Сатқындық философиясы
2016 ж. 04 наурыз
2673
0
Дүниенiң мына мазағын қараңызшы: бiз Пржевальскийдi пiр тұтып, өзегімізді үзiп, үздiгiп қаламыз. Көшпелiлер әлемi – ол болмаса замана тылсымына батып кететiндей сезiнемiз. Даламыздың түз тағысына, қаламыздың гүлзарына оның атын бердiк. Ал ол бар болғаны – сырты сұлу, қалың мұртты, тәкәппар, мақтан сүйгiш, құмаршы (картожник), империяның сесiн өз сесiм деп түсiнген әскери барлаушы ғана. Ғылымда Прежевальскийдiң пiкiрi, ойы, ұсынысы, жаңалығы деген атау кездеспейдi. Тек, зеңбiректiң күшiмен, әскери қазынаның ақшасымен, жазалаушы жансыз жасауылдардың күшiмен жаһанды кезiп, жағырапиялық және әскери бекiнiстердi картаға түсiрушi ғана. Өйткенi, ол өзiнiң кәсiбiн, өзi аралаған жердi, өзi көрген елдi сүймеген. Керiсiнше, үнемi жеккөрiнiшпен қараған. Әйтпесе суын iшiп, тұзын татып, нанын жеп, шарапатын көрген жұрт туралы: «Тумысынан топас, жалқау, барлығына немқұрайлы қарайтын көшпендiлердi, қалай қойды итше үргiзуге болмаса, оларды да толыққанды өркениет адамына айналдыруға болмайды. Тiптi, өзiнiң иен даласында өзiнше «бақытты өмiр сүрiп жатқан соларға, өркениеттi өмiрдiң қажетi де жоқ,» - деп жазбас едi. («Современнное управление Азией», «Русский вестник»,1886 декабрь, стр.476-481) Мұны Шот-Аман ағамыз да ашына жазыпты («Елiм-ай», «Е.Ә», 1999, 7 мамыр). Осындайда Төлеужан Ысымайылұлының: «Аға!» - дедiк , туымызды оң ұстар, «Баран!» - дедi, сонда бiзге орыстар!»- деген сөзi ойыңа түседi. Сен құшағыңды аша ұмтылсаң, ол пышағын сұғады! Ал ендi Прежевальскийдi осыдан кейiн қайтып жақсы көресiң. Керiсiнше, маған ендi ол мұрты едiрейген «есер, есiрiк, мақтаншақтың» (Абай) нақ өзi боп көрiндi. Өйткенi, ойы саяз, танымы таяз, жаны ашымас, атақ қуған әуселесiз, көкiрегi қуыс бiреу екенi байқалып қалды. Ойлы адам болса, тым болмаса, сол өзi көрген адамдардың тағдырына, тiршiлiгiне, көшпелi дүниенiң заңына, көмiлiп қалған тарихына назар салмай ма! Ал оның жетi атасы мойынтырықты мойнына салып, жаяу жер жыртып жүргенде көшпелiлер құланның құлағыңа ойнап, шыбар ала тарпаңды қыздың жасауына жетектетiп берiп жүрген (Шыңғыс хан бөрте құланнан жығылып мерт болған). Енеңдi ұрайынның ендi соларды өзi будандастырып шығарғандай: «Прежевальский жылқысы» - деп иемдене кетуiн қарашы. Қайран, Тәңiр тау! Сен де «Тянь-Шаньский» боп бiр мұртты әккi алаяқтың қанжығасында кеттiң-ау! Картадан ұтылып қалған ақшасын өтеу үшін саяхатқа шыққан. Келген соң ол ақшаны картаның ойынына салған. Біздің тарихымыз осылай картаның ойынына айналған. Бiле бiлгенге бұл да философия. Сатқындық философиясы! Мұнда саясаттан көрi сананың арандатуы басым. Сана мен ақылдың өзi арандалып тұр!
Тұрсын Жұртбай, "Күйесің жүрек, сүйесің..."
qazaquni.kz