал істемекті ойласуға бас қосқан. Бұ жиынға кеше Қазығұрт жақтан «Аттандап» келген Тайлақ батырдың суық хабары сеп болған. Дегенмен бұ тараптаға қоңыраттар Қоқанның қазаққа төндіріп отырған қатерлі ниетін Тайлақсыз-ақ білетін. Енді сол жау шеп асып, Алаш даласына еніпті. Осыны естігенде Қоды жақын маңдағы барлық батыр-оғландарын шұғыл шақыртқан. Шақыртқан жігіттері түгел келген кезде Қоды би саңқылдап, сөз бастады:
–Ахуал әзіретіңізге мағлұм, Қоқан соғыс бастапты. Былтырдан бері бәріңе соғысқа дайын ғаскер топтап, даяр тұралық деп Құдайдың зарын қылдым. Бұрыннан сартпен айқасып жүрген бес-алты ерлер болмаса, қалғандарыңның ниеттерің кері тартып, жайбасарлыққа салындыңдар. Мен сезем, күні ерткең Қоқан жерімізді басса, оған қарсы тұрғаныңа да, қарсы тұрмағаныңа да аяушылық көрсетпейді. Со себепті пиғылы бұзық жауға ер екенімізді көрсетіп, атқа қонайық. Көмек сұраған тау жақтағы ағайынмен бірлесіп, ел екенімізді білдірейік. Алдымен Алтай, сен айтшы, байлар-жандардан қанша ер-азамат атқа қона алады?
–Әзірдің өзінде сапымда үш жүз жігіт бар. Кеше Арысқа таяу Тораңғыдағы Қалдарбекке хабар бергем, ол тағы сонша азаматты алып келері хақ.
–Қалдарбегің кім?
–Бектіғұлдың баласы. Жас та болса, Тораңғыдағы ағайын арасында көзге ілігіп жүрген – сол.
–Әй, сен, анау желөкпе Қалбарбекті айтып отырсың ба? Ол тым жас қой. Жасы қаншаға келді пәтшағардың? Уай, шіркін, осы арамызда батырлар көбейейін деген бе. Ат шаптырып, көкпар тартқанды да сарбаз бастайтын сардарға айналдырмақсыңдар ба, түге – деді шетке жайғасқан бір кісі.
Алтай өзінің көкейіндегісіне күдік келтіргенді жақтырмайтын асау мінезді бірбеткей батыр. Анаған шаптыға жауап қатты:
–Ол – қайдағы желөкпе?! Қалдарбектің қазір жасы жиырмадан асқан, Арыстағы елдің ішінде топ жарып жүр. Сен өзің қырықтан ассаң да, қәне, елге тигізген пайдаң?! Қалдарбек ер болмаса, анадағы тойда болған ат үстіндегі күресте одан неге жеңілдің?! Білсең, оның жүрегі де, күші де сенен басым.
Адуында Алтайға қарсы уәж айта алмаған анау: «Ә, жасы жиырмадан асып па еді... кім білген... кім білген...бірақ... рас, күші бар жүгәрмектің... » деп күмілжіді. Сосын Алтайдың қаһарына тағы ұшырап қалам ба деп сескенді ме, өтірік қақырынып-жөткіргенсіп, сыртқа ата жөнелді. Оған ешкім тоқта демеді. Енді сөзге Жаушы батыр араласты:
–Осындай нәуетектер ғой елді бұзатын. Біз Қоқаннан бұрын өзімізге сөзбен де, іспен де опасыздық жасайтын қорқақтарды біржақты қылып алуымыз керек еді-ау. Біздің ауылда Тұрғынбек деген ірі көпес бар. Саудагерлікпен айналысқан соң ба, әйтеуір, өзі сарттарға бір табан жақын. Жақында естідім, сол Тәшкен хәкіміне тыңшылық жасайтын, ішкі қазақтардың жай-күйін оған баяндап тұратын сатқын екен. Мен кеше Құрақ бидің шақыртқанына елеңдеп, ауылдан асығып аттанып кеттім. Біздің жиынымызды оның да естігені кәдік. Ол ендігі біздің хәрекетімізді Тәшкен ұлықтарына жеткізіп қойған да болар. Қап, кеше соны сойылдап кетпепін-ау.
–Хабарлағанда не қылар дейсің. Тәшкеннің бар сарбазы Келеске жетті қазір, – деді Тайлақ.
–Алтай, Жаушы, – деді Қоды би. –Елдегі ондай нәуетектерді санамаласақ саусақ жетейді. Оларға зауал келтіретін бір уақыт келер. Әзір болмайтынға өкініш білдіргеннен ертеңгі жорықты ақылдаспақ тиімді. Қөараймын, құлшығаштан, тоқболаттан ешкім көрінбейді ғой, әлде оларға хабар бармады ма?
–Құлшығаштың жақсысы – Ораздың баласы Телқожаға хабар жеткізілген. Әзірше кешікенімен, бір-екі күнде келіп қалуы сөзсіз. Ал тоқболаттан Ақымбектің Байтілесі қарауына біраз жігітті ертіп, Шымқала төресіне қосылуға кетіпті, – деді бидің оң жағына жайғасқан оразкелді Тайкелтір батыр.
–Онысы жөн екен...
Би сөзін кілт тоқтатты да, маңдайына қолын сүйеп, бір сәт ойға шомды. Би дыбыс шығармағасын, батырлар да жым-жырт қалып, үй ішін бірауық үнсіздік басты. Сәл ұзаққа созылған осынау үнсіздік үстінде отырғандардың ішіндегі бұрын соғыс көрмегендерінің бірқатары өкпелері түсердей аһ ұра, ауыр күрсіністі. Күрсінбегенде қайтсін, олар да күні ертең елмен бірге жан алысып, жан берісетін майданға аттанады., Қатыгез һәм жойқын болатын сол майданнан қайсысының аман қалып, қайсысының ажал құшатыны ешбіріне мәлімсіз. Араларында осыған дейін Алтай мен Жаушы тәрізді қанды қырғынға түспек түгілі, бастарынан қанды төбелесті те өткермеген, тіпті, туған баласына да қол көтеріп көрмегендері бар. Ертеңгі майдан солар үшін қатерлі, солар үшін қатты уайым...
Әлгінде ойға батқан Қоды би батырларды қамшылап, ал ертеңгі күннің зұлматын ойлап күрсінгендердің арқаларын қоздырып, жігерлерін жаниын деді ме, басын кілт көтеріп:
–Уа, әруақ! – деп саңқ етті де, көсіле сөйлеп кетті. Оның айтуынша, осы отырғандардың өмірлері үздіксіз шайқаспен, қым-қиғаш дүрбелеңмен өткен ілкідегі ата-бабаларының ешқайсысы да туыла салып, соғысқа араласпаған, болмаса қолына найза ұстап, алақанына қылыш қысып, уысына қан шеңгелдеп туылмаған. Кезінде сырттан соққан дұшпанға кеудесін таптатпаған арда ата-бабаларының бәрі де қан майданға жарамды жігіт жасқа жеткенде түскен. Өліп бара жатса да, жауды өздерімен бірге ала кеткен, өлмегендері ата қонысты ешкімге бермей, кейінгілерге аманат еткен – сол ержүрек, өркеуде ата-бабалар өмірден әлдеқашан өтсе де, әруаққа айналған әрбірінің ат-есімдері осы тірілердің әмбесіне қастерлі. Жандары көкте, ал әруақ-рухтары тірі пендені қолдап жүреді деген нанымға ие әр пенде, ел арасындағы сөзбастаушы мен қолбастаушы сол әруақты ұран ғып көтерсе, қазақтың қай жігіті де арқаланып шыға келмек һәм бұрынғылардың жолымен жүрмек ләзім. Сол үшін де, ел шетіне жау келгенде бұғып қалған азамат – қатынмен тең, жанын аяған еркек – ез. Қай кезде де, елінің бостандығы үшін жан қиған ер – бақытты, жауды жеңіп аман шыққан батыр – ардақты. Ешкім туыла сап, батыр болмайды, елдің намысын таптауға келген дұшпанмен алысып батыр атанады. Қазақ әлімсақтан ешкімге тиіспепті, ешқашан соғысты сұрап алмапты, пейілі бұзық жау бастаған соғысқа – соғыс салған қауым. Сондай ерлердің бүгінгі өрендері енді ел шетіне қауіп төнгенде бұғып қалмауға тиіс.
Би осылай толғап келді де, соңғы ұйғарымға көшті. Бұ жолғы пәрмені батырларға арналды:
–Ал Жаушы, Алтай һәм Тайкелтір! Шымқалаға қанша жігітпен аттанбақсыңдар? Сендерге мен де ілессем бе деймін.
–Биеке, тап әзір қару-жарағы сай мыңға жігіт атқа қонуға дайын тұр. Өзіңізге келсек, сіз осындағы елге бас-көз болуға керексіз.
–Жаушы дұрыс айтады. Мұндағы жұртқа да бас ие қажет. Одан соң сіздің қолға қосылғаныңызды Қоқан бектері мен ауылдағы бізге ермеген сужүректер естісе, сексеннен асқан шалды да селкілдетіп ертіп алыпты деп әжуа етер. Онсыз да, ғұмыр бойы қырғыз бен Тәшкен бектеріне қарсы ұрыспен өткіздіңіз ғой. Ендігі ел қорғау міндеті – біздікі.
Алтайдың уәжін басқалар да қостады. Би жеңдерін сыртқа шығарып, желбегей жамылған шапанын иығынан ысырып тастады.
–«Қыран қартайса, құры шаңқылдаудан басқаға қайылы қалмас» деп еді бір кезде үзеңгілес досым Қараменде би. Көкірек сайрайды. Сайрайды да тулайды – бойдан әлі қуат кетпегендей. «Жорықта өлген ерде арман жоқ» депті баяғыда Жәнібек батыр. Жорықта өлуді маған тағдыр жазбайтын тәрізді. Әттең-ай, жас кезімдегідей қарсыласқа атой салып, бір қылыштассам арманым болмас еді-ау. Сол соғыста сендердің орныңа мен шейіт кетсем болар-ды. Қайтейін, әр хәракет, әр қимыл өз уағында екен. Шайқасқа қоспайтындарыңды сөздеріңнен байқап отырмын. Сендерден кейін ағайын-тумаластан және бір дүркін қол жинармыз. Ондай болса, олар арттарыңнан жетеді. енді Құдай жолдарыңды оңдап, әруақ жар болсын! Аттаныңдар!
Ертесіне Байырқұмнан мың қаралы қарулы сарбаз Шымқалаға қарай суыт аттанды.
***
Қоқандықтар Тәшкеннен қазақ даласына қарай жорыққа аттанғанда, қалың қол екі ат жегілген Бұқардың сәнді күймесіне жайғасқан Әлім хан мен Ождан даруғаның жан-жақтарын қоршай, тура орталарына ала қозғалған. Қол Қыбырай жотасынан асып, Келес суына келгенде бір аялдаған. Су жағасында Әлім хан күймесінен түскен.
–Бізге қарайтын Тәшкен уәлаятының шегі осы жер ғой, – деді Ожданға.
–Бұрын осы жер-дүр, – деп жауаптады Ождан иіле.– Енді жеңілуді білмейтін айбынды шерігіңіз мына судан өтіп, арғы жағаға тұяқ іліктірсе болды, анау қыр-жоталары көрініп тұрған һәммә қазақ уәлаяты сіздің құзырыңыздағы ұлы хандық – Қоқанға көшпек.
Әлім хан көз жетер жерден қыбырлаған не ауылды, не малды көрмеді. Шығыс беттегі созыла жатқан таудың батысындағы қырлы-жазықты далаға тесіле қарады.
–Бұл дала неге тым-тырыс? Мұнда қазақ ауылдары болмаушы ма еді?
Екі қадамдай артында тұрған Ождан лып етіп, алдына шықты.
–Биыл жаз аса ыстық боп тұр ғой, хан ием. Салқын түсетін мезгілді күтетін қазақтар тау етектерінен кең даладағы күздеулеріне әзірше жылжымайды. Содан да, даланың бос тұрғаны.
