ПЕРІШТЕ ПӘКТІК пен ҒАЛАМАТ ҒАШЫҚТЫҚ
2016 ж. 12 сәуір
5712
3
Қазаққа таныстырып жатудың қажеттігі жоқ тұлғалар қатарынан орын алатын аймаңдайлы арыстардың бірі – Шынболат Ділдебаев. Оны халық алдымен ақын, жыршы, термеші ретінде таныды. Қазақстан Республикасының Еңбегі сіңген мәдениет қызметкері атанды. Айтыс өнері қайта жандана бастаған 80-жылдардың ортасында Жезқазған – Ұлытау өңіріндегі талантты іні-қарындастарын жанына жинап алып, «Жезқазғанның бас ақыны» атанған ол теледидар арқылы көрген жұртшылықты әсіресе, өзіне ғана тән, басқалар қанша айтқанмен әлі күнге шейін әлденесін жеткізе алмай тұратын, мақамдарымен баурап алды.
Ал, «Шындық» толғауынан кейін даңқы тіпті аспандап кетті. Екінің бірі Шынболат болғысы келіп кеткендей, той-томалақтар «Шындық» айтылмаса мәні жоқтай, сәні кірмейтіндей көрініп тұратын болды. Сол жүрек алпыстан енді аса бергенде ойда-жоқта тоқтады. Басқа өңірлерді қайдам, Шәкеңнің қазасын естігенде Жезқазған – Ұлытау аймағында жанарын жасқа шыламаған жан қалмаған шығар.
Сол бір қаралы күндері қазақты қойып, басқа ұлт өкілдерінің арасынан да «қандай адам еді, қандай адам еді» деп жылап тұрғандардың талайын көзіміз көргендіктен де солай ойлаймыз.
Жә, мұндайды айтпасақ та, қазақ Шынболатты бәрібір біледі. Бірақ, білу бар да, тану бар емес пе? Жарайды ақын, жыршы, термеші ретінде білерміз, ал, адами тұрғыда қаншалықты тани алдық. Ол өмірі ән мен жырдан өрілген сал-сері ғана ма еді? Оның да жүрегін ауыртқан өзіндік мұңдары болған шығар? Көңіліне ұялаған сырлары қандай еді?
Өзімізді қызықтырған осындай сұрақтарға жауап іздеген біз Шынкеңнің асыл жары, Сәтбаев қаласындағы Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайына орналасқан «Шынболат Ділдебаев» мұражайының директоры Гүлсара Жиенәлиеваға барып жолыққан едік. Әңгіме ұзаққа созылды. Сол әңгімелерден түйгенім – Шынболат ағамыз сүйсе шын сүйе білетін ғаламат ғашық жүрек иесі де болған екен-ау. Бұған бізді Гүлсараның әрбір сөзін тірілте түсетін, Аралда жүрген оған ағамыздың Арқадан жолдаған хаттары айғақ болғандай. Кей кездері арасына күн түсірмей жолданған хаттарды оқып отырғанда Шынкеңнің Гүлсараға періште пәктікпен ғашық болғанын аңғару еш қиындық тудырмайды. Мен сол хаттардың сақтаулы жатқандығына қуандым. Әйтпесе, біз бір кісідей білеміз дейтін Шынболат ағамызды толық тани алмай да қалады екенбіз.
Шынболат аға дүниеден көшкелі де жиырма жылға жуықтады. Ол Гүлсарамен бар-жоғы бір жарым жылдай ғана бірге ғұмыр кешті. Біздің қазақ біреуді тіл ұшына салмаса жүре ала ма, бар салмақ өздерінің мойындарына түсіп тұрғандай-ақ, «өлер Шынболат өлді, Гүлсараныкі не, неғып жүр, неге еліне қайтып кетпейді?» дейтін сөздер де айтылмай қалмайды. Мұндай сөзді оның өзі де сан мәрте естігенге ұқсайды. «Мені осында ұстап қалған менің оған деген емес, керісінше, ол кісінің маған деген керемет махаббаты ғой» деймін әлгіндей сөз айтатындарға. Шынында да, Шынкеңнің маған деген көңілі алабөтен болды. Тілмен айтып жеткізу қиын. Мен ол кісінің маған деген ғашықтығынан алпыстан асқан адамның да сезімі бойды баурағанда балаға айналып кететінін көрдім, өмірге іңкәрлігінің оянатынын сезіндім. Егер ол өмірден өткен соң, мен де чемоданымды жинастырып, Аралға қайтқанымда біріншіден, аруақ аттағаным, екіншіден, Шынкеңнің ағыл-тегіл махаббатын, көрсеткен құрметін таптағаным болар еді». Осылайша толқып отырса да толғана сөз тиегін ағытқан сұхбаттаспен әңгімені тереңдете түсу мақсатында қойған алғашқы «Жалпы Шынболат ағамызбен қалай таныстыңыз?» деген жаттандылау сұрағымыздың өзі сырлы сандықтың қақпағын ашып жібергендей болды.
