«ҚАРА ЖОРҒА” ҚАЙ ШЫМБАЙЫҢА БАТТЫ, МЕНДИКУЛОВА?!.
2016 ж. 03 наурыз
3726
7
Жатқа да керегі қазақтың арасына жік салу. Алайда қазіргі таңда алыстағы ағайынды отанына оралтудың екінші керуені қоңырауын қағып жатқанда жағымсыз, сумақы сөздер жаныңды түршіктіреді. Мәңгілік ел ретінде бас көтерген қазақ бәйтерегінің тамырын кеміргісі келетін қарабас құрттар қаншама?! Тәуелсіздік тұғыры – бар қазақтың тілеуі, жатса-тұрса күбірлейтін дұғасы!
Гүлнар Меңдіқұлованың «Каравандағы» сұхбатына жауап
Гүлнәр қарындас, екеуіміз Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бауырында диаспораның пұшпағын біріміз орысша, біріміз қазақша илеп едік. Онда сен қазақшаға қақалып сөйлейтінсің. Мен орысшадан одағайлап жүретінмін. Сенің қазақ тақырыбын қаузағаныңа сырттай тілеулес болдым. Десе де, екеуіміз бір есіктен кіріп шықсақ та екі ұлттың өкілі сияқты шүйіркелесе алмайтынбыз.
Өсекке көп ілінгенімен өзегінде жамандығы жоқ Талғат Мамашев бір жолы маған: «Меңдіқұлованың әкесі қазақтан шыққан көрнекті архитектор Малбағар Меңдіқұлов деген кісі болған. Өзі академик Манаш Қозыбаевтың алдын көрген талапты қыз. Енді міне диаспора тақырыбын көтеріп жүр» деп сені мақтағаны бар. Тіпті қауымдастық тарапынан алынған ғылыми тақырыптарды қорғап еңбек жазғаның үшін мемлекеттік бағдарламаға да бір кітабыңды кіргізгенбіз сол жылдары.
Әрине, бұл өзі талас-тартысы көп ауқымды тақырып болғасын аусай түсіретін кезі де көп. Жазғандарыңның басым бөлігі жақсы, айғақты дүниелер болғанмен, қолыңа іліккеннің бәрі майлы жілік болмады. Талғаусыз пайдаланған кей әдебиетіңде үстірт дүниелер де кезігетін. Бірақ қазақ үшін ғой деп, әсіресе, тағдыры тарыдай шашқан шеттегі бауырларға қалам тартқаның үшін кешіріммен қарайтынбыз, қорғайтынбыз.
Айналайын-ау, енді мына сорақы сөздеріңді оқып, аңырып отырмын. «Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым» дегендей қазақ деп қан жылап жүр екен десек, жұрттың ойына кірмейтін сөздер айтып, «арғы» қазақ пен «бергі» қазақтың ортасына от лақтырғандай, бұл қай қылығың! Қазақтар сөнген оттың орнында қалған күлді үрлеп, өшкені жанып, өлгені тіріліп жатқанда барын жоққа шығарып, «Қара жорға» хақында ғайбат, күпірге барасың.
Қыз балаға бұлайша айту ұят та шығар. Кешір, айналайын! Ғалымдықты қағаз бетіндегі жаттанды әдебиеттен іздеп даланың тастарына қашалған, мүк басқан жартастарға үңілуге шамаң келмеген шығар. «Қазақ-моңғол бір киіз туырлықпыз» деп, арасына аудармашы салмай, бір түркінің шаңырағында жүрген бағзы күндегі ортақ мәдениетінің сарқыты болған «Қара жорға» қай шымбайыңа батты!? Оны зерттеу үшін орысша ойлауың жетпейді, шырағым. Манаш ағаның алдын көргенің шын болса, ол кісі мұндайыңды білгенде, баяғыда-ақ ұлтты залалсыздандырудың жолын ерте қарастырар ма еді, қайтер еді!
