ДАҢҒАЗА ДЕМОКРАТИЯ ДАМУДЫҢ ЖОЛЫ ЕМЕС
2016 ж. 19 ақпан
6458
15
Басты құндылықтарымызды неге жоғалта бастадық?
Қандай қоғам болмасын оның дамуы немесе керісінше құлдырауы бірінші кезекте сол ортада өмір сүріп отырған адамдарға тікелей байланысты. Демек, әрбір адамның сана-сезімінің, біліктілігі мен білімінің, мәдениетінің деңгейі және белсенділігі сол қауымдастықтың даму дәрежесін айқындайды. Қоғам мүшелері неғұрлым білімді, мәдениетті, белсенді болса, ол солғұрлым тез дамиды. Сонда ғана өз елінің кері кетуіне жол бермей, алға қойған биік мақсаттарға жетеді. Бұл ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін қағида. Осы тұрғыдан алғанда біздің қазақ қоғамы қандай күйде, ұлттық ұстаным мен бұқара белсенділігі қай деңгейде? Оған кім жауап береді?..
БІЗ КІМНЕН ҮЛГІ АЛЫП ЖҮРМІЗ?
Адамзаттың дамуына жол ашатын бағыттардың бірегейі - демократия деп жүрміз. Демократияның түпкі мағынасы - халықтық қоғам, оны бұқаралық басқару дегенді, әрбір мүшесіне деген әлеуметтік лайықты жағдай мен құқықтық шынайы теңдікті білдіретіні бағзы заманнан белгілі. Бүгінгі күні әлемдегі елдердің басым бөлігі дәп осындай қоғам құруға ұмтылуда. Бірақ, оның нақты орындалу барысы әр мемлекетте әрқилы. Толық мағынасындағы демократиялық қоғам жұмыр жер бетіндегі бірде-бір мемлекетте орын ала қойған жоқ. Тіпті өзгелерге ақыл айтқыш, "Демократия жасасын!" деп даурығатын атышулы Американың өзінде мұндай қоғам қалыптаспаған, тек оның алғашқы белгілері ғана бар деуге болады. Олардың демократиясы тек аузында ғана, одан қалды басқаларды "үйрету" үшін ғана жасандылық пен көзбояушылықтан тұрады. Демократияны бетперде етіп, өз мүдделерін іске асыруға пайдаланып келеді. Сөзіміз дәлелді болу үшін бірнеше ғана мысал келтіре кетейік. Бәріміз үлгі тұтып жүрген аталмыш елде өткен ғасырларда байырғы тұрғындар үндістерді қырып, жерін басып алғаннан бастап осы күнге дейін нәсілдік кемсітулер орын алып келеді. Американдық полицейлердің қалаған кезінде қара нәсілділерді заң бұзды деп ата салу фактілері жиі кездеседі. Тек қана қараларды емес, тіпті осы елдің заңынан бейхабар шетелдік азаматтарды да аяусыз атқан оқиғаларды жақсы білеміз. Оның ішінде біздің де қарағандылық жерлесіміз болды. Бұл адам құқығын бұзудың бірінші белгісі. Қатардағы қарапайым халықтың еңбегін қанау, оларды жұмыссыз қалдыру күнделікті көрініс. Байлары шалқып өмір сүріп, кедейлері көпірдің астында түнеп, көшеде қайыршылық жағдайда күн кешуі де осы елде. Басқасын былай қойғанда, үнемі әлем назарындағы мақтаулы американдық атышулы "Оскар" сыйлығының өзі актерлерге алаланып беріледі. Мысалы, арасында талантты актерлері жетерлік болса да қара нәсілделілердің кино жұлдыздарына міне жиырма жыл бойы бірде-бір сыйлық бұйырмаған екен. Адам құқығы сақталмаған жерде демократия туралы