– Осы дүниеде Шынболат есімді адамның бар екендігін және оның арқалы ақын екендігін 1988 жылғы 7-қараша күні алғаш рет естідім. Жоғары партия мектебінде оқып жүретінмін, содан Тәшкеннен ауылға бірер күнге демалысқа келдім. Үйде отырғанда інім «Бүгін «Айтыс» болады, Жезқазған ақындары шығады» деді де, маған қарай бұрылып, «Тәте, олардың ішінде Шынболат дейтін ақын бар, керемет, айтыс болатын кезде ешқайда кетіп қалмаңыз, көріңіз» деді. Ініме қосылып шешем де мақтады оны. Айтыстың телевизиялық нұсқасынының енді шығып жатқан кезі ғой, халық жапатармағай теледидар алдына жиналатын айтыс басталғанда. Содан бір уақытта әлгі інім ішкі бөлмеден «Келіңдер, Шынболат шығып жатыр» деп айқайлады. «Бұлардың ауыздарының суы құрып отырған қандай ақын екен, көрейінші» деп мен де теледидарға жақындадым. Сөйтсем, аяқ-қолдарын жерге тигізбей жүрген Шынболат ақын басына жапырайған бөрік киіп шықты, өзіне онша жараспай тұрған секілді көрінді маған, «мыналарың ауылдың жаман шалынан артық емес қой, соншама дәріптегендерің не?» дедім де, бөлмеден шығып кеттім. Менің Шәкеңмен «таныстығым» міне, осылай басталған еді. Ал, жүзбе-жүз, бетпе-бет алғаш көруім 1996 жылы күзге салым уақытта болды. Ол кезде оның атақ, даңқы дүрілдеп тұрған кезі. Мен аудан әкімі орынбасарының міндетін атқарушы болып жүрген едім. Облыстан «Арал жаққа Шынболат Ділдебаев бара жатыр, халықпен кездеседі, жақсылап күтіп алыңдар, жағдайын жасаңдар» деген тапсырма түсті. Қадірлі қонақ келетін болса күтіп алу – парыз, міндет. Әкім ауылда болмай қалды да, Шәкеңді өзім бастаған әкімдіктің қызметкерлері күтіп алдық, жоспарымызды таныстырдқ. Ол бәріне келісті де, алдымен «кемелерді көрейікші» деген өтініш білдірді.
Аралдан әжептәуір қашықта, Жалаңаш дейтін жерде теңіз тартылған соң қалып қойған кемелер тұратын. Ал, теңіз өзінің бұрынғы арнасынан жүздеген шақырым жылыстап кеткенін бүкіл ел біледі ғой. Соның алдында Әскербек Еңсебаев ағамыз келіп, ол да сонда бармақ болып, жолға шыққанмен, қашықсынып, жарты жолдан кейін қайтып кеткені бар еді, Шәкең өйтпеді. Құм үстінде тат басып, қайраңда қалған кемелердің ішіне кіріп, бірінен соң бірін аралап көрді. Сосын бір реті келгенде «бұлар да біз секілді Аралды жоқтап, аңсап, сағынып тұр ғой» деп қалды. Толқып тұрғаны дауысынан сезіліп тұрды. Сол күні кешкілік қызметкерлердің бірінің үйінен Шәкеңе арнап дәм бердік. Сол дәм үстінде жігіттердің бірі: «Шәке, неше күнге келдіңіз? Аралдың елін асықпай аралағаныңыз дұрыс қой» деп еді, оған ол кісі «Менің әйелім қайтыс болып кеткен, сондықтан, іздеушісі жоқ адамбыз ғой, қанша жүр десеңдер сонша жүре береміз» деді. Содан отырыстың келесі бір сәтінде «Жолбасшы болып жүрген мына Гүлсара маған ұнап қалды» деп ел күтпеген, менің ойыма да кіріп шықпаған сөздің шетін шығарды. Сол-ақ екен, сол жерде отырған жырау Рысбек «Шәке, көзіңіз менің әлі тұрмысқа шықпаған кластасыма түскен екен, таңдауыңыз дұрыс» деп сөздің соңын әзіл-күлкіге айналдырып жіберді. Қызықтың көкесі ертесіне болды. Мәдениет сарайында концерт беріп