Әлем өркениетінің көшіне таза қанымызбен, текті болмысымызбен кірсек деп жанталасып жатқанда, барды жоқ қылуға талпынған қарындас-ау, тектілігіңе сенген түріміз осы ма! Мынау сенің сөзің бе, емес пе білмеймін. Сенгім де келмейді. Мынадай жолдар жүр, сіз айтыпсыз: «Қара жорғаны» бізге қытайдың қазақтары алып келді және озбырлы түрде қазақ мәдениетіне сіңістіре бастады. Бидің музыкасы бір сарынды, қимыл-қозғалысы бір қалыпты… Бабаларымызда жауынгердің рухын паш ететін әскери салт-дәстүрлік билер болған. Олар бірсарынды, бірқалыпты емес және «Қара жорғаға» түк қатысы жоқ... Бұлай демес едім. Бірақ, «Қара жорғаның» адамды трансқа түсіретін ерекшелігі бар. Себебі, мұндағы қимыл-қозғалыс медитацияға жақын және адамның психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін. Қазақстанда бұл би алғаш рет 1932 жылы «Айман- Шолпан» спектаклінде орындалған. Алайда Қытайдан тарихи отанына көшіп келген қазақтар бізге моңғол биін алып келді. Бұл би Қытай мен Моңғолиядағы қазақтар арасында кең таралған. Мұның бәрін көріп, біліп отырған адам ретінде үнсіз қала алмадым».
Гүлнәр қыз, Сіз ең алдымен қазақ болып ойлап көріңіз, сосын қазақ болып, осы биді білмесеңіз де, білмек талаппен билеп көріңізші. Қандай қимыл-қозғалысы ұнамады? Сізше, күйексіз текеше селкілдей жөнелетін өзге билер немесе жалаңаш кіндігін жарнама етушілер өрескел көрінбей, бүкіл буын-буынды әдеппен қозғайтын тағылымды би – "Қара жорға" ерсі көрінді ме?
Енді бірде: «Биге қатысты қандай да бір тарихи деректер бар ма?» деген сауалға: «Жоқ, бірде-бір жерде қазақ жігіттерінің «мас адамша қозғалып» билегенін кездестіргем жоқ. Біздің, көшпелілердің табиғаты мұндай «мас» қимыл-қозғалыспен үйлеспейді» депсіз. Сіз қанша көшпеліні көрдіңіз, зерттедіңіз? Көшпелі табиғаттың иісі мұрныңызға келе ме? Әлде империялар илеуінен шығып, редакциялық өңдеу арқылы өз қолыңызға тиген дүмбілез дүниелерді әлі ақиқат санап жүрсіз бе!? Тәуелсіз сананы түп төркінге бұрып еркін ойлай бастаған бүгінгі қазақтың бетбұрысынан қалтарыста қалдыңыз ба!?
Одан ары қарай: «Мұндай мәлімдеме жасаудан қорықпайсыз ба?» деген сауалға: «Қазақ мәдениетінде мұндай бидің жоқ екенін біле тұра неге қорқамын? Мені қолдайтындар көп. Себебі, адамдар бұл бидің өздеріне жат екенін сезеді. Сізге, Эйфель мұнарасын қазақ салды десе сенбейсіз ғой, солай емес пе? Бұл да сол сияқты» деп қисынсыз пәтуа іздепсіз. Сізді де оқыған, тоқығаны көп қазақ қанды дейді-ау. «Қара жорғаны» тәуелдеу мен «Эйфель мұнарасының» арасы жер мен көктей. Ойлау тереңдегігі, логика, философиялық талдау тұрғысынан қарағанда сіздікі «Қожанасырдың жауабы» болған. Және де «өзің білме, білгеннің тілін алма» дегендей, «адасқанның алды жөн, арты соқпақ» болған. Өз сөзіңізді шындық деп біліп, шіренгіңіз келеді.