–Һа, әнеукүнгі айтқандарыңның бәрі рас екен де.
Екі жыл бұрын Әлім қазақ даласын жаулап алу жоспарын Ожданға тапсырған. Ождан алдымен Қазығұрт төңірегі мен Шымқала, Сайрам тарапқа тарақаттар аттандырған. Тарақаттардың міндеті – ауыл-кенттердегі қазақ руларының хал-ахуалын, әскери күші мен тұрмысын, би-батырлардың іс-харекеттерін жете бағамдау еді. Алаш баласының жеріне сұғына енген тарақаттар Тәшкенге жақын жерлердегі рулардың тыныс-тіршілігін ғана емес, сонау Сарысу, Ақмешіт, Созақ, Талас, Әулиеата, Ұзынағашқа дейінгі аралықтағы қазақтардың жай-күйі жанындағы хабарларды жеткізген.
Олардың хабарлауынша орысқа қосылмаған Ұлы жүздің барлық ру-тайпалары жайлаған өңірде қазақ бұйығы қалыпта, бытыраңқы тұрмыста. Ортақ би жоқ, ортақ ғаскер жоқ. Ортақ ғаскер болмаған соң елдің басын қосатын орда тағы жоқ. Ордасы болмаса да, Қанқожа деген ханы бар. Қанқожада хан деген ат бар да, билік жоқ. Оның билігі ел, ауыл арасындағы жер дауы мен барымтаны шешуден әрі аспайды. Бұрынғы хандар тәрізді айбыны жоқ. Айбыны болмағасын, әр тараптағы тараптағы батыр-билерге хүкім жүргізе алмайды. Хүкімі – қол астындағы жүзге тарта төгеңгіттер мен малшы-жалшыларына ғана жүреді.
Тарақаттар қазіргі қазақтардың бұрынғы ата-бабаларындай емес, береке-бірлігі азайғанын, дәулет-байлығын ғана қорғайтын әр бай өзін Құдаймен қатар санайтынын, ел мүддесінен олардың тым тысқары қалғанын да жеткізген. Сондай байлардың арқасында күн көретін қара халықтың да бірлік жайын тіптен ұмытып, өз қожайынының айтқанынан шықпайтын, тек соны ғана тіреуіш көретінін де айтып келген. Әйтсе де, жансыздар ауылдар арасында халқының қамын ойлайтын, кез келген сәтте жұртты соңына ерте алатын адуынды билердің, Қанқожадай әлсіз ханға, өз қамын күйттеген байларға пысқырып та қарамайтын, ертедегі ұлы хандары мен билерінің өсиет-қағдаттарын ұмытпаған, қазақтың өрлігі мен ерлігінен басқа ештеңені һәм бөтен билікті мойындамайтын батыр-бағландардың да бар екенін ескерткен.
Ождан тарақаттыққа көбіне алыс өлкелерге сапар шегетін, қай ұлттың болса да арасына еркін кіре алатын, саналарында саудадан өзге – бөтен жер, бөгде шекара деген ұғым болмайтын керуеншілер мен саудагерлерді жалдайтын. Тағы бір қулығы – әлдебір тосын хабар жеткізетін кез келген тарақаттың сөзіне сене бермейтін. Олардың артынан исі мұсылмен жайлаған өңірдің бәріне кете беретін, халық пен нәсіл таңдамайтын диуаналық жасайтын адамдарды аңдытып қоятын. Мұндай іске диуанашылықты ата кәсіп еткен тәжіктерді іріктейтін. Осылайша, әрбір керуенші тарақат жеткізген хабарлардың айқындығын әр ауылға еркін кіріп, оның маңайына түней беретін осындай диуаналардың мәліметтерімен салыстыра отырып, қорытынды жасайтын..
Ождан саудагер мен диуана тұрпаттағы тарақаттармен қатар қазақтардың миын айналдырып, имандық сенімін өзгертетін іс-тәсілдерді де көп қолданды. Мұндай тәсілді баяғыда Жүнісқожа қолданған. Жүнісқожа осы тәсілмен Тәшкен мен оның маңындағы қазақтарды өзіне қаратқан. Өзіне қаратқаны былай тұрсын, көптеген руларды өзбекке айналдырып жіберген.
Жүнісқожа дүние, билікке жақын өлгенше таққұмар болуымен қатар аса діншіл адам-тын. Ол – түбі бұқарлық Нақышбанды пірді һәм одан тараған, кейін Бұқар, Хиуа, Тәшкен халқына пір болған оның ұрпақтарын өте қатты құрметтейтін. Тәшкенді билеп тұрған кезде уәлаят дінбасылары мен шаһар мешіттеріндегі имамдардың барлығын осы әулеттен таңдаған. Қазы-кәлен* немесе имамдық дәрежесіне жетпеген басқа ұрпақтарын мұсылмандықты *Қазы-кәлән – шаһардың бас имамы
насихаттау үшін ауыл-ауылдарға аттандырған. Жүнісқожа пірлерді Қазығұрт, Келес, Қаратау мен Шу, Талас өңіріне қарай аттандырғанда екі нәрсені мақсат тұтқан.
Алғашқысы – кейбірі асау, кейбірі аңғал қазақтың бойына мұсылмандықты барынша сіңіру. Екіншісі – жұртты дінге баули отырып, қазақты еркіндігі пен өрлігінен ажыратып, шариғат қағидалары мен бұқар-
өзбектік өмір салты аясында өмір кешуге үйрету. Әлбетте, Жүнісқожа барлық ру өкілдерінің Бұқар мен Самарқаннан ілім алған дамуллалардың насияттарына еріп, бірден намаз оқып, шариғат заңдылықтарын орындай салады, осы арқылы халықтық қалыптарынан қол үзеді, сөйтіп, ата-бабаларынан келе жатқан қаһармандық қасиеттен тез арада оңай ажырай қояды деген ойдан аулақ- тұғын. Сонда да болса, ол білетін, ел арасынан дінге қатты қызығып, оған бірден беріле қалатын адамдардың да бар екенін. Жансыздың қызметін атқаратын дамуллалар ондайларға қазақтың кейбір салт-дәстүрлері шариғат заңдылықтарымен үйлеспейтінін, сондықтан да ондай әдет-ғұрыптар мұсылмандыққа жат, хақ жолынан адасушылардың тірлігі деп ұғындырса, саналарына сіңдірсе, аңғал қазақ өз ортасынан екі айырылатынын жақсы білді. Ал сенімі екі айырылған халықта бірлік болмайды. Аллаға сенетін, бірақ қазақы қалып пен намысты бәрінен жоғары қоятын батыр-билер одан соң жұртын біріктіруге қаншалықты ұмтылса да, діни сенім ой-саналарын жаулаған көрсоқырлар олардың соңынан еш ермейді. Қулығына найза бойламайтын Жүнісқожа қазақты өзіне қарату үшін мұсылмандықты бетперде қылып, бөгде халықтың арасына жік салуды осылайша бастаған-ды. Алайда өзінің хақ жолын арамдық ниетке ұштастырып, былыққа батқан оны Алланың өзі кешірмеген. Қайтіп кешірсін, барлық күнә істерін, бойындағы харам ниетін ұлы Жаратушының атымен іске асырмақ боп, күнәлі тірліктерге көп барса.
Ождан кезінде Жүнісқожамен бірге көп жүрген. Жүнісқожа өмірінің соңында құтырынып, Бұқар мен Қоқан хандығына тізе батыруға кіріскенде, бұл Әлімге тыңшылық жасаған. Оның басқан ізіне, айтқан сөзіне дейін Әлімге жеткізіп тұрған. Қоқан ханы Тәшкенді басып, Ождан даруғалық тақты иеленгенде, Жүнісқожаның қазақтарға бағытталған жымысқы әрекеттерін жалғастыра түскен. Бұ тірлікте ол ұстазынан асып түскен.
Ол да баяғы Жүнісқожа құрметтеген пірлер әулетіне арқа сүйеген. Саудагер жансыздар қазақтардың жай-күйі жайындағы мағлұматтарды жинаса, ауыл-ауылдарды кезген пірлер дінді насихаттаған. Дінді насихаттағанда, мұсылмандықпен қатар көне тәңірлік һәм шамандық наным- сенімдерді бірге ұстанатын, өздерінің әдет-ғұрыптарын сондай діндердің жора-жоралғыларымен біте қайнастыра қарайтын рулардың тірлігіне сына қаға бастаған. «Сендердің сенімдерің адасушылыққа апаратын жол, көптеген іс-харекеттерің Аллаға серік қосатын ширк қылықтар. Сендер Алланың орнына Құдайды атайсыңдар. Құдай аты құранда жоқ. Оған қоса, әруаққа да сенесіңдер. Әруақ деген өлген адамға ғана арналған сөз. Ол ешкімді қорғамайды, ешбіріңді жебемейді. Күні бітіп, бақилық ғұмырын Алла алдындағы сауал-жауаппен өткізіп жатқан, амалсыз күйге түскен өлінің бейшара жаны кімге қорған болмақ? Бәрінен де осындай адасушылықтан, бойларыңды жайлаған нажасат нанымдардан аулақтаныңдар!
Араларыңда бақсы, тәуіп деген Алланың құдіретіне шәк келтіретін имансыздар жүр. Тәуіп-бақсы сендердің сырқат басқан адамдарыңа ем жасаймыз деп бәріңді алдап, мал-дүниелеріңді алады. Олар шын мұсылман- ның барып тұрған жаулары. Сырқат та Алланың бір құдіретімен пендеге жабысады. Сонда Алла қалауымен келген ауруды бойларын ібілістің харам ниеті басқан жердегі күнәһар бақсы-тәуіптер қалай жазбақ? Барлық ауру-сырқаудың емі – Алланың құдіретімен көктен түскен құран аяттары мен сүрелерінде. Қуыңдар орталарыңнан, имансыз тәуіп-бақсыларды!
Бұрынғы бабаларыңның аттарын ұран қып көтеру де, өздерін қаһарман санап, сендерді соғысқа бастайтын батырларыңның істері де, көсемсініп ел бастаймын деген билеріңнің харекет-ғамалдары да – Аллаға серік қосқандық. Бар дүниеге иелік етуші де, бар мұсылман пенделердің тұрмыс-тіршілігіне пәрмен жасаушы да – тек Алла! Мұсылманға ұран да, тірек те – жалғыз Алла! Алла бар деп, тек оның барлығына ғана илану аз, оған мына дүниенің бар қызығын тәрк етіп, шын сенулерің, азанды-кеш кәлимаға тауһид қылмақтарың – хақи уәжіп! Аллаға шын берілсеңдер, ол кедейіңе байлық береді, мүсәпіріңнің жолын ашады, басыңа берекет береді. Алланы ауыздарыңнан тастамай, оған күндіз-түні жалбарынсаңдар, ол қиындықтан құтылуларыңа, қасіреттен арылуларыңа өзі-ақ жол тауып береді. Бұдан кейін ру деген, өз руласыңмен қыз алыспау деген тәртіп мұсылманшылықта жоқ. Мұсылманның ұлы сахаба-шарылары бір емшектен ембеген әйел затын қатындыққа ала берген. Сонда олар салған жол дұрыс па, әлде өздерінді солардың үмбетіміз деп санасаңдар да, сол жолды ұстанбайтын сендердікі дұрыс па?! Мұндай шариғат жосығаны жатпайтын рәсім-ғұрыптарыңнан да арылмақтарың сендерге һәм бір уәжіп» деп тілдерінің майын тамыза насихат жүргізген жансыз дамуллалардың сөздеріне құлай берілген жұрт қарасы да бірте-бірте көбейген. Олардың тағы бір қулығы: «Атқа мініп, найза, қылыш алып жүретін заман өткен. Қазір тыныштық. Ләкін қазіргі тыныштық — қауіпті тыныштық. Арқа жақтан діні – кәпір сары орыс, шығыс жақтан оның да діні бөлек қара қытай қаптап келе жатыр. Олардан сендерді найза, қылыш құтқара алмайды. Құтқаратын тек – Алла. Алла тек өзің сақта деп, оған жалбарыныңдар! Тайлы тұяқтарыңа дейін намазға жығылыңдар, сонда сендерді ол сақтайды. Алладан кейінгі сақтаушы тағы бір тіректерің бар. Ол — Қоқан ханы! Ол келсе, сендердің жерлеріңе сары орыс пен қара қытайды кіргізбейді. Діні – мұсылман, ұстанғаны – шариғат жолы Қоқан өздеріңді бар қауіптен сақтайтын хандық!» деп аңғал жұрттың санасын әбден сансыратқан.