жатқан Шәкең бір сәт әңгіме айтуға көшті. Қазір атын ұмыттым, бір ақынның өмірі туралы сөз қозғап, «ол бір қызға ғашық болғанымды өмір-бақи айта алмай кеткенмін» деп отыратын еді, мен де арманда кеткім келмейді, осында келгелі мен сіздердің Гүлсара есімді қыздарыңызға ғашық болып қалдым, бұл – шын сөзім. Мен оның жанының сұлу екендігін байқадым, соны айтқым келеді» деді де, «енді сол Гүлсараға шығарған әнімді айтып беерйін» деп, кейін «Жылжиды жылдар» кітабына енген «Гүлсараға» дейтін өлеңін әнге қосып айта жөнелді. Оның мұнысы маған өте ерсі көрінді, отырған жерімде «мына кісі мені ел-жұрттың алдында масқара еткені несі? Ертең ел не дейді?» деп жылайын. Концертен соң, «Аппақ шашыңыз бар, аталыққа жеткен жасыңыз бар, мынауыңыз не?» деп өкпемді білдіріп едім, Шәкең «Сені шынымен де ұнатып қалдым, ал, оны елден несін жасырамын? Осы Аралдан сені өзіммен бірге еліме алып кеткім келеді» деді. Ал, мұнысы тіптен артық кетушілік еді. Сөйтсем, ол өзінің сондай ойы барын менен бұрын танитын жігіттерге, іссапардан оралған әкімге де кіріп айтып қойған екен. Ауданның әкімі Алашыбай деген кісі еді, мені өзіне шақырып алды да, «Қазақта «жаманның құшағында жатқанша, жақсының табанында жат» деген сөз бар ғой. Күллі қазақ қадірлейтін Шынболат ағамыз қолқа салып отыр, не дейміз?» деп, менен сыр тартпақ болды. «Көрмеген, білмеген кісінің етегінен ұстап кете бер» деп отырған сіздің сөзіңізді де түсінбей қалдым» деп әкімге ренжідім. Ал, ол «Шәкең ренжіп кететін болды ғой, «дүниеде қатын мен ақынның наласы жаман» деген де сөз бар еді, көңілін қалдырмағанымыз жөн ғой» деп бастырмалатып қоймады. «Қатты қиналып тұрсаңыз, ол кісіні «кейін» деп шығарып салыңыз» деген ақыл берген болдым. Мұндағы ойым «ауылына барғасын бәрі де ұмыт болатын шығар, қыңқылдағанын қоятын болар» деген ой еді. Әкім жол тауып бергеніме қуанып қалды. Соңғы концертін қойған күні аудан әкімі Шәкеңе ат мінгізді. Ол ризашылығын білдірді де, «мен осы атты осында келгелі маған жолбасшы болған, өзім ұнатып қалған қыздарыңыз Гүлсараға сыйлаймын» деп тағы да «қызық» жасады. Мен амалсыз сахнаға көтеріліп «атыңызды өзіңіз мініп кетіңіз» дегенді сыпайылап жеткіздім. Сөйтіп, екеуіміз әрі тарт, бері тартқа салып тұрып, ақыры әлгі атты Аралды құтқару қорына аударатын болдық. Содан соң Шәкеңнің мұнысына «кешегісі аздай, бүгінгісі несі?» деп ренжіп, үйге кетіп қалдым. Үйге телефон шалған әкім «қонағымыз ертең кетеді, дастархандас болсайшы» деп шақыртып алды. Әкім Шәкеңе үйінен дәм беріп жатыр екен. Барсам, көптеген жырау қыз-жігіттер жиналып қалыпты. Қазір елге белгілі жырауға айналған Елмұра Жаңабергенова «Қимаймын» деген әнді орындаған кезде Шәкең орнынан тұрып, «мынау Елмұраның емес, менің айтатын әнім екен» деп, қайтадан айтып шықты. Дәм қайрылған соң әкім: «Шәке, елде болдыңыз, халықтың ризашылығын алдыңыз, дегенмен, айта отырыңыз, бұйымтайыңыз бар ма?» деген сауал тастады. Сонда Шәкең «бар ғой бұйымтайым бар ғой, оны өзіңіз де білесіз» деп мен жаққа қарады. Әкім болса «кейін, кейін» деп