Сонымен, Гүлнәр қарындас, сіз әбден шаршаттыңыз. Мені емес, менің халқымның тіліне, тарихына, өнеріне өгей көзбен қарағаныңыз үшін, ұлтты шаршаттыңыз. Бұл бұл ма, бұдан да сорақысы, ары қарай: «Қазақтардың Отанына оралуының басқа да себептері бар дейді…» деген екі ұшты сұрақ сізді басқа бағытқа жетелегендей. Әр екі жақтың күткен жауабы да сол шығар, Сіз «дымды да, ымды да» тез түсінесіз. Түсінбесеңіз,былайша жауап берер ме едіңіз: «Нені айтып отырғаныңызды түсініп отырмын. Кейбір сауатсыз ғалымдар: «Қандастар қазақ санын көбейту үшін көшіп келіп жатыр» дейді. Бірақ, 2015 жылға дейінгі деректі қарасақ, 24 жылда Қазақстанға 956 мың қазақ көшіп келген.Тіпті миллионға да жетпейді. Сондықтан бұл арада санды ойнатқан дұрыс емес», – деп шай ішіп отырған қыз досыңызға айтқандай, әңгіме ұшығын ары созасыздар: «Жергілікті халық оралмандарды жақтыра бермейтін жағдай қалыптасты «Оларға жер, баспана, жәрдемақы беріледі, сонда біз тоқалдан тудық па?» деген әңгімелер айтылады. Осы негативтен арылудың жолы бар ма?» дейді журналист отқа май тамызғысы келіп. «Іздегенге сұраған, тисе терекке, тимесе бұтаққа», сіз де қарап тұрмайсыз: « Екі жақпен де жұмыс істеу керек. Біріншіден, оралмандар өзін тәртіпті ұстауы тиіс. Кеудесін қақпауы керек және осында тұрып келе жатқан адамдармен жағаласпауы қажет. Әйтпесе, шынымен де осында келе сала ауыздары көпіріп: «Мен тарихи отаныма оралдым» дейді.
Оралдың екен, ел қатарлы өмір сүр. Жұмыс істе. Осындағы тұрғындардың асына таласпа...Осы оралмандарға жұмыс істеуге кім кедергі келтіріп отыр? Сосын олар бір жаман тенденцияны қалыптастырып алды. Бір нәрсе бола қалса, Президентке жазады. … Анығында, бір уақытта қазақстандық қоғамның қандастарға деген ниеті түзу еді, бірақ олар «қылық» шығара бастағасын оралманға деген көзқарас та күрт өзгерді».
Гүлнәр, қарындас жаңа ғана бір сөзіңізде «кейбір сауатсыз ғалымдар» деген сілтеме қолданыпсыз. Енді осы топқа сізді де кіргізу-кіргізбеу мәселесін ойлану керек сияқты. Себебі, сіз «диаспора» тақырыбын зерттеп, наныңызды содан тауып жеп жүріп, тақырыптың тақиясын ауыстырып аласыз. Осы топыраққа көшіп келгеннің бәрін «оралман» деп бір шыбықпен айдапсыз.
Жақсы білсеңіз керек еді: «Оралман – Атажұртына түбегейлі қоныс аударып келген этникалық қазақтарға берілетін уақытша мәртебе. ҚР азаматтығын алған соң олар «оралман» болып табылмайды» деген анықтаманы. Ел тарихына, жер тарихына, өз халқының өткеніне жаны ашып бүйрегі бұратын адамның аузынан: «оралмандар өзін тәртіпті ұстауы тиіс. Кеудесін қақпауы керек және осында тұрып келе жатқан адамдармен жағаласпауы қажет. Әйтпесе, шынымен де осында келе сала ауыздары көпіріп: «Мен тарихи отаныма оралдым» дейді. Оралдың екен, ел қатарлы өмір сүр. Жұмыс істе. Осындағы тұрғындардың асына таласпа...» – деген түйеден түскендей сөздің шығуы қаншалық өкінішті!