Ождан жіберген жансыздардың харекеттері жарым-жартылай болса да іске асқан. Қара қазақтың бір тобы дамуллалардың сөзіне сеніп, бір тобы оларға қарсы шығып, екіге жарылған. Оның үстіне көп уақыттан бері тау асып келіп, ұрымтал сәтте кез келген ауылды шауып кететін қырғыз шапқыншылары мен барымташыларынан әбден мезі болған жұрт, жаппай Аллаға құлшылық етсек, бар пәлекеттен құтылады екенбіз деп, найзасын — жайнамазға, шоқпарын — намазға ауыстырған. Бірақ күндіз-түні Аллаға құлшылық қылса да, тыйылған қырғыздың барымташылары болмады. Осы кезде де дамуллалар тағы бой көрсетіп, ұран тастаған: «Уа, қазақтар, Алла мейірімді! Бәрінен құтқаратын ол десек те, сендерге жерден де қорғаушы керек. Бұрын да айтқанбыз, қазір де айтамыз, ондай қорғаушы тек — Қоқан хандығы, оның ұлы ханы – Әлім әзірет! Оның құзырында отырған барша жұрт қазір тыныштық қалыпта. Өйткені олар бір Аллаға ғана шын пейілімен құлшылық жасайды, риясыз көңілмен шариғат жолын ұстанады. Жердегі тірегі – Әлім ханға бір кісідей бас иіп, бағынады. Ал, сендер, көктегі Алла түгілі жердегі бір хан, бір ортақ биге бағынбайтын жүгенсіз кеткен тобырсыңдар. Жүгенсіздіктеріңнен Алланың қаһарына ұшырап, әркімнен бір тепкі көріп жүрсіңдер. Әлімге бағыныстылық жасасаңдар, ондай зұлымдықтан, көлденең төнген теперіштен құтыласыңдар!
Түн жамылып келген барымташы-шапқыншылардан қаншама зәбір көріп, әлсін-әлсін береке-құттарың қашса да, шариғат үкімі жөн санамайтын жиын-салтанат құруды, той жасап, Алла қаламайтын, мұсылмандық көтермейтін көкпар, бәйге шаптыруды тыймайсыңдар. Алла қаламаған осындай күнәлі істерді көп жасағандықтарыңнан ғой, Жаратушының қаһарына ұшырап, беймаза күн кешіп жатқандарың. Доғарыңдар мұндай дарақылықты! Айтқанымызды құлаққа ілсеңдер, онда әркім өз басының амандығы һәм тыныштығы үшін Аллаға, одан қалса, ұлы хан – Әлімге тағзым етпегі ләзім! Сонда ғана ілгергі ғұламалар айтып кеткен жердегі жұмақ ғұмыр орнайды!» деп жар салған.
Насихат деген апиын сияқты, санаға сіңсе, одан арылу қиын. Бұрын Алланың хақ, бес уақыт намаздың парыз екенін ғана білетін, бірақ көптеген мұсылмандық қағидаттардан бейхабар көпшілік қауым – өздерін Бұқарда, одан қалды, Ғират пен Самарқанда бар ілімді оқып тауысқанбыз деп таныстырған әлгі дамуллалардың өсиет-үгіттеріне құлай сенгендері сондай, бірте-бірте ата жұртының салт-ғұрпынан шеттей берген. Баяғыдағы жайма-шуақ күндердің өзінде Тәшкен мен Бұқар тараптан жыл айналып бір соғатын пірлердің алдында «жайылар көрпе, жастанар жастық» болып құрақ ұшатын далалық бейпәруа, аңқау жұртшылық мынадай үгіттердің арқасында шын мұсылмандық жол-жоралғының қандай болатынына енді көздері жеткендей, біреулері таспиық аудара отырып, Алланың тоқсан тағыз есімін атаудан, біреулері қыраттап құран жаттаудан, қалған біреулері бес уақыт намаздың парыз-сүннеттерін қалдырмай оқудан басқа тірліктердің бәрі бос әурешілік екен-ау деген пиғылға көшкен. Соның әсерінен айналасы екі-үш жылдың ішінде өздеріне тосын шариғат ілімдерімен һәм қазақтың ғұрыптық қалпымен мүлдем үйлеспейтін, кей ұстанымдары парсылық, арабтық, бұқар-қоқандық дәстүрлерге негізделген діндік үгіттермен, оларға қоса, астарында орасан жымысқы да алдамшы ниет жатқан насихаттармен ой-саналары әбден уланған, барлық қауіп-қатерден тек Алла ғана құтқарады деген иланымды бойларына мықтап сіңдірген, соның кесірінен ештеңеге селт етпейтін қауымның саны әр ауылдарда көбейе түскен. Сөйтіп, басым қазақ күнделікті болмаса да, әр он-он бес күнде күндіз өздерінің ауылдарын дүрліктіріп, түнде үрейлерін ұшырып, мал-жанға бірдей шабатын қырғыз барымташыларына қарсы тұруға да ұйыспауға көшкен. Күллі ата-бабаларының әруағымен қоса, өздерінің де тұрмыс-салттарын келеке-мазаққа айналдырған тәшкен-бұқарлық пір-имамдардың алдамшы ақыл-өсиеттерінің астарына да мән бермей, «Ақырымды тек Ала жарылқасын» деп, көктен сүйеніш, аспанға қол жаюдан артық әрекетке бармайтын кепке ұрынған.
Күндер өте, осындай себептермен қазақ арасынан шынында береке қашты, елдік, бірлік мүдде жолындағы пайым-парасат азайып, түстік тараптағы әмбе Алаштан күй кетті.
Бар халық бір ортаға ұйыспаса да, бәрін бір тудың астына жиып, жауға қарсы көтерем деп ұрандататын батыр-билер ел арасынан шығады, бәрібір. Намысы бар батырлар, ақылы кемел билер ел ішін берекесіздік жайлаған осынау уақытта да, хал-қадірлерінше бас көтерген. Ғамал нешік, көргендінің тілін алмай, тағдыры сорға, бойларына ақыл-парасат қонған ерлердің сөзін елемей, қадамы орға тап болатын елдің келешегі ауыр. Соның белгісі ме, ауыл-елдің сол келешек жайына алаңдап, ер-азаматтардан төнген қауіпке қарсы тұратын қол жинамаққа талпынып, алашапқанға түскен батыр-билерді қостай кеткен, қолдай жөнелген көпшілік болмады. Сонда да, ел қамын күйттеген базбір игі жақсылар ел мен жерді сақтау жолында жанталас харекетке кіріскен.
Онсыз да бұрынғы тұтастығына сызат түсіп, қайраты кеміген түстік қазақтардың одан бетер бытыраңқылыққа ұрынуына үлесі зор Ождан даруға олардың ең осал тартқан уақытын тап басты. Тап басқанда, енді ойға алған мақсатын Әлім ханның арқасында іске асырмаққа жорық сапарына шыққан. Ол хан күймесінің жанында тұрып, терең тыныстады:
–Тақсыр ием, Алла қаласа, екі-үш айда Сонау Қордай-Ұзынағашқа дейінгі жер сіздің құзырыңызға қарамақ. Қазақ даласын басқан соң сіздің ойыңызда болатын ең бір маңызды нәрсе – өзіңіз қажет деп тапқан жерлеріңізге керуен сарайлар мен рабаттар тұрғызу. Сөйтсеңіз, басып алатын кең алаптың һәммәсі бақи – Қоқандікі. Ал ондағы шаһарлар болса да, өзіміздің қорған-қамалдарымызға айналады...
Қазақ елінің жай-күйімен сырттай танысып үлгерген, аталарының кезіндей емес, хан болғалы Қоқан құзырындағы жер аумағын соғыспен де, айламен де біршама кеңейткен, өзін Бұқар ханы данагөй деп таныған, осыған тым тоқмейілсіп, соңғы кездері кеудесі көк тіреуге шақ жүрген әрі бұрынғыдай Ожданның ақыл-кеңесін керек қылмайтын Әлім оған зекіп берді:
–Менің ой-ниетімді өзіме қайтара айтуыңа қалай батылың барады, найсап?! Әлде, ақылың тасиын деді ме?! Ондай шаруалар сен айтпасаң да, көкейімде тұр. – Сосын күймесіне жайғасты да, шерік басшысына бұйырды: –Ғаскерді баста! Мыңбасылар өз ғаскерлерінің шетінде жүрсін! Менен хабар болмай, еш жерге аялдамаңдар!
Ождан да өз күймесіне мінді. Қалың қол судан өтіп, ұзақ жүрді. Түс әлетінде шығыс беттегі таулармен шектескен өркеш-өркеш жоталардың етегіндегі бір шетінде ну қамыс басқан сай бар кең жазыққа аяқ іліккендері сол еді, алдыңғы жақтағы аламандар шу етісті. Қалың қол жүрісін қалт тоқтатты. Хан күймесіне жегілген аттардың да тізгіні тартылды.
–Не болып қалды?! – деп ақырды Ождан күйме есігінен сығалап, қатар келе жатқан аттылы тарабасына.*
– Білмедім, тақсыр... деп күмілжіді анау. – Сәл сабыр сақтаңызшы... біліп келейін...
Ол атын алға тебіндірді. Ұзап үлгермеді, алдыңғы жақтан бір мыңбасы шауып келді. Күйме алдында аттан домаланып түсті де, қолын кеудесіне қоя, Ожданға иілді:
–Сұмдық болды, тақсыр, сұмдық... – Ожданның зәрлі жүзінен қатты ығып, сасыңқырап қалды ма, біраз тоқтап барып, тағы сөйледі: – Нарақ ләшкербашыны біреу атып кетті.
Ожданның көздері ойнақтап, әбіржіген кейіппен жерге секіріп түсті:
–Атқаны қалай?! Кім атты?!
–Білмедім. Сірә, мерген қамыс ішінде болды-ау деймін.
–Әй, әй, не оттап тұрсың сен?! Жер астынан шыққан біреу болмаса, осынша ғаскердің алдында ләшкербашыны кім атады?! Жан-жақты түгел тінттіңдер ме?!
–Ат шауып жетер жердің бәрін шарлап шықтық. Ғаскер қалың қамысты таптап тастады. Нарақты атқан адамды жер жұтып кетті ме, әлде қашып үлгерді ме, ешкімді таба алмадық.
–Ай, ханға не айтамыз енді? Ай-күннің аманында соғыссыз, шайқассыз далада ләшкербашыдан айырылып...
Ождан ашудан дірілдеп, сөзін жұтты. Хан күймесі жүз қадамдай артта еді. Ол жақтан ханның бас тарабасы жүгіріп жетті.
–Хан ием ләшкердің неге тоқтағанын білгісі келеді.
Басын төмен салған Ождан суық хабар әкелген мыңбасыға қадалды:
–Жүр, болған жәйтті ханға өзің түсіндір!
Әлім бұл хабарды естігенде бұлқан-талқан болды. Ожданды жерден алып, жерге салды. Әлден соң басылды да, оған сұқ саусағын қадады:
–Тарақаттардың басшысы қайда? Шақыр оны!
Әп-сәтте алдына жеткен тарақаттар басшысына хан сұрақ қойды:
–Анада бұл аймақта ең кәтта шаһар Шымқала деп едің ғой. Оған дейін әлі қанша жүреміз?
*Тараба – жеке жәрдемші.
–Суыт жүрсек, бір жарым күнде жетеміз.
–Оған дейін көзге ілінер кент-қышлақтар бар ма?
–Келестің орта тұсында Шарапхана дейтін кәтта кент бар.