дауысын соза, жауап қайтарды. «Кейінге де көнеміз, көнбегенде не етеміз?» деген Шәкең сол жауаптың өзіне де ризамыз дегендей кейіп танытты. Сөзінің артын әзілге бұрған әкім «Күйеубала деген қайынжұртта көп жүре бермейді, еліңізге қайтыңыз» деп, «шаруа бітті» дегенге келтірді. Сонымен Шәкең аттанып кетті. «Осымен тынышталған шығармын» дегем, сөйтсем қателескен екенмін. Шәкең күн демей, түн демей телефон соғатын болды. Екі күннің бірінде поштаға хат әкеліп тұрады. «Сіз сезімге беріліп жүрсіз, болмайтын нәрсені неге қазбалай бересіз?» деген сайын өршелене түсетіндей. Менен күткен сөзін ести алмаған соң, сосын «Маған Гүлсараның келісімін алып беріңдер» деп құрбыларымның құлағын бұрауды әдетке айналдырып алды. Жұмакүл есімді құрбым пәтері болмағандықтан біздің үйде тұратын. Екеуі сағаттап сөйлеседі. Әңгімелері – мен. «Жұмакүл, маған сенің бақытың қашан бұйырар екен, сен ғой қазір Гүлсараның жанында отырсың, мен Гүлсараны сенен де қызғана бастадым» дегенін жеткізетін құрбым «ана кісіні осыншама үзілдірмей, келісіміңді неге бермейсің?» деп маған ұрсып қоятынды шығарды. «Алматыда Жезқазған облысының күндері өткелі жатыр екен, соған барып қайт» деген әкімге «біздің оған не қатысымыз бар?» десем, «облыстың тапсырмасы солай, кейін біз де Алматыға баратын болсақ, тәжірибе жинауымыз керек» дейді. Кейін білсем, мұның бәрі Шәкеңнің мені Алматыға алдырту үшін әкімдіктер арқылы ойлап тапқан амалы екен. Алматыдағы Республика сарайының алдында көптен көрмеген құрбымды кездестіріп қалайын. «Сен мұнда неғып жүрсің?» деп жатырмыз бір-бірімізге. Ол Шәкеңнің өнерін көруге келген екен. Қасымызда тұрған Шәкең әлгі құрбыма да жата келіп жабысты. Менің келіспей жүргенімді айтып шағынды. Концерттен кейін болатын банкетке оны да арнайы шақырды. «Маған Гүлсараның келісімін алып берсеңіз болды» деді. Сол құрбым буыныма түсіп кетті білем, «Шәке, айтқаныңыз болсын, бірақ, көктем шықсын» дедім. Сондағы оның қуанғанын айтпаңыз. Әлгі құрбыма «сен әкімнен де, басқадан да артық екенсің, баяғыдан бері сені неге тауып алмағанмын» деп ризашылығын жаудырды оған. Алпысқа келген адамның бала тәрізді ғашық болғанына біреу айтса сенбес едім, бірақ, соны басымнан өткердім, жаныммен сезіндім, көзіммен көрдім. Шын ғашық болған адам есінен айрылып қалады дейді ғой, Шәкеңнің де есінен айырылғаны шығар, Алматыдан мені шығарып салып тұрып, вокзал толы халыққа қарамастан, орнынан қозғалған поезбен жарыса «Гүлсара, Аралға барғасын айнып қалмашы сөзіңнен, айнып қалмашы» деп айқайлап, шашы қудай аппақ, өзі тау тұлғалы алпыстан асқан адамның жүгіріп келе жатқанын көз алдыңызға елестетіп көріңізші! Сонда бәрін де түсінесіз.
– Өзіңіздің мұрсатыңызбен қарап шыққан хаттарды оқи отырып, Шәкеңнің баладай ғашық болғанына, Сізбен қосылуға соншама асық болғанына көзім жетті. Әлгіндегі сіздің «жылап едім» дегеніңізге орай Шәкеңнің де қиналғанын байқадым. Әйтпесе,
«Әттең-ай, бір қателік өтті-ау дедім,
Түбіме асығыстық жетті-ау дедім,
Ағалар қателігі ару қыздың,
Жүрегін жарақаттап кетті-ау дедім.
