Майдангер атасы туралы деректі 9 жасар шөбересі тапты...
2016 ж. 11 мамыр
3407
1
ЖҮРЕКЖАРДЫ ҚУАНЫШ!
Мамырдың жетісі күні Ермұрат Бапи бауырымның «Дат» газетінен «Күн шығады батыстан» деген жырымның жарық көргеніне таң қалып отырсам, компьютерден әлденелерді түртінектеп іздеп отырған немерем Темірлан: «Ата мына қара, мен сенің әкең туралы құжат тауып алдым!» – деп айғайлап жібергені. «Оу, құлыншағым, қане, көрсетші!» – деп немеремді ығыстырып қарасам, компьютердегі екінші дүниежүзілік соғысында соғысқа қатынасқан сарбаздар жайында табылған құжаттар көзіме оттай басылды. Ол жерде соғысқа 18 жасында 1942 жылы шақырылған әкем жайында аз да болса мағлұматтар бар екен, көшіріп алдым. Әкем Адам марқұмның соғыста жасаған көп ерліктерінің бірі ғана екен, ал қалған ерліктерін немерем екеуміз таба алмадық. Жаңағы архивте белгілі болғандай әкемнің 2 Украин майданында және 3 Украин майданында қатысып, соғысқаны бар да, толық мағлұмат жоқ, қолыма тиген осы тарихи маңызы бар құжатты алдарыңызға ұсынып отырмын. Әкемнің «Отечественной войны 1 степени» ордені, «За отвагу» медалі ғана көрсетіліпті, ал қалған ордендері мен медальдары жайында ешқандай дерек таба алмадым. Мен бала кезімде әкемнің медальдары мен ордендері көп болатын, баланың аты бала емес пе, соның көбісін омырауыма тағып көшеде соғыс ойынын ойнаймын деп жүріп жоғалттым... Бірақ әкем ол үшін маған ұрысқан да жоқ, үйткені менің қорғанышым да қорғаушым да әжем еді. Мынау табылған құжатта менің әкем Мұқтаев Адам 07.01.45 жылғы Барбаяа атты елді мекен үшін үлкен шайқаста басшыларынан шабуылға шыққан немістің танкілеріне тосқауыл қоюға бұйрық алады. Әкем танкісімен жаудың алдын тосқауылдаған кезінде оған немістің танкілері от-жалын бүркіп, зеңбіректерінен атқылай бастайды. Жаудың зеңбіректерінің снарядтарынан жалтарып, терең жыраны сағалап, әкем экипажымен жаудың ту сыртына шығып алып оларға ойранды салады. Немістердің екі танкысын жандырып, 1 минометінің ұясын жойып, 3 пулемет нүктелерін танкының шынжыр табанымен таптап, 40 шақты автоматчиктерін қырып салады. Әкем осы ерлігі үшін 13.01.45 жылы «Қызыл Жұлдыз» (Красная Звезда) орденіне ұсынылады. Өзімше ойлап қоямын, менің әкемнің ұлты қазақ болмай орыс болғанда ғой, қан майданда көрсеткен жойқын ерліктері үшін Совет Одағы батыры атағын алар ма еді, кім біледі?.. Бертін келе әкем айтып отырушы еді «соғыста оқ бірінші болып қорқақтарды табады, сондықтан да ешқашанда қорықпау керек» деп. Өлерінің алдында ауылда тұратын әкем военкоматқа, әкімшілікке қайта-қайта барғыштап, қаладан шағын пәтер алғысы келді, ал бірақ «неге» екені белгісіз патер алу кезегі әкем үшін ұзара берді. Артынан естідім, көптеген пәтерлер соғыс ардагерлеріне емес, әкім-қаралардың туыс жақындарына «бұйырыпты»... Сонымен айтайын дегенім, әкемнің соғыстағы ерен ерліктерінің тым болмаса бір көрінісі болса да, майдангерлер туралы архивтен іздеп тауып алған оның шөбересі 9 жасар Темірлан Қуанышбектегі еді! Әй, шіркін-ай, әкемнің мәйіті бір аунап түскен шығар, жатқан жерінің топырағы торқа, жаны жәннатта болсын! Ал енді, әкемдердің не үшін, кім үшін соғысқанын тарихтың еншілігіне берейік, және ол Жаратқан Иемнің құзырында. Әумин! Қуаныш МҰҚТАЙ 09.05.16 жыл qazaquni.kz