Рафаэль НИЯЗБЕК: БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗДЫҢ ШЫНАЙЫ ҚОРҒАУШЫСЫ
2016 ж. 14 наурыз
4805
17
Рафаэль НИЯЗБЕК, Чешен Республикасының ең жоғары «Ұлт намысы» орденінің иегері, Чешенстан Мемлекеттік және халықаралық «Алаш» сыйлықтарының лауреаты, жазушы, ақын:
БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗДЫҢ ШЫНАЙЫ ҚОРҒАУШЫСЫ
Негізінен «Ақ жол» партиясының құрамына ұжымның атына сай әділ, әрі адал азаматтар топтастырылғандығы қуантады. Бұлай деуіме осыған дейін де партия мүшелерінің шындықты бүкпей айтып келе жатқандығы себеп.
Бүгінгі күнге дейін «Ақ жол» партиясының елдің көкейіндегі өзекжарды мәселелерді ашып көрсетіп, арнайы депутаттық сауал жолдап, оның әрбірінің оңтайлы шешілуіне өздерінің септігін тигізіп жүргенін ел-жұрт жақсы біледі. Осы жолдағы жұмыстарын жалғастыра беретіні де сөзсіз.
Ұйымның сайлауалды бағдарламасымен де жете таныспын. Әсіресе «Әр шаңыраққа қауіпсіздік» тарауы көңілге қонымды дер едім. Өйткені мұнда «Тәуелсіздік және ұлттық мүдделер – біздің әрқайсымыз үшін басты құндылық» деп атап көрсетілген. Яғни, «Ақ жол» басты құндылықтарымызды сақтау жолында табанды еңбек етіп келе жатқан ұйым ретінде, бұдан әрі де ұлттық мүдделердің қорғаушысы бола береді деп нық сеніммен айта аламын. Әрі аға буын өкілі ретінде партияның алға қойған жоспарларының жүзеге аса беруіне тілектестік білдіремін!
Сайлау БАТЫРШАҰЛЫ, экономика ғылымының докторы, Еуразия ұлттық университетінің профессоры, ҚР дипломатиясына еңбегі сіңген қайраткер, Астана қаласы «Мемлекеттік тіл» қозғалысының төрағасы:
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ МӘРТЕБЕСІН АСҚАҚТАТҚАН ПАРТИЯ
«Ақ жол» партиясының ұжымы тек науқандық шара кезінде ғана емес, үнемі халықпен кездесіп, олардың мұң-мұқтажына құлақ түріп келеді. Әрі қоғамдағы көптеген түйткілдердің түйінін тарқатуға белсене араласып жүргендігі бәрімізге белгілі. «Ақ жолдың» жүйелі жұмысымен ел-жұрт қалың қазақтың үніне айналған «Қазақ үні» газеті арқылы да етене танысып жүргендігін айтуға тиіспіз. Партияның сайлауалды бағдарламасында да мемлекет үшін аса маңызды мәселелер қамтылған. Мәселен, «Ақ жол» партиясы қазақ ұлт ретінде мәңгі өмір сүруі үшін де мемлекеттік тіліміз – қазақ тілін одан әрі дамыту керек де есептейді. Әрі бұл туралы өздерінің бағдарламасында: «2020 жылға қарай қазақстандықтардың 90%-ының мемлекеттік тілді шынайы меңгеруіне қол жеткізу керек» деп атап көрсетеді. Бүгінгі күнге дейін де осы бағытта жанды жұмыс жүргізіп келе жатқан партия ұжымына сәттілік тілеймін!Эрнест ТӨРЕХАНОВ, жазушы:
Еліміздің руханиятына тың серпіліс әкеледі
Алдағы сында алты партия бақ сынағалы жатқаны баршаға мәлім. Қазіргі таңда жер-жерде үгіт-насихат жұмыстары қызу жүргізілуде. Осы тұста халыққа партиялардың сайлау алдында қандай істі атқаруға уәде етсе, биліктің төрінен табылғаннан кейін де сол айтқан дүниелерін орындағаны керектігін баса айтқым келеді. Яғни, партияның әрбір мүшесі сөздің емес, нақты істің адамы болғандығы керек. Бұл тұрғыда осы уақытқа дейін де халықтың мүддесін қорғап, үдесінен шыға білген «Ақ жол» партиясына сенім білдіремін. Партия халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту жолындағы жүйелі жұмысын жалғастыра отырып, өздерінің сайлауалды бағдарламасында атап көрсеткендей: «Қазақстан халқының рухани-мәдени саласын дамытуға» одан әрі күш салмақ. Бағдарламаның осы бағыты бойынша, ұлттық мәдени мұраны сақтау мен көбейтуді, мәдениет пен өнерді дамытудың нысаналы бағдарламаларын сапалы іске асыруды қамтамасыз ету арқылы еліміздің рухани саласына тың серпіліс әкелмек. «Ақ жол» партиясына сәттілік серік болсын!Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор, «Ұлттар келісімі» қоғамдық қорының директоры:
ЖАН-ЖАҚТЫЛЫҒЫМЕН ЕРЕКШЕЛЕНЕТІН ҰЙЫМ