Қайтсем де қадіріңе жетермін-ау,
Дайын тұр құтты қоныс, мекен мынау,
Аққуым, қолыма кеп қонар болсаң,
Көзіңнен жас шығармай өтермін-ау» –
деп Арқада отырып Аралдағы арудан кешірім өтінгендей болып, хат жолдар ма еді? Немесе, «кейін» дейтін сөзді көңіліне тоқ санағанмен, соған жеткенше асыққан көңіл толқындарын жеткізген:
«Мен сүйген шынымен болсаң айым,
Өмір-бақи өзімнен зор санайын,
Мұзын жарып Арқа мен Аралыңның,
Аспанмен де, жермен де жол салайын.
Жол салайын қасыңнан табылайын,
Жүрегімді қолға алып жалынайын.
Сен келмесең Аралға мен барайын,
Бұдан басқа Құдай-ау, не ғылайын?
Зор сағыныш бойымды басып бүгін,
Тұманданып барады ашық күнім.
Төзейін-ақ десем де, амал қанша,
Бара жатыр шыдатпай ғашықтығым» – деген жолдарға қарап, Жібегіне асыққан Төлегенді көргендей болады екенсің.
«Өзгереді бәрі де өзгереді,
Өзгергенді асықпа көз көреді.
Барса келмес шын бақыт алыста ғой,
Алыс болса ол қалай тез келеді?
Өзгереді бәрі де өзгереді,
Жазылады ақынның өзге өлеңі.
Шыдаушы ең ғой Шынболат,
шыда, шыда,
Аңсағаның алдыңнан кез келеді.
«Асықтырдың соншама неге мені?
Асықпа» – деп аруым шегеледі.
Содан мен де асықпай жыр толғаймын,
Одан басқа қолымнан не келеді?» – дейтін хатынан Шәкеңнің иліктіре алмаған қыздың алдында өзін дәрменсіз сезінуі мен ақырын сабырмен күтуге мойынсұнғандығы байқалады десем, қателесе қоймаспын. Ал, мына бір хаттардың Сіздің Алматыда кездескен соң, «көктемді күтейік, бірақ, қолыңыздан ұстауға келістім» деген сөзіңізді естіген соң жазылғаны күмәнсіз. Бұларда да ғашық жүректің көктемді асыға күтуі мен алдыңғы әдемі күндерді аңсауы, армандауы өзінің өрімдерін тапқан екен.
«Сенің шартың менен гөрі өктем кеп,
Қинадың-ау, күн жылынсын, көктем деп,
Таң атқанын, күн батқанын есептеп,
Санап жүрмін сол көктемге жетсем деп.
Сен ғанасың, сен ғанасың, сен де сен,
Құстай ұшып жетер едім кел десең,
Жер қарайып, күн жылынсын дегенге,
Сенен басқа біреу айтса көнбес ем.
Алшаң басып, аман жүрші елде сен,
Сенің арқаң шабыттансам, өрлесем.
Махаббат па шалдықпаса, шаршатып,
Мықтылығым қайда бәрін жеңбесем»
– деген хатты 1997 жылдың 24-қаңтарында жолдаған Шәкең қаңтардың 29-да:
«Бүгін тағы сағынып көз ілмедім,
Жоқ қиялға беріліп безілдедім.
Мұндай жәйді мен бұрын сезінбедім,
Мен не деген япырм-ай, төзімді едім.
Орындалса екен деп қайран арман,
Осы бір ой бойымды жайлап алған,
Бүткүл қазақ білетін Шын-ақынды,
Бұрымымен бір сұлу байлап алған.
Хат-хабар жоқ, телефон бар дерегім,
Қажет болса ойланбай жан беремін.
Ұл да, қыз да бар менде, ол бір төбе,
Жаңа білдім жалғызға жар керегін» – деп жанын жабырқатқан жалғыздықтың жылдамырақ кейін қалғанын тілейтінін жеткізсе, содан араға екі күн салып, яғни, қаңтардың 31-де жазған өлеңінде жақындап қалған көктемнен көп жақсылық күтетін арманын алаңсыз ақтарыпты.
«Биыл көктем маған сый көп береді,
Жарылқайды Жасаған жеткереді.
Жапырағын жая алмай жабырқаған,
Жайқалады көңілдің көк терегі.
