НАУРЫЗ – САҚТАРДЫҢ МЕЙРАМЫ!
2016 ж. 20 наурыз
3663
2
Ол Иранға қазақ даласынан барған.
Ең алдымен, «міне, тағы да бір әлемдегі барлық көне игілікті жасаған біздің бабаларымыздеп ұрандатушы табылды» деп, мұрын шүйіруге асықпаңыздар. Мен не айтсам да дәлелмен айтуға тырысамын. Көктемдегі күн мен түн теңесер кездегі мерекені сақтардың тойлағанын, оның «Сақая» деп аталғанын мен ең алғаш өзі тарихшы әрі реставратор орыстілді қазақ ғалым (есімі Баян сияқты еді) әйелден сонау тоқсаныншы жылдар басында Яссауи мавзолейіне қатысты әңгімеде естіп едім. Бірақ, сол сәтте тереңдетіп сұрақ қоюға мүмкіндік болмай қалды да, қайтып ол адаммен жолыққан жоқпын. Содан 2012 жылы алматылық, ол да орыстілді тарихшы Жұмажан Байжұминнің «Туран. Взгляд на историю человеческого общества» деген кітабын аудару нәсіп болған кезде, ойымда жүрген дәлелдерімді кездестірдім. Кітаптың «Ерте темір дәуіріндегі Тұран» тарауының «Персия» бөлімінде Страбон, Дион Хрисостом және өзге де авторларға сілтеме жасай отырып, біздің дәуірімізге дейін аталмыш өлкені жаулап алып, Ұлы Парфян империясын құрған бабаларымыздың, сол замандағы билеуші топ өкілдерінің жылдағы «Сақая» мерекесінде малдан мол құрбандық шалатынын, жылқы сүтінен жасалған ішімдікке (қымыз екені айтпаса да түсінікті ғой) тойып алып, далалық ескі әндерді айтатынын, қаһармандық эпостарды тыңдайтынын жазған.
Қазақ «сөздің өтірік-шынына қарама, қисынына қара» дейді. Бұл мереке сақтардан шыққан деген сөздің әбден қисыны келеді. «Сақа асық», «сақа еркек, сақа әйел» деген сөз тіркестері бізде бүгін де бар. Күшіне кірген нәрсені біз қазір де сақайды деп айтамыз. Күн түннен озып, ұзара бастаған кезден бастап көктем сақаяды, өз күшіне мінеді, қыс қанша қаһарланамын дегенімен енді көктем оған бой бермейді. Әлемде ең алғашқы болып қоланы, одан соң темір балқытуды меңгерген – оны Әлкей Марғұлан атамыз әлем ғалымдарына мойындатып, «Беғазы-Дәндібай мәдениеті» деген ұғым енгізіп кетті! – бабаларымыз жыл он екі ай бойы көшіп жүргендіктен, табиғат құбылыстарының заңдылықтарын, оның шінде астрономия ғылымын да жетік игерген болатын. «Сақая» мерекесі де соған байланысты шыққан.
Біз болашақта өзіміздің төл мерекемізді – «Сақаяны» тойлайтын боламыз.
Дүние бір орнында тұрмайды. Құдайдың көзі тура болса, әлі-ақ «Қазақтың қайта өрлеу дәуірі» туады. Оған дейін «Наурыздың» қайдан шыққан біле жүргендеріңіз артық болмайды...
Өмірзақ АҚЖІГІТ
qazaquni.kz