әңгіме айтудың өзі артық. Іштей іріп-шіру олардың қоғамында да кеңінен көрініс тапқан. Сыртқы саясатының да сықпыты белгілі. Өздері ядролық қарудан бас тартпай тұрып, басқа елдерге осы қаруды жасап жатырсыңдар деп санкция жариялауды неге жатқызуға болады? "Демократия жоқ сендерде" деп бөгде елге өз әскерлерін кіргізіп, күштеп "тәртіп" орнату да демократиялық принциптерге жата ма? Осының бәрінің негізінде өзге елдердің, оның ішінде қазіргі саяси жағдайды ескерсек, Таяу Шығыстағы мемлекеттердің пайдалы қазбабайлықтар арқылы жедел дамуын көреалмаушылық, бізден озып кетпесін деген іштарлық, тек қана өз мүддесін ашықтан-ашық қорғау жатыр. Ақыл айтып, көсемсімес бұрын кім де болса алдымен өзіне қарап алу керек шығар. Басқа жерде соғыс отын тұтандыру, арандату ешқандай адами заңдылықтарға сиымсыз саясат. Жер бетінде бейбіт өмір болмаса қайдағы демократия?! Біз бас иетін Батыс, біз табынатын Американың бұл шынайы келбеті. Батыс басымен жүреді екен, Америка аяғымен шоқынады екен деп біз де күлге аунауымыз керек пе? Өзгеге еліктеудің де өз орны, өз жөні бар. Демократия деп әркім білгенін істесе ондай қоғамда өмір сүрудің өзі азапқа айналары анық. Сондықтан олардың озық үлгілерін үйреніп, жақсы деген жақтарын қабылдап, жаманынан жиіркенуіміз аса қажет.
ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫ ҚАЙДА БАРАДЫ?
Елімізде ештеңе жоқ деп құрғақ шөппен аузымызды сүрту - қисынсыз. Әр түрлі салалар бойынша ілгерлеу бар екені анық, оны жоққа шығаруға болмайды. Еліміз дамып келеді, бірақ қазақ қоғамында еліктеу басым, оның соңы қайда апарып соғарына мән беруден қалдық. Шынын айтсақ сол Америкаға қарағанда біздің елімізде демократия сонау атамзаманнан бері әлдеқайда жақсы дамыған. Неге десеңіз, сол демократиялық принциптердің, талаптардың бәрі біздің ата-бабаларымыздан келе жатқан салт-дәстүр мен тәлім-тәрбиенің негізінде жатыр. Адам еңбегін қанамау, қастандық, ұрлық жасамау, өтірік айтпау, үлкенді сыйлау, қысқасы біреудің ала жібін аттаму керектігі біздің бағзы заманнан бергі қалыптасқан қағидамыз болып келген. Демек, демократияға американдықтарды қазақтар үйрету керек-ті. Өкініштісі сол, ата-баба салт-дәстүрін, тәлім-тәрбиесін жоғалтып барамыз. Батыс не істесе де бізге сол керемет жаңалық, озық үлгі болып көрінеді. Жақсы-жаманын айырмай жатып өзімізге күштеп теліп, содан кәдімгідей "бағалы бастама" жасаймыз, жаңалық ашқандай боламыз. Бесіктен белі шықпаған бала іспетті, ойланбастан соны қайталаймыз. Ондай жат қылықтар ғаламтор, күнделікті көріп жүрген кино, тағы да басқа ақпарат құралдары арқылы санамызды улап жатыр. Оған тосқауыл қойып жатқан билікті көрмедік. Өзіміздің ұлттық салт-дәстүр, тәлім-тәрбие, мәдениетіміз бен өнерімізге, ғасырлар бойы қалыптасып уақыт сынынан өткен құндылықтарымызға жүре