Қуанышы, қызығы көп болады,
Айдынына аққуым кеп қонады.
Қатып қалған төріме қызу келіп,
Ағылады ақының көп қонағы» – деп алғашқы жары Әлияның бар кезіндегі думанды шақтар қайта оралатын күнді аңсап жүргенін жайып салған хатына қарап, оның баладай ғашық болатыны он жеті жасында бас қосқан Әлиясының тұлғасын сіздің бойыңыздан тапқандай болғандығынан да шығар кім білсін?
Сонымен көктем де келіп жетті...
– Мен Шәкеңе «иә» дегенмен, оны анама айтуға батылым жетпей жүрді. Шәкең әр телефон шалған сайын той күнін белгілеу қажеттігін еске салуды ұмытпайды. Ақырында, «Наурыз өтсінші» деп құтылдым. Наурыз да өтті. Бірақ, менің тарапымнан нақты күн белгілене қоймады. Наурыз мерекесінен соң бірер күн өткенде Шәкең хабарласып, менің әлі анама айтпағанымды біліп, ренжіп қалды. Сосын ертесіне қайта телефон соғып, «мен ештеңе де білмеймін, сәуірдің 22-сі күні алпыс жасқа толамын. Соны отбасымда достарыммен атап өтемін де, ертесіне сені алып келу үшін жолға шығамын. Кеше барып кафемен келісім қойдым, сәуірдің 27-не тойымыз болады» десін. Мен «бұл қалай, бұл қалай?» дей беріппін. «Сен өзі күйеуге шығатын қызсың ба, шықпайтын қызсың ба?» деген Шәкең «тойға дайындал» деп нықтап тастағаннан кейін құрбыларыма «ана кісі солай деп жатыр» деп едім, олар қуанып кетіп, той қамына кірісе бастады. Анам абысын-ажындары келіп «қызыңның қадамы оң болсын» айтқанда барып қана білді. Сөйтіп, сәуірдің 24-не Шәкеңдер Аралға келді. Қасында достарын айтпағанда, ұлы мен келіні, немересі бар екен. Жасы алпыстан асқанда, бала-шағасын жанына ертіп алып, күйеу болып қыз алуға барған Шәкеңнен басқа ешкім де болмаған шығар қазақта! Той болғасын белгілі емес пе, ақ та төк тілектер ақтарылып жатыр. Ара-тұра Шәкең де «мен де бір ауыз бірдеңе айтайыншы» деп қояды. Оған асабалар жағы «күйеу бала деген тыныш отыру керек» деп сөз бере қоймады. Болмағасын «жарайды, бізге күйеу болғанмен, ел білетін Шынболатты сөзден қаққанымыз жарамас» деп Шәкеңе де сөз берілді. Сондағы ол кісінің айтқаны «қыздарыңызды жылатпауға, барынша аялап, мәпелеп өтуге уәде беремін» дегенге келіп тірелді. Сосын «сіздер мені күйеу бала дей бермеңіздерші, мен бұл елге күйеу емес кәдімгі бала болғым келеді» деп бір тоқтады. Сонымен, сән-салтанатымен Арал жағы шығарып салды, нақ сондай салтанатпен Арқа елі күтіп алған еді.
– Шынболат ағамыз өзін сол күндері кереметтей бақытты сезінгенін тағы да өлеңмен жеткізген екен ғой. Сіздің асүйдегі ас қамымен жүрген сәтіңізді таспаға басып алып, суретіңіздің астына:
«Біздің үйге қараңдар жылу келді,
Армандаған, аңсаған күнім келді.
Қып-қызыл шоқ қыз келді, қызу келді,
Көпсінбеші Құдайым мұнымды енді.
Аяулымның күлімдеп от жанары,
Ошағымда алаулап от жанады.
Ет асылып, шәй қайнап абзал достар,
Біздің үйді қайтадан бетке алады» – деп жазып қойғанын көзім шалып қалды. Өн бойынан өлен төгілген Шәкем маған сіздің әрбір қадамыңызға жыр арнағандай сезіледі.
– Ия, солай десе де болғандай. «Осыншама өлең қайдан жазыла береді?» дегенімде ол кісі күле отырып «Қатын сүйсе ұл табады, ақын сүйсе жыр жазады» дегенді білмеуші ме едің – деп күлгені бар-тын. Бәлкім, рас шығар?! Шырайлы да шаттықты күндер басталған болатын, әттең, арада бір жарым жыл ғана өткенде қарашаның суығы Шәкемнен айырып кетті.