Әумесерлеу бір еркектің аузынан шықса: «ой, дөрекі, көргенсіз. Жапалақ құс мақтанса жардан тышқан алдым дер, жаман адам мақтанса, жақсының аяғынан шалдым дер. Не шатадан туған тексіз біреу, не жақсыдан туған жаман біреу» деп, жатта кеп балағаттар ма едік?!. Айналайын, қарындас, тойған тоқтыдай томпиған түріңді көріп, саған бірдеме деуге аузымыз бармайды. Мүмкін, байқаусызда доңыздың шұжығын көбірек жеп қойып, ұшынып кеткен жоқ па дегенді де ойлап қоям. Ұлтын құраған халықты «оралман», «осындағы тұрғын» деп бөлуің, араздыққа бастар сөзді айтуың қандай жаман! Енді-енді ел болдық па деп, етек-жеңімізді қымтап, есімізді жия бастағанда.
Кеше ғана Алғыс айту күні мерекесінде өзге ұлт өкілдері көзіне жас алып: «біз телім-телім болып, қаңғырып келгенмізде осы қазақ халқының мерейлі құшағында аман қалып өсіп-өндік» деп елжіреп еді. Олармен өз бауырларымызды салыстырып көрейікші. Қайсы оралман «кеудесін қағып жүр», қайсысы «осындағы тұрғындардың асына таласып жатыр?» . Қайта тұрғылықты бауырларымен әр түрлі нағашы-жиен, құдандалық жолымен балдай батып, судай сіңіп, қазақ болмысын әрлеп жатқан жоқ па!? Шетел қаржысының, тауарының осы елге құйылуына мұрындық болып, заттық және рухани жыртығымызды жамауға өз үлесін қоспады ма?! Қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, қазақ қазанын қайнатуға өз әлінше еңбек етіп жатыр ғой.
Елбасы шеттегі қазаққа бүйрек бұрады, жаны езіліп шақырғаны да рас. Елбасы «ана» қазақты жақсы көріп кетті ме деп араға от тастаған өгей ойлылар болған шығар. Жатқа да керегі қазақтың арасына жік салу. Алайда қазіргі таңда алыстағы ағайынды отанына оралтудың екінші керуені қоңырауын қағып жатқанда жағымсыз, сумақы сөздер жаныңды түршіктіреді. Мәңгілік ел ретінде бас көтерген қазақ бәйтерегінің тамырын кеміргісі келетін қарабас құрттар қаншама?! Тәуелсіздік тұғыры – бар қазақтың тілеуі, жатса-тұрса күбірлейтін дұғасы!
Мүмкін, жат жұрттан бұйырған көп сыйлық сіздің де «тіліңіздің ұзаруына» себеп болған шығар. Халықаралық кейбір топтар мен марапат берушілердің өз ұлты мен мемлекетін жаман көрсетушілерге де көбірек бүйрек бұратыны бар емес пе. Айналайын, Гүлнәр! Біз бір сөзді жаңылып айтсақ, үлкендер: «аузына шайтан салған шығар, жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» дейтін еді.
Сен өзің жаңылдың ба, өзгені жаңылдырдың ба? Өзің сүріндің бе, өзгені сүріндірдің бе?! Жәй біреу айта салса, бұлайша бүлінбес едік. Жұрт алдында жүрген диаспора тақырыбын зерттеп жүрген ғылым докторы, профессор Г.Меңдіқұлованың сөзі дегесін, жасың менен үлкен болса да, ағалық айбатпен айтуыма тура келді. Қарындас дегенім, қызды сыйлаған қазақы бауырмалдығым, жақын тартқаным. «Енесі тепкен құлынның еті ауыра ма», ол жағы саған сын!
Айналайын, Наурыз тіршіліктің басы, адам түгілі «Самарханның көк тасы ериді» дейтін қасиетті ай ғой. Аңдаусыз айтсаң сөзіңді қайтып алғын! Бір адамның кешіре салуы оңай-ақ. Бірақ жазылып бітуге айналған жарасын қайта тырнасаң, халықтың ғазалын қозғарсың. Көз жасы енді ғана құрғаған халқымыздың онсызда көргені аз ба еді!? Қыз баланы, әйел заты – ананы жамандыққа қимаған елміз. Алладан тәупиық сұрайық!!!
Жәди ШӘКЕНҰЛЫ жазушы
Дерек көзі: БАҚ.кз