Хан енді Ожданға бұрылды:
–Шерікті топтамай, жан-жаққа шашырата жүргіз! Бұ қазақтарды жабайы
бөрі тәрізді епшіл деп естігем. Көрдің ғой, қарсылар ғаскері көрінбесе де, әлдебіреуі ләшкербашыны атып кетуге қайла тапты. Енді түн түскенше ләшкерді Шарапханаға жеткіз! Оған жеткенше, жол-жолда кездескен ауылдарды аямай қыр! Бір ләшкербашының өліміне мың қазақты теңестіріп қырсаң – сауап.
Тәшкен мен Шарапхана арасындағы қыр-жоталар табандарын бойлай ағатын өзен-сулардың жағасында қаңлы, шанышқылы, дулат руларының көп ауылдары жайғасқан. Ождан ғаскерінің алғашқы шапқыншылығына солар ұшырады. Есерленген қоқандықтар ешкімді аямады. Алдарынан кездескеннің жас-кәрісіне қарамай, найзаға ілді, қылышпен шапты. Қашуға әрекеттенгендерді мылтықпен атып тоңқаластырды. Киіз үйлерді төңкеріп, отқа орады. Әйтеуір қарайған нәрсенің бәрін жайпап өтті.
Екі жағы құнан бәйге шабарлықтай қашықтықта созылып, қапталдаса жүрген жиырма мыңдық ғаскер кеш түсе Шарапханаға жетті. Айналаны басқан қараңғылықпен бірге өздері де қаптаған қара диюдай қарақұрым боп келген мыңдаған шерікті көздері шалған шарапханалықтардың үрейлері ұшып, үйді-үйлеріне тығылысты. Күндіз ат тұмсығына тірелген тірінің бәрін жайпап келген шерік мұнда келгенде ешкімге тиіспеді. Ауылдың батыс бетіндегі жазықта аттан түсті. Хан шатыры ғаскердің тура ортасына тігілді.
Азанда Әлім хан паруанашыларына тағы бұйрық берді: – Шапқан ат бір күнде жететін жерлерде орналасқан ауылдардың бәрін шабыңдар! Әр ауылдардан жиырма-отыз әйел-еркегі аралас адамдарды жылқы-есектерімен қоса, айдап келіңдер! Адамдары мақұл, ханның жылқы-есектерді не қылмағын паруанашылар* түгілі Ожданның өзі де түсінбеді. Хан және пәрмендеді: – Шапқан ауылдарыңның адамдарын түгел қыра бермеңдер! Күні ертең бізге жалшы-малшы, құл-күң керек қой. Бес топқа бөлінген ғаскердің біраз бөлігі алдарына айналадағы ауылдарды жақсы білетін шарапханалықтарды салып, әр тарапқа аттанды. Азанғы асына тойынып алған хан Ожданды шақыртты: – Бұл кенттің басшысы бар ма екен өзі? – Керуен жолындағы қазақтың мұндай ірі кенті басшысыз, бисіз бола ма, тақсыр. Бүгін азанда кент басшысын шатырыма алдырғам. Өзі бір қырсық неме екен. Кешіктендерге* біраз төмтештетіп алуыма тура келді. – Оны осында алдыр! – Құп тақсыр. Үш жасауыл қолына кісен салынған ұзын бойлы кісіні хан шатырына демде алып келді. Әлім оған тесіле қарады да, Ожданға иек қақты. Даруға шап етті: – Жасауылдар! Жолда бұған ханға иіліп сәлем беру керектігін үйретпегенсіңдер ме?! – Сосын суық жүзбен кент басшысына көз қадады: – Ей, теректей серейген жабайы қазақ! Алдыңда отырған Алладан қонған бақтың арқасында күллі Қоқан уәлаятына билік жүргізетін құдіретті Әлім хан! Дәргей-мансабы биік Әлім тақсыр бүгіннен бастап сендердің де әміршілерің. Әміршіге қолыңды қусыра, басыңды иіп, бүгіліп тағзым ет! Содан соң әміршіңнің жүзіне көзіңді тура салмай, басыңды төмен ұстап тұр! Кент басшысы шынында ер екен. Ожданға қаһарлы жүзбен бет бұрды: – Әлімің хан болса, қайтем. Мен қатын емеспін, оған бүгіліп сәлем беріп, басымды төмен иіп тұратын. Ханың құдайдың ұлы емес, ол да мен тәрізді еркек. Еркек пен еркек бір-біріне көз қадап тұрып сөйлеспегі ләзім. Сарттарда қайдам, біздің қазақта ғұрып солай. Айтпақшы, сендерге алғашқы сауалды өзім қояйын, осыншама ғаскермен біздің далаға не үшін келдіңдер?.. Өмірінде мұндай сөзді естімеген, алдына келгеннің бәрі еңкейіп-тоңқайып иілетініне, жандары ұшып құрдай жорғалайтынына әбден үйренген Әлімнің талағы тарс айырылды. Ашуланғаны соншалық, орнынан қалай тұрып кеткенін өзі де білмей қалды-ау, әсті, қолдарын жан-жаққа сермей, ананың сөзін үзіп, бажылдап берді: – Жабайы қазақ! Саған алдымен неге келгенімді айтсам, сендерді тағылықтан арылтып, Алланың тура жолына салуға келдім. Бас амандығың үшін аяғыма жығыла, ғапу сұраудың орнына тағы аңға ұқсас мінезіңді неге көрсетесің?! Осы сөзің өзіңе ажал құштыратынын анау малғұн малдікімен теңдес ойсыз миың ойламай тұрған тәрізді... Бұ жолы оның сөзін кент басшысы бұзды: – Алланың тура жолын сендерсіз-ақ білеміз. Соны жүдә тағы үйреткің келіп бара жатса, осыншама ғаскер ертудің ғамал-қисыны бар ма? Одан да, ашкөзденіп, қазақ жерін басуға келдік деп турасын айта салсайшы. Әлім оған айтарға жауап таппай, жасауылдарына ышқына пәрмен етті: – Мынаны далаға шығарыңдар да, жуан ағаштың ұшын үшкірлеп, құйрығымен қазыққа отырғызыңдар! Бет-аузын бүлдірмеңдер! Қазыққа қалшиып өлгенде де жұрты анық танитын болсын! Үн қатуға қайылы болмай, іштен тынған Ождан оның «бетін бүлдірмеңдер» дегенінің астарын тағы ұқпады. Жасауылдар Шарапхана басшысын сыртқа сүйреп әкеткенде Әлім бұған шүйлікті: – Қазақ қазір әркімнен қорланып, қорқақ болып кеткен дегенің қайда?! Кеше біреуі талтүсте ләшкербашыны атады, бүгін біреуі маған қарсы сөйлейді. Қане, түкпен шаруасы жоқ, ойсыз, мал бағудан басқаны білмейтін қамсыз деген қазақтарың?! Ендігіде алдыма әкелетін қазағыңның біреуі маған осылай сөйлеп көрсін, онымен қосып, өзіңді де қазыққа отырғызам. – Һа, тақсыр ием, һа, тақсыр... Алдағы күндері алдыңызға келетін қазақтың һәммәсінің тілдерін жұмсартып, саналарын ашып әкелемін. Жаңа өзіңіз айттыңыз ғой, бұларды жабайы деп. Хақиқатында, бұлар түктің мәнісін білмейтін жабайылар. Бүгін «иә» десе, ертесіне «жоқ» дейді. – Шық шатырдан! – деп ақырды ашуы әлі тарқамаған хан Ожданды асатаяғымен бір қойып. – Қасыңа екі-үш жүздей шерік ал да, Шарапхана жұртының үрейін ұшыр! – Ождан зып етіп шатырдан шыға бергенде, тағы бір зұлымдық ойына келген хан оны тоқтатты: – Қазаққа тартқан надан даруға! Қазірше ауылды шабуды доғара тұр! Әлгі кент басшысы өлсін. Ол қазыққа қадалып тұрған күйі қиналып өлгенше біраз уақыт өтеді. Өлген соң айырыла жараланған құйрығының қаны тазаланбаған күйі жалаңаш қалпында есекке етпетінен өңгеріңдер... һа, һа, есекке өңгерерден бұрын екі қолын иығынан шауып тастаңдар! Молақ күйдегі денесін сосын есекке артыңдар да, әр үйдің алдынан өткізіп, жұртқа көрсетіңдер! Қоқанға қарсыласқан, оның ханына айбат көрсеткен адамның қандай ахуалға түсетінін жабайылар көрсін. Тілі жоқ мал да, таяқтан, өлімнен сескенеді ғой. Жабайы қазақтар да содан кейін тілдерін тартып, бастарын жерге жеткенше иетін болар. Бар енді! Әлгі басшының өлгенін күт! Ождан сыртқа атып шықты. Шатырдан аулақтау жерде бес-алты аламан жабылып, жаңағы басшыны шешіндіруге кірісіпті. Басшының қолдары байлаулы болса да, аламандарды аяғымен теуіп, басымен ұрып, бой бермей жатыр. Ождан олардың маңына асығыс жетті: – Алдымен бұ бұзықты тоқпақтап, жерге жығыңдар! Сосын мұның аяқтарын байлап, шешіндіру де, артына қазық қағу да оңай. Екі аламан кент басшысының желкесі мен аяқтарын шоқпармен сабалап, жерге тізерлетті. Сосын тобықтары мен білектерін қоса байлады да, өзін бүгілдіріп, матап тастады. Киімдерін кескілеп, тырдай жалаңаш еткен соң үш-төртеуі оны қырынан жатқызып, басын, денесін басып тұрды. Бір аламан ұшы үшкірленген жуан таяқты құйрығына тақап, дәрет шығатын жеріне сұғып жіберді. Қоқан залымдарының осындай жантүршігерлік әрі адам тәніне өте ауыр бататын азапты жазасының ауыртпалығына кейбіреулер бір сәтке де шыдай алмай, бірден жүректері тоқтап, демде-ақ жантәсілім қылатын. Кейбіреулер ә дегенде-ақ жанына батқан аурудан жер-дүниені басына көтере шыңғырып, аздан кейін дауыс шығаруға шамалары жетпей, талып кететін. Ал кент басшысы бақырмады, тіпті үн де шығармады. Өлер алдымда да намысымды жоғалтпаймын дегендей, бар ыза-кегін от шашқан көздерімен білдіріп, жазалаушыларға тесіле қарап жатты. Ал жуан ағашты құйрыққа сұққан жаңағы аламан болса, енді таяқтың екінші ұшын таспен соққылап, оны шарасыз жатқан анау жазғанның денесіне кіргізе түсті. Бүкіл ішкі ағзасын тесіп өткен үшкір ағаштың басы бір кезде оң жақ бұғанасының тұсын тесіп, сыртқа шықты. Кент басшысы сонда да жан тәсілім қылмады. Алқына дем алып жатты. Қатты қиналғаннан бет-әлпеті өзгеріп, қүрең тартты. Сабаз тым намысты һәм мықты екен, дауыс шығармады. Осынша қиналыстан жан дауысы шығар да ма еді, алайда мұндайда адамның үн шығаруға да дәрмені жетпес-ті. Құйрық астынан да, мойын тұсынан да шапшымай, сыздана аққан қан жалаңаш денесін қып-қызыл етті. Осы кезде ол қатты ыңырсыды. Әлдене айтпақ боп, аузын ашты, сөйлей алмады. Бәлкім іштей қоқандықтарға лағынет жаудырды, ол жағы өзінен басқа ешкімге аян болмады. Жуан ағаштың денеге кірмеген, екі-үш шерік ұстап тұрған екінші ұшының өзі бір құлаштай еді. Соның ең ұшын бір шерік аяқпен басып тұрды да, қалғандары ағаш кірген денені жабыла жоғары көтерді. Шеріктер аузы тар кішкене шұңқыр қазып дайындап қойыпты. Соған ағаштың бос ұшын кіргізіп, шұңқырды топырақпен көміп, таптап тастады. Кент басшысы енді жерге қағылған қазыққа ілініп, қатты да қалды. Әдетте адам өлгенде көзін жұмушы еді. Кент басшысы көзін жұмбады. Қоқандықтар өзін ағашпен бірге жоғары