Бірақ, Шынболат тәрізді адаммен аз күн бірге болғанымды, оның ошағын күзетіп қалғанымды мен әрқашан мақтан етіп жүретін боламын. Өйткені, сол бір аз ғана уақыт ішінде ол маған қаншама сәулелі шақтар ұсынды. Қасынан бір елі қалдырмады, аялады, еркелетті. Мен сөзге жоқ адаммын ғой, сәл үндемей қалсам, «осы сен маманы сағынып жүрсің-ау, сөйлесіп мауқыңды бассай» деп телефон нөмірін тере бастайтын. Әйтпесе, «егде тартқан кезде ел ауыстырған оңай емес, әсіресе, жаңа жерден жаныңды ұғатын дос таба алмайсың, саған бұл өте қиынға түседі, ауылдағы құрбыларыңа ешкім де жетпейді, кәні, солармен сөйлесіп алшы» деп тағы да телефонды қолына алатын. Осындай елгезектік, адам жанын түсіну, қадірлеу Шәкеңнен басқа ешкімнің қолынан келмейтін шығар?! Қосылғанша ол маған ғашық болса, өмірден өткеннен кейін жаңағыдай мінез-қылықтары, іс-әрекеттері есіме түскенде менің оған деген құрметім арта түспесе, кемімейді.
Ол өзінің өмірінің көп қалмағанын іштей сезіп жүрген де секілді көрінеді маған. Өйткені, ел аралағанда барған жеріндегі атақты тұлғалардың қабірлеріне, мұражайларына барып, Құран оқып, тағзым етуден жаңылмайтын. Намазға жығылмағанмен, Құранды жақсы оқитын. Ақырғы рет үйден кетердегісі еске түссе, енді қайтып кездеспейтінімізді біліп аттанғандай болады да тұрады.
– Ауырлау болса да сол соңғы сәтті де қайтадан еске түсірсек...
– Жүрсін Ерманның апасының жылына бару үшін Қарақұмға жиналды. Соның алдында бірер күн бұрын өз-өзінен отырып «қайтем енді, қайтем енді?» деп күрсінетінін байқап қалып «Шәке, не болды?» десем ашылып ештеңе айтпады. «Сенің обалыңа қалатын болдым-ау» дегенін естігенде «неге олай дейсіз? Маған берген барлық уәдеңізді орындап жатырсыз?» десем, тағы да үндемейді. Арал жақтан менің Жұмакүл деген құрбым қонаққа келіп еді, әдетте ашық-жарқын отыратын Шәкең «ертең жол жүруім керек, өздерің отыра беріңдер» деп жатын бөлмеге барып жатып қалды. Ертесімен тұрып Жұмакүлді Қызылорданың автобусына шығарып салып келді. Жол жүрер алдында тым сабырсызданып кетті. Үйге бір кірді, бір шықты. «Жайнаның метіркесін берші, ауылдағылар Шынболаттың кішкентай қызының барын біліп жүрсін» деп қызымыз Жайнаның туу туралы куәлігін қалтасына салып алды. Сосын «Сені Қайратқа тапсырдым, бәріңді бір Құдайға тапсырдым. Мен ертең кештетіп келемін» деді де шыға жөнелді. Ертесіне кешкілік қалай жеткені белгілі ғой... Бәлкім, бақытты болу үшін көп жасаудың да қажеті жоқ шығар. Халқы ұмытпай қадірлеп жатыр емес пе Шәкеңнің рухын? Әрине, қасымызда жүргеніне не жетеді? Тағдырдың жазуы солай болса, оған да көндіге білген абзал шығар деп те ойлаймын. Өзі кеткенмен мұрасы қалды артында, аты қалды халқында. Шүкіршілік етуіміз жөн.
– Дұрыс айтасыз. «Шашын күнге ағартатын қарттар бар, Жасы жүзге жеткенмен» деп Мұхтар Шаханов айтпақшы, өмірге бостан-босқа келіп-кетіп жатқандар қаншама? Ал, Шынболат Ділдебаев есімі елі тұрғанда ұмытылмайтындар қатарына жазылып қойылған. Сондай адамды көзіміз көрген біз де, қолыңыздан шай құйып берген Сіз де бақыттысыз, Гүлеке!
Абдолла ДАСТАНОВ, Сәтбаев қаласы.
"Қазақ үні" газеті