қарайтын болдық. Бір сөзбен айтқанда ұлттық идеология қалыптастыра алмай отырмыз. Бұл өте өкінішті, оның салдарын әлі алда көретін боламыз. Уақытында шұғыл шара қолданбасақ, ертеңгі күн кеш болады. Өйткені адам санасын қалыптастыру зауыт-фабрика салуға, экономиканы көтеруге қарағанда анағұрлым күрделі, әлдеқайда қиын іс, оған ұзақ уақыт керек. Бұған да бірнеше мысал келтірейік. Жақында өзбек ағайындар шеттеткен, елінде анайы қылықтарымен көзге түскен Тамила деген әнші бізге бас сауғалып келді деген хабар әлеуметтік желіні жаулап алды. Жұрт қыз емес, құбыжық келгендей бұл жаңалықты іліп алып біраз әңгіме етіп, сан-саққа жүгіртті. Тіпті өзбектерді артта қалған деп көрші мемлекетті кінәлағандар да табылды. Біздің қазақтардың Тамилаға несіне таңғалғанына қайран қалуға болады. Сырттай қарап саралаған адамға жығылып жатып, сүрінгенге күлгендей болып шыға келдік. Сахнада да, көшеде де жартылай жалаңаш шауып жүрген "жұлдыздар" өзімізде де өріп жүр, жетіп артылады. Біз өзбектердің бір жалаңаш қызына жүз жалаңаш "жұлдыз" беруге толық мүмкіндігіміз бар керек болса. Сол да қызық болып па? Керісінше, ұлттық салт-дәстүрді бұзған қыздың бұрымына қоңырау байлап жіберген өзбек бауырларымыздан үлгі алуымыз керек шығар. Бұл бірінші рет емес, кезінде дұрыс киіне алмаған, ұлттық салт-дәстүрлеріне пысқырып қарамаған Азиза деген аруы Ресейді паналаған болатын. Өз халқының көңілін қалдырған ару жат жерді де жетістірген жоқ. Басы пәлеге қалып, ақыры жұлдызы жанбай жатып өшіп тынды. Ал жарты ғасырға жуық сахнада жүрген атақты "Ялла" тобы үстерінен ұлттық киімдерін тастаған емес. Ресейдің төрінде, Батыстың алдында болсын өз халқының ежелгі өнері мен салт-дәстүрлерін көрсетумен келеді. Міне, бұл салт-дәстүрді сақтап, ұлттық мүддені берік ұстану деген сөз. Бізде ше? Бізге ұлттық киімнен бұрын алдымен жалаңаш денемізді жабудың өзі мұң болып қалды. Шетелдік еріккендерге еліктеуден қашан құтыларымызды бір Құдай біледі. Айтайын дегеніміз, адамдарымыздың ұсақ-түйекке үйір болып кеткені қынжылтады, тіпті қорқытады. Айталық, бір "жұлдыз" киімін теріс киіп шықты делік. Міне, бұл біз үшін қазір әңгіменің әкесі, қызықтың көкесі. Әлеуметтік желі жарылып кете жаздайды. 50-60 мың рет оқылып, жүздеген пікірлер жазылып, жұрт бір жырғап қалады. Несіне жетіседі сонда? Сол да жаңалық болып па? Жаңағы "жұлдыз" деп жүргендері аспаннан түсіп пе? Ол да екі аяқты адам, ол да өзіміз сияқты пенде. Не құлаққа кірер, не көңілге қонар дұрыс даусы мен әні жоқ, шаштары жалбырап, саны жарқырап, үстіне киген киімінен адам шошиды. Көзіне таққан қара көзілдірігіне, немесе жартылай жалаңаш мүсініне мәз болатын сияқты қәзіргілер. Бүгінгі бағытымызға қарасақ жұрт алдына шығып бір-екі ән айтқан "жұлдыздың" жатқан-тұрғанын аңдуымыз керек екен. Бізде олардан