көтеріп, жерге қадағанда соңғы рет бір ышқынып, Ожданға тесіле қараған. Ождан оның көзінен үрей мен қиналыстың табын емес, өшпес кектің отын көрді. Даруғаның жүрегі зу етіп, көзін тайқытып әкетті. «Найсап қазақ, өліп бара жатса да, мойымағанын қарашы» деді іштей. Сосын көзіне қайта қарады. Суық жанар өзіне әлі қадалып тұр. Ождан әп-сәтте өзі өлім құшқандай, беймаза күйге түсіп, өзі-өзінен қалтырады. Тек әлден соң ғана ес жиып, аламандарға бұйырды: – Мына кәззаптың осы тұрысында екі көзін ойып, қолдарын да шауып тастаңдар. Қаны әбден қатқасын, есекке етпетінен өңгеріңдер! Бір шерік кент басшысының бақырайған көздеріне қанжарын сұққылап, ойып алды. Екіншісі айбалтасымен қолдарын шаппаққа кірісе бергенде, шатыр жақтан ханның торғауылдар* басшысы жүгіріп жетті: – Тоқтаңдар, тоқтаңдар! Тақсыр ием «қазыққа отырғызылған қазақты жерге құлатпай, осы қалпында қалдырсын» деді... – Тақсыр тағы нені пәрмендеді? – деді сабырсызданған Ождан. – «Шарапхана жұртын осы өліктің маңына жинап, олардың үрейін ұшырсын!» деп пәрмен айтты. Әлім бұйырған соң Ожданнан жан қала ма. Дереу шеріктерді атқа қондырып, Шарапхана жұртын осында айдап келуге жұмсады. Құтырынып, қиқуға салған қоқандық ләшкерлер тоқал тамдар мен киіз үйлердегі, жеркепелер мен қамыс шошалалардағы жұртты жайларынан айдап шығып, найзаларымен түрткілеп, қамшыларымен сабалап, жас-кәрісіне қарамай, улатып-шулатып, ілезде-ақ кент басшының өлігі жанына жинады. Қазыққа ілініп, өн-бойын қан басқан өлікті көргенде әйелдер сыңсып, еркектер аһ ұрды. Кейбіреулер өліктің сұмдық көрінісіне жүректері шыдамай, құлап-құлап түсті. Жас балалар құдды бір құбыжық бейне көргендей, үлкендердің етегіне бастарын тығып, бақыра жылады. Батылсыздау кейбір еркектер де етпеттерінен түсті. Жерге етпеттегендерді қоқандықтар сойыл-шоқпарларымен төбелеп, орындарынан тұрғызды. Ол аздай, өлікке тіке қарап тұруларын пәрмендеді. Шеріктерді басқарып жүрген денесі алпамсадай паруанашы жиналған жұртты атымен айнала шауып, жуан даусымен гүжілдей бұйрыққа басты: – Ендігәрі кім де кім жерге жататын болса, теріс қарап тұрса, анау басшыларың сияқты өлімге кесіледі. Өлімге кесілетіндер еркек, қатын, бала деп бөлінбейді. Ай, естідіңдер ме, пәрменімді?! Бақыра бермей, сыңси бермей, өшіріңдер үндеріңді! Енді бір жылау, бір өкіру естісем болды, кім екеніне қарамай, табанда өлімге кесем! Боздау мен аңырау, жылау мен сыңсу сап тыйылды. Балалар да қорыққандарынан уанады. Естері кірмесе де түстері суық, тұла-бойлары қаруға толы қоқандықтардың әшейіндегі еркелігі мен жылауын көтеретін әке-шешелері еместігі балаң саналарына кірді ме, әйтеуір, олар да дауыс шығаруларын қойды. Қоймағандарын үлкендер бауырларына баса уатып, үндерін шығармады. Әлгінде шеріктер ауыл жұртын айдап келуге шапқылап кеткенде Ождан шатырға қайта оралған. Анығында, тарабасы арқылы хан оны қайта шақыртқан. Әлім оған жұрт жиналғанда не істеу керектігін айтса керек, өз басшыларының өлігінің маңына қойдай иірілген қазақтар жым болғанда, ол шатырдан шығып, атына мінді. Сосын өзін қоршаған он шақты нөкерімен жұрт алдына келді. Келе сала, ат үстінде екі қолын екі жаққа жайып, қатынның даусындай жағымсыз үнімен сарнай жөнелді. *Паруанашы – Ерекше тапсырманы орындап келетін қоқандық жасауыл басшысының лауазым аты. *Кешіктендер – ханның, даруғаның жеке күзетшілері. *Торғауылдар – ханның, сарайдың күндізгі күзетшілері – О, имансыз, дінсіз қазақтар! Сендер әу бастан Алланы танымаған, шариғатты ұстанбаған жабайысыңдар. Енді біз келіп, өздеріңді нағыз мұсылмандық жолға түсірейік десек, бойларыңа сіңген шайтандық ғұрыптан айырылғыларың келмей, сендерге хақ жолын үйретпекке келген ұлы әзірет, Мұхаммед пайғамбардың ізін қуушы, сахабалардың жолын жалғастырушы, күн нұрынан жаралған Әлім тақсырдың құзырына бағынудан бас тартып тұрсыңдар. Бас тартқандарыңның белгісі – сендердің басшыларың ұлы хан Әлімді келемежге айналдырып, мазақ еткенінен білінді. Ләкін анау күнгей мен батыстан сендерді кәпір етпекке анталап келе жатқан, түрегеп тұрып дәрет алатын, доңыз етін жейтін харам орыстан қазақты сақтауға атқа қонған Әлім тақсыр Алла көрсеткен жолдан һеш таймақ-ты. Қазақтар таза исламдықты түгел ұстанбағанымен, бәрібір – мұсылман. Ал мұсылманды мұсылман қорғау керек... Шыңғыра әрі асығыс сөйлегеннен Ожданның тамағы жыбырлап, даусы шықпай қалды. Тілімен еріндерін жалап, бір-екі жұтынып еді, өңешінің жыбырлағаны бәрібір басылмады. Амалсыз күйге түскен ол, жан-жағындағы кешіктендеріне алақ-жұлақ қарап, сусын беріңдер дегендей, қолымен белгі жасады. Кешіктендердің бірі еріне ілінген торсықты ұсынды. Үш-төрт рет сусын жұтқан Ождан, аузын жеңімен сүртті де, сөзін жалғастырды: – Һа, біз мұсылмандықтың ізгі жолын қазақтарға үйретпекке осында шеру тартқан сахабалар тәріздес қудауылмыз*! Айтқанымызға көнбеген, айдауымызға жүрмеген әрбір қазақ мұсылман дінінің жауы қатарында мына басшыларың сықылды өлімге кесіледі. Өлім болғанда да, оңай өлімге емес. Азапты өлімге! Түсіндіңдер ме?! Шарапханалықтар үн қатпады. Әлгінде ғана көпшілігі қоқандықтардан үрейленгендіктен кент басшысының өлігіне қарамаса да, әйтеуір иектерін жоғары көтеріп тұрған. Ожданның мына сөзінен кейін көбісінің бастары салбырады. Дегенмен көп ішінен батыл біреу табылды. Орта бойлы, жасы қырықты алқымдаған бір жігіт ағасы алға екі-үш адым шығып, Ожданға ілтипатты түрде сауал тастады: – Кім екендеріңізді білдік. Енді қазақтардың сіздердің алдарыңызда не істемегі, не атқармағы ләзім? Осы жайын айтыңызшы? – Ә, жөн сұрақ, – деді Ождан бір сәт лепіріп. – Біріншіден, қазақтар бес уақыт намаз оқымағы ләзім, екіншіден, шариғат жолымен жүрмегі ләзім, үшіншіден, өздеріне мұсылмандықтың бар талаптарын орындатпаққа һәм кәпір орыстан сақтамаққа келген ұлы тақсыр, париуз мұзаффар – Әлім ханға, оның шеріктеріне бақи қызмет етпекке ләзім. Бесіншіден, Қоқан хандығына жеті түрлі салық төлемекке ләзім. Бәрінен бұрын, бойына Алланың шуақ нұры құйылған Әлім тақсырға бағынышты хәрбір қоқандыққа қарсы келмей, оны қожайын санамағы ләзім. Сендер осындай әдепке бас игендеріңде ғана біздің аса мәртебелі қамқоршымыз, жоқ, бәріміздің мына жер бетіндегі тірекшіміз – Әлім тақсыр мейірімді болмақ. – Сізге тағы бір сауал тастауға бола ма, құрметті даруға, – деді әлгі жігіт. – Һа, тастаң, тастаң. Бекерге өлімге душар болғандарыңша, жөн сөзді миларыңа құйып, айтқанымызды құп алғандарың жақсы емес пе. – Менің атым – Құрал, құрметті даруға. Отыз жасымда Бұқарадағы Мір-Шәріп медресесіне барып, біраз жыл діннен ғақлия, құран мен шариғаттан дәріс алып қайтқам. Медресе ғұламалары бізге адам өлтіру мен адам еркіне зорлық ету – күнәнің үлкені деп үйретуші еді. Сіз Алланы ауызға алып тұрып, күнәға батып тұрсыз-ау деймін. Одан соң қазақты дінсіз, мұсылман жоралғыларын ұстамайды деп кім айтты сізге?! Жаңа ғана көңілденген Ождан қайнап шыға келді: – Міне, надан қазақтың сөзі. Жасауылдар! Бұған да өлім құштырыңдар! Қалғандарын өлімші етіп сабаңдар! Бес-алты атты шерік Құралға жабылды. Қалғандары жұртқа бас салды. Қылыш сермеп, найза түйреп, жастың да, кәрінің де қан-жосаларын шығарды. Әйелдер шыңғырып, еркектер өкіріп, балалар боздап, әп-сәтте айналаның азан-қазаны шықты. Қазақтардың у-шуы миын ашытып жіберген Әлім шатырынан атып шықты. Бұл кезде шатыр алдына Ождан алқынып жеткен. Хан оған бақырып берді: –Мисыз даруға! Менің шатырымның маңында мына жабайыларды ботадай боздатқаның не?! Дереу өшір үндерін! Бәрін аулаққа айдап салыңдар! Басын бір иіп, тағзым еткен даруға дереу кейін бұрылып, бір паруа- нашыға бұйырды: – Әр шерік әр қазақты, тақымына қыса ма, атқа өңгере ме, әлде, алдына салып қуалай ма, шаруам жоқ, тез арада мына жабайыларды бұл жерден құрт! Қоқандықтар мана кент басшысының алдына айдап келгенде үрейлене аһ ұрған қазақтардың айқай-сүреңі түк емес екен, шын сұмдық шу енді басталды. Аттылы аламандар күңіренген жұртқа шоқпар-найзаларын бірдей сілтеп ұмтылғанда, таяқ тиген қазақтардың жан дауыстары шығып, Шарапхана үсті ойбай мен жалынышты дауыстарға толды. Шоқпар соққысынан басын қорғалаған ересектер, етектеріне сүрініп етпеттей құлаған әйелдер мен қыздар, асау аттардың аяқтарының астында қалған жас балалар, бәрі-бәрінің жандары шырқырап, аман қалудың жолы осы дегендей, өздеріне төнген қоқандықтарға айқайлай жалынды. Бірақ жалынышқа құлақ асқан аламандар болмады. Сілтеген шоқпары, ұрған найзасы діттеген адамын өлтіре ме, әлде жарақаттай ма, онда шаруасы болмаған әрбір аламан алдынан кездескен әр тұрғынды аямай соққылай берді. Қиыс тиген соққыдан жаны қалып, жанұшыра өкірген, қорқыныштан бақырған қазаққа: «Өшір үніңді! Даусыңды шығарушы болма!» деп тағы ұмтылды. Жан сауғалағандар даусын шығарса да, шығармаса да, бәрібір, екінші соққыдан құтылмады. Кейбірі сол заматта о дүниелік болды, кейбірі жер құшқанымен шалажансар күйлерінде дыбыс