Зуқа батырдың Оспанды сынап, бата беруі
2016 ж. 19 ақпан
8584
2
Зуқа батыр Сәбитұлы қазақтың қанды күндерінің куәсі болған тарихи тұлға. Зуқа батыр мен Оспан батыр бір дәуірдің ғана адамы емес, бір таудың бөктеріндегі қос көкжал еді. Зуқа 1866 жылы Зайсан жерінде туғанмен балалық, жастық дәуірі Өр Алтайдың Көктоғайында өтті. Ол туғаннан кейін араға 33 жыл салып, 1899 жылы осы өңірде Оспан Сіләмұлы дүниеге келді.
Оспан ер жете бастағанда, Көктоғайдың Күртісінің аяқ жағындағы Екіқызыл деген жерде Ақтастыдан көмей алып, егін салған. Әкесі қыста өзен бойына қыстап, жазда жайлауға барғанда Оспан ойда қалып, егіншілікпен шұғылданатын.
Сол кезде Оспан қайны Жарымбеттен бір ат әкеліп, егін басында жатқанда, Зуқаның жігіттері атын ұрлап мініп, зорықтырып далаға тастайды да, ат өледі. «Мал ашуы – жан ашуы» болып жүрген сол күндердің бірінде бір топ ұры әкесінің жылқыларын қуып кетеді. Ұрылардың соңынан атын жайдақ мініп, қуып барған Оспан Шұңғыл Қайса, Томажан, Кәрмен, Төлегетай бастаған ұрылардың бәрін бірдей ұрып жығып, байлап әкеледі. Ұрылардың тағы да Зуқаның жігіттері екенін көрген әкесі қоя бергізеді.
Жалғыз өзі бес бірдей жігітті ұрып жыққанын естіген Зуқа Оспанды шақырып алады.
– Оу, балам, бес кісіні бірдей қолға түсіргенің рас па? – дейді.
– Рас, – деп, Оспан шұңғыл Қайса бастаған бес тентектің айыбын мойындатады.
– Рас болса, далада бір мас жатыр, соны әкеліп анау төсекке жатқыз, – дейді Зуқа.
Оспан сыртқы іргеде серейіп жатқан алпамсадай біреуді бас салғанда, анау мас емес екен, жағаласа кетеді. Оспан да күш жинап, алыптың қол-аяғын сығымдап көтеріп әкеледі де, үйдің оң жағына күрс еткізеді.
– Жарайсың, балам! – дейді батыр. Әлгі алып мас емес, Оспанды сынамаққа жатқан Омырауқара деген балуан екен. Батыр қажы Оспанды үйіне қондырып күтіп, ертеңіне ат мінгізіп, асылдан шапан жауып, терең ойға шомып, күбірлеп біраз отырады да, ішіп отырған шәйін ұсынып, былай дейді:
– Е-е, балам, кештім тентектігіңді. Сіләмнің басын оңға қаратады екенсің. Бір тентексіз ел де текті болмас. Келе-келе керейдің кержақ биі атанады екенсің. Атағыңды естіп, алты алаш елеңдейді. Одан соңғысы ма, соңғысы... Әттең, кеш, арты бұлыңғыр, көзім жетпейді... Байқа, балам, байқа! Аса қайрат бас жарар, – сөзінің аяғын жұтып барып тоқтайды да, «Ері жоқ – ел жетім», Аллаһ алдыңнан оңғарсын, жортқанда жолың болсын! – деп бата береді.
Мұсылманшылықпен айтқанда Зуқаның құлағына періштелер сыбырлап тұрды ма, әлде оның айтқанына періштелер: «әумин!» деді ме, айқаны аумай келеді. Оспан батыр шынында атақты батыр болады, айқанынан қайтпайтын ер жүрек дала перзенті тік тұрған қалпында жүрегін оққа төсейді.
Зуқа батыр да бас имеген күйі шаһитттік табады.
Биыл сол Зуқа батырдың туғанына 150 жыл толса, Оспан батырдың өмірден озғанына да тұп-тура 65 жыл болыпты.
Ұлт рухын жоқтаған баһадүрлердің батырлық дәстүрі ұрпақ бойына ұлағат, ерлік сыйласын деп тілейік!
Жәди ШӘКЕНҰЛЫ, Жазушы
qazaquni.kz