басқа шешетін басқа маңызды мәселе қалмаған ба?.. Бүгінгі замандастарымыздың басым бөлігі театрдың табалдырығын аттамайды, есесіне түнгі клубтарды жағалағанды жақсы көреді. Қор-қор, наша тартып, жалаңаш қыздардың бағанды құшақтап бұралғанынан басқа түнгі клубтан қандай тәрбие алуы мүмкін? Ал, желіде салмақты ой айтып, қоғамның көкейкесті мәселесін жазғандарды жүз адам да оқымайды. Бұл нені көрсетеді? Біздің байқағанымыз, жұрт жеңіл-желпі өсекке, түкке тұрмайтын, мән-мағынасыз даңғаза әуендерге әуес болып алды. Қоғамның дамуына қатысты маңызды мәселеден бұрын, оларды бір "жұлдыздың" жеңіл жүріске салынып, басқа біреудің төсегінде түнеп шыққаны әлдеқайда қызық. Сонда олар үшін қоғамды кім дамытпақ? Олар да ортақ үйіміздің бір мүшесі емес пе? Жалпыға ортақ жасалған жақсылықты олар да пайдаланып жатқан жоқ па? Ал солардан қоғамға қандай пайда келіп жатыр? Бұл үлкен қауіптің төнгенін білдіреді. Өйткені бүгін қызық-думанмен жүрген жан қоғамның болашағы түгіл, өзінің ертеңгі күнін де ешқашан ойламайды. Дәп осындай пікірін тұрақты білдірумен келе жатқан Мұхтар Шаханов ағамыз дұрыс айтады. Бұқараның бетінің негізгі құнды мәселеге емес, жеңіл-желпі ойын-сауық, әзәзіл әнге бұрылуы қай ұлтқа болсын қауіп төндіреді. Бұл сонау ықылым заманнан бері белгілі. Ертедегі Шығыс аңыздарында айтылғандай, еліне ие бола алмай қалған патша уәзірінен ақыл сұрайды. Сонда данышпан уәзір "Халықтың бетін жеңіл-желпі ойын-сауыққа бұрып, майда-шүйде саудаға салып қой, өз басымен әуре болып кетеді" деген екен. Айтқаны айдай келіп, бұқара бас көтеріп, салмақты пікір білдірмек түгіл, күн көрудің қамымен, қайтсем тиын табамын деп тырбануға көшеді. Бұл аңыз ғана. Бірақ, әрбір аңыздың астарында ақиқат жататыны белгілі. Біз үкіметімізді халқына қастандық жасап, дәп осы жағдайды қалыптастырып отыр деуден аулақпыз. Осының бәрі, шеттен, сырттан келіп жатқан дерт. Бұл шет мемлекеттер тарапынан біздің халыққа қарсы жоспарлы түрде жүргізіліп отырған арандату, ұлттың санасын улау саясаты. Естеріңізде болса, бір кездерде шетелден келген миссионерлер ақша беріп, кейбір адамдарымызды өзге жат діндерге кіргізген болатын. Оған біраз шектеу қойылғанымен әлі де жалғасуда. Осы тектес арандатуға алдымен үкімет назар аударуы қажет. Халқының, елінің болашақ тағдыры толғандырса мұндай қауіп-қатерге тосқауыл қоюға міндетті. Ешқандай нәтиже бермейтін қаулы-қарар, тиімсіз заң-зәкөннен бұрын өзіміздің ата-бабадан келе жатқан ұлттық салт-дәстүрімізге бет бұрып, тәлім-тәрбие жұмысын дұрыс жолға қойғанымыз абзал. Қарапайым халықтың өзге дінге кіріп кетуі, ұлағат алар үлгісі жоқ жат салт-дәстүрге, мағынасыз мәдениетке еліктеушілік елімізде берік бағыттағы өзіміздің ұлттық идеологияның жоқтығын көрсетеді. Оған бір ғана үкімет емес, барлық саналы азамат жауапты.