шығаруға да шамалары келмей, құлаған жерлерінде тыпырлады. Бәрінен де жас балаларға қиын тиді. Басқалардан көбірек үрейленгендер де, жылап-бақырғандардың басымы да, ақыр аяғында кілең күштері тасыған қауқарлы қоқандық ғаскерлердің қолдарынан көп мерт болған да – солар болды. Тұрғындардың бәрі жаяу әрі қорғансыз-тын. Сондай кептегі қайласыз көпшілікті өңкей жарау атқа мінген жасақты аламандар әп-сәтте жайпап салды. Сонда да біраз қазақтар бұл қырғыннан қашып құтылды. Жиектері тар болғанымен түбі терең, жайпаңдау кешу тұсы болмаса, кез келген жерінен ат өте алмайтын шағын Жіңішке өзені көмектесті оларға. Әдетте ат өте алмайтын ор-жардан адам өтіп кетеді. Қимылы тез, жүгірісі шапшаң қазақтың бірталай жас жігіттері Жіңішкенің осындай орлы жарқабақтарынан асып, арғы бетке өтіп кетті. Жиырма-отыз қоқандық сарбаздар қашқан жігіттердің артынан жетпек боп, анадайдағы кешуге ат басын бұрған. Бүгінгі қырғынға мынау өліктер мен жаралы күйлерінде ыңырсып жатқан шарапханалықтар жетеді деді ме, Ождан шапқыншы аламандарын тоқтатты: – Қашқандарды қумаңдар! Қайда барады дейсіңдер. Одан да аттан түсіп, құран-намазсыз өмір сүріп, бүгін тозақ есігін аттаған мына қазақтардың өлігін бір жерге жинаңдар! Өлмегендері болса, жандарын қинамай, тезірек о дүниелік қылыңдар! Сөйтіңдер де, менің пәрменімді күтіңдер! Әлгінде ғана айқай-шу басқан Жіңішке маңында енді қоқандықтардың дабырласа сөйлескен дауыстары, жаралы қазақтардың әлсіз дыбыспен ыңқылдағын үндері ғана ғана естілді. Аламандар жерге сұлағандардың арасынан тірі жатқандарды іздей бастағанда, Ождан шатырға қайта келді: – Тақсыр ием, шибөрідей ұлыған екі аяқты жабайы немелердің шу-сүреңі мазаңызды алғанына мен айыптымын. Қанша басу айтсам да, бақыруларын қоймады. Амал жоқ, содан біразын қырып тастауға тура келді. Бек манағыдай емес, сабасына түсіпті. Шатыр есігінің босағасынан сыртқа көз сала отырып, баяу сөйледі: – Қанша қазақты қырдыңдар? – Жетпіс-сексен бар-ау. – Бәрін қырып тастасаң да, саған артар айыбым жоқ. Кеше жан-жақтағы ауылдарға аттандырған шеріктер оралды ма? Оралса, паруанашыларын бері шақыр. Аламандар әлгінде кент басшысын өлтіріп, жұртты қырып жатқанда, кеше жақын маңдағы қоныстарға аттанған шеріктер алдарына адамдар мен ат-есектерді салып, қосынға оралған. Бірақ Әлім мен Ожданнан пәрмен болмаған соң олжаға әкелген адамдар мен малдарды хан шатырынан қашықтау тұстағы бір жерге жиып отырған. Даруғадан пәрмен жеткенде, бес паруанашы шатыр алдындағы Ожданға таяп, бастарын иді: – Хан тақсырдың пәрменін ықтиярлы һәм тыңғылықты орындап келдік. – Сендерді хан күтіп отыр. Жүріңдер. Шатырға кіргендерінде бес паруанашы темірше иіліп, бастарын тізелеріне дейін жеткізді. – Уа, Қоқан хандығының әміршісі. Пақыр-міскіндеріңіз тапсырған ісіңізді сіздің көңіл қалауыңызша орындап келді. Енді бес пірәдір алдағы уақыттағы бұйрығыңызға құлақ салуды мәртебе санайды. – Қанша ауылға бардыңдар? – Келестің жоғарғы жағы мен Қазығұрттың бергі бетінде қоныстар жұдаям көп екен. Тұрғындарының жүректерін ұшырып қайттық. – Қазақтар маған бағынуды қалай ма екен? Жоқ, оларға маған қалай бағыну керектігін ұғындырып қайттыңдар ма? *Қудауыл – қудалаушы, кек қайтаратын топ. Бұл жерде жоқтаушы мағынасында айтылып тұр. Сөйлеген паруанашы бірден жауап қатпай, сәл кібіртіктеді. Үйткені әп дегенде бар хақиқатты айтып қалса, хан өзін жазалап тастай ма деп қауіптенді. Себебі өздері барып қайтқан ауылдардағы қазақтардың біразы бірден мойынсұнатындарын білдірсе, біразы иліге қоймаған. Кейбірі бұларға қарсы сөз айтқан, Қоқан құзіретіне бас ию ойларында жоқ екендерін білдірген. Ой-ниеттері тек басқыншылық пиғылмен ұштасқан паруанашылар әлгіндей қазақтардың қарсылығына, айтқан уәждеріне құлақ аспай, күш қолдануға кіріскен. Сөйтіп сөзі мен жүрегі болмаса, біріккен ғаскері, қаруы жоқ рулардың сондай басшы-көсемдерінің бірқаншасының бастарын шапқан, батыр дегендеріне найза қадаған. Ақырында барған ауылдарынан жарамды деген біраз жігіттерді байлап-матап, қолға ілінген ат-есектерді алдарына салып, кері қайтқан. Паруанашылар қайтар жолдарында ауылда қалған көп қазақтың өз көсем-батырларын қырған қоқандықтарға өшпестей кек тұтып қалғандарын байқаған. Әміршісінің жаңағы сұрағына бірден жауап қата алмай, паруанашының күмілжігенінің сыры осы еді. Алайда тез сөз тауып кетті: – Тақсыр, асау аттың бір мінезі бар ғой, басына жүген киілгенше тарпаңдай беретін. Қазақтарды да сондай ма деп қалдым. Алғашқыда мінез көрсетпек болған еді, біздің найзамыз көкіректеріне қадалғанда жуасып қалды. – Бұл сапарларында оларға тек бой көрсетіп қайттыңдар. Қоқан қылышының өткір екенін олар енді біледі. Ауыл-ауылдардың зәресін соғыссыз-ақ ұшыру үшін һәм біздің хандықтың үстемдігін қазақтарға тезірек мойындату үшін қазір былай етіңдер: жаңа өлтірілгендердің барлығын ауыл-ауылдардан айдап келген ат-есектерге өңгеріп, малдарды жан-жаққа айдап, бастарын бос жіберіңдер. Сөз жоқ, әр ат, әр есек өз ауылдарына қарай тартады. Өлік өңгерілген ат-есектер әр қазақтың есік алдарына жеткенде, жабайылардың жаны шықпай көрсін. Мұндайды көргенде сендер асау деп атаған рулардың өздері осындай өлімге ұшырамас үшін ертең-ақ аяғымызға келіп жығылады. Әлімнің әр ауылдардан неге ат-есектерді айдатып әкелдіргенінің мәнісін Ождан енді түсінді. Мұндай аярлық пен залымдық оған да жат емес. Қазақтарға төрт аяқты жануарларға артылған өліктердің сиқын одан бетер үрейлі көрсетуді әрі ханға бұрынғыдан да жағынуды ойлаған ол, Әлім сөйлеуін доғарған кезде одан дат сұрады: – Хан ием, әлдене айтсам, ғапу етерсіз, мына тәсіліңіз, өзіңіз айтпақшы, тұрлаусыз далалықтардың шәксіз бір пәсте естерін кіргізері хақиқат. Десем де өліктердің бірінің басын, бірінің аяқ-қолдарын шауып, енді бірінің ішек-қарнын ақтарып, адам көргісіздей етіп жіберейік. Сізге дер кезінде бағынбағандардың милары ауып, ақылдарынан ажырасын. Осылай дел-сал боп, есеңгіреп тұрған шақтарында, яки ертең-ақ әр ауылдарға қайтадан аламандарды қайта аттандырайық. Осылай етсек, бір жағы – қорқыныштан, бір жағы – іләжсіз аңтарылған жергілікті рулар құзырыңызға бас июді шапшаңдатары бек кәміл. – Һа, Ождан, сен кейде осылай пайдалы гәп айтасың. Ат-есектерге анау өзен жағасында сұлаған өліктерді ғана артпаңдар, аламандар ауылдардан айдап келген адамдарды да бауыздап, артып жіберіңдер! Әлім өз кесіміне өзі разы болғандай, көзін алартып, паңданған кейіпте тұмсығын жоғары көтерді. Паруанашылар сыртқа беттей бергенде қатқыл дауыспен Ожданға пәрмендеді: – Даруға! Аламандар бар тірлікті бітіргенше бас-көз бол да, дереу шатырға қайт! Сосын кешіктендер мен кептеуілдерді бастап, осы өзен жағасынан уақытша орда тігетін орын тап! Жаман қазақтардың қаны сасыған мына жерде бұдан әрмен отыра алмаймын. Ождан екі қолын кіндігіне қоя, қатынша иілді: – Күн батқанша өзіңізге жайлы орын табуға бек уағда етемін. * * * Бес аттылы шығыс жақтағы дөңес үстінен құйғыта шауып өтті де, Шымқаланың Бадам бетіндегі Тәшкен қақпасына таяды. Аттарының тұмсықтары қақпаға тірелгенде екі жақтамалы ауыр есіктер айқара ашылды. Аттылар тоқтамаған күйлері екі қапталында тоқал тамдар орналасқан тар көшенің шаңын шығара желіп, шаһардың арғы бұрышындағы керуен сарайға келіп, бір-ақ тоқтады. Керуен сарайдың алдындағы қызметші жігіттер шауып келгендердің аттарының шылбырларына жармасты. Аттан секіріп-секіріп түскен бес кісі асығыс түрде керуен сарайдың төріндегі есікке ұмтылды. Іштен беліне қылыш ілінген бір еркек шықты. – Ә, Ақпан батыр, жеттіңдер ме? Сарай басшысы өздеріңді бағаналы бері күтіп отыр. Сенімен бірге Шойбек деген біреу келеді деп еді, мына кісілердің арасында ол бар ма? – Шойбек деген мына кісі. Ақпан қасындағы кісіні оған көрсетіп, есіктен ары аттады. Керуен сарайдың диуанханасында* адамдар толып. Отырғандардың бәрі Ақпанмен бірге Шойбекті де танитын болып шықты. – О, Ақпан батыр келді... – Пәлі, қасында Шойбек те бар екен... – десіп өре түрегелді. Алғашқы сөйлеген қапсағай денелі кісі кіргендердің екеуімен де төс қағыстырды. Қалғандары қол берумен шектелді. Бәрі қайтадан орындарына жайғасқан кезде әлгі қапсағай денелі кісі төрден орын алған Шойбекке бұрылды. – Алдыңғы күні мына Ақпанға сені қалайда тауып кел деп едім. Енді өзіңді көріп қуанып қалдым. Қожамжар би қалай, бақуат па? Елге төнген ахуал өмір бойы қазағым, жұртым деп, жарғақ құлағы жастыққа тимей, тоқсан жыл өмірін күреспен өткізген ақиық биді тағы жасытып тастамады ма?.. Иә, иә, қартайғанға жайлы ғұмыр, жас балаға жайсаң өмір сыйлай алмаған өзіміз кінәліміз бәріне. Келер күннің қамын ертерек жасасақ қой, жау бізді осыншама басынбас еді... Сөйлеген кісі Шымқала керуен сарайының төресі. Керуен сарайдың төресі шаһарға да қожа. Шымқала аса үлкен шаһар саналмайды. Қошқарата суының батыс-түстік бетіндегі жота үстіндегі тегіске орналасқан. Қорғаны да аса биік емес. Үш-төрт