Бүгінгінің баласы
2010 ж. 14 желтоқсан
2346
0
– Ағай, жаңа өтіп кеткен ақ «джипті» көрдіңіз бе? Сол менің ағайым ғой. Тоқтамай кетті. Өзінше «джип» мінгенге «крутой» болғысы келеді. Өзі сондай мақтаншақ. Менің әкемнің машинасы оның машинасын таптап кетеді. «Хаммер» деген машинаны білесіз бе? Жынды ғой.
– Әкең не қызмет істейді.– Сот қой. Шешем мектептің директоры. Мамамның «тойотасы» бар. Соңғы маркасы. Мына үйді көрдіңіз бе? Біздің де осындай дәу үйіміз бар.
– Қаншасыншы сыныпта оқисың? – Үшінші – Қай мектепте? – Абайда – Абайдың кім екенін білесің бе? – Ой, ағай мен ондайға мән бермеймін. – Мұғалімдерің үйретпей ме?Үйретеді ғой. Маған бәрібір. Бірдеңе десе, әкеме айтып быт-шытын шығартам. Сыныпта балалар да менен қорқады. Ағам полиция.
– Қазақ сыныбында оқисың ба? – Иә.– Бұлай сөйлеуді қайдан үйрендің? Қазақтың сөзін сұмдық бұзып сөйлейді екенсің. «Қырып жіберем, жойып жіберемің» көп.
– Ағай, «крутойлар» осылай сөйлейдіОның қып-қызыл өтірік айтып келе жатқанын сезіп тұрмын. Жасөспірімнің қылығы мені қатты таңдандырды. Әрі біртүрлі бойымды үрей биледі. Бүлдіршіннің арманы асқақ болса, елдің де болашағы жарқын болмақ. Сананы тұрмысқа билеген қоғам жаны соншалық аңғал бүлдіршінді өмір-өзеннің қайраңды жағалауына қарай ығыстырып бара жатқан жоқ па? Адамның ең басты құндылығы инабаттылық пен ізгілік сынды көзге көрінбейтін бірақ санамен сезетін қасиеттер «джиптердің» доңғалағы мен зәулім үйлердің табанында тапталып жатқан жоқ па? Білімді баланың, баланың емес біз періште санайтын бүлдіршіннің дүниеауи аурумен тым ерте дімкәстанғаны, болашақтағы созылмалы рухани тоқыраудың алды емес пе? Әулие әл-Фарабидің «Балаға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», – деген сөзін осы уақытқа дейін түсінбей келген едім. Қателескендей көрінетін де тұратын. Баланы тәрбиелеу үшін бірінші білім беру керек емес пе?! Білімді адам тәрбиелі болмас па, деп ойлаушы ем. Мына бір бұлдырықтай бүлдіршінмен аз-кем тілге келіп қалғаным, ұлының ұлық қасиетіне қайта тәнті етті.
Жалпы қоғамдық ойды қалыптастыратын білімділер. Әкімдер. Кәсіпкерлер. Елге үлгі болуға тиіс жан-жақты жетілген тұлғалардың «өзінде бармен көзге ұруы» кейінгі ұрпақтың санасын улап, мынадай жартыкеш күйге алып бара жатқаны, ақырзаманның сарыны емес пе екен? Өзін ғана ойлайтын, өзгеге жаны ашымайтын тек материалдық құндылықты өмірдің мәні деп түсінетін тырнағы өскен түйсік, адами асыл қасиеттердің тамырын қиып жатқан жоқ па екен? Сауал көп. Жауабын аласұрып іздейсің? Болашақтан үміт күтейін десең бүлдіршіннің бүлдіріп жүргені анау?
... Жасып қалған басым мектептің есігін жасқана аштым. «Менің елім, менің жерім, жырың болып төгілемін, гүлің болып егілемін» деп топ бүлдіршін әндетіп жатыр екен. Тынысым ашылғандай болды. Тынысымыз тарылмасын.
Ерғазы Манапұлы