САНАМЫЗҒА СЕРПІЛІС ҚАЖЕТ
Қазір біз шешуші кезең алдында тұрмыз. Алда барлық деңгейдегі депутаттарды сайлау болғалы жатыр. Өткен жылдардағы тәжірибеге сүйенсек, елдегі дауыс беруге құқылы адамдарымыздың кем дегенде 25-30 пайызы сайлау учаскелеріне мүлдем бармайды екен. Бұл өзі өмір сүріп отырған туған елінің тағдырына деген жауапсыздық. Одан қалды өзін-өзі сыйламау, тұлға ретінде өзінің түкке тұрғысыз екенін мойындау. Бұл адамдарымыздың белсенділігінің төмендігін, бұқараның бойкүйездікке бой алдырғанын көрсетеді. Менсіз де мәселе шешіледі деген бей-жайлықты байқатады. Бір ғана сайлау науқанында ғана емес, күнделікті тіршілікте де дәп солай. Қасындағылардың жемқорлықпен, ұрлықпен айналысып отырғанын көре тұра үндемейді. Көшеде біреуді ұрып-соғып, тонап жатса да сырт айналып жүре береміз. «Бұнымен айналысатын орындар бар, басымды бәлеге салып нем бар?» деп ойлаймыз әрқайсымыз. Ертең осы жағдай өз басына келетінін ескермейді. Мысалы, Германияда немістер көршісінің есік алдына келіп тоқтаған көліктің қозғағышынан май ағып тұрса дереу полицияға хабарлайды екен. Өйткені, халық қаражатына салынған асфальт бүлініп істен шығады деп есептейді. Біз сол көлікті тонап жатса да теріс қарап кетеміз. Айырмашылық бар ма? Бар болғанда қандай! Бізде ондай қоңыраулату «сатқындық» деп есептеліп, сүйегімізге сіңіп, әбден қалыптасып кеткен. Оның соңы әркімге, бүкіл қоғамға да таяқ болып тиетіні ойландырмайды. Сонымен қоймай «Бізде тәртіп жоқ, тиісті орындар жұмыс істемейді» деп өзгелерді кінәлаймыз. Сен пара бермесең, парақорлық пен жемқорлық қайдан пайда болады? Қылмыс атаулыны дер кезінде тоқтатуға өзің үлес қоспасаң, біз үшін көрші қытайлар келіп тәртіп орнату керек пе? Әлде алыстағы африкалықтар келіп біздің ішкі ісімізге араласуға міндетті ме? Осыған ұқсас жағдайларды күнделікті көзіміз көріп жүр. Бірақ, оны түпкілікті түзетуге деген ниет әлі де байқалмайды. «Тәрбие басы – тал бесіктен» дейді халық даналығы. Бүгін біз тек қана материалдық құндылықтарға құнығып алдық. Бұрынғы ата-аналар мен қадірменді қарияларымыздың «Алдымен адал, еліңе елеулі азамат бол!» деп күнделікті құлағымызға құятын рухани құндылықтар айдалада қалды. Бүгінгі ұрпағымыз ондай аталы сөзді естімейді де. Қазір «Мектепте мұғалімің ренжіткен жоқ па? Бірдеңе болса жасырмай айтып кел, көкесін көзіне көрсетемін!» деуден басталады тәрбие. «Анау көршіміз қымбат көлік сатып алыпты. Мынау көршім үш қабатты сарай салыпты!» деген сияқты өсек-аяң қандай үлгі бермек. Осымен-ақ ертеңгі ұрылар мен жемқорларды тәрбиелеп жатқан жоқпыз ба? Бүгінгілердің ұғымы бойынша Отан деген сөзден Ақша, Доллар деген сөздер анағұрлым жоғары тұр. Оған да өзіміз кінәліміз, баланың есі кіргеннен бастап еститіні тек қана - Ақша, Доллар ғана. Құдай бетін аулақ қылсын, ертең соғыс бола қалса ақша төлемесең ешкім қолына қару алып Отанын қорғамайды. Керісінше жауымыз ақшаны көбірек берсе елін сатып жіберуден тайынбайды. Жасанды байларымыздың өз жерінен ақша ұрлап, шетелге апарып жасыруы елін, ұлтын сатудың анық көрінісі емес пе? Басқа қандай дәлел керек?! Ал, біздің ата-бабаларымыз Отанын ақша үшін қорғап, доллар үшін қан төгіп пе? Байқап отырғандарыңыздай, бұл жерде де үлкен айырмашылық бар. Осының бәрі біздің рухани құндылықтарды табанасты етуіміздің салдары. Халықтың байлы-бақуатты болғанына ешкім қарсы емес, бірақ негізгі құндылықтарды ұмытпауымыз аса қажет. Ол үшін бұқараның біліктілігін, мәдениетін, ең бастысы белсенділігін көтеріп, ұлттық намысын ояту керек. Сонда ғана әрбір адам қоғам үшін қабырғасы қайысып, Отан үшін отқа да түсетін болады. Бұл бағытқа қашан бет бұратынымыз белгісіз. Қайткен күнде де біздің бойымызға сілкініс, санамызға бір оң серпіліс қажет-ақ...
Зейнолла АБАЖАН qazaquni.kz