мыңдай жұрты бар. Тамдарының бәрі қамыспен жабылған тоқал үйшіктер. Тамдар кішкене бөлмелерден тұрады. Ең үлкен там керуен сарай. Мұнда мал қамайтын арнайы қоралар, жатын жайлар, диуанхана және төренің жеке іс бөлмесі бар. Керуен сарайдың шығыс бетінде үлкен базар орналасқан. Базар күнде жұмыс жасайды. Жергілікті қазақтар бір хандық ордаға немесе бір орталық билікке бағынбаса да, Қазығұрт пен Қаратау, Келес пен Шаян өңіріндегі далалықтар үшін Шымқала бас шаһар саналады. Шымқала өлкенің бас шаһары саналғасын, оның қожайын-төресі де сыйсыз болсын ба. Жер-жердегі батыр-билер оны тыңдайды, сөзіне құлақ асады. Кеше Ақпан Біркөлік етегінде отырған Қожамжар ауылына барып, төренің Шойбекті шақырғаны жөнінде хабарды жеткізгенде, би оның сәлемін құп алып, баласын Шымқалаға аттандырған. Шаһар төресі дәл қазір Қазығұрт айналасындағы қалың елге жер таянар жасқа жеткен Қожамжардан гөрі Шойбектің сөзі өтімдірек боп жүргенін білетін. Елге қауіп төнген мынадай алмағайып кезеңде төренің Шойбекті шақыртқанының мәнісі үлкен-тін. Төре сөзін жалғастырды: – Турасынан бастасам, Шойбек, Ақпан, һәм бәрің де білесіңдер, тап бүгін арқа-жарқа боп отыратын кез емес. Елдегі ахуалды талқылайық. Шойбек, айтшы, Шарапханаға келіп, екі айдан бері шатырын тігіп жатқан Қоқан ханының қиялында не бар деп ойлайсың? Шойбек шарт жүгініп отырды. Реңі қарауытып, қамшысын алдына көлденең тастай сап, қызулана сөйлеп кетті: – Қоқан ханының ойы белгілі. Бар қазақты жаулап алмақ. Қазақтың есті билері мен епті батырлары Құрама мен Шатқалдың ар жағындағы екі айлық көш жерде жатқан әлгі ханның ойын осыдан бір-екі жыл бұрынғы қылығынан-ақ ұққан. Сонда-ақ жер-жерге ат шаптырып Қоқан қаупі хақында хабарлап бағып едік. Бірақ дабылымызға құлақ асқан көпшілік болмады. Енді, міне, ол желкемізге келіп жайғасып алып, небір хайуандықты істеп отыр. Шойбек осыны айтып тоқтады. Отырғандар тырс етпеді. Төре басын төмен салды. Бір жылдай бұрын Қожамжар мен Шойбектің шабарманы бұған да келген. Ауыл-ауыл арасында Парғана мен Наманған, Қоқан жақтан пірлер мен дәруіштердің қаптап кеткенінің, олардың қазақтарды мұсылмандық үгіт-насихатқа елітумен қатар халықтық қалыптан бездіріп, бір-бірінің арасында жаулық пен от тастап жүргендерінің астарында үлкен қауіп жатқанын, сол үшін де етек-жеңді жиып, Тәшкен тараптан төнетін шапқыншылықты қарсылауға дайын отыру керектігін айтқан еді, сол шабарман. Шабарманның сөзі – Қожамжар мен Шойбектің, ел келешегіне алаңдаған басқа да батыр-билердің пікірі, алғашқы ескертпесі-тұғын. Мына төре сонда шабарманның сөзіне онша елең етпеген. «Қожамжар мен Шойбек жіберді дейсің бе? – деген оған. – Ауылдарға пірлер мен дәруіштердің қаптағаны бір бұл ма екен. Әлгі сөздер олардың үнемі айтып жүретін жар-жарлары ғой. Пірлер оттай береді. Сары орыс әлі бізден алыс. Әзірге шабуылдай қоймас. Ал Қоқан бізді шапқанда не таппақ. Өйтсе, өзіне зиян келтіреді. Ол соғыс ашса, сонау Құлжа-Шәуешектен, Арқа-Алтайдан келетін керуендердің жолы кесілмек. Керуендердің жолы кесілсе, Әлім билеген Тәшкенге де, арғы жағындағы еліне де пайда түспей қалады ғой. Әлім мен Ождан мұны білмейді дейсің бе. Біледі. Сол үшін де екеуі қазақ даласына қарай ойран салмайды. Қожамжар мен Шойбекке, одан қалса, бекерге үрей құшып жүрген билерге сәлем қылғайсың. Бекерге қауіптенбесін». Төренің мұндай жауабын естігенде Шойбек бұлқан-тапқан болған. Кәрі қыран тектес көпті көрген Қожамжар би сабырлық танытып: «Төре пірлердің қылығын қалыпты нәрсеге балай берсін. Бірақ пірлер мен дәруіштердің тұрқын жамылғандардың қазақтардың жай-күйін таразылап, малы мен жұртын санамалап, қанша батыр, қанша қаруы бар екенін тізбелеп жүргендерінің астарында тегін сыр жатпағанын ұқсын» деп шабарманды шаһарға тағы жөнелткен. Бұны естіген шаһар басшысы: «Сонда не қылмақпыз?» шабарманнан қайта сұрау жіберткен. Қожамжар: «Дәруіш пен пірлердің белсенділерін ұстап, елді азғырды деген айыппен зынданға қамап тастау керек» деген үшбу сәлем жолдаған. Шаһар төресі болса: «Бұлай етсем, Тәшкен даруғасының қаһарына ұшыраймын. Одан да ештеңеге алаңдамай, осы бейбіт күнімізбен жүре берейік» деп бір жағы – қорқақтық, бір жағы – жайбарақаттық танытқан. Шаһар төресі ғана емес, көптеген рубасылар мен билер осындай сыңай көрсеткен. Ақыры дабыл көтеруші көсемдердің күдігі расқа айналып, ел шетіне бес қаруы сай, соғыс пен шабуылға аты жарамды Қоқан сау еткенде бәрінің тыныштығы кетіп, беймазалыққа түскен. Қатесін кеш түсінген шаһар төресі жан-жақтағы игі жақсылар мен батыр-бағландарға сауын айтып, мәжіліске шақырған. Жаушы Шойбекке иелгенде: «Қоқанның түбі жау шыққанына төренің енді көзі жетті ме?! Екі жыл бойы бейқам жатқан ол, ендігі аз уақыттың ішінде тас-түйін ғаскер дайындап үлгерем деп ойлай ма. Құрысын, оның мәжілісі. Онсыз-ақ мәжіліс құрып, өзіміз жасақ жинай аламыз» деп тарс кеткен. Шойбекке Қожамжар басу айтқан: «Балам, кеш те болса, қателігін түсініп, ел жайын ойлай бастаған хәкімнен жамандық шықпас. Әз басын иіпті, қателігін түсініпті. Содан ғой, сені елеп шақырып жатқаны. Қоқанның сырын мен жақсы білемін. Ол алдымен даладағы ауылдарды емес, үлкен-үлкен кент-шаһарларды басуды діттейді. Қалаларды басып алса, жан-жақтағы басы бірікпейтін ауылдарды оп-оңай бағындырады. Қоқанның харекеті әркез осындай. Сондықтан оған қаланы беруге болмайды. Біз көп әскер жинай алмағанымыздан, Әлімнің құмырсқадай қаптаған қолына төтеп бере алмаймыз. Ал қамалы бар шаһар ішіне ұйыссақ, шабуылдаушы көп қолдың қатарын селдіретіп, бетін қайтаруға ғамал бар. Шымқала бізге осы үшін керек. Шымқала керек болғасын, оның төресі де керек. Қызбалана бермей, атқа қон да, төреге жет! Сөйтіп, бірігіп қол жинаудың қарекетін жасаңдар!» *Диуанхана – мәжіліс өтетін арнайы үлкен бөлме Ол соғыс ашса, сонау Құлжа-Шәуешектен, Арқа-Алтайдан келетін керуендердің жолы кесілмек. Керуендердің жолы кесілсе, Әлім билеген Тәшкенге де, арғы жағындағы еліне де пайда түспей қалады ғой. Әлім мен Ождан мұны білмейді дейсің бе. Біледі. Сол үшін де екеуі қазақ даласына қарай ойран салмайды. Қожамжар мен Шойбекке, одан қалса, бекерге үрей құшып жүрген билерге сәлем қылғайсың. Бекерге қауіптенбесін». Төренің мұндай жауабын естігенде Шойбек бұлқан-тапқан болған. Кәрі қыран тектес көпті көрген Қожамжар би сабырлық танытып: «Төре пірлердің қылығын қалыпты нәрсеге балай берсін. Бірақ пірлер мен дәруіштердің тұрқын жамылғандардың қазақтардың жай-күйін таразылап, малы мен жұртын санамалап, қанша батыр, қанша қаруы бар екенін тізбелеп жүргендерінің астарында тегін сыр жатпағанын ұқсын» деп шабарманды шаһарға тағы жөнелткен. Бұны естіген шаһар басшысы: «Сонда не қылмақпыз?» шабарманнан қайта сұрау жіберткен. Қожамжар: «Дәруіш пен пірлердің белсенділерін ұстап, елді азғырды деген айыппен зынданға қамап тастау керек» деген үшбу сәлем жолдаған. Шаһар төресі болса: «Бұлай етсем, Тәшкен даруғасының қаһарына ұшыраймын. Одан да ештеңеге алаңдамай, осы бейбіт күнімізбен жүре берейік» деп бір жағы – қорқақтық, бір жағы – жайбарақаттық танытқан. Шаһар төресі ғана емес, көптеген рубасылар мен билер осындай сыңай көрсеткен. Ақыры дабыл көтеруші көсемдердің күдігі расқа айналып, ел шетіне бес қаруы сай, соғыс пен шабуылға аты жарамды Қоқан сау еткенде бәрінің тыныштығы кетіп, беймазалыққа түскен. Қатесін кеш түсінген шаһар төресі жан-жақтағы игі жақсылар мен батыр-бағландарға сауын айтып, мәжіліске шақырған. Жаушы Шойбекке иелгенде: «Қоқанның түбі жау шыққанына төренің енді көзі жетті ме?! Екі жыл бойы бейқам жатқан ол, ендігі аз уақыттың ішінде тас-түйін ғаскер дайындап үлгерем деп ойлай ма. Құрысын, оның мәжілісі. Онсыз-ақ мәжіліс құрып, өзіміз жасақ жинай аламыз» деп тарс кеткен. Шойбекке Қожамжар басу айтқан: «Балам, кеш те болса, қателігін түсініп, ел жайын ойлай бастаған хәкімнен жамандық шықпас. Әз басын иіпті, қателігін түсініпті. Содан ғой, сені елеп шақырып жатқаны. Қоқанның сырын мен жақсы білемін. Ол алдымен даладағы ауылдарды емес, үлкен-үлкен кент-шаһарларды басуды діттейді. Қалаларды басып алса, жан-жақтағы басы бірікпейтін ауылдарды оп-оңай бағындырады. Қоқанның харекеті әркез осындай. Сондықтан оған қаланы беруге болмайды. Біз көп әскер жинай алмағанымыздан, Әлімнің құмырсқадай қаптаған қолына төтеп бере алмаймыз. Ал қамалы бар шаһар ішіне ұйыссақ, шабуылдаушы көп қолдың қатарын селдіретіп, бетін қайтаруға ғамал бар. Шымқала бізге осы үшін керек. Шымқала керек болғасын, оның төресі де керек. Қызбалана бермей, атқа қон да, төреге жет! Сөйтіп, бірігіп қол жинаудың қарекетін жасаңдар!» Жастан тайса да, сөзден таймаған әкесіне дау айтпаған Шойбек Ақпанға еріп, Шымқалаға жеткен. Төре өзіне сауал тастағанда екілене сөйлеген ол, өткен істі қозғамайын деген оймен кілт тоқтады. Бірақ оның көкейіндегіні төре анық ұқты. Мәжілісханадағы кісілер бастарын төмен салғанда төре