Біріншіден, «Ақ жол» сайлауға түсіп отырған партиялардың арасында «Алашқа» адалдық танытқан бірден-бір ұйым. Өз кезегінде партия «Алаш» бағдарламасын қабылдау арқылы бұл бағытта ауқымды істердің атқарылуына мұрындық болды. Екіншіден, партия ұжымы ел ішінде орта және шағын кәсіпкерліктің дамуы жолында еселі еңбек етіп келеді. Сондай-ақ, осы бағытта кәсіпкерлерді толғандырған мәселелерді билікке дер кезінде жеткізіп, дұрыс шешім табуына ықпал етіп жүргені баршаға белгілі. Ал, үшінші бір ерекшелігі деп, «Ақ жол» партиясының атамекеніне оралған қандастарымыздың көкейіндегі өзекті мәселелерді ашық көрсетіп жүргендігі. «Ақ жол» партиясының атынан үміткерлер қатарын кәсіпкерлер мен зиялы қауым өкілдері ғана емес, осындай қандастарымыздың толықтырып жатқандығы да көңіл қуантады. Мұның өзі «Ақ жолдың» жан-жақты екендігін көрсетсе керек. Ендеше, «Ақ жол» партиясы халықтың сеніміне ие болып, сан түрлі саладағы сапалы жұмыстарын жалғастыра береді деген ойдамыз.Нұрлан ӘБДІБЕК, журналист:
ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫН ОЙЛАЙТЫН АДАМДАРДЫҢ ПАРТИЯСЫ
Біріншіден, «Ақ жол» кәсіпкерлікті қолдайтын партия. Яғни, кәсіпкерлікті қолдау дегеніміз – халықтың әл-ауқатын арттыру екені сөзсіз. Сонымен қатар, еліміздегі қоғамдық саяси партиялардың ішінде «Ақ жол» ел руханиятының дамуына көптеп көңіл бөлуімен дараланады. Мәселен, былтырғы жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Қазақстан тарихшылар қауымдастығымен бірлесе отырып арнайы медаль шығарып, ел зиялыларын марапаттады. Сондай-ақ, осынау атаулы күнге байланысты «Ел мен Ер» атты мүшайра ұйымдастырып, қазақ әдбеиеті мен мәдениетінің дамуына да өзіндік үлестерін қосып келеді.
«Ақ жол» партиясы маңызды шараларды белгілі бір мерейтой қарсаңында ғана емес, жыл бойында тұрақты түрде өткізуді дәстүрге айналдырған. Бұл сөзіміздің дәлелі ретінде «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты ұлттық байқауды айрықша атап көрсетуімізге болады.
Қазіргі таңда өзім де «Ақ жолдың» қолдаушыларының бірі ретінде ағайын туыс пен дос-жарандар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатқан жайым бар. Егер де сіз еліміздің болашағын ойлайтын болсаңыз, онда «Ақ жолға» дауыс беріңіз! Өйткені, «Ақ жол» елдің болашағын ойлайтын адамдардың партиясы!
Ақылбек ШАЯХМЕТ, ақын:
«АҚ ЖОЛДЫҢ» ҚАТАРЫ ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІМЕН ТОЛЫҒАТЫНЫНА СЕНЕМІЗ
«Ақ жолды» еліміздегі «Нұр Отаннан» кейін тұрған белсенді партиялардың бірі деп есептеймін. «Ақ жол» партиясы әу бастан-ақ ел экономикасының ілгерілуі жолында қарқынды қызмет етіп келе жатқаны көпке аян. Сонымен қатар, қазақ халқының рухани дамуы да – бұл ұйымның басты назарында. «Ақ жол» партиясының атынан алдағы аламанда бақ сынайтын үміткерлердің қатарында Қазыбек Иса бастаған зиялы қауым өкілдерінің бар екендігі көңіл қуантады. Осындай қарымды қаламгерлеріміз мәжілістің төрінен табылса, қазақ әдебиетінің айналасындағы қордаланып қалған мәселелер оң шешімін табады деген ойдамын. Яғни, ақын-жазушыларды толғандырған өзекті мәселелерге де билік құлақ түреді деп сенеміз. «Ақ жолдың» елдің артқан сенімін ақтай отырып, жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектеспіз. «Ақ жолдың» жолы болсын!Берік БЕЙСЕНҰЛЫ, «Айқын» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, Мәдениет қайраткері:
Елдің жайын ойлайтын ерлер керек!
Бұған дейінгі Мәжілістің бесінші шақырылымында парламенттегі «Ақ жол» партиясының қалаулылары өте жоғары деңгейдегі сапалы және сауатты дайындалған, әбден зерттеліп барып ұсынылған депутаттық сауалдарымен көзге түсті. Бұл жолы «Ақ жол» партиясынан депутаттыққа үміткер ретінде бірқатар елге танымал азаматтар ұсынылыпты. Олардың арасынан Қазыбек Исаны ақын ретінде де, азамат ретінде жақсы танимын және оның ұлт үшін атқарып жатқан іргелі істерін жоғары бағалаймын. Ол «Қазақ үні» басылымы мен ақпараттық порталын халықтың еркін мінберіне, пікірталас алаңына айналдырды. Меніңше, қазақ Мәжілісіне елінің жайын ойлайтын ерлер, қашан да қазақ үшін қарқынды жұмысынан бір сәт танбайтын қайраткер азаматтар баруы керек деп есептеймін. Сондықтан халық өз таңдауын бірден жасауы керек. Демек, халық өз таңдауын жасағанда қателеспейді деп ойлаймын.
Дайындаған: Гүлмира Садық
"Қазақ үні" газеті
Материалдың жариялану ақысы "Ақ жол" партиясының сайлау қорынан төленді
qazaquni.kz