терең күрсінді. – Шойбек, бұрындары сендер көтерген дабылға құлақ аспағанымыздың зарарын енді тартайық деп отырмыз. Ғамал не, іргедегі жаудың қылығына әдепкі іс қой деп мән бермеппіз... Расында, Әлім мен Ождан адамшылдықтан тіптен безген екен. Шарапхана кентінің басшысын жұрттың көзінше қазыққа отырғызып өлтіргені былай тұрсын, сонда жиналғандарды қырып салыпты. Өлген адамдардың ішек-қарындарын ақтарып, болмаса аяқ-қолдарын шауып, молақ, шолақ күйлерінде ат есектерге өңгеріп, ауыл-ауылдарға айдапты. Кеше сол ауылдардан қалаға келген кісілердің айтуынша, өліктердің әлгіндей жаншошытарлық кейіптерін көрген адамдардың жүректері ұшыпты. Кейбіреулер қорқыныштан өліп те қалыпты. Екіқабат қатындардың талайы бала тастап, талайы жынданып кетіпті... Отырғандар «О, тоба» десіп, ауыр күрсіністі. Басын қос қолымен сығымдай ұстаған шаһар төресі сөзін бір сәт үзді де, өкініштен өзегі өртенгендей тағы аһ ұрды: – Қап, Құдай-ай, қап, Құдай-ай... Ертерек қамдансақ қой, бұндай сұмдыққа, бұндай шарасыздыққа жол бермес пе едік. Ғамал қанша, ғамал қанша... «Ақымақтың ақылы кеш кіреді» деген осы да. Ай, ай, ай... Тек сендер, Шойбек, Ақпан, бізді табаламаңдаршы. – «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар, төре. Неге табалайық. Бір мәмлеге келсек, Әлімге қарсы тұруға жарарлық күш жинауға әлі де уақытымыз бар. – Мен Әлімнің қатыгездігінің сырын түсінбеймін. Ол не себеппен өліктерді ат- есектерге артып, ауылдарға айдап жүр? – деді төремен қатар жайғасқан сақалды кісі. Бұ жолы сөзді Ақпан алды: – Себебі түсінікті ғой. Осындай залымдығымен елдің үрейін ұшырып, бөрімізді өзіне тезірек бағындырып алмақшы да. Айтқаныма көнбесеңдер, көретін күндерің осы болмақ деген ниетпен барып отыр да осындай іске. Қазақтың жанын осындай аярлықпен таптап, әруағын осылай езіп тастамақшы. –Осыдан кейін талай жұрттың тауаны шағылып, жігері мұқалды. Келес жағасындағы бірсыпыра ауылдың билері әзірдің өзінде-ақ Әлімге шабарман шаптырып, құзырын мойындапты. –Қызылқия мен Қосмола етегіндегі рулар да Әлімге тарту-таралғы ұсынып, оған мойынсұныпты, – десті Шойбек пен Ақпанға ілесіп келген кісілер. – Енді ол жақтағы туыстардан еш қайыл жоқ десеңдерші, – деп бұрынғыдан бетер күңіренді төре. – Жә, мезгілінен бұрын солған жапырақтай таусыла бермеңіздер. Қоқанға Тәшкенге жақын жатқан елдің бір пұшпағы ғана бағынған шығар. Өгіздің талысындай жердегі қалың үш Арыс одан әлі тыс. Біріксек, Әлімнің жиырма мың қолы түгілі, бар ғаскерін тойтаруға шамамыз келеді. – Сөзің орынды ғой, Шойбек. Егер ойдағымыз іске асса. – Сол үшін жиналып отырған жоқпыз ба, төре. Ендігі іркілуден де, үрейленуден де пайда жоқ. Сіз ойыңызды ортаға ашық салыңыз. – Шойбек-ау, сендерді жинауымды жинап алып, аузымнан батыл сөз шықпай отырғанын қарашы. Шойбек-ау, менен жасың кіші болса да, түбің текті, көпті көрген, сөзге жарамды жігітсің ғой. Көсемдік танытатын сөз сенен шықпаса, менен шықпайтын тәрізді. – Шаһар төресі отырғандарға барлай көз тастады: –Қалай қарайсыңдар, мәжілістің тізгінін Шойбекке берсек бола ма? Мәжілістегілер бір сәт үнсіз қалды. Себебі мұнда өздерін елге Шойбектен де беделдіміз деп санайтын біраз кісілер бар-ды. Алайда манадан бері сондай беделділердің біреуінен өткір сөз, тұщымды пікір шықпағандықтан ба, әрі өз ойын іркілмей айтатын Шойбектің батылдығын білетендіктен бе, жоқ әлде, шын шарасыздықтан жеке басы ғамал таппай қалғандығын мойындағандықтан ба, әйтеуір, былайша жиындарда ешкімге тізгін бермейтін шаһар төресі бұ жолы осындай тосын кесім білдірді. Үнсіздік бірауыққа созылды. Әлден соң тамағын бір кенеген Ақпан батыр сөз бастады: – Дұрыс айтасың, төре. Қартайған Қожамжардың орнын басып, төстегі елдің атынан, таудағы жұрттың үстінен сөз айтатын Шойбектен асқан пенде жоқ бұ күнде. Ал, Шойбек, бағана жолда келе жатқанда бүгінгі қазақтың басына түскен ауыртпалықтан құтылудың екі-үш жолы мынау деп, біраз нәрселердің басын шалып едің, енді сол ойыңды кеңірек тарқатып айтатын кезің келді. – Тыңдар құлақ, ұғар сана болса, айтарым көп қой. Арыдан тартсам, бұрынғы енжарлығымыздан арылайық, беріден тартсам, тап бүгіннен ойдағымыз – ойға, қырдағымыз – қырға сүйремей, бір ортаға ұйысайық. Шойбек осыны айтқанда төре басын оқыс көтерді: – Айтар ойыңды тым келте қайырып қойған жоқсың ба, Шойбек? Жер дауы, жесір дауы, одан қалса, барымта-сарымта сияқты ауыл арасындағы талас-тартыс кезінде бір шоғыр ғана қол жинағаны болмаса, он жыл бұрынғы Тәшкендегі Жүнісқожамен өткен соғыстан һәм одан соңғы ара-кідік қырғызбен болатын ұрыстардан кейін қазақтың би-батырлары мол санды қол түзіп көрмепті. Соған орай әп дегеннен бес қаруы сай жауға қарсы тұрарлықтай ғаскер түзудің, оны жарақ-саймандармен қамти салудың жайы қалай болар екен... – Төре, әрдеңені бір сылтау етіп, «анауымыз қалай болады, мынауымыз нешік болады» деп әңгіме жарыстырып отыра берсек, таңымыз бекерге атып, күніміз босқа батады. Қазір қалай болғанда да, ғаскер түзуге тезірек күш салуымыз шарт. Анау қоқаңдап келе жатқан Қоқанға ел екендігімізді білдіріп, еш болмаса бір қара көрсетіп қояйықшы, бәлкім аяғын сәл тартар. Әйтпесе, ол бұлай тоқтаусыз басына берсе, ертең-ақ сонау Таласқа дейінгі қазақтарды шауып алмақ. Ал күш жиып, төбе көрсетіп қойсақ, екпінін басып, сәл дамылдары хақ. Ал оның тағы бір-екі ай болса да дамылдағаны бізге пайда. Кем-кетігімізді толтырып, жоқ-жұқанымызды түгендейміз. Алыстағы ағайындарды көмекке шақырып, мол күш жинауға қол жеткіземіз. – Әй, Шойбек, айтасың-ау. Бір жеті ішінде мығым ғаскер топтастыра қою оңай іс деймісің. Аттанға аттан қосып, атқа қона қоятын ұйымшылдық жоқ қой, қазір қазақта. Оған қоса, кейбір ержүректер болмаса, жарамды деген жігіттердің көбісі қару асынып, жауға бірден атой салардай даярлығы мен құлықтары да жоқ. Даярлық пен құлық болмаған соң өмірінде шайқас көрмеген жас жігіттердің қызу соғысқа кірісіп кете алмайтындығы тағы бар. Осыны ойласаң қайтеді. Менің ақылымша, тап бүгін он сан сарбаз жинасаң да, Қоқанды тоқтататындай арынды топ жасақтай алмаймыз, – деді тағы әлгі төрдегі сақалды сөзіне күмән мен қорқақтық пиғыл араластыра. – Иә десейші. Қоқанның жиырма мың қолына төтеп берерліктей айбынды қолды бір жеті ішінде қалай дайындап үлгермекпіз?.. – Қанша батырлық қылсақ та, оттас ататын шойын зеңбірегі бар, шерігінің жартысы мылтықпен жарақтанған Қоқанның қолына қай қаруымызбен, не түрімізбен айбат шекпекпіз... – десіп күңкілдесті тағы екі кісі. Көкірегін ашу буған Шойбек әлгі үшеуге жалт қарады. Тұла-бойын кернеген сол ашумен оларды сыбап алғысы келді де, өзін әрең басты. Сонда да іштегі ызаның жалынын баса алмай, булыға сөйледі: – Сендерше, Қоқанның жиырма мың қолы шетінен жауынгерлік сүзгіден өтіп, соғысқа әбден төселген аламандардан құралған ба? Жоқ, шетінен сәруар деймісіңдер. Білсеңдер, олардың да басым бөлігі қышлақтар мен шаһарлардан жасақталған жәй жігіттерден тұрады. Байқаймын, төре, бұл үшеу өмірлерінде соғыс көрмеген, не болмаса, ілкідегі бабалар кермеден ат, босағадан найза кетірмей, алмағайып сәтте сырттан соққан дұшпанға ә дегенде-ақ дес бермейтін топтарға бірігіп, қайратты сарбаз тобын құрғанын білмейтін азбандар-ау деймін. Шойбектің сөзінің жаны бар-ды. Шымқалаға қарай шеру тартқан Қоқан қолында хан мен даруға жеке күзетіндегі немесе кешіктен-кептеуілдері тәрізді сарай маңындағы ғаскери қызметтерді атқаратын, хандық мүдде үшін бастарын не нәрсеге де тіге алатын үш-төрт мыңға жуық тұрақты аламандар болмаса, басқалары соғыс тәсіліне машықтанбаған, тек бұйрық-пәрменмен ғана қатарға қосылған сыпайлар-тын. Дегенмен шайқас барысында ұрыс әдістерін біршама дұрыс қолдана алатын әлгі үш-төрт мың аламаннан бөлек оғы екі жүз-екі жүз елу қадамға еркін жететін зеңбіректерді оқтап, атуды да әбден меңгерген бес жүзге тарта кәсіпшіл сыпайлары тағы бар. Бүгінгі қазаққа мылтық емес, осы шойын қару – үлкен қауіп. Осыдан он-он бес жылдай ғана бұрын қоқандықтарда зеңбірек болмайтын. Әлім Қоқан елінің тізгінін ұстағаннан кейін ар жақындағы Бұқар ханынан кесек-кесек құйма алтындарға бірнеше зеңбірек, жүздеген мылтық сатып алған. Ал Бұқарда зеңбіректер мен соғысқа арналған мылтық осыдан отыз жылдай бұрын пайда болған. Оларды жасаған батыстық сары жұрттан құлдыққа сатылып әкелінген ғаскери адамдар. Ілкіде ғаскерінде найза-қылыш, шоқпар-садақ қана болатын бұқарлықтар осыдан кейін төңірегіндегі хандықтарға қарағанда әжептеуір ғаскери үстемдікке жеткен. Әлбетте, жеке ханға бағынған елде ғаскери құдіретті арттыру – басты міндетке айналатын шарт. Сондай-ақ бағынышты жұрт пен өңірлерді ұстап тұру үшін билеуші топ өздері орналасқан орталық пен шаһарлар маңында саны үш-төрт мыңға жетеғабыл тұрақты аламан ұстауға мәжбүр. Бұлай болмаған жағдайда хан мен оның уәзірлері өз биліктерін іске асыра да, жүргізе де алмайды. (Жалғасы бар)Момбек Әбдіәкім. "Қазақ үні" газеті